Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының заңына қол қойды. Заңда еліміздің рухани, тарихи-мәдени, туристік орталығы және сәулет мұрасы ретіндегі Түркістан қаласының ерекше мәртебесі бекітілген. Заң 13 баптан тұрады. Түркістан қаласының әкімдігі мен мәслихатына 44 қосымша құзыреттілік беріледі.

Бүгін Түркістандағы «Достық үйінде» Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен, аға буын мен зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен осы Заңның орындалуы жөнінде мәжіліс өтті.

Өңір басшысы бұл құжат Түркістанның дамуына жаңа серпін беретінін жеткізді.

– Мемлекет басшысы «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заңына қол қойды. Аталған заң барша түркі елдері мен Түркістан қаласының тұрғындары үшін тарихи сәт. Бұл – мемлекетіміздің Түркістанға деген ерекше қолдауы деп білемін. Өздеріңізге белгілі, кеше Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының қабылдауында болдым. Мемлекет басшысы заңда айқындалған міндеттерді сапалы жүзеге асыру үшін Үкіметпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуді тапсырды. Сонымен қатар облыс тұрғындарының тұрмыс жағдайын жақсарту және әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз ету мақсатында тиісті тапсырмалар берді. Тарихи Түркістанға қолдау жалғасатынын жеткізді. Қазақ руханиятының темірқазығына айналған киелі мекеннің абыройы одан сайын асқақтайды. Бұл бағытта ел ағалары, әкімдік және қоғам болып бірлесе жұмыс істеуіміз керек, – деген Нұралхан Көшеров қала әкімі мен басқарма басшыларына тапсырмалар берді.

Атап айтқанда, Түркістан қаласының өзіндік сәулет үлгісін қалыптастыру және арнайы дизайн-кодын бекіту, қала құрылысы регламентін бекіту, кесене айналысында бөтен құрылыс элементтеріне жол бермеу, тұрақты мониторинг жасау, туризмнің әлеуетін көтеру, тарихи-мәдени мұра объектілерінің сақталуын және біртұтастығын қамтамасыз ету үшін кешенді шаралар қабылдау, шаһарды қолөнер орталығына айналдыру және өзге де міндеттер жүктелді.

Кездесу барысында қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы тарихымызды түгендеп, ұлттық, мәдени құндылықтарымыздың бойына қайта қан жүгіртіп, тереңнен насихаттауда бұл маңызды құжаттың алар орны айрықша екенін жеткізді.

Ел ағалары, зиялы қауым, қала тұрғындары өз ұсыныстары мен пікірлерін айтып, тарихи құжаттың қабылдануына бастамашы болған Мемлекет басшысына, оны жүзеге асырып, қолдаған Үкіметке, Парламентке алғыстарын білдірді. Түркістан облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова, Түркістан облыстық Ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенұлы, сәулетші Еркін Жүсіпов және қолөнер, ғылым саласының өкілдері өз ойлары мен бастамаларын айтып, «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заңының қабылдануы шаһарды одан сайын дамытуға жол ашатынына тоқталды. Руханият, мәдениет, туризм саласында бастамалар көтеріліп, мәселелер бақылауға алынды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
06.03.2025