БҰЛ ФОРУМ ӨҢІРЛІК

БҰЛ ФОРУМ ӨҢІРЛІК

Осы ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Журналистер өз еліне және азаматтарына шынайы жанашыр болуы тиіс. Бұқаралық ақпарат құралдары бекер төртінші билік атанбаса керек. Сол себепті сіздер жұрттың санасы мен сезіміне ықпал ету мәселесіне мұқият қарағандарыңыз жөн» дегені ойға оралады.

25-26 қаңтарда Астана қаласында Өңірлік мерзімді басылымдар форумы болып өтті. Тақырыбы өңірлік басылымдарға қатысты болғанымен, екі күндік жиында көтерілген мәселелер – барлық баспа БАҚ-қа ортақ проблема. Бөле-жара қарауға мүлде болмайды.

Сенімді ақпарат көздерінің дерегіне сенсек, елімізде 5 мыңнан аса БАҚ тіркеліпті. Оның 70 пайызы мерзімді басылымдар екен. Әр өңірден келген өңірлік БАҚ өкілдерінің басын қосқан жиынды Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ұйымдастырды. Форумға еліміздің әр өңірінен 200-ден астам делегат қатысты. Екі күн бойы түрлі сессиялар, мастер-кластар, тағылымды талқылар ұйымдастырылды.

 

БҰЛ – ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ БІРІНШІ БАСПАСӨЗ ФОРУМЫ

Жиынға Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, сенатор Нұртөре Жүсіп, Президент жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметінің» директоры Асқар Омаров және басқа да белгілі медиамамандар қатысты. Министрлік тізгінін қолға ала сала өңірлерді аралап, жергілікті БАҚ-тардың жай-күйімен танысқан министр Дархан Қыдырәлі сапарының қорытындысын осы форум арқылы нақтылаған секілді. Екі күн бойы өңірлерден келген журналистер өз проблемаларын ортаға салды, құзырлы министрліктің сол мәселелерді шешу жолындағы қолға алып жатқан шаруаларынан хабардар болды. Озық үлгілермен танысты. Кейбір өңірлік басылымдардың, аудандық газеттердің жетістігі де айтылып қалып жатты. Ең бастысы, мемлекеттің БАҚ саласын дамытуға мүдделі екеніне көздері жетті. Форум болашақта тұрақты түрде өткізіліп тұрмақ.

Бірден айту керек, бұл – Қазақстан тарихындағы бірінші баспасөз форумы. Сонысымен де құнды. «Арқалағаны алтын, жегені жантақ» журналистердің көсегесін көгерту, олардың беделін көтеру және газет шығару керек пе, интернет сайттарға көшкен дұрыс па, көптің көкейіндегі өзге де көп сауалдың бар тетігі осы форумда қызу талқыланды.

Қазіргі ақпараттық технологияның қарқынды дамып жатқан кезеңінде әсіресе әлеуметтік желі т.б. платформаларда фейк, жалған ақпараттардың көп кездесетіні шындық. Оларға тосқауыл қою, жолын бөгеу оңай жұмыс емес. Негізінен шынайы ақпараттарды тек мерзімді басылымдар ғана жариялайтыны көпке аян. Өңірлік мерзімді басылымдарда да көптеген түйткілді проблемаларды көтеріп жатады. Бірақ көп жағдайда «Ауылдағының аузы сасық» дегендей, менсінбей қараушылық та бой көрсетіп қоятыны рас. Сондықтан өңірлік мерзімді басылымдарға мән беру қажеттігі туындап, сол арқылы барша БАҚ-тың мәселесін көтеру күн тәртібіне көтерілгені байқалады.

Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов әңгімені әріден өрбітті: «Баспасөз басылымдар тарихымыз бен мәдениетімізді, рухани ұлттық құндылықтарымызды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші негізгі ақпарат құралы болып отырғаны сөзсіз. Алаш арысы, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Газет – халықтың көзі, құлағы, һәм тілі» деген даналық сөзі әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ. Оған дәлел ретінде баспасөз басылымдарының жыл санап көбейіп келе жатқанын айтуымызға болады.

