Өзге ұлттарды қайдам, мен білетін қазақ жұрты көнбіс-ақ! Өте шыдамды. Өте төзімді. Сосын өте сенгіш! Осыны пайдаланған кешегі Кеңес Үкіметі де асылдарын атып, асып, қаймана қазақты «Сендерге жарқын өмір сыйлаймыз» деп тілі мен дінінен айырып, ойларына келгенін істеп, бетке шығар қаймақтарының төсіне орден мен медаль тағып, реті келсе бірі мен бірін айқастырып қойды. Қиқаңдағандарын «қиратып», бағынбағандарын «жайратып», мойынсұнғандарын «сайратып» отырды.
Ол заманда бір партия – Коммунистік партияның ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болды. «Партия қайда болса, жеңіс сонда» деп әндеттік бәріміз. Ол заманның бір партиялы Үкіметтің ақыры немен аяқталғаны белгілі.
Ол дәуірде ұлтсыздық кең етек жайды. Қазақ мектептері түгелге жуық жабылды. Елдің интеллигенциясы саналатын жазушылардың балалары әкесі мен шешесінің жазғанын оқи алмайтын деңгейге жетті. Оны да көзіміз көрді. Етіміз үйренді. Ешкім сын айта алмады Үкіметке. Бақталас партия деген болған емес. Бір партия Компартия. Баяғы біздегі «Нұр Отан» сияқты бір партия. Ел мұңын соған айтады. Сырын соған айтады. Сол партия ғана әділдіктің жаршысы. («Нұр Отанға» бәсекелес болған «қуыршақ партияларға» сөз шығын).
Алла Тағала қазаққа қарасты, аяды бәлкім, Кеңес Үкіметі құлап тынды. Рас, біреулер қимай жылады... Бәз біреулер Кеңесті сақтап қаламыз деп жанын салды. Егер деймін де, қеңестік заман тағы бір он жылға созылғанда не болар еді? Қаусап тұрған қазақтың руханияты құлдырап, өр рухы сырқырап, жан азабы шырқырап өзге ұлттың аранына жұтылып, бүкіл қиындықтан құтылып, жер бетінен жойылар еді. Рас айтам. Бізді Алла сақтады. Ең соңынан болса да тәуелсіздікті алып, есімізді жиып, әйтеуір ел екенімізді білдіріп улап-шулап алдық. (Желтоқсан көтерілісі қазақ жастарының соңғы тұяқ серпуі, жанталасы еді. Азаттыққа жол ашып бергені де рас).
Халық сайламаған, партиялық тізіммен жасақталған құрылтайдың болашағы қалай?
«Халықты адастыратыны да, тура жолға бастайтыны да оқығаны», – деп Жүсіпбек Аймауытов дұрыс айтқан. Халық әлі күнге оқығандарына сенеді. Ал оқығандары ұлтының ұлтаны болып жүр ме? Ұлылық көрсетіп жүр ме? Әлде билікке жетіп алғанша уралап, одан кейін жанын бағып «тәубалап» кетті ме?
Әупіріммен алған тәуелсіздіктің қадіріне жете алдық па, осы? Оқығандар, биліктің басындағы отырғандар халықты тура жолға бастай алды ма? Осы жерге келгенде ой шашырайды. Пікір қайшылығы туындайды. Себебі сансыз сұраққа жауап берілген жоқ. Меніңше, оған әзір жауап болмайды. Тек тарих ата ғана бағасын береді...
Тәуелсіздік алған отыз бес жылда бұл қазақтың басынан не өтпеді, не көрмеді. Президенттік сайлаудың да неше атасын, референдумның да неше бабасын көрді. Парламенттік сайлау мен Үкіметтік тағайындаулар да мың рет түрленіп, мың рет гүлденіп жатты. Халық бәріне көнді, бәріне сенді. Биліктің соңынан ерді. Дауыстарын да берді. Нәтижесі қайда? Қалды ма бір сайда!
Осы жерде ақиық ақын Мұқағалидың «Отыз бесінші көктемім» өлеңі ойға оралады.
35 жыл.
Уақыт қой көп-көрім.
35 жыл қуарып,
35 жыл көктедім.
35 күз, 35 қыс, 35 жас,
Осал өмір емес қой отыз бес жас...
35 жыл.
Өмірді кезіп келем.
Және 35 бола ма?
Сезіктенем...» – деп жырлапты ақын. Ақын өз өмірін айтса, біз халық өмірінің тәуелсіздіктегі отыз бес жылын сөз қылып отырмыз. Енді қаншаға созылады елдегі өзгеріс! Қашан жасанды сайлаудан арыламыз? Қашан тұрақты өмірге ораламыз? Бәрінен осыларды өткізуге кеткен қайран ақша-ай! Ойланайықшы-ай!
