Саралап қарасаң, елге жасалып жатқан сый, халыққа жасалып жатқан жағдай, келер ұрпақ алдындағы борыш, азаматтық парыздар. Мұны айтпау, жақсыға жақсы деп баға бермеу, сараптап сараламау ардың ісі емес. Сондықтан да Жолдауда жол көрсеткен «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасының аймақта атқарылуына қалай көз тойдырып, сөз саралатпайсың. Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасына сәйкес жасалып жатқан жұмыстар мен құрылыс нысандарындағы қайнаған тіршілікті біз де назарымызға алдық.
«Қызылорда – Нан» ЖШС – нан-тоқаш, кондитерлік және макарон өнімдерін өндіретін кешен. Жоба 3 кезеңнен тұрады, І кезең – нан-тоқаш, кондитерлік және макарон өнімдерін өндіру, ІІ кезең – ұн тарту комбинатын салу, ІІІ кезең – өсімдік майын өндіру. Бұл ең бірінші өнім шығару, тұрақты жұмыс орны әрі шикізатымызды өнімге айналдыру – мұның барлығы жаңа технология, жаңа білім, жаңаша тәсілдер.
Осы өндірісті өркендету үшін мемлекеттік қолдау шарасы ретінде 5 гектар жер телімі берілген. Су және кәріз жүйелерін жеткізу жұмыстарын қаржыландыру қолдау тауып, құрылысы басталған.
Сонымен қатар, технологиялық жабдықтарды импорттау кезінде кедендік баж салудан босату үшін Инвестициялық келісімшарт жасалған. Бүгінгі күні құрылыс жұмыстарының 80%-ы орындалды. Оған 30-дан астам адам жұмысқа тартылған, 10-нан астам техника жұмылдырылған. Көрсең көзің сүйсінеді, көңілің қуанады. Болашаққа нық қадам деген осындайдан басталмай ма?
Сол жағалаудағы жаңа стадион құрылысы ерекше. Қазіргі таңда футбол алаңын жабдықтау, ішкі әрлеу және аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында қайта жаңғыртудан өтіп жатқан Президент саябағының жұмысы да келешекке сый тарту іспетті. Мұнда халықтың сұранысына сай автокөлік тұрағы салынады, аумағы гүлзармен көмкеріледі. Парк ішінде 3 аллея, 3 бөліктен тұратын субұрқақ, амфитеатр, бетон-скейтпарк, 7 балалар ойын алаңы, 4 спорт алаңы, 4 workout аймағы, 4 фудкорт, шағын сәулеттік пішіндер және аттракциондар болады.
Сонымен қатар, «Тәуелсіздікке – 25 жыл» даңғылы, Жаппасбай батыр көшесі, «Қызылорда-Құмкөл» автожолындағы көлік жолайрығын күрделі жөндеу жұмыстары қарқынды. Айта кетейік, Әбілқайыр хан көшесінен Саламатов көшесіне дейін 2,9 шақырым жаңа жол салу көзделген. Бұл бағытта да өзен бойындағы қорғаныс бөгеті күшейтіледі. Жобаға 5,3 млрд теңге бөлініп, құрылыс жұмыстарын «УАД» ЖШС қолға алған. Төрт жолақты автожолмен қатар, ені 3 метрлік жаяу жүргіншілер жолы салынады деп күтілуде.
«Қызылорда-Құмкөл» автожолындағы көлік жолайрығында да күрделі жөндеу жұмыстары қарқын алған. Жобаның жалпы құны 1 млрд 435 млн теңгеден асады. Жөндеу жұмыстары 5,2 шақырымды қамтиды. Құрылыс-монтаж жұмыстарын «Қыран» серіктестігі жүзеге асыруда.
Жаңғыртудан өткен қаланың орталық алаңын аралап көрді. Тұрғындар көп жиналатын жер. Бұл орынға заманауи субұрқақтар орнатылып, көпжылдық жасыл желектер мен газондар егілген. Шағын архитектуралық формалар, жаңа үлгідегі орындықтар мен жарықшамдар, сондай-ақ балаларға арналған ойын алаңы қойылған.
