ДӘРЕТХАНАСЫ ЖОҚ ҚАРА ЖОЛ

ДӘРЕТХАНАСЫ ЖОҚ ҚАРА ЖОЛ

Торғай даласына жол түсті.  Киелі, қасиетті мекен. Қазақтың даңқын аспандатқан небір асылдардың дүниеге келген жері. Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлы да осы Торғай даласынан шығып, барша атырапқа нұрын шашқан. Нұрхан Ахметбеков, Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбеков секілді ақындар да Торғай өзеніндей тарпаң ақындар болатын…

Қарт Торғайға таксимен баруға тура келді. Жол үстінде таксист жігіт айтқан мына әңгіме есімнен шығар емес.  

«Астана-Арқалық бағытында жүретін таксистердің өз чаты бар.  Келісіп-кеңесіп отырамыз. Азанда жүруім керек еді, жолаушы жинау үшін чатқа шығып едім, бір әріптесім қолқа салды. «Торғайға дейін баратын төрт адам бар. Шетелдіктер шамасы. Мен апаруға келісіп қойып едім, тығыз бір шаруа шығып тұр, сен апарып келші» деп. Маған кім болса,  ол болсын, бәрібір емес пе! Ақшасын төлесе болды. Таңертең айтылған уақытта Астанадағы «Рахмет» супермаркетінде тұрдым. Жолаушылар да келе қалды. Жүріп кеттік.

Олар жолай дем алып, асықпай жүруді қалады.  Жарайды дедім. Қасымдағы жолаушылар Торғайға алғаш рет бара жатыр екен. Жүздері бал-бұл жанады.  Екі еркек пен екі әйел.  Өздері тақуа.  Еркектердің басында қазақы тақия. Әйелдер орамалда. Ата-бабалары Торғай атырабынан көрінеді.  Сол жердің қыпшақтары. Кеңес үкіметі  орнағанда аталары үдере көшкен.  Сөйтіп тарыдай шашылған.  Пәкістан, Үндістан, Түркия асқан. Жолда қырылған.  Олардың молалары беймәлім. Қайда көмілгендері де белгісіз. Елден естігендерін  айтып келеді. Тірі қалғандары әупірімдеп аман қалған. 

Арғы аталарының зираттары  Торғай өңірінде. Шилі, Ақкөл беткейінде.  Карта арқылы ата-бабаларының көне мазарларын тапқандарын айтып отырды.   Соны іздеп келе жатқан беттері. Мүмкіндік болса аруақтарға құран бағыштап, ас беру ойларында бар. Өздері Өзбекстаннан.  Сол жаққа сіңіп кеткен. Қазақпыз, қыпшақпыз деп кеуделерін ұрып қояды. Тілдері бұралаң-бұралаң. Өзбек тілінің акценті байқалады.  Жүректері қазақ деп соғып тұр бірақ! Сондай иманды жандар екені жүздерінен байқалады. Маған да әңгіме керек. Ананы-мынаны сұрап қоямын. «Өзбекстан қалай, Президенттерің не істеп жатыр?» деп сыр тартамын. Ана жерден, мына жерден естіген «Өзбектер қазақтарды ассимиляциялап жіберген, миллионға тарта қазақ өзбек болып жазылып кетіпті. Қазақ мектептерін жауып жатыр екен ғой. Өзбектер сыртта қаңғырып жүр. Жағдайларыңыз қиын екен ғой» деп соғып та жібердім арасында.   Сөзімді ыждағатпен тыңдап, күле қарап қолдарын кеуделеріне апарып асықпай жауап береді. Әйелдері еркектің бетіне тура қарамайды. Еркектің сөзін бөлмейді екен. Нақты сұраққа қырындап отырып тіл қатады. Артық сөйлеу, орынсыз күлу жоқ.

Байқаймын, шетелдік қонақтарым, нақтысы қазақтарым Өзбекстанды жамандамайды. «Бәрі жақсы бізде» деп қояды. «Қазақтар Өзбекстанда баршылық. Қазақ мектептері ғана емес, орысша мектептер де  бар ол жақта.  Сұраныс азайғасын болар, Ташкентте қазақ мектебі жабылыпты деп естідім. Себебі өзбектер балаларын орысша, қазақша мектептерге бермейді.  Соның салдары болар. Халық жақсы тұрмыс кешуде. Алалау, шеттету жоқ.  Өзбекстан даму үстінде. Барлық зат, тамақ арзан.  Жеміс-жидек тіпті тегін.  Тәуба! Аллаға шүкір. Ең бастысы ел іші тыныш. Салт-дәстүр, дін мен діл орнында. Президентіміз елге қызмет етуде.  Бәрі жақсы» деп ағынан жарылады. Мұндай тәубешіл, қанағатшыл адамдарды ел ішінде жиі көргендіктен, таңданып келемін. 

Өзім кеудемді ұрып мақтанып келемін. «Орта Азияда көш бастап тұрмыз» деп асыра сілтеп те жіберген секілдімін. Жердің байлығы жайлы да терең толғандым. Саясатқа да қамшыны басып-басып жібердім шамасы, ел Президентіне  «назымды айтып», елдегі қымбатшылыққа жемқорлар кінәлі деп біраз жерге апарып тастадым.

Астанадан жүз шақырымдай ұзағанда қонақтарымның бірі ақырын ғана жол бойындағы дәретханаға кідіруімді өтінді. Тоқтадым. Сондағы ұялғаным-ай, ана кісілер дәретханаға кіре алмады. Іші лас, жиіркенішті. Тазартылмаған.  Маңайы сасып жатыр.  Ер кісілер біз секілді дәретхана сыртына сари салған жоқ.  Әйелдері екі бастан ізетті. Машинаға үнсіз келіп мініп жатты...