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында болашақ бір палаталы Парламентті «Құрылтай» деп атауды ұсынды. Мемлекет басшысы бұл атаудың тарихи мәні мен халыққа өте жақын екенін атап өтті. Тарихқа терең бойласақ бәрі рас.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы еліміздің саяси жүйесінде Құрылтай атауын маңызды мемлекеттік институт символы ретінде сақтау қажет екенін де айтуды ұмытпады.
Міне осылайша Құрылтай сайлауына дайындық басталып кетті. Қос палаталы Парламент тарады. Сенаттан құтылдық. Бұл жағынан Президент жарады...
Біздің білуімше, елімізде тіркелген онға жетпес партия бар. Тіркеле алмай келе жатқан партиялар саны жетерлік... Оны әңгімелесек, қайнаған саясаттың ішіне сүңгіп, қабырғасын үңгіп кететін болғандықтан, осы жерден тоқтайық. Одан да іске көшейік.
Өткен аптада, яғни 23 шілде күні сағат 18:00-де Құрылтайға сайлау алды үгіт-насихат жұмыстары басталды. Бір ай бойы электораттың көңілін аулау үшін жеті партия бойындағы бар күш-жігерін салатын кезең таяды. Оларға сәттілік тілеп қояйық.
Кеше ғана үнсіз жатқан, жоғарыдан бұйрық күткен партиялар лезде еңселерін тіктеп, барлық күштерін салып, кандидаттардың тізімдерін Орталық сайлау комиссиясына өткізіп үлгерді. 7 партия және бірден 546 кандидат! Бұл сайлауда бәсеке бұрын-соңды болмаған деңгейде қызайын деп тұр. Қай партия бәйгеге ең көп адам қосты? Кімдер тізімді барынша ұзартуға тырысты? Басты саяси интриганың барлық сандары мен аралық қорытындысы қалай болды? Бәрі жария болып жатыр.
Сонымен Орталық сайлау комиссиясына 7 саяси партиядан Құрылтай депутаттығына барлығы 546 кандидат ұсынылды. Олар 145 депутаттық мандат үшін өзара бәсекеге түседі.
Мандат саны: 145 орын
Кандидаттар саны: 546 үміткер! Демек, бір мандатқа шамамен 4 адамнан келеді. Міне, қызық, ойбай, шыжық!
Сайлау күні: 23 тамыз. Бір ай мерзім. Таяқ жерге тасталды, жанталас басталды.
Орталық сайлау комиссиясының дерегінше, ең көп кандидат «Әділет» партиясынан, 186 кандидат. Ең азы Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан, 33 үміткер.
Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы» қоғамдық бірлестігі – 63 кандидат, «Ауыл» партиясы» республикалық қоғамдық бірлестігі – 69 кандидат, «Байтақ» жасылдар партиясы» қоғамдық бірлестігі – 47 кандидат, «Қазақстан халық партиясы» қоғамдық бірлестігі – 72 кандидат, «Respublica» партиясы» қоғамдық бірлестігі – 76 кандидат ұсынып отыр екен.
Осы жерде айта кету міндет, Құрылтай сайлауын өткізуге 34,3 млрд теңге бөлініпті. Бұл дегеніңіз қыруар қаржы. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Михаил Бортник хабарлады. Орталық сайлау комиссиясының ақпаратына қарағанда, бұл қаржы Үкімет резервінен бөлінбек.
Айтпаса сөздің атасы өледі. Тарих үшін айтылуға тиіс шындық бұл. Құрылтай тек партиялық тізіммен тағайындалатын депутаттардан ғана құралады. Бұл, меніңше, үлкен шектеу. Халық сайламаған, партиялық тізіммен жасақталған «Құрылтай» ертең ұлт, халық мүддесіне қайшы заңдар қабылдайтын болса не істейміз? Кімді кінәлаймыз? Осы ой көпшілік халықтың көкейіндегі көкейтесті сауал...

«Әділеттің» шоқтығы неге биік?
Хош. Алдағы аламанда, Құрылтай сайлауында жеті партия бақ сынамақ. Бәрі таныс. Бәрін көз көрген... Бәрі де әлекедей жалақтап тұр. 2023 жылғы наурызда өткен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі сайлауына өте алмай қалған «Байтақ» жасылдар партиясы ғана «бөтен». Бөтенмін деп жүрген жоқ, билеп қояды секең-секең! «Аманат» партиясы «Әділетке» жол бергендіктен тізімде жоқ. Миссиясын аяқтаған. Алайда біраз мүшелері «Әділетке» кіріп алып «жан сақтағандай» көрінеді. Қалғандары баяғы жартас, кешіріңіздер, баяғы партиялар...