«Қызылорда Саз М» ЖШС-нің жаңа кірпіш зауытының жұмысы жүйелі. Жақында ашылған өндіріс орнына мемлекеттік қолдау ретінде 7 гектар жер телімі берілген. Зауыттың басты ерекшелігі – толық автоматтандырылған өндіріс процесі және экологиялық тиімділігі. Мұнда көмір қолданылмайды, яғни ауаны ластамайды. Жылына 90 миллион дана кірпіш өндіруге қауқарлы кәсіпорын толық қуатымен жұмыс істеген кезде 70 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды.
Жаңа жылу-электр орталығының құрылысы, Сырдария өзенінің сол жағалауындағы 11 мың орындық стадион, физика-математика бағытындағы «Білім-инновация» лицей-интернаты көңілге қонымды. Білім ордасы 400 оқушыға арналған, заманауи жаңа технологиялармен жабдықталған. Мұнда зертханалар, робототехника және STEAM кабинеттері бар, олар оқушыларға ғылыми және техникалық дағдыларды терең меңгеруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, физика, математика және информатика пәндері ағылшын тілінде оқытылады.
Елдің тіршілік көзі болып отырған дариямыздың жайы назардан тыс қалған емес. Жыл сайын арнасы тартылып бара жатқан өзеніміздегі байлықты үнемдеп пайдалану да өз жолына қойылған. Әрине, ғылыммен, біліммен, заң мен талаппен реттеліп жатыр. Бұл жайында ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен су мәселелері бойынша өткен кеңесте облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов берген жауаптан қанықтық.
Аймақ басшылығының айтуынша, биыл облыста 189,4 мың гектар жерге ауылшаруашылығы дақылдары егілді. Атап өту қажет, осы жылғы вегетациялық кезең күрделі жағдайда өтуде. Егісті сумен қамтамасыз етуге 3 млрд 900 млн текше метр су лимиті бекітілген.
Бүгінгі күні вегетациялық кезең басталғалы бері Сырдария өзенінен 2,5 млрд текше метр су алынып, оның 2 млрд текше метрі егістікке берілді.
Қазіргі таңда Сырдарияға жоғарыдан секундына 401 текше метр су түсуде. Каналдар арқылы шаруашылықтарға 453,9 текше метр су жеткізілуі тиіс болса, нақты 340,5 текше метр алынуда. Суды тиімді пайдалану мақсатында тиісті министрліктермен бірлесіп, бірқатар шаралар қолға алынған. Атап айтқанда, қашыртқыдағы суды екінші мәрте пайдалану бағытында облыста 238 дана насос қондырғысы жұмыс жасауда. Оның ішінде, 25 дана насос қондырғысы Төтенше жағдайлар министрлігінің қолдауы ретінде жеткізілді.
Қалыптасқан жағдайды ескеріп, облыс бойынша арнайы жұмысшы топтары құрылып, шаруашылық құрылымдары арасында түсіндірме жұмыстары кеңінен жүргізілуде. Магистральді және шаруашылықаралық каналдармен суды кезектестіріп беру кестесі бекітіліп, су кестеге сәйкес жіберілуде.
Жалпы су үнемдеу бағытында 60 мың гектар күріш алқаптары лазерлік тегістеліп, су үнемдеу технологияларын қолдану көрсеткіші 8,1 мың гектарға дейін артып, екі есеге ұлғайған. Аймақта вегетациялық кезеңнің өтуі тұрақты бақылауда. Бұл да ертеңшіл елдің ісі.
Қазірде «болашағыңды ойласаң, біліммен қатар әлеуетіңді көтер» деген ұстаным пайда болды. Өйткені әлеуетіңді көтеру арқылы білімді дамытпасаң, аш қарынға білім қайдан қонады. Күнкөрісін реттей алмай жүрген ел қалайша білім ізденсін. Сондықтан ел әлеуетін көтеретін кәсіпкерлікті дамытуға барынша күш салынуда.
