Бота Елеусізова, Ұйғыр ауданының әкімі: Ауылшаруашылығы – еліміздегі ең жетекші саланың бірі

Бота Елеусізова, Ұйғыр ауданының әкімі: Ауылшаруашылығы – еліміздегі ең жетекші саланың бірі

Биыл еліміздің барлық өңірлерінде ыстық аптап үстемдік етіп тұр. Шіліңгір шілде 40 градус ыстығымен есте қалатын түрі бар. Алайда тіршілік доңғалағы тоқтамайды. Мәселен, оңтүстікте егін ору науқаны басталды. Алматы облысында да бидай, арпа ору жұмыстары іске кірісті. Біз де осы орақ науқанының басталуының куәсі болдық. Аталған өңірдің Ұйғыр ауданындағы Үлкен Ақсу ауылының диқандарының көшін бастап, «Ислам» кооперативінің және қауымдастығының төрағасы, кәсіпкер Махмуд Исмаилов өз егіс алқабына комбайнын әкеліп салды. «Нан болса, ән де болады» дегендей, Махмудтың да, өзге де диқандардың астығы бітік өсіпті. Бидай егіні белуардан асады. Комбайн науасынан төгілген алтындай бидай дәндері машина кузовын әп-сәтте толтырды. Егін орағының басталу салтанатына Ұйғыр ауданының әкімі Бота Елеусізова арнайы келіп, диқандарға батасын берді. Біз де игі тілегімізді білдірдік те, мамандығы агроном, ауылшаруашылығын жетік білетін Ботадан сұхбат алдық. Жалпы, Бота Серікқызын аудан халқы қатты құрметтейді екен. Ол келген аз ғана уақыттың ішінде қыруар шаруа бітірген. Аудан жұртшылығымен жиі кездесіп, олардың мұң-мұқтажын тыңдап, тілектерін барынша тез орындауға тырысады екен. Мінеки, аптап ыстықта ол диқандармен бірге болса да, басқа жан-жақтағы кездесулерге асығып тұрды. Біз аудан әкімімен сұхбаттасып, ауданда ауылшаруашылығы саласы бойынша соңғы 6 ай мерзімде атқарылған істер туралы әңгімелестік. Бота Серікқызымен болған сол сүбелі әңгімені оқырман назарына ұсынып отырмыз.

– Бота Серікқызы, ауылшаруашылығы бірнеше бағытты қамтитын, аудан экономикасының күретамыры саналатын маңызды сала ғой. Осы бағыттағы жетістіктеріңіз бен биылғы нәтижелеріңізге тоқталып өтсеңіз?

– Иә, ауылшаруашылығы – берекелі еңбекті, маңдай терді қажет ететін, елдің ырыс-несібесімен тікелей байланысты стратегиялық сала. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген халық даналығы бұл саланың мәнін дәл айқындайды. Ауданымызда ауылшаруашылығы экономикамыздың жетекші бағыттарының бірі болып, жыл сайын өндіріс көлемін арттырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай үлес қосып келеді.

Бүгінде ауданымызда 3 507 ауылшаруашылығы тауарын өндіруші еңбек етуде. Оның ішінде 79 заңды тұлға, 3 417 шаруа қожалығы және 11 өндірістік кооператив бар. Аталған шаруашылықтардың 1 951-і егін шаруашылығы бағытында жұмыс атқарып келеді.

Аграрлық сектордағы өсім де көңіл қуантады. Ағымдағы жылдың 6 айында аудан бойынша 30,1 млрд теңгенің ауылшаруашылығы өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 100,3 пайызды құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,6 млрд теңгеге артық көрсеткіш. Ал жоспар бойынша 6 айда 27,2 млрд теңге өнім өндіру көзделіп, нақты көлем индексі 102,4 пайыз болуы жоспарланған еді.

Салалар бойынша тоқталсақ, мал шаруашылығында 29,0 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 98,5 пайызды құрады. Ал өсімдік шаруашылығы саласында 880,0 млн теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 112,3 пайызға жетті. Жыл қорытындысы бойынша ауылшаруашылығы өнімінің жалпы көлемін 99,7 млрд теңгеге жеткізу жоспарланып отыр, бұл ретте нақты көлем индексі 106,7 пайызды құрайды деп күтілуде.

Егін шаруашылығы бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Биыл аудан бойынша 24,1 мың гектар жерге ауылшаруашылығы дақылдары егілді. Сонымен қатар егіс алқаптарын тиімді пайдалану және дақылдарды әртараптандыру мақсатында 1 311 гектар жер ауыспалы егістік жүйесіне енгізілді. Оның ішінде 991 гектарға жүгері, 320 гектарға жаздық арпа егілді.

Ауданымыздың тағы бір ерекшелігі – облыстағы дәндік жүгері алқаптарының елеулі бөлігі осы өңірде орналасқан. Нақты айтқанда, облыс бойынша 55,7 мың гектар дәндік жүгері алқабының 7 020 гектары, яғни 13 пайызы ауданымыздың үлесінде.

Бүгінде заман талабына сай озық технологияларды енгізуге де ерекше мән беріліп отыр. Ағымдағы жылы инвесторлардың қаражаты есебінен жүгері алқабының 2 487 гектары немесе 35,4 пайызы су үнемдеу технологиясына көшірілді. Бұл жұмыстар «Assem Kaljat» ЖШС арқылы жүзеге асырылып, аталған кәсіпорын 2 487 гектар алқаптан 37 мың тонна жүгері өндіруді жоспарлап отыр.

Су үнемдеу технологиясының тиімділігі – өнім көлемінің артуынан анық байқалады. Соның нәтижесінде жүгері өндірісінің көлемі 158 пайызға дейін өсіп, барлық алқаптардан 71,4 мың тонна жүгері жиналады деп болжануда. Бұл 2025 жылғы 45 мың тонна көрсеткішпен салыстырғанда айтарлықтай жоғары нәтиже.

Биылғы жылы жүгерінің орташа өнімділігі гектарына 100 центнер деңгейіне жетеді деп күтілуде. Бұл облыстың орташа көрсеткішінен 28 центнерге жоғары нәтиже болмақ (облыс бойынша орташа көрсеткіш – 72 ц/га).

Жалпы, ауылшаруашылығында атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы – жердің құнарын арттырып, елдің несібесін молайтуға бағытталған. Берекелі жерге төгілген еңбек қана нәтижесін береді. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.

– Қазір көптеген аудандар инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға ерекше мән беріп отыр. Сіздердің аудандарыңызда бұл бағыттағы жұмыстар қалай жүргізілуде? Сонымен қатар су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесіне де тоқталсаңыз?

– Бүгінде ауылшаруашылығы саласының тұрақты дамуы үшін инвестициялық жобаларды тарту – негізгі басым бағыттардың бірі. «Инвестиция – ел ертеңіне салынған сенім» десек, бұл жобалар тек өндіріс көлемін арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға, ауылдық жерлердің әлеуетін көтеруге мүмкіндік береді.

Ауылшаруашылығы саласында 2025-2029 жылдары жалпы құны 87 млрд теңгені құрайтын 13 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Осы жобалардың нәтижесінде 1 200 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Аталған жобаларды жүзеге асыруға «КазМалы» ЖШС, «Rancho Hampshire» ЖШС, «Eco Fruit Shondzhy» ЖШС, «Шонжы-Агро» ЖШС, «Assem Kaljat» ЖШС, «АК «Бірлік» АҚ, «Ширин-Анат» ЖШС, «Чунджа Фрутс» ЖШС, «Хошаллик» ШҚ, «Эврика» ШҚ, «АА АгроКонаев» ЖШС, «Харвесто», «Прима Кус» сияқты кәсіпорындар мен шаруашылықтар қатысады.