Мемлекет басшысы сайлауалды бағдарламасында еліміздегі ақпараттық саясатты, жастар саясатын, азаматтық қоғаммен байланыс тетіктерін жетілдіру бойынша нақты тапсырмалар беріп, міндеттер қойды. Осы тұрғыда өңірлік БАҚ мәселелері, атап айтқанда, оқырмандар саны мен басылым таралымын қайта көбейту, қаржыландыру және техникалық жаңарту, уақытылы жеткізу мен жергілікті БАҚ ахуалын жақсарту бағытында министрлік және жергілікті атқарушы органдармен бірге тиімді әрі нақты шешу жолдарын пысықтау қажет деп есептейміз. Сол үшін еліміздегі БАҚ өкілдерінің кәсіпқойлығы мен сапасын одан әрі арттыру жұмыстарын жалғастыруымыз қажет. Халықты арзан дүниелермен емес, пайдалы ақпаратпен сусындатып, рухани, мәдени, танымдық, ұлттық құндылықтармен байыта білгеніміз абзал, – деді.

 

ГАЗЕТ ПЕН ЖУРНАЛДЫҢ БЕДЕЛІН ТҮСІРГЕН КІМ?

Дархан Қуандықұлы Қыдырәлі — УикипедияАқпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі:

– Басылымдардың келбетін қалыптастыруда сапалы дизайн мен фотоның орны ерекше. Осы ретте газет дизайнын, макетін жетілдіру бағытында халықаралық тәжірибелерге негізделген арнайы дәрістер ұйымдастыру жоспарда бар. Сонымен қатар фотожурналистиканың дамуына ықпал ететін іс-шаралар ретін бастап та кеттік. Өздеріңізге белгілі, Орталық Азия медиа форумына келген Пулитцер сыйлығының иегері, фотожурналист Лиу Шин журналистерге мастер-класс өткізді. Әйгілі фотографпен бірлескен жоба талқылануда

Өңірлерге сапарлар және осы форумға дайындық кезінде аймақтардағы кейбір басылымдардың тіпті сайты да жоқ екенін анықтадық. Ал кейбір өңірлік басылымдар республикалық деңгейде тарап отырғанын, сайттарының да жақсы жұмыс істейтінін көрдік. Осыны ескере отырып, өңірлік басылымдардың сайттарын жасау және қолдау, әлеуметтік желілерді тиімді пайдалану бойынша әдістемелік көмек көрсетіледі, – деді министр.

Дихан Қамзабекұлы | Әдебиет порталы«Қазақ газеттері» ЖШС-ның директоры Дихан Қамзабекұлы:

– Басылымдар орталық, жекеменшік, өңірлік деп бөлінбеуі қажет. Халық әлі баспасөзді қадірлейді. Алайда қазіргі таңда олардың әлеуеті төмендеп барады. Осы бағытта өңірлік БАҚ маңыздылығын көтеру мақсатында министр тарапынан бірнеше міндеттемелер қойды. Бірнеше заңнама негіздеріне өзгерістер енгізіледі, – деді.

 «Жаңа жағдайдағы баспа БАҚ» тақырыбында өрбіген бірінші панельдік отырыста қазіргі заманғы баспасөздің ахуалы, жаңа заманға бейімдеу сияқты мәселелер талданды. Тақырыпты «Қазақ газеттерінің» Бас директоры Дихан Қамзабекұлы, «Айқын-Литер» ЖШС директоры Ысқақ Егембердиев, М.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ Университеті Басқарма төрағасының орынбасары Ерболат Мұхамеджан, National Geographic Qazaqstan журналының жауапты редакторы Айбын Шағалақ талқылап, өз баяндамаларын жасады. Баяндама соңы пікірталасқа ұласып, спикерлер сұрақ-жауап алмасты. Нәтижесінде, өңірлік газеттерге жаңғыру, жаңашылдық қажет деген қорытындыға келді. Яғни баспа БАҚ жаңашылдыққа, әлеуметтік желілерге бейімделіп, мүмкіндіктерді пайдалануы керек деген тұжырымға табан тіреді.

