ЕЛМҰРАТОВАҒА ШЫҚҚАН СОТ ҮКІМІНІҢ «ШІДЕРІ» БОС, «ТҰСАУЫ» ӘЛСІЗ...

ЕЛМҰРАТОВАҒА ШЫҚҚАН СОТ ҮКІМІНІҢ «ШІДЕРІ» БОС, «ТҰСАУЫ» ӘЛСІЗ...

 

Сәуірдің соңында оңтүстікке сапар шегуге тура келді. Нақтырақ айтсақ, Ордабасы ауданы Бадам ауылытұрғындарының жанайқайынан кейін басталған журналистік зерттеулерімізді жалғастыру үшін іссапарымызды бастадық. Оқырмандардың есінде болса,халықаралық «Qazaqstan dauiri» қоғамдық-саяси газетінің 2мамырдағы 17-18 (біріккен нөмір) санында сол сапардан түйгендерімізден қысқаша мәлімет беру мақсатында «Бір облыстың «тізесін» дірілдеткен Елмұратова кім?» атты мақала жариялаған болатынбыз. Шымкент-Түркістан өңірінде өткен іссапар кезінде Бадамдағы халықпен кездесумен 5 рет өткен сот отырысына қатысу барысында көңілге түйгендеріміз бен куә болған істерді бірер мақаламен аяқтау аздық ететіндей.

 

 

 

Көрген көз бен естіген құлақта жазық жоқ. Республика көлеміне «танымал» болған Ұлжан Елмұратованың ісіне қатысты тергеу мен соттардың жалғасып жатқанына тура 11 ай болды. Істің қорытындысын шығаруға, жұмыстың барысын тездетуге қандай сиқырлы күш көлденең болып отырғаны белгісіз. Дәлелдері жеткіліксіз дейін десең,жалпақ жаһанға тараған нақты бейнематериалдары бар. Бұл адам жалпақ жұртқа ең әуелі көлікте келе жатып әлдекімдерді жер-жебіріне жете янаттаған видеосымен танылғаны есімізде. Онан кейін әскерден жаңа келген жас жігітті «мені зорламақ болды» деген айыппен 5 жылға соттатып жіберген ісімен «жұлдызға айналған» еді. Сол «зорлау ісі» бойынша ҚР Бас прокуратурасының «іс қайта қаралсын» деген жолдамасына, ҚР Жоғары соты, неге екені белгісіз, «сот үкімі күшінде қалсын» деген шешім шығарыпты. Мұндайда «қарға қарғаның көзін шұқымайды» деген сөз еске түседі екен. Әлде Жоғарғы сот өз судьяларының қара қылды қақ жаратын әділдігіне бек сенімді болған шығар...

 

 

 

Сөз арасында оқырманға түсінікті болуы үшін Ұлжан Елмұратоваға тағылған айыптарды қысқаша айта кетейік. Ол 2023 жылдың 31 мамыр мен 13 маусым аралығында Ордабасы АПБ-нің патрульдік полиция инспекторы Е.Төрежанның қатысуымен қызмет атқару барысында түсірілген бейнематериалдарды «Фейсбук» әлеуметтік желісіне жариялап, оның «пара алғандығын әшкерелейтінін» айтып, оны қорқытып, бопсалау арқылы 5 000 000 теңге қаражатын талап еткен. Сондай-ақ, А.Әшетайға қатысты қорқытып алу («КТК» телеарнасын шақыртпау және арызды қайтарып алу үшін 1,5 млн талап еткен), Т.Сәулембайға қатысты алаяқтық (соңғыға қатысты қылмыстық істі Шымкент ҚПД бастығы арқылы шешіп беремін деп 4,6 млн алған) және Г.Бейсеноваға қатысты алаяқтық («Атамекен» арқылы қайтарымсыз несие алып беремін деп сеніміне кіріп, 1,3 млн теңге алған) фактілері бойынша қылмыс жасағаны анықталған.

2018 жылдан бастап әлеуметтік желіде ашқан Facebook парақшасын «әділетсіздіктермен күрес жолында ұтымды пайдаланып» үйренген Ұлжан Елмұратова Бадам ауылдық емхананың қызметкерлерін бопсалап біраз қаражатқа қолы жеткесін ары қарай таланты ашыла түскен сыңайлы. Өзім куә болған бес реткі сот отырысында оның негізгі қылмыстары ретінде тіркелген осы бірнеше факті бойынша іс жүргізіліп жатты. Жоғарыда айтып өткен қылмыстары туралы айғақтармен қатысты дәлелдердің болғанына қарамастан, Ұлжан Елмұратованың бес бірдей қорғаушысы (4 адвокаттан бөлек 1 қоғамдық қорғаушысы бар екен) өздерінің кәсіби міндеттерін адал атқарғандығы соншалық, оның ешқандай кінәсіз екендігін жан-жақтылы дәлелдеп, сот залынан бірден босатылуын талап етіп отырды. Әрине, адвокаттардың қызметі дегенмен, адам өлтірген қанішерді де ақтап алатын мамандық иелерін былайғы жұрт кейде түсінбей қалып жататынымыз бар...

Біз алғаш Ордабасы аудандық сотындағы отырысқа қатысқан кезде залда санаулы ғана адамдар болды. Бүкіл Қазақстанды шулатып жатқан дүбірлі соттың қатысушыларының аз болғаны таңғалдырған еді. Сөйтсек,Бадамдықтардың ойы басқаша екен. Біраз жылдан бері жұртты бопсалаумен айналысып келген Ұлжан Елмұратованың былықтары жоғарыда аталған санаулы іспен ғана шектелмейді дейді ауылдастар... Мектепте жүріп талай «тірлік жасағандығын» сол жердің адамдары жыр қылып айтып жүреді екен. Бұған қоса сол өңірдің «танымал тұлғасын» көргенде кейбір лауазым иелерінің өздері қорғасындай балқып кетеді дегенді де Бадамдық азаматтар өз ауыздарымен айтып берді.