Ірі жобалардың қатарында «Прима Кус» ЖШС-нің 24 млрд теңгелік құс кешені бар. Бұл жобаның жалпы құны 4 кезең бойынша 97 млрд теңгені құрайды. Сонымен бірге «АА Агро Конаев» ЖШС-нің 18,2 млрд теңгелік жүгері мен соя өсіруге бағытталған агроөнеркәсіптік кластері, «Харвис Логистик» ЖШС-нің 3,6 млрд теңгелік жүгерінің гибридті тұқымдарын өңдеу және астық сақтау зауыты да өңір экономикасына серпін беретін маңызды жобалардың бірі.

Ауылшаруашылығының күретамыры – су. Сондықтан су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесіне ерекше көңіл бөлініп отыр. Осы бағытта ағымдағы жылы 3 637 гектар алқапты суармалы егістікке ауыстыру жоспарланған. Оның ішінде «Assem Kaljat» ЖШС – 2487 гектар, «HARVESTO LOGISTICS» ЖШС – 1000 гектар, «Хошаллик» шаруа қожалығы – 150 гектар жерді қамтиды.

Сонымен қатар, 2026-2028 жылдары жалпы көлемі 17 187 гектар жайылымдық алқапты суармалы егістікке айналдыру жоспарланып отыр. Бұл – жер ресурстарын тиімді пайдаланып, ауылшаруашылығы өндірісінің ауқымын кеңейтуге бағытталған маңызды қадам.

Бұдан бөлек, Ислам Даму Банкі арқылы суару желілеріне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу нәтижесінде 6 396 гектар алқапты қайта айналымға қосу көзделген.

Аталған жұмыстардың нәтижесінде ауданның егіс алқабы қазіргі 24 100 гектардан 45 196 гектарға дейін ұлғайып, 1,9 есеге өседі деп жоспарлануда. Бұл – ауылшаруашылығы өндірісінің жаңа мүмкіндіктерін ашатын ауқымды көрсеткіш.

Мемлекет басшысының су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу жөніндегі тапсырмасына сәйкес, ауданымызда бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. 2028 жылға қарай 19 790 гектар алқапты су үнемдеу технологиясына көшіру жоспарланып отыр. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2024 жылы бұл көрсеткіш небәрі 450 гектарды құраған болатын.

Су – тіршіліктің көзі, ал оны үнемдеп пайдалану – уақыт талабы. Заманауи технологияларды енгізу арқылы біз су ресурстарын тиімді пайдаланып қана қоймай, өнімділікті арттыруға, агроөнеркәсіп кешенін жаңа сапалы деңгейге көтеруге мүмкіндік аламыз. Бұл жұмыстар ауданымыздың ауылшаруашылығы саласының болашақтағы тұрақты дамуына берік негіз болады.

– Қазір ауылшаруашылығы саласында заманауи техниканың маңызы өте зор. Соңғы жылдары жаңа әрі қуатты техникалар әкелініп, бұл бағытта облыста алдыңғы қатарда келе жатқандарыңызды атап өттіңіз. Осы саладағы жұмыстар мен жанар-жағармай мәселесі қалай шешілуде?

– Расында да, ауылшаруашылығында уақытпен бірге қадам басу, жаңа технология мен заманауи техниканы тиімді пайдалану – өнімділіктің басты кепілі. «Еңбек құралын жетілдірсең, еңбегіңнің берекесі артады» дегендей, техника паркін жаңарту – аграрлық саланың тұрақты дамуына тікелей әсер ететін маңызды бағыттардың бірі.

Бүгінде ауданымызда 771 дана ауылшаруашылығы техникасы тіркелген. Оның 61,3 пайызы жаңартылған. Бұл көрсеткіш бойынша аудан Алматы облысында 1-орынды иеленіп отыр. Облыс бойынша орташа көрсеткіш – 58 пайыз. Техника паркін жаңарту жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. 2026 жылдың алғашқы 6 айында 480 млн теңгеге 42 дана жаңа техника сатып алынды. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2025 жылы 435 млн теңгеге 44 дана жаңа техника алынған болатын.

Жүргізілген талдау нәтижесінде жыл сайын 25 жылдан астам уақыт пайдаланылған 30-35 дана техниканың тозу деңгейіне жететіні анықталды. Осыған байланысты бұрын техника паркінің жаңару қарқыны небәрі 0,3-0,7 пайыз деңгейінде қалып келген еді.