Журналистердің атынан Ерболат Мұхамеджан баспадағы бақылау туралы сөз қозғады. Ол мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс жасайтын басылымдарды халық оқи бермейтіндігін айтты.

– Сөз бостандығы, ашықтық, шынайы зерттеулер болмаса, журналист болудың қажеті не? Ауданның, халықтың проблемаларын ашып жазбаса, тұтынушылар құрмет көрсетпейді. Газет нарықпен жұмыс жасау қажет. Әкімдерді ұмыту керек, – деді журналист. Бұл сөз біреулерге жақты, біреулердің шамына тиді. «Айқын-Литер» ЖШС директоры Ысқақ Егембердиев газеттер әлі де бәсекеге қабілетті екенін, қажетті менеджменттің тетіктерін білу арқылы оқырман санын әлдеқайда көбейтуге болатынын жеткізді.

– Кез келген газетке жарнама берген тұтынушы ең алдымен сол газеттің сапасы мен санына мән береді. Әлеуметтік желідегі парақшалар қаншалықты жылдам болса да газеттердегідей ақпаратты жан-жақты толыққанды бере алмайды. Сол себепті газет пен сайттың ұжымы бөлек.  

Олар бір-біріне бағынбайды, сондықтан да олар дербес. Сонымен қатар заман көшіне ілесу қажет. Мысалы, біз TikTok пен YouTube әлеміне өзіміз еніп, кеңінен пайдалануымыз керек. Басқа жол жоқ. Аудитория біздің соңымыздан емес, біз аудиторияның соңынан жүруіміз керек, – деді «Айқын-Литер» ЖШС директоры Ысқақ Егембердиев.

Когда года - богатство!«Оңтүстік Қазақстан» газетінің Бас редакторы Абай Балажан:

– Бірақ өңірдегі жағдай сіздер ойлағандай емес, басқа. Қазақстан халқы 19 миллионның ар жақ, бер жағы. Алдымен газет ақпарат құралы ма, соны анықтап алуымыз керек. Менің ойымша, Қазақстан жағдайында газет – идеологиялық құрал. Газет, егер идеологиялық құрал болса, онда ол идеология кімге керек? Егер мемлекетке идеология керек болса, қазіргі жағдайға түсер ме едік? – деп, өз көзқарасын ашық білдірді.

Осы жерде әлеуметтік желі пайдаланушы Төлен Рамазанұлынан алынған мына бір пікірді қоса кеткенді жөн көрдік. (Өзінің өтініші бойынша еш әрпін өзгертпей беріп отырмыз). «Тілшілері қызықты мақала жаза алмайтын, халыққа қажетті ақпарат бере алмайтын БАҚ-тың редакторлары «пәдпійсшік керек» деп, әкімдерді, мектеп деректірлерін жағалайды. Гәзет «дені дұрыс» болса, халық оны өзі іздеп жүріп сатып алар еді. Сатып алғысы келмеген жұрт жаздырып алар еді. Жұрт неге «Датты» оқиды, неге «Еркін сөзді» (свабода слова) оқиды, неге?.. Ойланып, содан нәтиже шығару керек емес пе?! Ғасырдан-ғасырға мұра болар баспасөздің қағазға түскені жөн. Бірақ ол қандай газет болуы керек? Керек газет, оқуға тұрарлық газет жұрттың көңіліндегісін жазар болар. Жұртқа қажетті заңдарды түсіндіріп, халыққа жайсыз баптарын депутаттар мен министрліктермен жұмыс істей отырып, жоюға атсалысар. Жастар тәрбиесіне, ұлттық рухты көтеру үшін еңбектенер. Бұл талаптарды ескермеген газеттің «болашағы бұлыңғыр», тіпті, анығы – болашағы мүлде жоқ. Ондай газеттерді хирург орнын әкім, министр, т.б. көкелер ауыстырған «жан сақтау бөлімінде жатыр» деуге болады. Жоғарыда атап өткендей, газеттің беделін, құнын түсіріп отырған – сауатсыз, білімсіз және ізденбейтін тілшілер. Тілшілер халықтың сөзін сөйлесе, БАҚ-тың бағы, биліктің сөзін сөйлесе, халықтың қалтасына түскен соры. Газет редакторы жұрттың сөзін сөйлеп, арасында «қудаланғанша», газетті «жансақтау бөліміне жатқызып», әкім-қараны жағалап, келісіп, қол астындағылардың қалтасына түскенді жөн көретіндей. Ал, жазылған газетті жұрт оқи ма, жоқ па, онда шаруасы жоқ, бастысы – басшылармен сыйлас, тиражы жақсы. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: Газет өміршең болсын деген редактор жұртқа қызмет қылсын, қажетін, мұңмұқтажын айтсын, жетер жеріне жеткізсін, тиімсіз, шикі заң жобаларын дер кезінде анықтап, оларды қабылдаттырмауға атсалыссын. Алыссын, жұлыссын, «електіренді поштамыз мынадай» деп, хабар-ошар, поты-сүгірет күтіп кеңседе (редакцияда) отырмасын. Әйтпесе, «жансақтау бөліміне» түседі. Газет өмір сүргісі келсе, арпалыссын! Сонда тиражы «өздігінен» өсіп, бұрынғы «қалтама түсті» деп қарғыс айтқан ел: «өркенің өссін!» деп бата берер ме еді?!».

