Елордадағы «Сати» балабақшасының тәрбиешілері бүлдіршіндерді ұрып-соққан
Елордадағы «Сати» балабақшасының тәрбиешілері бүлдіршіндерді ұрып соққан. Ең сорақысы сол, мұндағы тәрбиеленушілер ерекше қадағалауды қажет ететін балалар. Яғни, көбі дұрыс сөйлей алмайды, психикалық ауытқуы бар, кейбірі аутизммен ауырады. Ал білім және ғылым министрлігі балабақшаның заңсыз жұмыс істеп келгенін айтады.
Қатігез тәрбиешілердің бірі бүлдіршінді шапалақпен ұрса, енді бірі тепкілеп жүр.
Зар жылаған қыз баланы бұрышқа тұрғызып, тағы біреуін еденде сүйреген.
Раушан Сайлауқызы, тілші:
Балаларды аяусыз соққыға жығып, қорлық көрсеткен атышулы балабақша осы. Біздің бұл маңда жүргенімізге шамамен бір жарым сағат уақыт болды. Мінекей көріп тұрғандарыңыздай есік тарс жабық. Іште қызметкерлер болғанмен жауап беруден бас тартып отыр.
Жеке орталықта 60тан астам тәрбиеленуші болған. Онсыз да тағдыр соққысын көрген дәрменсіз бүлдіршіндердің тәрбиешілерден таяқ жегені ата-аналарға ауыр тиді.
Ойлаған жоқпын осындай жағдай болатынын. Кеше инстаграммда сондай видеоларды салды. Білмеймін шокта болдым. Ата-аналармен бәріміз шокта болдық.
Әйгерім Аманованың баласы 6 жаста. Тілі кеш шығып келеді. Инклюзивті орталыққа үміт арқалап келіп еді. Сенімі ақталмады.
Әйгерім Аманова, тәрбиеленушінің анасы:
Кейбір күнде денесі көгерген болды. Мен ойнайды, құлайды деп ойладым. Тіпті ойымда болған жоқ. Аяғында, қолында болды.
Тәрбиешілер балаларды ұрып соғып қана қоймай, дұрыс тамақтандырмаған. Бүлдіршіндер кейде шұжық, майонезбен ауқаттанған. Ал бала бағу құны удай. Ата-аналар әр бала үшін айына 160 мың теңге төлеп келген. Осының бәрін көзбен көрген куәгер — орталық қызметкері. Бейнежазба түсіріп, әлеуметтік желіге салған психолог маман мұндағы сұмдық жайттарға шыдамаған. Сұхбат берген жолдасының сөзінше әйелі мән-жайды балабақша басшылығына жеткізгенімен нәтиже болмапты.
Асылан Қуанов, қала тұрғыны:
Оқытушыларына келіп айтқанда неге ұрып жатырсың деп. Ол топс. Шаршатты деген жауаптар алатын. Видеоларды маған жіберді. Мен ананы көріп шошып, ол жұмыстан шыққанын талап еттім. Кейін шығып кетті.
Ал білім және ғылым министрлігі балабақша базада жоқ деп айды аспаннан бір-ақ шығарды. Яғни мекеме бір жылдан бері заңсыз жұмыс істеп келген.
Майра Мелдебекова, ҚР БҒМ Білім сапасын қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары:
Ол жерде мониторинг топ жұмыс жасады. Нәтижесіне қарасақ, біріншіден бұл жеке балабақша. Балабақшаның жұмыс жасау барысы туралы хабарлама берілмеген. Бұл дегеніміз жалпы біздің тізімде де орналаспаған болып тұр.
Себебі жеке орталықтарға аса қатты қадағалау жоқ. Қазір осы жайтқа қатысты министрлік жанынан құрылған мониторинг топ тексеруді бастады. Полиция басқармасы да қылмыстық іс қозғады.