Осы мәселені шешу мақсатында ескірген әрі пайдалануға жарамсыз техникаларды кезең-кезеңімен есептен шығару жұмыстары қолға алынды. Соның нәтижесінде техника паркінің жаңару қарқыны бір жылдың ішінде 0,7 пайыздан 3,1 пайызға дейін артты. Бұл – саладағы оң өзгерістердің айқын көрсеткіші.

Ауылшаруашылығы үшін тағы бір маңызды мәселе – жанар-жағармаймен тұрақты қамтамасыз ету. Диқандар үшін уақыттың әр сәті маңызды, себебі «көктемнің әр күні – жылға азық» деген халық даналығы бар. Сондықтан дала жұмыстары кезінде қажетті ресурстардың уақытылы жеткізілуіне ерекше назар аударылады. 2026 жылғы көктемгі және күзгі дала жұмыстарына қажетті арзандатылған дизель отынының жалпы көлемі 1623,7 тоннаны құрайды. Осы бағытта 470,2 тонна арзандатылған дизель отынына өтінім беріліп, көктемгі дала жұмыстарына қажетті 290,2 тонна толық игерілді.

Оның ішінде көктемгі дала жұмыстарына 13 ауылшаруашылығы құрылымынан 290,2 тонна, ал күзгі дала жұмыстарына 4 шаруашылық құрылымынан 180 тонна көлемінде өтінім берілді.

Салыстыру үшін, 2025 жылы 100 тонна дизель отыны жоспарланып, оның орындалуы 100 пайызды құраған болатын.

Ағымдағы жылдың 5 наурызында «Петрофон» ЖШС арзандатылған дизель отынын жеткізуші ретінде жеңімпаз болып анықталды. Дизель отынының бағасы литріне 277 теңгені құрады. Қосымша жеткізу құны – 13 теңге. Осыған байланысты Шонжы ауылына дейін жеткізілген дизель отынының жалпы құны литріне 290 теңгені құрады.

Жалпы, техника паркін жаңарту мен жанар-жағармаймен қамтамасыз ету – ауылшаруашылығының уақыт талабына сай дамуына мүмкіндік беретін негізгі тетіктердің бірі. Заманауи техника мен тұрақты қолдау болған жерде еңбек те өнімді, нәтиже де берекелі болады.

– Минералды тыңайтқыштарсыз мол өнім алу мүмкін емес екені белгілі. Сонымен қатар сіздердің аудандарыңыз республика бойынша өрік өндіруден бірінші орында тұрсыздар. Мұндай нәтижеге жетудің сыры неде?

– Ауылшаруашылығында сапалы өнімнің негізі – құнарлы жер мен оған дұрыс күтім жасау. «Жерге бергенің – елге бергенің» деген сөз бар. Сондықтан топырақ құнарын сақтау, заманауи агротехнологияларды қолдану және өсімдік шаруашылығын ғылыми негізде дамыту – біздің басты назарымыздағы бағыттардың бірі.

Минералды тыңайтқыштарды тиімді пайдалану – өнімділікті арттырудың маңызды шарттарының бірі. 2026 жылы ауылшаруашылығы дақылдарына қажетті минералды тыңайтқыш көлемі 5 100 тоннаны құрады. Оның ішінде аммиак селитрасы – 2,1 мың тонна, аммофос – 1,4 мың тонна, карбамид – 1,6 мың тонна. Бүгінгі күнге дейін оның 4,2 мың тоннасы толық игерілді. Орындалу көрсеткіші – 76,5 пайызды құрады. Ал 2025 жылы бұл көрсеткіш 2 900 тоннаны немесе 93,5 пайызды құраған болатын.

Айта кетерлігі, ұзақ жылдар бойы шешімін күткен Рахат станциясына минералды тыңайтқыштарды жеткізу мәселесі де оң шешімін тапты. Бүгінде аталған станцияға 536 тонна минералды тыңайтқыш жеткізілді.