ЖИЫНДА АЙТЫЛҒАН 14 ЖАҢАЛЫҚ:

1. Қызылордадағы «Сыр Медиа» холдингі – өз баспаханасы, басылымдарды тарату мен жеткізу жүйесі бар еліміздегі жалғыз трансформацияланған ұжым.

2. Қызылорда облысының әкімі ұлықтардың арасынан алғашқы болып облыстағы 5000 студентті әкімдік есебінен газетке жаздыру туралы ұсынысты қолдап, ізгілікті өнеге көрсетіпті.

3. «Масс-медиа туралы» жаңа заң биыл қабылданады.

4. Қазір қоғамда ашық талқыланып жатқан осы заң жобасында журналистердің «Отбасы банктен» жеңілдікпен пәтер алуы мен аурухана қызметін пайдаланғанда жеңілдіктер алуы секілді ұсыныстар бар.

5. Журналистің сауалын жауапсыз қалдырған мемлекеттік қызметкерлер жауапқа тартылады!

6. Журналистің «Пресса» деген жазуы бар автокөлігін кез келген жерге қоюына немесе кез келген мекемеге кіруіне ыңғайлы жағдайлар жасау қарастырылған.

7. Аймақтағы басылымдарды қаржыландыру тетігі мен ережелері қайта қаралады. БАҚ-тарға берілетін мемлекеттік тапсырыстың талаптары жеңілдейді. Нақтырақ айтқанда, тарифтер ұлғаяды.

8. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі өңірлік басылымдардың сайттарын жасауға және жетілдіруге көмектеседі.

9. Қазақстандық қоғамдық даму институтының базасында журналистердің біліктілігін арттыру және салалық журналистиканы дамыту бағытында шеберлік дәрістері өткізіледі.

10. Газет дизайнын, макетін жетілдіру бағытында халықаралық тәжірибелерге негізделген арнайы дәрістер ұйымдастырылады.

11. Өңірлік басылымдардың қызметкерлері «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда» газеттерінде, «Қазконтентте» біліктілігін шыңдайды.

12. Еліміздің аудандарында 159 газет жекеменшікке өткен. Алайда Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жекеменшік не мемлекеттік деп бөлмей, барлығына да қолдау көрсетеді.

13. Өңірлік БАҚ-тарда жарық көрген мазмұнды мақалаларды республикалық басылымдарда жариялау тәжірибесі жалғасады.

14. Шалғай аймақтардағы басылымдарда шыңдалып шыққан жас журналистер үлкен басылымдарға жұмысқа шақырылады. 