Жолай кірпіштен қаланған екі дәретханаға соғып едім сол кеп. Кірмек түгіл, маңына жолауға жиіркенесің!  Қонақтардың  жүзіне қараймын, сабырлы қалыптары. Артық ауыс сөз жоқ. Содан Атбасарға жетіп, сол жақ беттегі асханаға тоқтадым. Намазханасы барын білем. Қонақтарым қуанып кетті. 

Атбасардан Қима ауылы арқылы Державин жеткенше жолай бір дәретхана, не бір асхана кездеспеді. Екі  жүз шақырымдай жер құлазып жатыр. Жол нашар. Ойқы-шойқы.   Мәдениетіміздің жеткен жері осы болды-ау деймін ішімнен. Қонақтарымнан ұялып келем. Кәдімгідей бәріне өзім кінәлідей сезініп борша-борша терім шықты. Олар да сабаз екен. Мыңқ демеді. Не болса да іштерінде. Державиннің «Қазмұнайгазы» орналасқан бекеттегі дәретхана да оңып тұрған жоқ.  Қайда бара жатырмыз, ә?  Тым құрыса бензин сататын «Қазмұнайгаз» жүргіншілерге жағдай жасауына болады ғой.  Қаншама пайда тауып жатыр. Ары қарай Арқалыққа дейін жүз шақырым жер. Жол бойында аялдама ғана тұр. Қажет болса, сол жерге табиғи қажеттілігіңді өтеп жүре бересің! Жабайы тірлік деген осы! Оған мән беріп жатқан бір әкім, не бір шенеунік жоқ. Қонақтардың алдында жерге тесігі болса кіріп кетуге шақ қалдым. 

Арқалыққа да жеттік-ау. Сонау Өзбекстаннан ата жұртын іздеп келе жатқан ана қазақтар не күйде болды екен? Ұзақ жолдан шаршады ма, әлде кедір-бұдыры көп тас жолдан шаршады ма, қалғып-шұлғып отырды әйтеуір.  Дамып кеткен Қазақстанның түрі осы болғаны ма деген ой көкейлерінде кеткені анық.

Естуімше,  «артта қалған» өзбектерде жол бойында барлық жағдай жасалған көрінеді. Жолдары да теп-тегіс. Біздегідей «жабайы» әдет жоқ екен. Дәретханалары тап-таза деседі. Арқалықтан Торғайға дейінгі үш жүз шақырым жерде жоғарыдағы көрініс. Дәретханаларына жолау мүмкін емес. Тазартылмағанына қанша жыл өткенін ешкім айта алмас.  Қазақ осыншама лас халық па еді. Тектінің ұрпағымыз дегенде  кеудемізді шаңы шыққанша ұрамыз. Көрген күніміз бейшараның кебі. Өмірімде бұлай ұялған емеспін. Ана кісілердің алдында бетімнің оты шықты. Масқара ғой.  Торғайға дейін жеткіздім де, қош айтысып кейін қайттым.  «Бізді бабалар зиратына жеткіз, еңбегіңді жемейміз. Астанаға сенімен қайтайық» дегендеріне де қарамадым. Намыстандым. Торғайдағы олардың халінен де хабарсызбын қазір. Далаға қонып қалса, таза масқара сол ғой.  Бір қазақтың үйіне қонған шығар бәлкім.  Қыпшақтың бір баласы кезіккен де болар. Кім білсін» деді жас жүргізуші көзі жасаурап. Аяп кеттім. Бойындағы қыжылы мен намысына сүйсіндім алайда. Бар ғой қазақтың небір марқасқа азаматтары. Тек олардың ары мен абыройын жерге жығып, өзгенің алдында күлкі қылып жүргендерге Алла Тағала ынсап бергей!

 Өзбекстан қазақтарының ата-бабаларының қорымын іздеп Торғайға келгені менің ойыма өткен шақтағы бір оқиғаны түсірді. Ұмытпасам, 2012 жылы Түркияның Алания қаласына белгілі журналист Ахмет Аляз бір топ журналисті іссапармен алып барды. Сонда қайран қалғаным, ығы-жығы туристерге қызмет жоғары деңгейде көрсетілетіні. Қонақүй, асхана, дәретхана мәселесі сөз емес. Бәрі дайын. Бәрі таза. Есім сойы есіме түспей тұр, Осман империясының бір ханзадасының ат шалдырып, бір отырып кеткен қара тасы кәдімгідей қоршалып тасталыпты. Тарих үшін. Туристерге ханзаданың өмір жолы, тарихы тәптіштеп түсіндірілетіні ғажап. Қызықты оқиғалары өзіне тартып кәдімгідей таңырқап тыңдайсың. Сүйсінесің! Түріктердің батыр ата-бабаларына құрметің арта түседі.

Біздің даламызда қаншама ел қорғаған батырлар, аузы дуалы би-шешендер жатыр.  Тіпті басында қонақүй, асхана,  дәретхана түгілі,  ескерткіш қара тас жоқ. Сонау Өзбекстаннан келген қыпшақтардың да ата-бабалары бір қиырда елеусіз жатқанына бәс тігемін. Жермен жексен болған қорымдарды табу да оңай шаруа болмас. Алыстан ат арытып келді ғой, бос қайтпаса екен, жолдары болса екен деп тіледім!

НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК
21.08.2024

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 197
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 192
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 700
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 823
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 736

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8892
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8287
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11515
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9271
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10499