Ауданымыздың агроөнеркәсіптік кешенінде өсімдік шаруашылығы, оның ішінде бақ шаруашылығы ерекше орын алады. Бұл – өңіріміздің табиғи мүмкіндігін тиімді пайдаланып отырған, экспорттық әлеуетімізді айқындайтын стратегиялық бағыттардың бірі.

Бүгінде ауданымыз республика бойынша өрік өндіруден бірінші орында тұр. Ел көлеміндегі өрік өндірісінің 62 пайызы біздің ауданның үлесінде. Бұл – жылдар бойғы еңбектің, шаруалардың табанды ізденісі мен жергілікті табиғи жағдайдың үйлесімді нәтижесі.

Жалпы аудан бойынша бақтардың көлемі 4 095 гектарды құрайды. Оның ішінде өрік бақтары – 3 193 гектар, жеміс беріп тұрғаны – 2 145 гектар. Алма бақтарының көлемі – 902 гектар, оның 644 гектары өнім беруде. Соның ішінде Апорт сортының үлесі – 404 гектар.

Ағымдағы жылдың жоспарына сәйкес, бақтардағы орташа өнімділікті 95,0 ц/га деңгейіне жеткізіп, жалпы өнім көлемін 20 378 тоннаға дейін арттыру көзделген болатын.

Алайда биылғы көктемгі ауа райының күрт өзгеруі мен үсік салдарынан 634,5 гектар өрік алқабы, яғни жалпы бақ көлемінің 30 пайызы зақымданды. Осыған байланысты биылғы болжамды өнім көлемі 1 510,5 гектар алқаптан 14 350 тоннаны құрайды деп күтілуде. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5 170 тоннаға аз.

Жиналған өнімнің 10 762,5 тоннасы немесе 75 пайызы ішкі нарыққа бағытталса, 3 587,5 тоннасы немесе 25 пайызы Ресей, Өзбекстан және Қырғызстан елдеріне экспортталды.

Салыстырмалы түрде айтсақ, 2025 жылы орташа өнімділік 91 ц/га болып, жалпы 19 520 тонна өнім жиналған еді. Оның 80 пайызы ішкі нарыққа жөнелтілсе, 20 пайызы немесе 3 904 тоннасы Ресей, Өзбекстан және Қырғызстанға экспортталған болатын.

Бақ шаруашылығын дамыту жұмыстары да тұрақты түрде жалғасуда. Соңғы он жыл ішінде ауданда 1 614 гектар жаңа бақ отырғызылды. Оның ішінде өрік – 1 332 гектар, алма – 282 гектар, шабдалы – 5 гектар және өзге де жеміс түрлері – 8 гектарды құрайды.

Сонымен қатар ауданда жылыжай шаруашылығы да дамып келеді. Қазіргі таңда жалпы аумағы 11,4 гектар болатын 6 жылыжай кешені бар. Олардың жылдық өндірістік қуаты – 703 тонна өнім. Бүгінде 3,3 гектар аумақта орналасқан 3 жылыжай («EcoParkTour», «EkoProductPlus», «Өнік») толық қуатында жұмыс істеуде.

Ал жұмыс істемей тұрған жылыжайлардың қатарында «АО АК «Бірлік», «ТОО «Энгима Инвест», «ТОО «Зеленая ферма» бар. Олардың жалпы жылдық қуаттылығы – 180 тонна.

Шаруаларды қолдау бағытында мемлекеттік бағдарламалар да тиімді жүзеге асырылуда. 2026 жылы «Кең Дала» бағдарламасы аясында ауданға 783 млн теңге лимит бөлінді. Нәтижесінде жалпы көлемі 831,6 млн теңгені құрайтын 12 өтінім берілді. Бүгінгі таңда 10 шаруашылыққа 738,0 млн теңге көлемінде несие берілді. Бұл бөлінген лимиттің 88,7 % -ы.

Айта кету керек, 2023-2024 жылдары аталған бағдарлама аясында 3 шаруашылыққа барлығы 53 млн теңге берілген болса, 2026 жылы игерілген қаражат көлемі 9,4 есеге артты.