Саяси дода қызған сайын партиялардың үгіт-насихат жұмысы да жандана түсуі заңдылық. Себебі халықтың сеніміне ие болудың жолы әртүрлі. Бірі марафон ұйымдастырса, бірі ортақ іске жұмылдырды, енді бірі ашық пікір алмасу алаңын таңдауда.
Әділдік салтанат құруы үшін жеті партияны алалауға, біреуіне бөле-жара қарауға болмайды. Сөйте тұра қазақ атамыз айтқандай, бұрын шыққан құлақтан кейін шыққан мүйіз озып тұр. «Әділет» партиясы топ алдында. Құрылтайда тізгін кімнің қолында болатынын осыдан-ақ байқауға болатындай...
«Құрылтай – қазақ үшін ел тағдыры таразыланған, ортақ мәміле жасалған қасиетті ұғым» деген «Әділет» партиясының төрағасы А.Дәдебай Түркістандағы сайлауалды науқан кезінде мемлекеттік дәстүр сабақтастығы мен халық үніне сүйенудің маңызын атады, сол қасиетке, атқа лайықты болса сәттілік тілейміз, әрине.
Өзге алты партия да сайлау алды науқандарын өткізіп, партиялық бағдарламаларын халыққа ұсынуда. Бірақ Құрылтайда «Әділетке» қарсылас болатын партияны көре алмай тұрмыз. Алты партияның ішіндегі өжеті, оппозициялық ұстанымы зор деуге қайсы лайық? Ол да белгісіз! Ат болатын құлынды желі басынан танитын қазақ аң-таң!
Шыны керек, әлеуметтік желіге көз жүгіртіп, ондағы гу-гу әңгімеге құлақ түрсең, қара халықтың біразына не партия, не құрылтай қызық емес сияқты. Сайлау жөнінде бас қатырып жүрген халықты көрмедік. Өз қотырларын өздері қасып, өз мұңдарымен өздері әуре. Бұқараның басты проблемасы несие! Одан кейін айтатындары қымбатшылық! Әлемдік саясат! Ресейден соғыстан қашып келіп жатқан адамдар. Құнсызданған теңге.... Көп қой тере берсек. Тіпті ашынған әлеуметтік желі қолданушылардың бір тобы «Билік өздері ойларына келгенін тындырып жатыр, халықтың шешімі деп айта қиын? Сайлауда солай, билік өздері миллиардтап қаржы бөледі, дауысты да өздері реттейді. Сондықтан халық дауыс беріп қолдады деген жәй сөз. Бюджет арқылы күнін көретіндер ғана қорыққандарынан барады сайлауға» деп күңкілдеп қояды... Кімнің аузына қақпақ боласың! Ит үреді, керуен көшеді.
Әділетті аңсаған партиялар әділ бағаларын бере жатар оларға! Бұған да бас қатырмайық.
Бас қатыратын нәрсе Құрылтайдан орын алатын жеті партияның ұстанымы емес пе? Еуропалық елдерге жету қайда? Алайда «болмасаң да ұқсап бақ» деген жоқ па ұлы Абай. Иә, дамыған елдердегі көппартиялық жүйе сонау ХVІІ-ХІХ ғасырлардан бері дамып демократиялық құндылықтары әбден қалыптасқан. Олардағы көппартиялық жүйе, біздегі секілді жоғарыдан билік жасақтаған партиялар емес. Ол елдерде біздегідей халыққа төменнен партия құруға шектеу қойылмаған.
Саяси жүйеде партиялар алған бағыттары бойынша солшыл бағыттағы, центристік, оңшыл бағыттағы партиялар болып жіктеледі. Солшыл бағыттағы партиялар-революциялық күреске дайын өзгерістер үшін күресетін, халықтың мүддесін қорғауды мақсат етуші партиялар. Оңшыл бағыттағы партиялар, олар қоғамдық құрылысты өзгертуді қаламайды, күшті мемлекеттік құрылысты қолдайды, заңдылықты қуаттайтын партиялар. Ал центристік бағыттағылар қоғамды біртіндеп, реформалар арқылы ғана алға бастайды.
Мысалы, АҚШ-та барлық деңгейлерде билік үшін күресті республикашылар мен демократтар, Ұлыбританияда лейбористер мен консерваторлар жүргізеді.
Бізде қалай болмақ? Жеті партия несімен мақтана алмақ? Конституциялық реформа жалғасын таба ма?
Республикалық штабтың ашылуы барысында «Әділет» партиясы төрағасы Айбек Дәдебай саяси науқанның маңызына тоқталып өтті. Сондай-ақ ол алдағы Құрылтай сайлауы елдегі конституциялық реформалардың заңды жалғасы екенін айтты. Пікірін нақты келтіре кетелік.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың реформалары елімізде түбегейлі, оң өзгерістерге жол ашып, Тәуелсіздігіміздің тұғырын бекемдей түсті. Биылғы жалпыхалықтық референдумда қабылданған жаңа Конституция саяси жүйеміздің жаңа архитектурасын қалыптастырып, мемлекеттілігімізді нығайта түсуге кепілдік болып отыр. Осы орайда, алдағы өтетін сайлау да конституциялық өзгерістердің заңды жалғасы болмақ», – деді ол.
