«Қариясы бар ауылдың қазынасы бар» деген қанатты сөзді жадына сақтап келген қағылез халқымыз, қашанда қарттарын сыйлап, қадірлеп ерекше құрмет көрсетуден танбаған. «Қадірлесең кәріңді, жарылқаймын бәріңді» деген сөз де көкірегі ояу, көзі ашық, оқығаны мен тоқығаны көп, жеке басының мүддесінен гөрі көпшіліктің үдесінен шығуды көбірек ойлайтын осы Қарыбай ағамызға арнап айтылғандай.
Батыр атамыз Бауыржан Момышұлының сөзімен айтсақ: «Адам баласы кез келген ортаға өнерімен емес, мінезімен сияды». Ал енді адам баласына ауадай қажет болған сол мінез деген нәрсені айқындап, айшықтап асқақтатып тұратын аса бір құнды белгілері болады. Ол әділдік, әдептілік пен арлылық, тектілік пен тазалық әрі табандылық, ізетімен іс қылып, кісілік келбетіне қылау түсірмейтін қарапайымдылық пен қайырымдылық. Міне, осы біз тізбектеп отырған асыл қасиеттердің кез келгенін Қарыбай ағаның бойынан көріп, көркем мінезіне еріксіз сүйсінесің. Әділдігі мен адалдығының арқасында ерекше ел құрметіне бөленген ауылымыздың ғана емес, ауданымыздың аузы дуалы ардагер ақсақалы дәрежесіне жетуі. «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» де- мекші, Қарыбай ағаның ата-тегі Ұлы жүз Албан ішіндегі Қызылбөрік Хан-Тотастан тараған Қаржау руынан. «Үйдің жақсы болмағы ағашынан, жігіттің жақсы болмағы нағашыдан» демекші, қазақты әлемге танытқан әйгілі Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің нағашысы, яғни туған анасы Нұржамал апамыздың осы Қызылбөрік руының қызы екенін бүгінде біреу білсе, біреу білмес. Ал сол Қызылбөрік руынан оқыған да, тоқыған, батыр да, бай-бағлан ел басқарған көсемдер де, сөз бастаған шешендер де, ілімді де білімді тақуа жандар көп шыққан. Қарыбай атамыздың өз әкесі Қисықұлы Иманбай да жасынан зеректігімен ерекше көзге түскен ілім-білімге өте құштар жан болыпты. Сондықтан ауыл молдаларынан араб әріптерімен хат танып, құранды тәжуит ережесімен оқып та жаза білген сауатты жан болған. Осы білімін жетілдіру үшін Ташкент пен Бұқарадан арнайы барып, діни медреседен білімін тереңдетіп туған ауылына қайта оралады. Елге келген соң ауыл балаларына арабша хат танытып және өз балаларының да сауатын ашып, ислам дініне бет бұруға шақырады. Е, «атадан пұл қалғанша ұл қалсын». «Атадан ұл тумас па? Ата жолын қумас па ?» демеуші ме еді дана халқымыз. Атасы мен анасынан жастай жетім қалып, тағдыр шіркіннің тауқыметін бір адамдай-ақ басынан кешсе де қиындыққа қабырғасы қайыспай қайсарлығы мен табандылығын танытып, қарапайым еңбек майданына қаршадайынан қабырғасы қатып, бұғанасы бекіместен бел шешіп белсеніп кіріскен Қарыбай ағамыздың қара жұмысқа деген қайраты мен қажырына да тәнті боласыз. Орта мектепті Жалаңаш ауылында бітіріп, 1964-1967 жыл аралығында армия қатарында болып, сол уақыттың талабы бойынша үш жыл бойы өзінің Отан алдындағы азаматтық борышын аман-есен өтеп келгеннен кейін Көлбастау колхозында жүргізуші болып жұмыс істейді. 