Қытай, корей секілді шығыс халықтарында «адам аяқтан қартаяды» деген сөз бар. Бұл да негізсіз емес секілді. Ғалымдардың айтуы бойынша дене бұлшықеттерінің үштен екісі төменгі денеде шоғырланғандықтан, адамның жасы ұлғайып, қимыл-әрекеттері азайған сайын денесінде өзгерістер арта беретін көрінеді. Мәселен алпыстан асқан адамның қол мен ұстау күші жас адамның қол күшімен салыстырғанда әлде қайда мығым болғанымен, төменгі дене күші шамамен 40%-ды құрайды екен. Қазіргі таңда ғылыми зерттеулер жеңіл әрі жылдам жүрудің қартаюға қарсы керемет әсері бар екенін дәлелдеді. Күнделікті өмірде салауатты өмір салтын ұстауды насихаттаушылар, «адам әр күні 7 мың қадам жаяу жүруі тиіс» деген қағиданы дәріптеп келеді. Біз осында айтылған жаяу жүрудің пайдасы туралы мамандардың пікірін білу мақсатында «RASHMED қазақ медицина орталығының» директоры, Жоғары санатты дәрігер Рашхан Сыдайқызымен хабарласып, көкейде жүрген бірнеше сұраудың жауабын алған едік.
-Бұрын мамандар таңертең ерте тұрып жүгіруді дәріптейтін еді. Соңғы жылдары әр күні жаяу жүрудің пайдасы мол дегенді көбірек айтып жүр. Осыған қатысты пікіріңізді айта кетсеңіз?
-Жалпы алғанда спорттың зияны жоқ. Бірақ әр адам өзіне лайықты спорт түрлерімен шұғылданған дұрыс. Бұл ғылыми тұрғыдан дәлелденген жұмыс. Қарапайым адамдар үшін денсаулығын жақсарту мақсатында, күнделікті алып баратын спорт түрлерінің қатарында ең қолжетімді, қарапайым әрі өнімді спорт түрі- жаяу жүру. Мұны да адам өзінің жағдайына қарай алып баруы тиіс. Мамандар күн сайын кемінде 7 мың қадам (мөлшермен 5 шақырым) жүруді ұсынады. Осыған байланысты кейбір адамдар өздерінің шаршағанына қарамастан 15 мың қадамға дейін жаяу жүргісі келетіндері бар. Бұл әлжуаз адамдарға мүлде кері әсер беруі мүмкін. Сондықтан өз жағдайыңызға қарай дағды қалыптастырған жөн дер едім.
Жүрудің көптеген пайдасы бар. Біріншіден, ол өкпе сыйымдылығын арттырады және темекі шегушілердің темекіге деген құштарлығын азайтады. Арқа бұлшықеттерін нығайтады. Сонымен қатар, төменгі денедегі сүйектер мен бұлшықеттердің беріктігін арттырады. Күнделікті серуендеу- физикалық және психикалық денсаулыққа өте пайдалы.
-Былайша айтқанда көбірек қимыл-қозғалыста болу керек дейсіз ғой?
-Жаяу жүру жүйелі түрде күнделікті дағдыға айналған жағдайда оның денсаулыққа пайдасы өте зор. Ғалымдардың зерттеу нәтижелері де осыны меңзейді. Англияның «New England Journal of Medicine» басылымындағы бір мақаладан оқығаным бар еді. Онда, «аптасына үш сағаттан артық жүру жүрек-қан тамырлары ауруларының қаупін 35%-дан 40%-ға дейін төмендетуі мүмкін»- деген тұжырымды ортаға қойыпты. Америкалық ғалымдар, аптасына үш күн 45 минуттан артық жүретін 60 жастан асқан адамдар Альцгеймер ауруының алдын ала алатынын зерттеп шықты. Аптасына жеті сағаттан артық жүру сүт безі қатерлі ісігінің пайда болуын 20%-ға төмендетуі мүмкін және II типті қант диабетінде 50%-ға терапиялық әсер етеді- деген жаңа болжамдарды да шетелдік ғалымдар ортаға қойып жатыр.
-Нақтылы дәлелденген, денсаулыққа тигізер пайдасы туралы толықтай айта кетіңізші?
-Бұл туралы нақты қортындалыр медицина ғылымында көптеп дәлелденген. Мәселен, кардиологияда жая жүру- жүректің соғуын реттеп, қызметін күшейтеді деген көзқарас бар. Сондай-ақ қан тамырларының серпімділігін арттырып, жарылу ықтималдығын азайтады. Серуендеу қан ұйығыштарының пайда болуын азайтады, миокард инфарктісі қаупін төмендетеді. Артерия қабырғаларында триглицеридтер мен холестериннің жиналуын азайтады, сондай-ақ қандағы қанттың триглицеридтерге айналуын азайтады. Гормондардың, әсіресе артық адреналиннің өндірілуін азайтады. Өйткені артық адреналин, артериялық ауруды тудыруы мүмкін.
Үнемі серуендеу ишемиялық жүрек ауруының белгілерін жояды немесе қан қысымын төмендетеді. Ол шаршауды басады, көңіл-күйді жақсартады және жүрек соғысын жеңілдетеді.
Диетологтар көбірек жаяу жүру- іш қуысындағы майдың жиналуын азайтып, жақсы дене бітімін сақтайды деп қарайды. Әр күні жаяу жүруді дағдыға айналдыру, денені нығайтуға, иммунитетті жақсартуға, ауруларды азайтуға және өмірді ұзартуға оң әсер етеді. Ас қорыту бездерінің секреторлық қызметін жақсартады, асқазан-ішек жолдарының тұрақты қозғалғыштығын арттырады, тәбетті арттырады және гипертония, қант диабеті, семіздік және әдеттегі іш қату сияқты белгілердің алдын алуға және емдеуге жақсы әсер етеді.
Жаяу серуендеу - тыныштық пен қозғалысты біріктіретін, жүйке-бұлшықет кернеуін жеңілдететін жаттығу түрі. Сарапшылар ашушаңдық пен мазасыздық сезімдері пайда болған кезде 15 минуттық жылдам серуендеу шиеленісті жеңілдетіп, эмоцияларды тұрақтандыра алатынын анықтаған. Таза ауада серуендеу мидың белсенділігін айқынырақ және икемді етеді, ақыл-ой шаршауын тиімді түрде жояды және оқу мен жұмыс тиімділігін арттырады. Ғалымдардың зерттеу нәтижелеріне сәйкес, аптасына үш рет, әр жолы бір сағаттан, төрт ай бойы үнемі жүретіндердің реакциялары өткір және көру және есте сақтау қабілеті, жаттығуды ұнатпайтындармен салыстырғанда көрнекті дәрежеде жоғары болатындығын анықтаған. Сондықтан күнделікті серуендеуді дағдыға айналдырудың пайдасы өте мол. Өз басым, денсаулығы көтертетін (қарттар мен мүгедектерге қатты қысым түсіруге болмайды) адамдардың күн сайын, 7-8 мың қадам жылдам жүруді, онан соң түрлі гимнастикалар жасауды дағдыға айналдыруын ұсынар едім. Сондықтан ұзақ өмір сүргіңіз келсе, денім сау болсын десеңіз- көбірек жаяу жүріңіз.
-Пайдалы кеңестеріңіз үшін алғыс айтамын!
Сұхбаттасқан: Нағашыбай Қабылбек