Жалпы, ауданымыздағы бақ шаруашылығының жетістігі – табиғаттың берген мүмкіндігін еңбекпен ұштастыра білген шаруалардың еңбегінің жемісі. «Берекенің бастауы – бейнеттің қайтарымы» демекші, жерге деген жанашырлық пен тынымсыз еңбек алдағы уақытта да жаңа нәтижелерге жол ашады.

– Соңғы жылдары өсімдіктерді зиянкестерден қорғау мәселесі ауыл шаруашылығы үшін өзекті бағыттардың біріне айналды. Бұл бағытта ауданда қандай жұмыстар атқарылуда?

– Өсімдікті қорғау – мол өнімнің кепілі. Диқандардың маңдай терімен өсірген еңбегін сақтау үшін зиянкестермен күрес жұмыстары уақытылы әрі жүйелі жүргізілуі қажет. «Егінші еңбегі – ел ырысы» десек, сол еңбектің нәтижесін қорғау да үлкен жауапкершілікті талап етеді.

Осы бағытта ауданда 2026 жылға зиянкестерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстарының жалпы көлемі 9 456 гектарды құрайды. Оның ішінде саяқ шегірткеге қарсы – 5 417 гектар, үйірлі шегірткеге қарсы – 4 039 гектар жер өңделді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 347 гектарға артық.

Салыстырмалы түрде айтсақ, 2025 жылы зиянкестерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары 9 109 гектар аумақта жүргізілген болатын. Оның ішінде саяқ шегірткеге қарсы – 4819 гектар, үйірлі шегірткеге қарсы – 4 290 гектар жер қамтылды.

Шегіртке тектес зиянкестерге қарсы күрес жұмыстарын тиімді жүргізу мақсатында аудан бойынша 4 арнайы техника жұмылдырылды. Оның ішінде 2 ВАЗ автокөлігі, 1 трактор және 1 авиациялық жеңіл ұшақ бар.

Қазіргі таңда шегіртке тектес зиянкестерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары толық аяқталды. Өңірдегі егістік алқаптардың жағдайы тұрақты бақылауда.

– Мал шаруашылығы саласының қазіргі жағдайы қалай? Бұл бағытта қандай нәтижелер бар?

– Мал шаруашылығы – ауыл экономикасының маңызды тіректерінің бірі. «Мал өсірсең, қой өсір, пайдасы оның көл-көсір» деген халқымыздың даналығы төрт түліктің ауыл тіршілігіндегі орнын айқындап тұр. Сондықтан бұл саланы дамыту, мал басын көбейту және ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – тұрақты назардағы мәселе.

2026 жылғы маусым айындағы мәлімет бойынша аудандағы мал басының саны мынадай көрсеткіштерді құрады: ірі қара мал – 95212 бас немесе 101,3 пайыз; ұсақ мал – 275535 бас немесе 100,9 пайыз; жылқы – 18537 бас немесе 99,8 пайыз; құс – 1 217 091 бас немесе 63,4 пайыз.

Ағымдағы жылдың 6 айында аудан бойынша 20,2 мың тонна ет өндірілді, бұл 91,4 пайызды құрайды (2025 жылы – 22,0 мың тонна). Сонымен қатар 6,8 мың тонна сүт өндіріліп, көрсеткіш 113,0 пайызға жетті (2025 жылы – 6,0 мың тонна). Ал жұмыртқа өндірісі 1,3 млн дананы құрады (70,7 пайыз), 2025 жылы бұл көрсеткіш 1,8 млн дана болған.

Мал шаруашылығын дамыту бағытында «Жайлау» бағдарламасы аясында да жұмыстар жүргізілуде. Ағымдағы жылы 611 топ малшы жайлауға, 21 топ малшы Іле өзенінің бойына орналасты.

Жайлаудағы жағдайды бақылау және малшылардың тұрмыс-тіршілігімен танысу мақсатында ағымдағы жылдың 4-5 маусым күндері арнайы комиссия жайылымдық аумақтарды аралап шықты. Сапар барысында малшылардың әлеуметтік жағдайы зерделеніп, ветеринариялық ахуал тексерілді және мал ұстау жағдайына мониторинг жүргізілді.

