228 күн отырса да, Қытай елшілігінен де, билік өкілдерінен ешкім келмеген.
Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылы жазда БҰҰ «Шыңжаңдағы лагерьлерде бір миллионға жуық ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылман отыр» деп мәлімдеген. Бұл ақпаратты Қытай билігі жоққа шығарды. Қазіргі кезде Қазақстандағы Қытай елшілігі алдында бірнеше адамның күні-түні отырғанына бүгін 228 күн. Қытайдағы концлагерьлердегі туыстарына бостандық сұрап отыр.
Тілшіміздің Ақиқат Қалиолла есімді азаматтан алған сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз.
«Әкем өлген соң, шешем мен екі інімді жоқтамай тұра алмадым»
– Ақиқат мырза, Қытай консулының алдында тұрғандарыңызға 200 күннен асыпты. Қытай елшілігінен не талап етіп отырсыз?
– Отбасымды, яғни, шешем мен екі інімді Қазақстанға шартсыз түрде дереу жіберуін талап етемін. Әкем Қытай түрмесінде қайтыс болды. Мәйіті де берілген жоқ.
– Арғы бетте қалған туыстарыңызбен (анаңызбен, бауырларыңызбен) соңғы рет қашан хабарластыңыз?
– Анам мен екі інімнен өткен жылдың сегізінші айының (тамыз) он алтысынан бастап хабар жоқ. Күні бүгінге дейін олардың қайда екенінен бейхабармын. Қытайдағы үйімізде олар жоқ.
– Әкеңізді қашан және қандай себеппен түрмеге жапты? Қайтыс болуына не себеп болды?
– Біз Тарбағатай Дүрбілжің ауданынанбыз. Сол ауданның өзінде тоғыз лагерь болған. Соның біреуіне менің отбасымдағы төрт адамды (әкем, шешем және екі інім) қамады. Менің әкем мәдениет саласында қызмет еткен зейнеткер. 2018 жылы біздің ауданнан Жұмагелді Ақай деген жігітті сабап өлтірді. Оның жары әкеме хабарласқан соң, әкем арыз хатын жазып, Бейжіңге жолдаған. 2017 жылдан бастап бір Дүрбілжің ауданында 1500-2000-дай қазақ концлагерьлерге қамалған екен. Әкемнің: «Дүрбілжің ауданы басшыларының бұл түрмелері заңсыз, бұны қара түрме деп атауға тиістіміз» деп жазған арызына бола бүкіл отбасымызды түрмеге жапты. Анамдармен Wechat желісі арқылы хабарласқанымда көрген азабы жайлы ашық айтпайтын. Кейін қалай қорлық көргенін, екі інімді қалай қинағанын айтып берді. Інімнің жіберген аудио, бейне нұсқалары менде тұр. Түрмеге кіре салған күні ортаңғы бөлмеге әкемді, екі жағына шешем мен үлкен інімді қамап, сол жерде әкемді талдырып, аяусыз ұрған. Шешем мен інім әкемнің қиналған үнін естіп, «ұрмаңдар, ұрмаңдар!» деп жылаған. Сонда әкем айқайлап: «Мені Куобо дадүйінің (ауылының) дүйджаңы (басшысы) – (Wang dong sheng) ұрды» деген. Артынша әкемді сүйрелеп алып кеткен. Сол лагерьде әкеммен бірге жатқан кісілер шыққан соң, әкемді қатты жәбірлегенін айтты. Куәгерлерден әкем жайлы «Қалиолланың тірі шығуына болмайды» дегенін естідім. Құдайдың құдіретімен олардың сұраушысы, жоқтаушысы шығып, Қытай арызымнан сескеніп, шешем мен екі інімді босатты. Бірақ әкем түрмеде өлді. Өмірінің соңына дейін қалжыраған әкемнің қолынан кісенін шешпепті. Соңғы кездесуде арықтап, құр сүлдері ғана қалған әкемді анам: «Қалиолла, Қалиолла!» деп шақырса да, ес-ақылын білмепті. 2018 жылғы наурыз айының 15-сі күні әкем, шешем және екі інімді лагерьге қамағаннан бастап, 2020 жылдың 12 шілдесіне дейін олармен хабарласуға мүмкіндік бермеді. Әкемді 2018 жылы 15 наурыз айында ешқандай үкімсіз, ауызша 20 жылға соттаған. 2020 жылы 5 желтоқсанда әкемнің қазасы жайлы қаралы хабар келді. Қытайдағы адамдарға жан-жақтан хабарласып, оның қайтыс болғанына көзім жетті. Дәл осы кездері шешем мен екі інім үйде жоқ болды. Лагерьдегілер әкемнің мәйітін туыстарына бермей, өздері жерлей салған. Жаназасы шығарылмады, жетісі де, қырқы да берілмеді. Әкем қайтыс болған соң, анам мен екі бауырым хабар-ошарсыз кетті. Мен олардың қайда екенін де, өлі-тірісін де білмеймін.