Тіпті Бадам тұрғындары Елмұратованың отқа салсаң жанбайтын, суға салсаң батпайтын «қасиетіне» мойынсал болғаны соншалық, ол бәрібір құтылып кетеді деген ойға табан тірепті. Біз ауылға барып халықпен кездескен шақта осыған көзіміз жетті. Шамамыздың келгенінше «Әділетті Қазақстанның» мүмкін екендігін, тек әділетсіздіктермен табан тіреп күрескенде ғана орнайтындығын түсіндіруге тырыстық. Осыдан кейінгі сот процестерінде халық барынша белсенділік танытып, әділ шешім күтетіндігін білдіріп отырды.

Оңтүстікте өткен іссапарымызда аталмыш сот процесінен бөлек көңілге көп ойлар түйіп қайттық. Қазір бопсалауды кәсіпке айналдырып алған, өздерін журналистермен теңестіргісі келетін блогерсымақтардың дәурені жүріп тұрғандай... Бұл туралы алдағы  сараптамалық материалымызда  кеңінен толғай жатармыз.  

Сот кезінде Ұлжан Елмұратованың ісіне қарата мемлекеттік айыптаушы, судьяға ҚР ҚК-нің 190-бабының 3-бөлігінің 1,4-тармағы, 194-бабының 3-бөлігінің 2-тармағымен айыптау туралы өтініш жолдады.

2024 жылы 14 мамырда Елмұратоваға соңғы сөз беріліпті. Ол өзінің кінәсіз екендігін, соттың айыптау қорытындысымен келіспейтіндігін айтып ақталып баққан. Өзім куә болған процестер кезінде де соны қайталап еді. Сондай-ақ өзінің 4 баланың анасы екендігін алға тартып, Алланы аузына алып, ант ішіп сөйлеп отырғаны да көңілге күдік ұялатқан болатын. Жүре берсең, көре бересің... Біздің елде осындай «тоқымы кеппей жортатын» көпбалалы аналар да бар. Ал ұлт тәрбиесі, оның болашағы аналардың қолында екенін солар біле ме екен? Әй, қайдам...

 

 

 

Өкінішке орай, бүгінде елімізде арсыз іспен айналысатын, бопсалайтын әйелдердің қатары көбейіп тұр. Әсіресе Түркістан облысында көп-ақ, басқа өңірлерде де жетерлікМұндай арсыз іспен айналысқан айлакерлер сыбағасын алуы керек, өзгелерге сабақ болу үшін лайықты жазасын алуы тиіс. Бұл өте қауіпті үрдіс. Арам шөптің басын қырқып, тамырын қопарып тастамаса, қаулап өсетіні секілді нәрсе ғой бұл. Жазықты адам жазасын алуы керек. Елімізде әділдік орнауы үшін...  Мысалы осы Елмұратованың өзі  бір облысты ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап келіпті. Әлі күнге дейін  оның шырмауынан шыға алмай жатқан шенділер мен шекпенділер баршылық.  Күні кеше біткен Бишімбаев сотынан бұрын басталған Елмұратованың соты одан кейін бітті. Бишімбаев сотына бүкіл әлем көз тікті! Әр іс халықтың көз алдында өтті.  Ол жазасын алды. 24 жыл. Аз емес. Ал елді қан қақсатқан, пара алған, пара берген, әскерден келген жас баланы соттатып жіберген, мектепте басшы болып жүріп  істемеген былығы жоқ, тіпті бір адамдардың өліміне себепкер болған, аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығатын «боқауыз завуч» лақап атын алған әйелдің жазасы елдің көңілінен шықпай тұр. Елмұратованың апелляцияға беретіні сөзсіз. Оның мінез-құлқынан соны байқауға болады. Дегенмен әділдік орнады. Ешкімге «тізгінін ұстатпаған» Елмұратоваға «ноқта» салынды. Енді «аяқ-қолын матау» ғана жетпей тұр. Әлі де болса «шідері бос». «Тұсауы» әлсіз.    Бірдей айтайын, халық осының өзіне қуанып отыр. Оны сөздерінен, жүздерінен байқауға болады. Сең қозғалғанына. Көп асқанға бір тосқан болғанына. Тек өзге әйелдерге сабақ болатындай жаза күтіп еді халық.  Елдің билікке прокуратураға, сотқа сенімі осындай сәтте көрінсе керек...

 

 

Бет қатталып жатқанда:

 

15 мамыр күні Ордабасы аудандық сотында елге «боқауыз завуч» деген атпен танылған Ұлжан Елмұратоваға үкім шығыпты. 15.05.2024 ж. Ордабасы аудандық сотымен сотталушы Елмуратова Улжан Яхияевна ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігінің 1,4 тармақтарында және 194-бабы 3-бөлігі 2-тармағымен кінәлі деп танып, оған 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Айыпкердің әлі де арыздана алатын құқығы бар екендігін ескерсек, алдатағы да сот отырыстары өтуі мүмкін екендігін еске саламыз.

Бұл іс туралы сараптамалық мақаламда кеңінен жазамын, естір құлақ болса. Бұл қазіргі қоғамның дерті. Әйел бұзылса, ұлт бұзылады. Осыны бәріміз білуіміз тиіс. Газетіміздің келесі санында осы сот жайында, «боқауыз завучтың» зобалаңы жөнінде кең тұрғыда толық жариялайтын боламыз.

 


СӘУЛЕ МЕШІТБАЙҚЫЗЫ
,

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері

16.05.2024

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 2303
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 8324
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 12210
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 8369
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 8531