Оған қоса Айбек Дәдебай партияның «Әділетті болашақ үшін» атты сайлауалды бағдарламасы қоғамның сұраныстары негізінде әзірленгенін айтты. Құжатты дайындау кезінде тұрғындардың ұсыныстары QR-кодтар арқылы жиналып, сарапшылар қатысуымен стратегиялық сессиялар ұйымдастырылған. Сонымен қатар партия арнайы әлеуметтік зерттеулер мен сауалнамалар жүргізіп, елдегі негізгі әлеуметтік-экономикалық мәселелер сараланған. Дұрыс-ақ! Сөзі нық сенімді. Қалай болғанда да «Әділеттің» өзгелерден жағдайы жақсы, шоқтығы биік екені көзге ұрып тұр. Өзге партия төрағалары да бір-бір «асау атқа» мініп алыпты. Сөздері қылыштай қиып түседі. Ұрандары «Бәрі Қазақстан үшін». Бәрінің мақсаты – «Әділетті Қазақстан» орнату. Әділдіктің жолынан таймау. Әп-бәрекелді дейміз. Жақсы сөз – жарым ырыс қой, шіркін!
Ел сөзін сөйлеп жүрген азаматтар құрылтайда неге жоқ?
Өткен күн тарих қой, оны ешкім де өшіріп тастай алмайды. «Аманат» партиясы құрамында Парламент Мәжілісінде депутат болған елге танымал азаматтарды бұл жолғы Құрылтайдан көре алмай халық пұшайман болып отырған жайы бар. Мысалы Еділ Жаңбыршин, Абзал Құспан, Бақытжан Базарбек т.б. елдің сөзін айта алатын, білікті тұлғалардың партиялар тізімінен көрінбеуі ақылға сыймайды. Әлде олар қатты айтып қойып туғанына жақпай қалды ма? Әділетті Қазақстан құруға бет алғандар, ащы сыннан да қорықпауы тиіс еді ғой негізі.
Әділетті Қазақстан орнату үшін үнемі ащы пікір мен әділ сын айтып жүрген Арман Шораев, Досым Сәтпаев секілді жігіттерді де «Жаңа Қазақстандықтар» өздеріне қарай тартса, қандай жарасымды. Оларға «Келіңдер, бақтарыңды сынаңдар! Үнемі билікті сынап жүресіңдер ғой, енді өздерің де Құрылтайға депутат болып көріңдер. Халықтың сөзін сөйлеңдер» деп мүмкіндік туғызса, нағыз әділдік сол болар еді. Әділетті Қазақстанның шынымен де әділдік жолында екенін ел көріп, билікті қолдап, оларды сынаушылардан қорғар еді...
«Елді билеуден адамның өзін-өзі билеуі қиын» депті данышпан Абай. Рас екен. Жеті партия Құрылтайдан үміткер болғаны сол еді, әншілер мен спортшылар тағы басқа да өнер иелері бой көрсетті. Тағы да ел алдында солар жүр. «Аузы күйген үрлеп ішеді» деуші еді дана халқымыз. Біздің биліктің аузы күйсе де, қайтар емес. Тағы да өнер жампоздары партиялардың «жарнамасын» жүргізіп жатыр.
Ертеректе Президент Назарбаев депутат болып жүрген Құдайберген Сұлтанбаев ағамызға «Парламентте әріптестерің бар ма?» деп сұрағанда, «Отырған депутаттардың бәрі әртіс, ішіндегі кәсіби әртіс мен ғана» деп күлдірген екен. Сол кісі айтпақшы, Құрылтай – әртістер мен өнер иелерінің ордасы емес, заң шығаратын орган. Ол жерде тарихқа жетік, заңға кемел адамдар отырса ғана беделі күшейеді.
Атақты Отто фон Бисмаркке тиесілі қанатты сөз бар: «Ақылды адамдар таусылған кезде, Парламентке спортшыларды, суретшілерді және актерлерді сайлай бастайды» делінген. Біздің басымызға да сондай күн туып отырғаннан сау ма өзі?
Бұл нақыл сөз қоғам мен мемлекет басқару ісіне кәсіби білігі жоқ адамдардың келуін сынау мақсатында жиі айтылады. Соны біле отырып, әділдікті аңсаушы партиялар ескі сүрлеуден шығар емес...