– Елшілік алдында түнеп жүрген аналарымыз бен қатар полиция қызметкерлері де тұр. Осы қызметкерлер тарапынан сіздерге қысым көрсетілді ме?
– Елшілік алдында түнімен апаларды күзететін полиция қызметкерлерінен ешқандай қысым түскен жоқ. Суық болған түндерде шатыр тіккенбіз. Шатырымызды алып тастады. Тұрған орнымызды ауыстырды. Тек белгілеп берген орында тұрамыз. Басқа ешқандай ескерту, қысым көрсетілмеді. Шынымды айтсам, Қытайда туысы қалған, бірақ бұғып жатқан қазақтар өте көп. Көбісі бұл мәселеде шындықты айтып, туысының халін сұрауға бата алмайды. Мен де басында бата алмадым. Қорықтым. Алайда маңдайға жазғаннан қашып құтыла алмайды екенсің. «Қорқақты қуа берсең, батыр болады» дейді қазақ. Менің батыр болып тұрған жерім жоқ. Басқа жол көріп тұрған жоқпын. Шарасыздықтан, арғы бетте қалған анам мен бауырымды ойлап, жанымды қоярға жер таппай, осы амалға бардым. Әкем өлген соң, шешем мен екі інімді жоқтамай тұра алмаймын. Өз басыңды күйттеп деп жүре алмайды екенсің. Осы жай жүрегімді тырналап, қатты торыққан соң шықтым.
«Қытай елшілігінен және билік өкілдерінен ешкім келген жоқ»
– Ақпан айында Байболат Күнболатұлын полиция ұстап әкетіп, артынша сот болған еді. Сіздердің елшілік алдында тұрғандарыңыз заңның қай бабына қайшы келеді деп ескерту жасалды?
– «Заңсыз пикет» делінген. Өзім осы үшін 300 мың теңгедей айыппұл төледім.
– Елшілік алдына сіздердің талаптарыңызды тыңдауға Қытай елшілігінің қызметкерлері немесе билік өкілдері келді ме?
– Қытай елшілігінен және билік өкілдерінен ешкім келген жоқ. Қытайдан осы күнге дейін жауап келмеді. Мен оларға елшілік алдында тұрып қайта хабарласқанымда, бізді білмейтінін айтты. Қайта бәрін сұрап, басшылыққа айтамыз деді.
– Сыртқы істер министрлігі осы мәселе жайлы не дейді?
– Сыртқы істер министрлігіне барып, оларға да өз жағдайымды айтқанмын. Министрліктегі жауапты адамдар Нота жолдадық деді. Бірақ оған Қытай тарапынан жауап келмеген. Нота жолдағанына күмән жоқ, оған 100 пайыз сенімдімін және Қытайдың жауап бермегеніне де сенімім мол. Себебі, Қытай ешқандай Қазақстан азаматына жауап қайтарған емес.
«Чжао Лицзянь алдымен бізге жауап беріп алсын!»
– Жақында Лондон соты «Ұйғыр трибуналында» үш қазақтың қытай түрмесі жайлы куәлігін тыңдады. Бұны Қытай сыртқы істер министрлігінің өкілі Чжао Лицзянь жоққа шығарып: «Трибунал» деп аталатын мына «тыңдау» биыл маусым айында басталды. Қанша «актер» жалдап, тыңдауды қанша рет ұйымдастырса да, бұл – алдын ала дайындалған, әділетсіз сот. Қытайға қарсы сайқымазақтар қанша тырысса да, Шыңжаңның болашағы жарқын және әлемде Шыңжаңға бейтарап қарау ұранына қосылып жатқандар көп» дейді. Бұған қытайдағы туыстарына бостандық сұраған ел не дейді?
– Чжао Лицзянь алдымен бізге жауап беріп алсын. Біз бұл жерде 200 күннен аса тұрмыз ғой. Ол бізге әлі жауап бермеді. Олар біздің осы қозғаған мәселеден қашады. Себебі, бұл темірдей шындық.
– Егер Қытай елшілігі де сұраққа жауап бермесе, ары қарай не істейсіз?
– Егер осы мәселе аяқсыз қалса, біз Елшілік алдына шыға береміз. Себебі бізде бұдан басқа амал қалған жоқ. Барлық құзырлы мекемелерге арыз бердік. Оның соңында әкем қайтыс болды. Енді мен басқа амал көріп тұрған жоқпын. Бұны біз заңсыз пикет деп санамаймыз. Себебі халықаралық дәрежеде Қытайдың бұл ісін «Геноцид және адамға қарсы қылмыс» деп жариялап жатыр. Бұны мен емес, басқа мемлекеттер де айтып жатыр. Елшілік алдында біз ешқандай заңсыздыққа бармаймыз. Отбасымды іздеу менің заңды құқығым. Тек әкем мен шешемнің және екі інімнің фотосын көтеріп отырмын. Ол қалыпты жағдай ғой. Менде басқа жол жоқ. Ары қарай шыға береміз.