Түркістан қаласы материалдық тұрғыдан ғана емес, рухани бағытта қарқынды дамып келеді. Облыс орталығында жаңадан салынған мәдени нысандардың бірі – Түркістан музыкалық драма театрында 9 қазан күні «Бөрте» спектаклінің премьерасы өтті. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен өнер және мәдениет майталмандары, зиялы қауым өкілдері және Түркістан қаласының өнерсүйер қауымы қатысты.
Тарихи сәтке, яғни жаңа театрдың алғашқы маусымының ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев арнайы қатысып, жұртшылықты құттықтады. Түркістанды түркі әлемінің мәдени және рухани орталығына айналдыру жолында театрдың да маңызы зор екенін айтып, өнер ұжымының қадамына сәттілік тіледі. Премьераға арнайы келген «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек те шынайы лебізін білдіріп, Елбасы Жарлығымен жаңа дәуірі басталған Түркістандағы өзгерістерге оң бағасын берді.
Жаңа, өнерсүйер қауым асыға күткен, жылы қабылдаған өнер туындысы жайлы жақсы пікірлер айтылуда. «Драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Дулат Исабековтың «Бөрте» спектаклінде тарихи оқиғалар керемет суреттелген. Ұлы билеуші Шыңғысханның жары Бөрте ханым туралы қойылымда ардақты, батыр ананың ел тарихындағы орны көрсетілген. Жаңа театрдың алғашқы қойылымының режиссері Италия маманы Карло Шаккалуга бұл қадамға үлкен дайындықпен келген екен. Әртістердің киімдері, сахнаның безендірілуі өте жоғары деңгейде болды. Рөлдерді сомдаған Қазақстанның халық әртісі Алмахан Кенжебекова, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Лейло Бекзанар-Ханинга, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Алихан Ыдрышева, Еркебұлан Дайыров, Ақбота Қаймақбаева, Нұркен Өтеуілов, Айя Шәріп және өзге де актерлар жоғары деңгейде өнер көрсетіп, көрерменнің ыстық ықыласына ие болды», – деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Қойылым соңында Түркістан музыкалық драма театрының директоры Айнұр Көпбасарова Түркістан жұртшылығы мен қонақтарына жоғары деңгейлі қойылымдар легі ұсынылатынын жеткізді. «Бөртеге арналған шығарма қазақ сахнасында тұңғыш рет қойылып отыр. Қойылым 10-11 жастағы Темучин мен Бөртенің алғаш танысуынан басталып, Шыңғыс қағанның алып империяны басқарып тұрған кезеңдерін қамтиды. Шыңғыс хан әскерінің жеңісті жорығы Қытайдан басталып, Украинада болған шайқасқа дейін жетеді. Спектакльде өжет те қайсар, ажарлы да ақылды, қайсар әйел Бөрте ханымның ғұмыры баяндалады. Тарихи спектакльдің ғылыми кеңесшісі, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Нұрлан Атығаев. Декорация шынайлығымен, сахналық киімдер тартымдылығымен, реквизиттер шеберлердің арнайы дайындауымен ерекшеленбек. Белгілі композитор Хамит Шаңғалиев спектакльге арнап эксклюзивті музыка да жазды», – деді театр басшысы.
«Бөрте» шығармасының авторы Дулат Исабеков жас театрдың ұжымына ризашылығын білдірді. Шыңғысхан мен Бөртенің бала кезінен бастап, ұлы тарихи оқиғаларға араласу сәттерінен сыр шертетін спектакльге көрермен қауымы да оң бағасын берді. Өнерсүйер қауым жаңа театр ұжымынан алдағы уақытта да керемет қойылымдар, тарихи туындылар күтетін болады.