Сонымен қатар 2026 жылғы 23 маусым және 2 шілде күндері Дардамты, Кетпен, Шонжы, Қалжат, Кіші Дихан және Тиірмен ауылдық округтері бойынша малшылардың өтініштеріне сәйкес тексеру жұмыстары жүргізілді. Негізгі мақсат – жайлаулардағы мал санын анықтау, ветеринариялық жағдайды бағалау және мал ұстау талаптарының орындалуын бақылау болды.

Бүгінде жайлаулардағы ветеринариялық жағдай тұрақты. Ахуал тұрақты бақылауда, қажетті жұмыстар белгіленген тәртіппен жалғасуда.

Жалпы, ауылшаруашылығының қай бағыты болмасын жүйелі жұмыс пен тұрақты бақылауды талап етеді. Егістікті қорғау – өнімді сақтау болса, мал шаруашылығын дамыту – ауылдың берекесін арттыруға бағытталған маңызды міндет.

– Суды үнемдеу – бүгінгі күннің басты талабы. Су ресурстарын тиімді пайдалану арқылы өнімділікті арттыруға болады. Сіздер бұл бағытта каналдарды тазарту, қалпына келтіру жұмыстарына ерекше көңіл бөліп келесіздер. Атқарылған жұмыстардың нәтижесі қандай?

– Су – ауылшаруашылығының негізгі тірегі. «Судың да сұрауы бар» деген халқымыздың даналығы бар. Сондықтан суды тиімді пайдалану, су жүйелерін жаңғырту және әрбір тамшының қадірін білу – біздің басты міндеттеріміздің бірі. Бұл бағытта каналдарды тазарту, суару жүйелерін ретке келтіру және жаңа технологияларды енгізу бойынша жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Көктемгі дала жұмыстарына дайындық аясында аудан бойынша жалпы ұзындығы 50 шақырым болатын каналдарға тазарту жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстардың негізгі мақсаты – су жеткізу жүйелерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету және егістік алқаптарды уақытылы сумен қамту. Дайындық кезеңінде су беру жүйелеріндегі магистральды каналдардың жағдайы толық зерделенді. Атап айтқанда, К. Исламова атындағы магистральды канал мен Шарын өзені бойындағы бас су алу құрылғысының жай-күйі тексерілді. Су өткізу мүмкіндігін арттыру мақсатында құрылғының алдыңғы бөлігін ашуға арналған су бағыттау дамбалары толық тазартылып, қалпына келтірілді.

Осы жұмыстар барысында жалпы көлемі 650 м³ құм-шағыл шығарылып, канал бойындағы 3 000 м³ лай-батпақ механикалық әдіспен тазаланды. Сонымен қатар су өлшеу бекеттерінде де тазарту жұмыстары жүргізілді.

Тасқарасу ауылдық округіндегі Рх-1 және Рх-2 магистральды каналдары бойындағы бас су алу құрылғыларының алдындағы 960 м³ су бағыттау дамбалары жаңартылды. Сондай-ақ магистральды каналдардың су жүрмей қалған учаскелерінде 9 000 м³ лай-батпақ механикалық жолмен тазартылды.

Қазіргі таңда Рх-2 магистральды каналы бойындағы су пайдаланушылар егістік алқаптарын ылғалдандыру мақсатында қажетті суды алып, суару жұмыстарын жүргізуде.

Шарын ауылдық округіне қарасты Үлкен Шарын магистральды каналының бас су алу құрылғысын ашу барысында 1 200 м³ құм-шағыл тазартылып, өзен бойында каналдарға су бағыттау дамбалары жасалды.

Бұдан бөлек, ауданда заманауи суару жүйелерін енгізу жұмыстары қарқынды жалғасуда. Себебі бүгінгі таңда су үнемдеу технологиялары – тек табиғи ресурсты қорғау емес, ауылшаруашылығы өнімділігін арттырудың тиімді жолы.