 

МИНИСТРДІҢ ЖҮРЕКЖАРДЫ ПІКІРІ

Өңірлік мерзімді басылымдардың форумы қарсаңында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі facebook парақшасында былай деп жазды: «Еліміздің әр аймағынан 200-ден астам делегат келген жиынға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгінов және ҚР Президенті әкімшілігінен, Сенат пен Мәжілістен арнайы қонақтар қатысты. Екі күнге созылатын іс-шарада түрлі панельдік сессиялар, мастер-класстар мен талқылаулар ұйымдастырылуда. Өңірлік басылымдардың өзекті мәселелерін шешуде алға қойған бірқатар мақсат-міндеттеріміз бар. Атап айтсақ, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, журналистердің құқықтық мәртебесін көтеріп, әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында «Масс-медиа туралы» заң қабылдауды көздеп отырмыз. Аймақтағы басылымдарды қаржыландыру тетігі мен ережелерін қайта қарастырып жатырмыз. БАҚ-қа берілетін мемлекеттік тапсырыстың талаптарын жеңілдетуге мүдделіміз. Сондай-ақ біз тарифтерді ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Қазақстандық қоғамдық даму институты базасында журналистердің біліктілігін арттыру және салалық журналистиканы дамыту мақсатында шеберлік сыныптары өткізіледі. Газет дизайнын, макетін жетілдіру бағытында халықаралық тәжірибелерге негізделген арнайы дәрістер ұйымдастыру жоспарда бар. Өңірлік газет-журналдар қызметкерлерінің біліктілігін шыңдау мақсатында «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда» сияқты іргелі басылымдар мен «Қазконтентте» тәжірибе алмасу жобасы іске қосылады. Қазір жаңа медиа заманы. Сондықтан өңірлік басылымдардың сайттарын жасау және қолдау, әлеуметтік желілерді тиімді пайдалану бойынша әдістемелік көмек көрсетуді жоспарлап отырмыз. Аумалы-төкпелі заманда жекеге өткен басылымдардың да қатары аз емес. Мысалы, аудандарда 159 газет жекеге өткен. Бірақ біз өңірлік басылымдарды жекеменшік не мемлекеттік деп бөлмей, барлығына да қолдау көрсетуге әзірміз. Министрлік «Қазпошта» акционерлік қоғамымен баспа басылымдарын уақытылы жеткізу, жазылуға оңтайлы жағдай жасау туралы меморандумға қол қойғаны белгілі. Бұл қадамдар да өз нәтижесін береді деген ойдамыз. Сонымен қатар, жаңа заң аясында басылымдардан қосымша құн салығын алып тастау қарастырылып жатыр». Сонымен қатар ол: «Өңірлік БАҚ-та жарық көрген мазмұнды мақалаларды республикалық басылымдарда жариялау тәжірибесі жалғасады. Шалғай аймақтардағы басылымдарда шыңдалып шыққан жас журналистерді үлкен басылымдарға жұмысқа тарту мәселесін де назарда ұстаймыз. Буын алмасуы, дәстүр сабақтастығы сәтімен жалғасуға тиіс. Газет – тілдің өрісі. Басылым тіл құнарлығын сақтап, оқу мәдениетін қалыптастырады. Сондықтан интеллектуалды журналистиканы дамытуға мүдделіміз. Біздің жиын жыл басындағы кеңесу, алдағы бағыт-бағдарды бағамдау болмақ. Сондықтан бұл басқосу тұрақты негізде өтіп тұрады деген сенімдеміз. Мерзімді басылымдар, оның ішінде өңірлік БАҚ журналистиканың алғашқы мектебі, алғы шебі іспетті. Аудан-аймақтарымыздың ардақты азаматтары, зиялылар қауымы топтасатын өнегелі орта. Сондықтан Қазақстанның әр қиырында қажырлы қызмет етіп жүрген әріптестерімізге айрықша алғыс айтамыз», – деді.

