Цифрлық дәуірде ақпарат тарату құралдары түбегейлі өзгерді. Бұрын тек кәсіби журналистерге тән болған жаңалық тарату, қоғамдық пікір қалыптастыру міндеттерін бүгінде блогерлер де атқарып жүр. Бұл жағдай “Блогер журналист бола ала ма?” деген сұрақты туындатады. Бірақ , журналистика – нақты ережелері мен этикалық нормалары бар кәсіби сала. Журналистер ақпаратты тексеріп, дереккөздермен жұмыс істеп, қоғамға шынайы мәлімет ұсынуға міндетті. Ал блогерлер көбіне өз пікірін, тәжірибесін немесе қызығушылығын бөліседі. Олар үшін кәсіби стандарттар міндетті емес, сондықтан ақпараттың дәлдігі мен бейтараптығы әрдайым сақтала бермейді. Ал Кейбір блогерлер қоғамдық маңызды тақырыптарды көтеріп, терең зерттеулер жүргізіп, журналистикаға тән әдістерді қолданады. Мысалы, белгілі блогерлер әлеуметтік әділетсіздік, экологиялық мәселелер немесе саяси оқиғалар туралы жазбаларында деректерге сүйеніп, сарапшылар пікірін келтіреді. Бұл олардың журналистикаға жақындағанын көрсетеді.
Журналист болу үшін не қажет?
Журналист болу үшін тек ақпарат тарату жеткіліксіз. Бұл үшін:
• Білім мен тәжірибе: Журналистика саласында арнайы білім алу немесе тәжірибе жинау маңызды.
• Этикалық нормалар: Ақпаратты әділ, бейтарап және дәл жеткізу қажет.
• Құқықтық жауапкершілік: Журналистер жариялаған ақпарат үшін заң алдында жауап береді.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтқанда : Блогерлер мен журналистердің мақсаты – ақпарат тарату болса да, олардың әдістері мен жауапкершілігі әртүрлі. Блогерлер кейде журналистикаға тән тәсілдерді қолданса да, оларды толыққанды журналист деп атау үшін кәсіби стандарттар мен жауапкершілікті мойындауы қажет. Сондықтан әрбір блогер журналист бола алмайды. Қазақта “қой сойса да қасапшы сойсын” деп керемет айтылған. Әркім өз қызметі мен білім саласында жұмыс жасағаны қоғам үшін де болашақ мамандар үшін де дұрысырақ болмақ.
Тұран” университетінің ‘’Журналистика’’ мамандығының 4- курс студенті: Назерке Зайфун