1968 жылы желтоқсан айында өзінің құдай қосқан жары Рахымбайқызы Асылхан апамызбен бас құрап, төрт ұл, үш қыздың әкесі, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырған үлкен бір мәуелі бәйтерек, 28 немере мен 12 шөберенің атасы атанған абыз қария зейнет жасына шыққанға дейін шиеттей жас балаларды асырау қамыменен Талғар ауданы Рысқұлов ауылында авто-кран жүргізушісі болады. Адал жұмыс жасаған ағамыз тек елдің алғыс батасы мен басшылардың рақметіне ғана бөленіп жүрді. Қандағы бар қасиет қайталанбай қалмайды ғой. Еліміз егемендік алғаннан кейін, «Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы» филиалы Алматы облысы Талғар ауданы Тұрар Рысқұлов ауылы Береке ауылдық мешітінде көмекші имам және ауыл зиратында шырақшы молда болып діни қызмет атқарды. «Анам маған үлкенді сыйла деген! Сол ізгілік бойыма құйған ерен. Үлкендерден үйренген өнегемді, Үлкендердің өзіне сыйға берем», – деп жыр майталманы Мұқағали ағамыз айтпақшы, кішіге деген ағалық қамқорлық, жасы үлкенге деген кішіпейіл кішілік ана сүтімен бойына дарыған Қарыбай ағамыз өзінің осы туабітті ізеттілігі мен ізгілікті ісінен бір танбай келе жатқан біртуар жан. Бір кездегі Талғарымыздың тірі шежіресіндей болып, бүкіл жұртты имандылық жолына үндеген ауданымыздың алғашқы бас имамы Бекбосынұлы Рахымберген қажы, көпті көрген Кәрібайұлы Ыдырыс ата, Әбділдаұлы Серғазы ата, Бозымбайұлы Ізтілеу аталардың артынан еріп, ізетті інісі бола жүріп өзінің ой-өрісін өсіріп, көңіл көкжиегінің кеңейгенінің де куәсіміз. «Батаменен ел көгереді, жаңбырменен жер көгереді» демекші, осындай айтқан сөздері уәлі, ауыздары дуалы ел ақсақалдарының ақ батасын алып, өзі де ел құрметіне бөленген ата болып отырған Қарыбай ағаның ел игілігі үшін ауыз толтырып айтатындай ауқымды жұмыстары әлі де баршылық. Береке ауылының берекесін кіргізіп, жұртшылықты ауызбірлік пен ынтымаққа үндейтін жалпы сыйымдылығы 400 орындық ауыл мешітінің бой көтеруіне де осы Қарыбай ағамыздың сіңірген еңбегі ерекше екенін де айта кетуіміз керек. Бұған ауыл тұрғындары мен кәсіпкер азаматтардың да атсалысқандарын білеміз. Алайда осындай игілікті шараны қорықпастан қолға алып, тәуекелге бел байлап, ақыры құрылыс жұмыстарының сәтті аяқталып, ашылып жұрт кәдесіне жарағанға дейін берік төзіммен табандылық танытудағы Қарекеңнің еңбегінің ерекше екендігін баса айтпасақ, әділдікке қиянат болар еді. Тақуа жанның табандылығының тағы да бір дәлелі «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы» жанындағы Республикалық имамдар білімін жетілдіру «Ислам институты» филиалының 2 жылдық дайындық курсын бітіріп шығып, № 29 куәлікпен ұзақ жыл имамдық қызметін атқаруы. Одан кейін де сол кездегі ҚМДБ төрағасы, бас мүфтиіміз Ержан қажы Малғажыұлының 2014 жылғы 24 ақпандағы №290 бұйрығымен Тұрар Рысқұлов ауылы Береке мешітінің бас имамы болып бірнеше жыл абыроймен қызметін жасағаны. Арғы аталарынан жалғасып келе жатқан тектілік әрі тазалықпен дінімізге қалтқысыз қызмет ету бақыты осы он бір ағайындының ішінен Қарыбай ағамыздың пешенесіне жазылып, маңдайына қонған бақ па екен дерсіз! Себебі қанша жыл дінге қызмет етіп, тағдырдың жазуымен арғы беттегі Ақсу ауылының топырағын жамылып жатқан әке мен ана арманы орындалып, мұсылмандықтың бесінші парызы болған қажылық сапарға да жол түсті. Анау-мынау емес, 2006 жылы «Әкпар қажылықтың» бұйырғаны да жәйдан-жәй емес болар. Атақты Қожеке батыр Назарұлының соңына түскен Қытай үкіметі сол өлкенің беделді адамы Найман Қызай елінен шыққан Бәйекеге: – Қожеке сенің досың екен, біздің қолға түсіруімізге көмек бермесең, жағдайың өте қиын болады, – деп, қайта-қайта қыспаққа алғаннан кейін ол кісі де асқан күйші болған Қожеке досын қонаққа шақырып, өзінің зарлы «Естірту» деген күйін тартқан екен. Мұны естіп қайран қалған Қожеке батыр: – Бәйеке-ау! Мынауың не сұмдық! Мынауың не сұмдық! Қайта тартшы, – деп қолқалағанда Бәйеке күйші «Қайта тартшы» деген күйін шерткен екен. Сонда күйдің ғана тілімен бірін-бірі айтқызбай түсініп отырған Қожеке әкеміз: – Е, менің күнім осымен біткен екен ғой! – деп, шерменде көңілінің шерін төгіп, арманда өтіп бара жатқанда «Арман-ай», яғни «Қоштасу» деп күй тартқан екен. Осы үш күйдің үшеуін де Қарыбай ақсақал өзінің туған ағалары Иманбайұлы Мұқан атамыз бен Иманбайұлы Ақылбай ақсақалдан үйреніп әрі нотаға түсіріп қойғанын ерекше мақтанышпен әңгімелейді. Осы таяуда ғана өз өлкемізден шыққан атақты ақын, шешен әрі күйші Бөлтірік Атыханұлы атамыздың «Терме» күйін тартатындығын естіп, Қарыбай ағамыздың орындауында ұрпақтарының арнайы іздеп келіп жазып алып кеткенінің де куәсі болдық. Он саусағынан өнері тамған Қарыбай атамыздың өзін де дәулескер күйші деп атауымызға дәлеліміз толық жетеді. Ол өзінің немерелерінің тұсаукесер тойына арнап «Тәй-тәй, балам», «Ақниет», Тәуелсіздігімізге арнаған «Наурыз», ұстаздарына арнаған «Ағаларым», «Әпкелерім», кезінде облысымыздың орталығы болып тұрған қалаға арнап «Талдықорған», ел мақтанышына айналған заманымыздың заңғар тұлғасы Димаш атамыз Қонаевқа арнап шығарған «Алатау» күйлерінің авторы. Бұған қоса әлгі айтылған авторлардың күйлері мен ағасы Мұқан атамыздың «Толғау» күйін бәрінің санын қосып тізбектесек, он бес күйдің бәрін де нотаға түсіріп, тап-тұйнақтай етіп ел кәдесіне жаратар асыл мұра етіп сақтап отыруының өзі неге тұрады. Сондай-ақ ұрпақ тәрбиесінің таптырмас құралының негізі болатын шежіре-тарихты танып, оны ұрпақтарға таныту десек, бұл саладан да құралақан емес, Албан, Қызылбөрік Хан-Тотас Қаржау руының шежіресін жинақтап, көлемді кітап етіп шығарған еңбегінің өзі бір төбе. Осыншалық еңбек пен өнердің өлшемін бір басына сыйғызып, артына өлмес мұра, өшпес із қалдырып отырған қазыналы Қарыбай ағамызға қызғана емес, қызыға қарап: «Болсайшы аталардың бәрі осындай!» – дейміз. Бар болыңыз! Ілім мен өнер жолына жүк қалдырмас нар болыңыз, асыл аға!