Мәселен, Қызылорда облысында кәсіпкерлік саласының өркендеуіне жол ашу, нарықтағы әділ бәсекелестік пен ашықтықты қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар соның қамы емес пе? Әсіресе, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік, құрылыс, отын-энергетика секілді негізгі салаларды тұрақты бақылауға алу мұның кепілі болмақ. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Еркін Қазығұлов осы жайында былай деді:
– Өңірде бәсекелестікті қорғау және дамыту бойынша нақты жұмыстар атқарылуда. 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында нарық субъектілерінің заңнама талаптарын сақтауына қатысты бірқатар хабарламалар мен нұсқамалар берілді. Сондай-ақ, 3 тергеп-тексеру жұмысы жүргізілуде. Оның ішінде йодталған тұз өндіру, авиакеросинді бөлшек саудада өткізу, мемлекеттік кәсіпорындардың қызмет аясын кеңейту секілді бағыттар қамтылған. Бұдан бөлек, жыл басынан бері 20 мемлекеттік кәсіпорын мен заңды тұлғаның қызметіне мониторинг жасалып, олардың кейбір қызмет түрлерін монополияға қарсы органның келісімінсіз жүзеге асыру фактілері анықталды. Әкімшілік кедергілерді азайту бойынша арнайы Кеңесте 7 мәселе қаралып, орталық агенттікке ұсыныстар жолданды. Біздің мақсат – өңірде әділ әрі ашық нарықтық қатынасты қалыптастырып, кәсіпкерліктің дамуына қолайлы жағдай жасау, – деді Еркін Қожахметұлы.
«Кәсібің – аузыңа салар нәсібің» демекші, шаһардағы шырайлы жұмыстар ел болашағының шамшырағын жағып, болашақтың даңғыл жолын салып жатыр. Қазақстанның алғашқы астанасы экономикалық және рухани тұрғыда да тұғырланып, сәулетіне сәулет қосып, сәуле шашып келеді. Талдары жайқалған бақтар, гүлдері жұпарланған гүлзарлар, тақтайдай тегістеліп жатқан көшелер, сәулеттене бой көтеріп жатқан ғимараттар – бәрі-бәрі аймақтың тіршілігін тамылжытуда.
Әрине, бұл жұмыстар тек қала орталығында өтіп жатыр деген сөз емес. Ауылдар мен аудандар да арайланып, сұлулығына сұлулық қосып сылаңдай түсуде. Соның бірін ғана айтатын болсақ, Жалағаш ауданындағы елді мекендерді абаттандыру, инфрақұрылымды жаңарту және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде.
– Биыл Жалағаш кентінде 11 көшеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Олардың жалпы ұзындығы 10 км болса, жоба құны 670 млн теңгені құрайды. Қазіргі таңда ауданымыздың орталығында 90 пайызға күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып тұр. Қалған біршама тұйықтар келер жылы өз шешімін табатын болады. Аудан орталығы 100 пайыз көгілдір отынмен және ауызсумен қамтамасыз етілген. Қазіргі таңда Дәуімбай елді мекені бойынша электр жүйелерін жаңғырту жұмыстары бастау алып, сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, демеушілер есебінен кенттің орталығы мен Дәуімбай елді мекеніне балалар ойын алаңы салынатын болады, – деді Жалағаш кентінің әкімі Мардан Жамалатов.
Сондай-ақ, Аққыр ауылында да абаттандыру мен инфрақұрылымдар жаңарып, бірқатар жұмыстар іске асуда. Мұнда «Қазақстан халқына» қорының демеушілігімен 175 млн теңгеге спорт кешені салынып, құрылысы аяқталған.
