Дария көңіл, ақ пейіл қарттарым

Дария көңіл, ақ пейіл қарттарым

Алматы қаласы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің №32 кітапхана бөлімінде «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігі Алматы қаласы Медеу ауданы филиалы мен №32 кітапхананың ұйымдастыруымен «Дария көңіл, ақ пейіл қарттарым» атты тәрбие сағаты өтті. «Жас жүрген жер – мереке. Қарт жүрген жер – береке» демекші, бұл іс-шараға елімізге танымал тұлғалар: Сәбит Дүйсебаев – академик, ҚР Білім беру ісінің үздігі. Нұрдәулет Ақыш – жазушы, ғалым, филология ғылымдарының кандидаты. Әбдірашит Бәкірұлы – философ-публицист және «Алматы сән және қызмет көрсету саласы» колледжінің бірінші курс студенттері қатысты. Қазақта «кімнің баласысың» деген әдемі, астарлы сұрақ бар. Бұл сұраққа «атамның баласымын» деп ойланбай жауап беретін қара домалақтарды айтсайшы?! «Ата, апа» деген әрбір қазақ шаңырағының киесі, қазынасы екені етенеден белгілі. Әуелі «Қарт деген кім?», «Қарттар деп кімдерді айтамыз?» деген сауалды ортаға тастап, талқыладық. Қонақтар мен студенттер арасында тартымды пікірталас орнады. Іс-шара барысында ардақты ана ардагер ұстаз, Ұяхан Жұмеке апайымыздың «Тораңғы батыр, Құмдауыт патшалығы» атты ертегі кітабының тұсаукесер рәсімі жасалды. Ол кітаптың авторы өзінің жары, ағамыз Абдрешов Сауле қырық бір жасында өмірден озған. Аяқталмаған кітапты арада көп жылдар салып, Ұяхан апамыздың өзі құмдауытта өсетін жүз түрлі шөпті зерттеп, қажымас орасан еңбектің, үлкен жауапкершіліктің арқасында жарыққа шығарды. Кітап жұқа болғанымен, көтеріп тұрған жүгі, ұрпағына берер тәлімі өте салмақты, құны қымбат. Ақ кимешек киген аяулы аналарымыздың бүгінгі таңда еліне, қоғамға жасап жатқан еңбектері ұшан-теңіз. Қайда барса да жүректегі нұрларын шашып, Алатаудың ақ қарындай кимешектерін қисайтпай, қазақ аналарының абыройын асқақтатып, салт-дәстүрімізді дәріптеп жүргені. Аталмыш шараға өз үлесін қосқан – «Қазақ аналары дәстүрге жол» РҚБ нің Іле ауданы бойынша төрайымы Камила Сапархайырдың есімін атамай өту мүмкін емес. Осындайда жақсының жақсылығын айтып, нұрын тасытып алғанымыз да жөн болар?! Айтпасқа болмас, бірлестік құрамындағы аналар егде жасына қарамастан республикалық деңгейдегі өтіп жатқан әртүрлі дүбірлі жиындарға барынша атсалыса отырып, ұлттық құндылықты дәріптеу үшін осы жобаны өз алдына қаржыландырады. Рухани жаңаруда ұлттық мәртебеміздің рухын көтеріп жүрген қазақ аналарына мүмкін, осыдан кейін Үкімет, әкімшілік тарапынан қолдау табылып жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Бардың қадіріне жету де бақыт емес пе?! Қарттар күні тек құрмет көрсету ғана емес, сонымен қатар бала көңіл қарияларымызға деген қамқорлықты көрсетудің маңызды белгісі. Ал әрбір отбасының міндеті – қарт ата-аналар мен туған-туыстарға лайықты қамқорлық танытып, сүйіспеншілікке бөлеу. Қарттарымызды құрметтеу арқылы біз өзіміздің болашағымызды да сақтаймыз, себебі әрбір адам қартайған шағында дәл осындай қамқорлық пен құрметке ие болғысы келеді. Қарттар күні – тек бір күндік мереке емес, жыл бойы есте сақталуы тиіс құндылық. Бұл күн бізге ата-әжелерімізге деген махаббатымыз бен құрметімізді еске салып, олардың қоғамдағы рөлін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Бұл мереке әрқайсысымызға жақындарымызды бағалаудың, оларға қамқорлық көрсетудің қаншалықты маңызды екенін еске салады. Бұл мерекеде әрбір адам өз ата-анасын, туған-туыстарын құттықтап, оларға жылы сөз айтып, көмек қолын созуға тырысады. Қарттарымызға деген құрметіміз бен сүйіспеншілігіміз мәңгі сақталуы керек.

 

Айжамал ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

қаламгер, кітапханашы

16.10.2024

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 6598
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 6030
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 9235
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 7020
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 8231