 

ЖУРНАЛИСТИКА ӘЛСІРЕСЕ, ҚОҒАМҒА ЗИЯНЫН ТИГІЗЕДІ

PS: Астана қаласының «Қазмедиа орталығы» ғимаратында өңірлік мерзімді басылымдардың жұмыс деңгейін арттыру мақсатында өткен форумда көп дүние айтылды. Қызу пікірталас та болды. Тың ойлар мен соны идеялар да ортаға тасталды. Сондай-ақ форумда журналистік материалдарды жазудың жанрлық түрлері мен стилистикасы, дәстүрлі және жаңа медиа, аймақтық БАҚ-ты дамыту, медиа кеңістіктегі мемлекеттік тіл мәселелері, конвергентті журналистика, басылымдардың сапасын арттыру және аудиториясын кеңейту, оларды оқырманға уақытылы жеткізу мәселелері де көтерілді. Форумға қатысушылар арасында белсенділік танытқандар баспа БАҚ саласында тәжірибе және кәсіби идеялармен алмасу мүмкіндігіне ие болды. Журналистік зерттеулер жазу, әлеуметтік желілер мен сайттарды сауатты жүргізу, редакцияның жұмыс деңгейін арттыру дағдылары да назардан тыс қалмады. 

Табақтай дипломы болғанымен мақала жаза алмайтын журналистер көбейіп бара жатқаны да тілге тиек етілді. Мұны болдырмаудың бір-ақ жолы бар: ол үшін өзі қалаған емтиханынан құлап, журналистикаға тапсыра салуды әдетке айналдырған, сөйтіп, әйтеуір диплом алсам болды, жерде қалмаспын дейтін жастарды оқу орнына қабылдар кезде шығармашылық емтихан арқылы сүзгіден өткізу заман талабы. Ол үшін шығармашылық емтиханды қайтадан қолға алу керек. Ұзын құлақтан естуімізше, соңғы кездері ҰБТ-дан төмен ұпай алғандар журфакты айналшықтайды екен. Тәжірибеден өту үшін редакцияға келген кейбір студенттер ойларын ашып айтқан сәттер де кездесіпті. «Түбі журналист болмаймын, қинамай тәжірибеден өтті деп жазып беріңізші» деп қиылатындарға не деуге болады?

Журналистикадан мән-мағына кетсе, қоғамға орасан зияны тиеді. Ақпарат халыққа дұрыс жетпей, дүбәра күй кешіреді. Осылайша мәселе оңтайлы шешілмей, жауырды жаба тоқи салу қалыптылыққа айналады. Оның несі жақсы? Білмейтіндерге үйретіп, журналистиканың қыр-сырын жетік меңгергендерден, осы саланың майталмандарынан ақыл-кеңес керек-ақ. Өңірлердегі жағдайды жеткізіп жүрген журналистердің еңбегі ұшан-теңіз. Тек оларға жағдай жасап, қолдау керек.

Қорыта келе айтпағымыз, еліміздегі өңірлік басылымдар форумында нақты мәселелер талқыланды. Баспасөздің бүгіні мен ертеңі әңгімеге өзек болды. Нақтылап айтсақ:

Журналистер мәртебесін көтеру.

БАҚ-ты мемлекеттік қолдау.

БАҚ-қа қатысты басқа да алғышарттар заңға енгізілмек. «Масс-медиа туралы» заң жобасы, жаңа Парламент Мәжілісі қабылдайтын алғашқы заң болып тарихқа енбек.

НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК
02.02.2023

Ұқсас жаңалықтар

ЫСТАН АБАЙ БОЛЫҢЫЗ!
Аяулым САНСЫЗБАЕВА, Жетісу облысы - 23.11.2024 19
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 28
Жарқын болашаққа бес қадам
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 23.11.2024 8
Қар тазалауға 189 техника сақадай сай
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 13
«Жайлы мектепте» оқып жатыр
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 17
АБАЙ ДЕП СОҚҚАН   ЖҮРЕГІ
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 23.11.2024 15
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 30
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 28
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 251
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 246
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 870

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8944
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8336
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11564
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9322
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10548