Күні кеше әнші Аша Матай, Тамара Асар партия қатарынан көрінді. Басқа да өнерге жақын адамдарды жеті партияның кез келгенінен таба аласың. Бұл не? Құрылтайды қолжаулық қылу ма? Елдің назарын әнші мен биші арқылы аудару ма?
Әнші Меруерт Түсіпбаева өнер адамдарының депутат болуына қарсы екенін оқып, оған риза болып қалдық. Оның айтуынша, депутаттық қызметке кәсіби мамандар келуі керек.
«Парламентте әнші, биші, күйші, спортшы, блогер-шмогерлер отырмауы керек. Ата Заңның әр тармағын зерттей алатын қаржыгерлер, экономистер мен заңгерлер отыруы қажет.
Өнер адамдары ол жерде не үшін отыр, неге келді деп ойлаймын. Өйткені мен өнер адамдарының, спортшылардың және кейбір блогерлердің IQ деңгейлерін білемін. IQ-ы төмен екенін түсінемін, сеземін. Бір ауыз сөзді құрап айта алмайтындар сол жерде не істеп отырмын деп ойлайды екен?» – депті әнші Меруерт Түсіпбаева. Бұл сөзді әнші емес, жеті партияның ішіндегі жіті көздер айтуы керек еді ғой. «Әттең, тонның келтесі-ай!» демеске шара жоқ.
Жеті партияның алдағы бес жылға арнаған бағдарламаларын көзбен шолып шықтық. Бәрі де елдің экономикасын күшейтуге, халықтың әл-ауқатын көтеруге бар білімдері мен тәжірибелерін салмақ. Бірінің аузына бірі түкіріп қойған секілді. Тым құрыса бір партия мемлекеттік тіл туралы алдына мақсат қоймапты. Бәрі бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай «Әділетті Қазақстан» құруға бел шеше кірісіп кеткенге ұқсайды. Айналайындар-ау, отыз бес жыл жетім баланың күйін кешкен ана тілімізді осы Құрылтайда төрге оздырмасақ, қазақтығымызға ұят емес пе! Отыз бес жыл ширек ғасырдан да артық уақыт білгенге, осы аралықта еңсесін тіктей алмаған тілімізді, енді қашан көркейтеміз. Бұл біздің ғана емес, халықтың талабы. Халық қаласа хан да тағынан түседі. Елдігіміздің символы – қазақ тілі. Тіліміз тұғырына қонбаса, мың жерден әділетті Қазақстан құрсаң да бәрі бекер.
Қазақтың жаны ол қазақтың бірлігінде. Қазақтың бірлігі өзінің ана тілінде, мемлекеттік тілде тұр. Нақтылап айтсақ, қазақ тілінде тұр. Ресейдің қатын патшасы Екатерина екінші «Егер кімде кім қазақты тілінен айырып бөлшектей алса, онда ол Қазақтың мәңгілік билеушісі болып қала береді» деп астарлап, ыммен өзінің мұрагер ұрпақтарына өсиет қалдырған деседі. Егер билігіміз ұлтшыл, партияларымыз талапшыл болса, сөз төркінін, ымын бірден түсінер едік.
Қай партиялар құрылтайдан көрінуге лайық?
Бұрынғы «Аманаттың» депутаты Самат Нұртазаның мына пікірі мен кейбір ой тұжырымдары біздің де көзқарасымызға сай келіп тұр. Әсіресе тіл мәселесінде! Құрметті оқырман, сіз де өз ойыңызды, пікіріңізді осы жерде саралай отырыңыз! Бұл көріпкел болу емес, ішкі интуцияны сыртқа шығару. Болжам жасау. Сол арқылы партиялардың Құрылтайға қаншалықты лайық екенін бағамдау!
«ӘДІЛЕТ» партиясы туралы жазғым-ақ келеді. Бірақ тілімді тістей тұрайын. Жо-жоқ, қорыққаннан емес … сыйластықтан. Себебі құрамында бақандай 22 экс-партияласым бар ғой. Демек, азды-көпті артерияларында «АМАНАТ» партиясының ДНК-сы бар деген сөз. «АМАНАТ» партиясының нанын жедік, жақсылығын көрдік. Ішкен құдығыма түкіре алмаймын.
Ал қалған 6 партия туралы пікірім мынадай:
«ЖСДП»
Партияның идеясы да, айтқан сөзі де сырттай жақсы. Ойға қонымды. Социалистік идеялар, демократиялық құндылықтар дегендей. Оның үстіне талай белсенді мүшелерін танимын. Ұлтжанды азаматтар.
Алайда ЖСДП-ның бір үлкен кемшілігі бар, партия басшысы Асхат Рахымжановтың қазақ тілін білмеуі. Қазақ тілі қазіргі додада басты факторлардың біріне айналды. Бір ақпаратты орысша жеткізген бір басқа, дәл сол ойды қазақша айтқан бір басқа. Сондықтан тіл факторы ЖСДП-ның осал тұсы деп білемін. Сайлауда 5% дауыс ала алмаса, таңғалмаймын.
«ҚХП»
Бұл партияның жағдайы да шамалас. «Коммунистік иісі» бар партияның өзіндік электораты болғанымен, оның қатары жыл өткен сайын сиреп бара жатқандай. Ұсыныстары мен уәждерінің арасында ақылға қонымды дүниелер баршылық. Маңызды мәселелерді де көтеріп жүр. Бірақ сол идеялардың көбі қазақтілді аудиторияға толық жетпейтіндей көрінеді. Себебі партияның ішкі тілі – орыс тілі. Ол – факт. Бұрынғы басшысы Ермұхамет Ертісбаев та, бүгінгі басшысы Нұрлан Шоқанов та қазақ тілінде көсіле сөйлейтін саясаткерлердің қатарынан емес. ҚХП-ның да басты кемшілігі – мемлекеттік тілден алшақтығы. Сайлауда 5% жинай алмаса, таңғалмаймын.
«Ауыл»
«Ауылдың» өз электораты бар. Ауылдағы ағайын бұл партияның тілеуін тілеп отыр. Партия тізіміндегі азаматтардың арасында мемлекеттік тілді жақсы меңгерген, елдің сөзін білетін азаматтар бар екеніне өзім куәмін.
Фермерлер мен шаруалардың мүддесін қорғап жүрген партия өз дауысын жинайды деп ойлаймын. Жигули аға мен Ерболат ағалар жердің де, елдің де жағдайын жақсы біледі. Бірақ сырт көз – сыншы. Анас Баққожаев замандасымды тізімге қоспағандары дұрыс болмады. Мәжілістің соңғы шақырылымында, Анас белсенді топ-10 депутаттың қатарына кірді десем, қателеспеспін. Бұл да партия ішіндегі атмосфера туралы біраз нәрсе аңғартып қойғандай.
Менің болжамым – 9-10%.
Respublica
Бұл партия туралы көп нәрсе жазуға болады. Жетістігі де бар, қатесі де болды. Бизнес үшін біраз шаруа атқарды, арасында шатырға шығып «Бэтмен» болған мүшелері де кездесті. Қайран Ерлан Жақанұлы, кешірімі мол еді ғой.
Бірақ Respublica-ның бір ерекшелігін мойындау керек: сын айтылса, соған реакция білдіре алды. Тіл мәселесінде де кезінде сын болды. Партия оны естіп, іле-шала қорытынды шығарды. Қазақша білмейтін мүшесін көп ұзатпай алмастырды. Содан кейін бұл тақырыптағы сын да саябырсыды. Бұл – қателікті мойындап қана қоймай, түзете білудің белгісі.
Ал іске келсек, Айдарбек Қожаназаров бастаған небәрі алты депутат алпыс аймақтың мәселесін шешіп, аз құраммен көп жұмыс істеді. Парламентте кәсіпкерлік, салық, бизнесті несиелеу, креативті индустрия секілді нақты экономикалық мәселелерді тұрақты көтерді.
Біраз кәсіпкерлерден Respublica депутаттарының нақты мәселелерді шешуге көмектескені туралы өз құлағыммен бірнеше рет естідім.
Respublica-ның потенциалы осы жерде.
Менің болжамым – 12-14%. Бірақ науқанды дұрыс аяқтаса, одан да жоғары нәтиже көрсетуі де мүмкін.
«Ақ Жол»
Мүйізі қарағайдай тәжірибелі партия «Штрафстан» деп жүріп, «қара жолға» түсіп кете жаздады. Бірақ дер кезінде қатесін түсініп, басшысын ауыстырып, тәжірибелі Дания Еспаева ханымға тізгін ұстатты.
«Ақ Жолда» қазақ тілінің сөзін сөйлейтін Қазыбек Иса ағамыз бар. Бірақ партияның қалған бөлігінің қазақтілді аудиториямен байланысы әлі де әлсіздеу екенін жоққа шығара алмаймыз.
Іске келгенде, «Ақ Жолдың» бизнес қауымдастығымен байланысы бар, экономикалық ұсыныстары да жаман емес. Экс-басшысы Азат Перуашев мінберден талай маңызды мәселе көтерді. Ол да факт.
Бірақ Құрылтай жастардың алаңы болады десек, бизнестің де жаңа буыны алға шығатын уақыт келді деп ойлаймын.
Болжамым – 7-8 %.
«Байтақ»
«Байтақ» өткен бәйгеде 5% жинай алмады. Осы жолы тәуір бастаған «Жасылдар» өз ішінен шу көтеріп, ұйып отырған ұжымнан ши шығарды.