Осы күндері Түркістан қаласында «Khanshaiym Plaza» ғимаратындағы Kinopark 4 кинотеатрында қазақ тіліне дубляждалған «Жан» («Душа») фильмінің де көрсетілімі өтті. Оған Түркістан қаласының көпбалалы және аз қамтылған отбасыларының балалары шақырылды. Көрсетілім алдында аниматорлардың қатысуымен кішкентай көрермендерге тәттілер ұсынылып, ойындар мен конкурстар өткізілді. Еске сала кетсек, фильмдерді қазақ тіліне дубляждау бойынша «Өзіңнен баста» жобасы «Болашақ» қорының қамқоршылар кеңесінің құрметті мүшесі, «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің қолдауымен жүзеге асырылады. 2011 жылдан бастап Қазақстан кинотеатрларында «Disney»,«Pixar», «Marvel»,«Sony Pictures» және өзге де жетекші әлемдік киностудиялардың қазақ тіліне дубляждалған 37 фильмі көрсетілді. Фильмдердің басым бөлігі – балаларға арналған анимациялық туындылар. Қараша айында прокатқа қазақ тіліне дубляждалған «Энканто» фильмі шығады. «Жан» фильмінің дубляжының демеушісі BI Group компаниясы болды.
Іс-шараға «Болашақ» қоры қамқоршылар кеңесінің құрметті мүшесі, «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, «Болашақ» корпоративтік қорының директоры Азамат Божаков қатысты.
«Биыл «Болашақ» қорына және «Өзіңнен баста» фильмдерді дубляждау жобасына 10 жыл толды. Бизнестің және демеушілік қолдаудың арқасында біз осы уақыт ішінде Қазақстан азаматтары үшін кинотеатрларда қазақ тіліндегі киноға тең қолжетімділік жасап келеміз. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кинематография мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заң жобасын талқылау жөніндегі жұмыс тобының белсенді қатысушысы ретінде қор бірқатар ұсыныстар, оның ішінде шетелдік балалар контентін және отбасымен көруге арналған фильмдерді дубляждауға мемлекеттік қаржылық қолдау көрсету бөлігінде ұсыныстар берді. Аударма ісіне мемлекеттік қолдау «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасына енгізілген. Жақын арада отбасымен көруге арналған шетелдік мультфильмдер мен фильмдер міндетті түрде қазақ тіліне дубляждалады деген үміттеміз», – деп атап өтті «Болашақ» корпоративтік қорының директоры Азамат Божаков.
Биыл қаңтар айында үлкен экрандарға шыққан «Жан» фильмі ізденістегі адам жанының қызықты саяхаты туралы баяндайды. Басты кейіпкер Джо Гарднерді жобаның көптен бері қатысушысы, дарынды актер Дәурен Серғазин дыбыстады. Бұған дейін Дәуреннің дауысымен «Алладин» фильміндегі Жын, «Арыстан патша» фильміндегі сурикат Тимон және Дисней студиясының басқа танымал кейіпкерлері сөйлеген болатын. Сонымен қатар дубляжға Данияр Сванкулов, Меруерт Ермекбаева, сондай-ақ театр және кино актрисасы Майра Омар қатысты. Негізгі идея – Қазақстан азаматтарының әлемдік студиялардың контентіне өз ана тілінде қол жеткізуін қамтамасыз ету. Барлығы 37 голливудтық фильм қазақ тіліне дубляждалған.
Жобаның арқасында бүгінгі таңда 100-ден астам отандық актерлердің дауысы «Walt Disney Pictures» дауыстық базасында тіркелген. Ал қазақ тілі дубляж бойынша түрік тілінен кейінгі екінші түркі тілі және «Walt Disney» тарихында 39-шы, «Sony Pictures»-тің 7-ші тілі атанды.
Иә, сәтті аударма жасау да үлкен өнер. Жоба арқасында әлемге танымал мультфильм кейіпкерлері қазақша сөйлей бастады. Бұл балалар үшін бір жағы қызық болса, екінші жағынан бүлдіршіндердің өз ана тіліне деген құрметі мен қызығушылығын арттырары сөзсіз. Осы секілді тәрбиелік маңызы бар тиімді жобалар қатары артып жатса нұр үстіне нұр болары анық.