– Аққыр ауылдық округінде биыл бірқатар ауқымды жұмыстар жүзеге асуда. Ауыл кіреберісіндегі жасыл белдеу қоршалып, санитарлық тазалық жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, кіреберіс пен орталық көшеге бейнебақылау камералары орнатылды. 2025 жылы ауылдың 5 көшесіне күрделі жөндеу жоспарланған. Қазіргі таңда Аққыр және Н.Таспенов көшелері асфальт төсеу жұмыстары аяқталды. Қалған көшелерде де құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Сонымен қатар, спорттық жаттығу алаңы салынуда. Бұдан бөлек, 100 орындық ауылдық клуб пен «Аққыр» каналына су шаруашылығы жұмыстарына ЖСҚ әзірленіп, тиісті басқармаларға ұсынылды, – деді Аққыр ауылының әкімі Бауыржан Шынжыров.
Сырдың бойы сылаң қағып сәулеттене түсуде, әлеуеті артып, руханияты әспеттеліп жатыр. «Сыр елі – жыр елі» демекші, мәңгіліктің сөз мұрасы жыраулардың ұлт тәрбиесіне жасап жатқан қанша еңбегі бар. Мысалы күні кеше ғана Орал қаласында Қазақстанның Халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Тарлан» сыйлығының иегері, ұлы ақын Қадыр Мырза Әлінің 90 жылдығына арналған республикалық жыршы-термешілер байқауы өтіп, жыршы Серік Жақсығұлов I орынды жеңіп алғаны соның айғағы. Ал, мәдениет саласына жасалып жатқан қолдау ұшан теңіз. Соның бірі – қаламыздан «Жыраулар» үйінің бой көтеруі.
Бір сөзбен айтқанда, төрт құбыламызға түгел назар түсіп, таңымыз арайлап, күніміз шуақтала түсуде. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, біз елдегі игі істерге ізгі ниетпен кіре тарттық. Бүгін, болашақ әрі мәңгілік елдің қадамы осылай болуы керек-ақ.
Бүгінде мемлекеттік бағдарламалар аясында кәсіпкерлік бастамаларды қолдау шаралары оң нәтижесін беруде. Соның бірі – ауыл тұрғындaрының әл-aуқaтын жaқсaрту мақсатында іске қосылған «Ауыл аманаты» жобасы аясында 238,83 млн теңгені құрайтын 34 жоба қаржыландырылды.
«Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы микроқаржы ұйымы арқылы, жалпы құны 293,5 млн теңгеге 7 жоба жоба қаржыландырылды. Аталған ұйымның «Іскер» бағдарламасымен қалаға қарасты кент және ауылдық округтерден 266,73 млн теңгені құрайтын 30 жоба ұсынылды.
Екінші деңгейлі банктердің кәсіпкерлік мақсатта ұсынылған несиелерін «Даму» қорымен субсидиялау шаралары да жалғасуда. Жыл басынан бері 3 млрд 691 млн теңгені құрайтын 64 жобаға қаржылай қолдау көрсетілді. Оның ішінде: өңдеу өнеркәсібі – 33 жоба – 2 млрд 123 млн теңге; көлік және қоймалау – 20 жоба – 955,9 млн теңге; денсаулық сақтау және халыққа әлеуметті қызмет көрсету – 4 жоба – 184,9 млн теңге және білім, өнер т.б. салада 7 жоба – 426,99 млн теңге.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні:
Тән көмілер, көмілмес еткен ісім,
Ойлайтындар мен емес бір күнгісін.
Жұрт ұқпаса, ұқпасын жабықпаймын,
Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін, – деп данышпан Абай айтқандай, бүгінде ел басқарған азаматтардың ісі – нағыз ертеңшілдік қамы. Демек, болашақтың бағдары, келешектің керегі, мәңгілік елдің тұғыры. Бүгін мен ертеңді, қазір мен болашақты ұштастыра білген билік басындағылар қым-қуыт тіршіліктің, қазандай қайнаған қарекеттің, жолы ұзақ жоспарлардың үстінде.
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ,
Қызылорда облысы