Экология, сөзсіз, маңызды. Бірақ минималды межеге жету үшін жүздеген мың адамның сенімі керек. Ал өз әріптестерімен ортақ тіл табыса алмай жатқан партия басшылығы сонша адамның сеніміне ие бола ала ма? Үлкен сұрақ.
Сондықтан «Байтақ» бұл жолы да 5% жинай алмай қалса, таңғалмаймын.
Тоқсан сөздің тобықтай түйіні: Бұл – ешкімге үгіт-насихат емес. Саяси додаға сырттан қарап отырған адамның жеке болжамы, топшылауы, сараптамасы, пікірі. Менің ойымша, Құрылтайға «Әділет», «Республика», «Ақ Жол» және «Ауыл» партиялары ғана өтеді. Сайлау біткен соң осы постты қайта ашып, қаншалықты дәл тапқанымды бірге көрелік.
Шетелдік сарапшылар не дейді?
«Құрылтай сайлауы елге оң өзгерістер әкеледі. Заң шығару жүйесінде жаңа кезең қалыптасады. Ең алдымен саяси партиялардың жауапкершілігі артып, сайлаушылардың құқығы қорғалады. Осы жолы өтетін сайлауға шетелдік байқаушылардың да қызығушылығы жоғары», – дейді халықаралық сарапшылар.
Иә, өзгеріс болуы үшін уақыт керек. Кез келген ауқымды саяси реформаның нәтижесі бірден көрінбейді. Құрылтай сайлауының да елге нақты оң өзгеріс әкелуі уақытпен өлшенеді. Ең бастысы – бұл іске кәсіби, білікті, елдің мүддесін жеке басының мүддесінен жоғары қоятын азаматтардың келуі.
Егер саяси партиялар үміткерлерді әділ іріктеп, кәсібилікке басымдық берсе, заң шығару жүйесінде жаңа сапа қалыптасады. Сонда ғана сайлаушылардың сенімі артып, халық күткен оң өзгерістер жүзеге асады. Өзгеріс тек заңмен емес, оны жүзеге асыратын азаматтардың білімімен, адалдығымен және жауапкершілігімен келеді.
ТҮЙІН:
Құрылтай сайлауына да мысықтабандап жақындап келеміз. Бұйыртса, 23 тамызда еліміз жаңа бір палаталы орган Құрылтайдың депутаттарын сайламақ. Маңызды саяси науқан болғалы тұр. Жаңа Конституция негізінде қалыптасатын жаңа саяси жүйенің алғашқы қадамы бұл.
Негізі сайлау – азаматтардың мемлекетті басқару ісіне тікелей қатысуының ең маңызды тетігі. Дәл осы күні әр адам өз таңдауын жасап, елдің алдағы бағытына өзіндік үлес қосады. Сондықтан сайлауға бару тек конституциялық құқық қана емес, қоғам мен келешек ұрпақ алдындағы азаматтық жауапкершілік деп ойлаймыз.
Мемлекеттік биліктің бірден-бір қайнар көзі – халық. Ата Заңда солай деп жазылған. Енді, осы қағидаттың нақты көрінісі дәл сайлау күні байқалады. Халық неғұрлым белсенді болса, қоғамдық пікір де соғұрлым толық көрініс табады. Сайлауға бару арқылы өз таңдауыңды жасау міндет. Дауысыңды қорға! Талабыңды тыңдат! Әлеуметтік желіде отырып алып, «диван батыр» болғаның елдің тағдырын ешқашанда шешпейді. Біле білсең, сайланған өкілді органның легитимдігі мен қоғамдық қолдауы да сен арқылы күшейе түседі. Сен арқылы кеми түседі. Осыны есіңнен шығарма, ағайын!
Негізі, соңғы жылдары қоғамның саяси мәдениеті біртіндеп қалыптасып келеді. Бұл – қуанарлық жағдай! Елдің саяси өмірге араласауы жақсылық нышаны. Мұны өткен жалпыхалықтық референдумнан анық байқадық. Әсіресе, жастардың белсенділігі көпшілікті қуантты. Біздіңше, дәл осы үрдіс Құрылтай сайлауында да жалғасуы керек. Өйткені әрбір дауыс маңызды. Сайлау нәтижесі миллиондаған азаматтың жеке таңдауының жиынтығынан құралады. Белсенді қоғам ғана мықты мемлекет қалыптастырады. Осындай тарихи сәтте шетте қалмай, өз таңдауымызды жасау – бәрімізге ортақ жауапкершілік. Ел тағдыры, жер тағдыры, тіл тағдыры бізге аманат екенін әр сайлаушы көкейінен шығармауы тиіс!
Мына алмағайып, қымбатшылық жайлаған заманда Сенат пен Мәжіліс депутаттарының қатарында елге шын жанашыр, білікті, кәсіби азаматтардың азайып бара жатқаны алаңдатады. Өкінішке қарай, көптеген мықты азаматтар тізімнен тыс қалып жатады. Ал олардың орнына тамыр-таныстық пен жеке мүдденің ықпалымен іріктелетін жағдайлар туралы қоғамда жиі айтылады.
Мені алаңдататыны – осы. Өйткені елімізге дәл бүгінгідей күрделі кезеңде халықтың сөзін сөйлейтін, білімді, тәжірибелі, мемлекетшіл азаматтар ауадай қажет. Елдің болашағы үшін кәсібилік пен адалдық бәрінен биік тұруы тиіс.
Менің бағамдауымша, бұл сайлау өзге сайлаулардан өзгерек екенін партиялар толық ұғынбаған сияқты. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Парламентті неліктен Құрылтай етіп өзгертті? Алдымен олар осыған мән беруі керек еді.
Қазақ халқының тарихында ел басына күн туған кезде билеріміз бен батырларымыз, игі жақсылардың басын қосып, Құрылтай шақырған. Әрине, дәл қазіргі таңда, шүкір, еліміз тыныш, бейбіт әрі салиқалы жолмен дамып келеді. Алайда жан-жағымыздың жағдайы мәз емес. Алмағайып, аласапыран заманды бастан кешіріп отырмыз десек, қателеспейміз.
Бүгінде алпауыт мемлекеттер кез келген болмашы қателікті кешірмейді. Сондықтан Президентіміз түн ұйқысын төрт бөліп, тыным таппай, әлемнің ең ықпалды мемлекет басшыларымен қайта-қайта кездесіп, мемлекетіміздің мүддесі мен болашағын ойлап жүр. Осы себепті де ол «Құрылтай» сөзін бекер таңдаған жоқ.
Егер депутат халық пен биліктің арасындағы елші десек, осындай қиын кезеңдерде олар бұқараны сабырға шақырып, сарабдал ойлары мен нақты істері арқылы қоғамды тұрақтандыруға атсалысуы қажет. Сондықтан партиялар Құрылтайдың қатарына жан-жақты, кәсіби әрі жаңашыл мамандарды тартуы керек.
Шынында да, өткен Парламент Мәжілісіндегі басты кемшіліктің бірі – кәсібиліктің жетіспеуі болды. Бұл мәселені мақаламызда қайта-қайта көтеруіміздің де себебі осы. Сондықтан Құрылтай құрамына кәсіби, жаңашыл мамандар ауадай қажет.
Президентіміз биылғы жылды цифрландыру, жасанды интеллект және интеллектуалды даму бағытымен байланыстырып бекер айтып отырған жоқ. Технология алдыңғы шепке шығуы тиіс. Мәселен, Қытай, Жапония және Оңтүстік Корея мемлекеттері несімен мықты? Олар технологиясымен мықты. Біз де осы жаңашылдыққа ұмтылуымыз қажет. Жаңа сайланатын депутаттар да осы талаптың үдесінен шығуы тиіс. Әйтпесе қазіргі ұрандатуымыз бен даурыққан әрекетіміз бос кеуде соғу болып қалады.
Ендеше, құрметті партиялар, жақсылап ойланыңыздар. Жаңашыл, іскер, елге жанашыр азаматтарды таңдаңыздар.
Көрнекті Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлы: «Жақсы болу үшін депутат болу шарт емес, депутат болу үшін жақсы болу шарт», – деп бекер айтпаған. Бұл сөздің мағынасы – адам өз ісімен, жақсы мінезімен, халықпен тіл табыса білуімен бағалануы керек дегенді білдіреді. Ал оған жетудің жолын іздеу – депутаттыққа үміткер әр азаматтың міндеті.
Егер мұны орындай алмасаң, қолыңнан келмесе, үміткер болудан-ақ бас тарт. Себебі ертең халық алдында жауапты боласың.
Мен көпті көрген, талай игі жақсылармен бірге қызмет еткен анамын. Партияларға айтар пікірім де, кеңесім де осы.
Қазақ: «Қарғыстың ең жаманы – білме, білгеннің тілін алмау», – деген. Сондай-ақ: «Өзің көтере алмайтын шоқпарды беліңе ілме», – деп те бекер айтпаған.
Ендеше, ойлан, толған, жан-жақты сарала да, нақты шешім қабылда, болашақ депутат мырза!
Сөзімді Бернард Шоудың мына тәмсілімен аяқтағым келіп отыр. «Билік адамды бұзбайды, сондағы ақымақтар билікті бұзады» депті ол. Көрейік. Кімнің ақылды, кімнің ақымақ екенін Құрылтай көрсетер!














