Қазақ ақындары жаңа Конституцияға өлеңмен қолдау білдірді

Қазақ ақындары жаңа Конституцияға өлеңмен қолдау білдірді

Қазақстандық айтыскер ақындар жаңа Конституция жобасына қолдауын жыр арқылы жеткізді. Қалам мен жүрек үнін тоғыстырған шығармаларда тәуелсіздік мұраты, ұлттық құндылықтар, табиғатты қорғау, отбасының қоғамдағы орны және мемлекеттілікті нығайту идеялары кеңінен көрініс тапты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Рухани мазмұнға бай бастамаға ақындар Мейірбек Сұлтанхан, Әсем Ережеқызы, Дидар Қами, Жансая Мусина, Мұхтар Ниязов және Нұрлан Есенқұл қатысты. Олар поэзия тілі арқылы елдің Ата заңын жаңартудың маңызын тереңнен толғап, оның әділетті қоғам қалыптастырудағы айрықша рөлін айқын көрсетті. 

Ақын Мейірбек Сұлтанхан өз өлеңінде жаңа Конституцияны ел тәуелсіздігі мен мемлекеттілігінің берік тұғыры ретінде бейнеледі. 

«Тарих көші қалмайды жолда жүйреп, 

Еленеді енді өнер, енді әдебиет.

Қолдау беріп тұрған соң Ата Заңда, 

Төрімізге шығады төл мәдениет», – деп жырдан өрнек өрді Мейірбек Сұлтанхан. 

Өлең жолдарында Конституция Қазақстанның егемендігін қорғап қана қоймай, ұлттық мәдени мұраны сақтауға, отбасылық құндылықтарды құрметтеуге және келер ұрпақ алдындағы жауапкершілікті бекітуге негіз болатыны айқын аңғарылады. 

Ақын Дидар Қами да өз сөзінде әділеттілік пен қоғамдық бірлік тақырыбын арқау етіп, қоғам тірегі саналатын отбасы мен дәстүрдің маңызын ерекше атап өтті. 

Оның жырларында Ата заңның ұлттық болмыс пен тіл тағдырымен сабақтастығы да айқын көрініс тапты. 

«Отбасы – тәрбиенің бұл мектебі, 

Ата Заң құндылықты құрметтеді. 

Әке менен ананың, баланың да, 

Айқындалды орны мен міндеттері», – деді Дидар Қами. 

Сондай-ақ ақын тәуелсіздік жылдарының тарихи мәніне тоқталып, Конституцияның ана тілінде жазылуы ел руханияты үшін айрықша маңызға ие екенін жыр жолдарымен жеткізді: «Тәуелсіздік таңына басқалы аяқ, 

Басқаны ойлап келдік тек, басқаны аяп. 

Алғашқы Ата Заңымыз бұл біздердің, 

Ана тілде жазылған бастан-аяқ», – деп ақын ой түйді. 

Сонымен қатар Әсем Ережеқызы, Жансая Мусина, Мұхтар Ниязов пен Нұрлан Есенқұл жүрекжарды жырлары арқылы тарихи сабақтастық, ұлттық мәдениет және қоғамдық бірлік тақырыптарын терең толғады. Ақындардың өлеңдерінде Қазақстанның мемлекеттілігі мен егемендігі әрдайым Ата заңмен қорғалатыны туралы ой өзек болды. 

Қатысушылардың айтуынша, поэзия қазақ қоғамының рухани өмірінде ежелден маңызды орын алып келеді. Көркем сөз арқылы тәуелсіздік, бірлік пен рухани құндылықтар идеялары ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, қоғамдық сананың қалыптасуына ықпал етіп келеді. 

Ақындар жаңа Конституция елдің алдағы даму бағытын айқындайтын, мемлекеттілікті нығайтатын берік құқықтық негізге айналуы тиіс екенін жырға қосты.

27.02.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 23628
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 23284
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 39838
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 36765
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 40939