Келер жылы жалпы көлемі 12 мың гектар алқапқа су үнемдеу технологияларын енгізу жоспарланып отыр. Бұл бағытта «HARVESTO LOGISTICS» ЖШС, «АА Агро Қонаев», «QS Logistics Systems LTD» және «Assem Kaljat» ЖШС компанияларының ауқымды жобалары жүзеге асырылмақ.

Салыстырмалы түрде айтсақ, 1990 жылдары ауданда 36 мың гектар егістік алқабы болған. Бүгінде оның көлемі 22 мың гектар суармалы егістік алқабын құрап отыр. Ал жоспарланған жобалармен қатар, «Алматыоблсушар» мекемесінің теңгеріміндегі 282 шақырым суару желісі арқылы қосымша 6 186 гектар алқап іске қосылған жағдайда, ауданымыздағы суармалы егістік жер көлемі 44 мың гектарға дейін ұлғаяды.

Бұл – ауылшаруашылығының жаңа мүмкіндіктерін ашатын үлкен қадам. Су жүйесін жаңғырту, су үнемдеу технологияларын енгізу арқылы біз тек бүгінгі күннің мәселесін шешіп қана қоймай, келешек ұрпаққа да мол мүмкіндік қалыптастырамыз.

– Жалпы осы атқарылып жатқан жұмыстардың барлығын саралай келе, ауданның ауылшаруашылығы саласының алдағы даму бағыты туралы айтып өтсеңіз?

– Ауылшаруашылығы – ауданымыздың экономикалық әлеуетін айқындайтын, елдің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей үлес қосатын стратегиялық сала. Бұл бағыттағы әрбір жетістік – жерге деген жанашырлықтың, шаруалардың тынымсыз еңбегінің және жүйелі қолдаудың нәтижесі.

Бүгінде ауданымызда агроөнеркәсіп кешенін дамыту бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда. Өндіріс көлемін арттыру, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, техника паркін жаңарту, су ресурстарын тиімді пайдалану, заманауи технологияларды енгізу, бақ шаруашылығы мен мал шаруашылығын дамыту бағыттары кешенді түрде қолға алынған. «Еңбек еткеннің еңсесі биік» дегендей, ауылшаруашылығы саласындағы әрбір нәтиже – диқан мен малшының маңдай терінің жемісі. Біздің басты мақсатымыз – шаруалардың еңбегіне қолайлы жағдай жасау, өндірістің тиімділігін арттыру және ауданның аграрлық әлеуетін одан әрі көтеру.

Алдағы уақытта да инвестиция тарту, су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу, егістік алқаптардың көлемін ұлғайту, өнім сапасын арттыру және экспорттық мүмкіндіктерді кеңейту бағытындағы жұмыстар жалғасын табады. Біз үшін ауылшаруашылығы – тек экономикалық көрсеткіш емес, ол ауылдың берекесі, халықтың тұрмысы, елдің тұрақтылығы. Сондықтан бұл салаға көрсетілетін қолдау мен еңбекке деген жауапкершілік әрдайым басты назарда болады.

Жердің қадірін білген елдің ырысы артады. Біздің мақсатымыз – табиғи мүмкіндіктерімізді тиімді пайдаланып, еңбекті нәтижеге айналдырып, ауданымыздың ауылшаруашылығын жаңа деңгейге көтеру.

– Бота Серікқызы, ауданның ауылшаруашылығы саласына қатысты жан-жақты мәлімет беріп, атқарылып жатқан ауқымды жұмыстармен бөліскеніңіз үшін рақмет айтамыз. Еңбектеріңізге табыс, ауданның аграрлық саласына тұрақты даму мен мол жетістіктер тілейміз. Берекелі еңбектің нәтижесі еселеніп, ел игілігі жолындағы бастамаларыңыз әрдайым қолдау таба берсін!

 

Сұхбаттасқан – 

Шаргүл ҚАСЫМХАНҚЫЗЫ

 

23.07.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 26527
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 25955
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 43349
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 39146
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 43753