Өмірде аңқылдаған ақкөңіл, көпшіл, мейірімді, қарапайым, үлкенді құрметтеп, кішіге кішіпейілдігін көрсетіп жүретін нұрлы, сәулелі жандар бар. Осындай адамдар өмірді сәнді, мәнді етіп, күнделікті тіршілікті көріктендіріп тұрады. Солардың бірі – ақын, аудармашы, журналист, жас зиялыларға арналған республикалық «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы, ҚР Ақпарат саласының үздігі, Халықаралық «Ильхам» сыйлығының иегері Дәулетбек Байтұрсынұлы. Біз, соңында келе жатқан іні, бауырлары, Дәулетбек Байтұрсынұлын «Дәу-аға» дейміз. Әйтеуір қай жағынан қарасақ та, ол кісі «Дәу-аға» деген атқа лайықты.
Дәу-ағамен 2004 жылы таныстым. Биыл міне, жиырма жыл толыпты. Қазақстан Жазушылар одағына әдеби кеңесші болып қызметке бардым. Сол кезде Жазушылар одағының ішінен «Әдебиет айдыны» атты әдеби газет ашылып жатыр екен. Бас редакторы – марқұм болған жазушы Талаптан Ахметжан. Жазушылар одағының жиналыс, іс-шараларына Дәулетбек Байтұрсынұлымен бірге қатысып жүрдік. Байқаймын, үлкен-кішінің бәріне жылы сөйлейтін, елгезек, айтқан сөзінде тұратын, жауапкершілігі жоғары, адамгершілігі мол, көркем мінезді жан екен. Бірден сөзіміз жарасып, араласып кеттік.
Дәу-ағаның аға буынның арасынан әйгілі Әзілхан Нұршайықов, Сағынғали Сейітов, Қасым Қайсенов, Мұзаффар Әлімбаев, Марфуға Айтхожина, Фариза Оңғарсынова, Сапабек Әсіп, Мыңбай Рәш, Ахметжан Ашири сияқты қаламгерлермен жақын араласып кеткенін көрдік. Атағынан ат үркетін ақын-жазушылардың өзі Дәулетбек Байтұрсынұлын іздеп, әңгімелескісі, жолыққысы келіп тұратын. «Жақсы адамда жаттық жоқ» деген сөз осылай, Дәу-аға сияқты жақсы адамдарға қарата айтылған екен-ау. Сол кезде Дәу-аға қамал алған қырық жаста екен.
Содан 2014 жылы елу жасқа толғанында да мерейлі мерекесіне куә болдым, іні-досы ретінде жанынан табылдым. Енді міне, Дәу-аға алпыстың асқарына жетіп отыр. Алпыс жасқа да әдемі келді, кісілік келбетін, адамдық асыл қасиеттерін, тұнығын жоғалтпай, кемелденіп, рухани өсіп жетті.
Дәу-ағаға іні-дос болған осы жиырма жылда онымен бірге қуанышты, шаттыққа толы көп күндерді бірге өткізгеніме қуанам. Түрлі әдеби-мәдени іс-шараларға, кездесулер мен кештерге бірге қатысып келеміз. Алматыдағы түрлі шаралардан бөлек, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан сияқты елдерге бірнеше мәрте сапарлас болдық. Астана, Қызылорда, Өскемен, Семей, Түркістан, Шымкент, Тараз, Талдықорған сияқты қалаларға да бірге барып-келіп жүрміз. Өмірде де, әдебиетте де бағытымыз бір, сапарымыз ортақ.
Аға-досыммен жиі кездеспесем, әңгімелесіп, сөйлесіп тұрмасам, өзімді жұртта жалғыз қалғандай сезінем. Көп жан егер Дәу-ағаны таба алмай жатса, маған хабарласып, сұрап жатады. Телефон нөмірін іздейтіндер де «ылғи сенімен бірге жүреді ғой» деп маған хабарласады.
Кітаптарымның барлығын алғаш жазып біткен соң, не аударып аяқтағаннан кейін Дәу-аға қолжазбамнан бірінші болып оқып шығады. Жай оқымайды, сынын, пікірін, көзқарасын айтып, редакциялайды, тіпті әріп қатесіне дейін түзейді. Содан кейін ғана оқырман назарына ұсынамын.
Өмірде Дәу-ағамен көп ақылдасып, кеңесемін. «Ақылдасуда береке бар» деген сөз осындайдан шықса керек. Арқа сүйеп, ақылдасатын, сенетін Дәу-ағамның барына шүкір деймін. Ойы да, қаламы да, өзі де жүйрік адамның соңында іні-досы болып келе жатқаныма марқаямын.
Дәулетбек Байтұрсынұлының поэзиясы, аудармалары, журналистикасы, адамдық болмысы – бәрі-бәрі арнайы тоқталғанды керек етеді. Бұйырса, ол жайлы сөз де алда. Алпыс жасыңыз құтты болсын, Дәу-аға!
САЯТ ҚАМШЫГЕР,
ақын, «Серпер» сыйлығының лауреаты,
Қазақстан Жазушылар одағының,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі