ЕР ЖАЛАУ

ЕР ЖАЛАУ

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, ақын Сабыр Адайдың бұл кітабы «Ер Жалау» деп аталады. Аты айтып тұрғандай, кітап жаныңа жалау болар өлең-жырдан бастау алады. Ең бастысы, «Ер Жалау» поэмасында Мемлекет қайраткері Жалау Мыңбайұлының елі мен ерін сүйе білген асыл қасиетін, өгіз мойын өмірге бас бермес өр мінезін өлеңге арқау етіп, Қазақ жұртының нәубетті жылдарда бастан кешкен өмірінен ой қозғайды.

Жалау Мыңбайұлының туғанына – 130 жыл

Өмірбаян дерегінен

Жалау Мыңбаев – (1892, бұрынғы Адай уезі Құнанорыс ауылы – 16.11.1929, Алматы) – мемлекет қайраткері. Адай руының Құнанорыс бұтағынан. «1905-1908 жылдар ғұмыры» атты кітаптарында Форт-Александровскідегі (Ақтау қаласы) екі сатылы орыс-қазақ мектебінде білім алған. 1917 жылдан Маңғыстау уездік кеңесінің мүшесі. Сол жылы желтоқсанда Түркістан (Қоқан) автономиясын Маңғыстау өңірі адайларының қолдайтынын білдіру мақсатында Қоқанға барды. Мұстафа Шоқаймен осы жолы танысқан ол, 1919 жылы көктемде оны теңіз арқылы шетелге шығарып салды. 1919 жылы «Бірлік» жастар ұйымының төрағасы, 1920-23 жылдары Маңғыстау уездік атқару комитетінің азық-түлік бөлім бастығының орынбасары, Адай уездік милиция бастығы, Адай уездік ревкомының (1923-1924) төрағасы қызметтерін атқарды. Мыңбаев БК(б)П 14-съезінің, Қазақ облыстық 3-5 партия конференцияларының, Қазақстан Кеңестерінің 4-6-съездерінің делегаты болды. Қазақ АКСР Кеңесінің 5-съезінде Қазақ АКСР ОАК-ның төрағасы болып сайланды. Бұл қызметте жүріп, республикадағы барлық басқару органдарын жергіліктендіру (қазақтандыру) ісіне басшылық жасады, халықтың әлеуметтік жағдайын және денсаулық, оқу-ағарту, мәдениетін жақсартуға күш салды. Мыңбаев қазақ халқының мүддесіне қайшы келетін Кеңес Өкіметінің солақай саясатын сынға алып, балама жол ұсынған С.Сәдуақасов, Н.Нұрмақұлы т.б. тобында болды. 1926 жылы 25 қаңтарда Қазақстан өлкелік комитетінің пленумында бұл топқа ұлтшылдар деп айып тағылып, қатал сынға ұшырады. Ф.Голощекиннің тапсырмасымен БК(б)П қазақ өлкелік комитетінің бақылау комиссиясы Мыңбаевтың үстінен іс қозғады. Мыңбаев ұлтшыл атанып, сынға ұшырады. 1927 жылы орнынан алынып, Гурьев (Атырау) округі атқару комитетінің төрағасы қызметіне төмендетілді. Ол бұл қызметі барысында Гурьев округінің мұнайлы өңір екенін ескеріп, ауыр өнеркәсіпті дамытуға күш салды. Балық шаруашылығын жандандырды, бұл кәсіпшілікке қазақтардың тартылуына жол ашты. Гурьевте электрстанса құрылысын салу жұмысына тікелей басшылық етті. Байлар мен орташаларды күштеп тәркілеуге, жер аударуға барынша қарсылық танытты. 1929 жылы қызметінен өз еркімен кетіп, ауыр науқастан көз жұмды.

(Ақпарат желісінен)

 

ЕР ЖАЛАУ

(Поэма)

 

Жалау Мыңбайұлының және «Алаш Орда» арыстарының рухына бағыштаймын.

Автор

 

ШАШЫЛҒАН СҮЙЕК, ҚҰНСЫЗ ҚАН

 

(Кіріспе сөз: кісен ашар)

 

Дәурен кетті, дәм кетті Алашымнан,

Бізден қайда баз кешіп барасың жан.

Ай бетін бұлтпен торлап жауып алған,

Қарайды Күн сығалап қара шыңнан.

 

Ер өлген сайғақ қадап айдалаға,

Жан берген есіл кеуде жай қала ма?

Бар екен берен қылыш, бес қаруы,

Есіл ер неге берсін қайманаға.

 

Боз жусан басын изеп самалменен,

Бес мезгіл дұға-тілек амалменен.

Қызыл қан, қырғын төбе астасып тұр,

Қырмызы қызыл сәуле жамалменен.

 

Ақ бота – ақша бұлттар желкілдеген,

Шашылды ерсіз берен, елсіз денем.

Жоқтайтын Есенғали2  ол да кетті,

Кең дала, тілдесейік, кел, сізбенен

 

Әр сөзін әділ айтса «Төр» шектеген,

Содан соң, ажал келіп, көр шектеген.

Әлем тұр, 3Әбіші  жоқ, әй, жалған-ай,

Жан ағам, жанның мұңын көрсетпеген.

 

Қайғысын қанға салып еккеннен соң,

Аралап жұлыныңды жеткеннен соң,

Ендеше біз боздамай, кім боздайды,

Тізіліп өңкей нарлар кеткеннен соң.

 

Үш Түбек, теңіз-тепсең, Жайық-налам,

Бір дерт бар әлі күнге айықпаған.

Кешірсін сөз төресі, жыр патшасы,

Қалнияз4, Қашағандар5  қайыртпаған.

 

Бесқала6 , Шағадам мен Жаңғақты ма, 

Алдында Есен-Түлей, Сам7 жатты ма? 

Аралас ағайын жұрт, түбі – Түрік,

Шаршыға құлап түсіп, шаң қапты ма?!

 

Тілініп ат сауыры, нардың қомы,

Болмайды ел бүлінсе, ердің жолы.

Көлеңкесін көруге көзақы алған,

Қайнап жүр қас асылдың небір соры.

 

Қайғымен туған айды турап болды,

Қалың ел өрт тигендей қурап болды.

Құлынын көкмойнақтың көп ит талап,

Терісі аруананың8  тулақ болды.

 

Құл келді құлақкесті, сөз білмейді:

«Көп күтіп осы күнді төздім», – дейді.

«Әйтеуір, байдан бағам қымбат бүгін,

Ақ жібек, не патсайы, бөзбін», – дейді.

 

Бай өлді, бар салтанат күлмен кетті,

Елге сор жапқан жала, тілден жетті.

Маңырап ақбөкеннің лағындай,

Білмейді кімдер қайда, кіммен кетті.

 

Безінді жадым өліп, санам менен,

Жау болды адам шіркін адамменен.

Шыңғырған дүниенің шындығынан,

Шыжғырған қуырдақ қой заман деген.

 

Қып-қызыл ту көтеріп белсенген кеп,

Мақтанды: «Біз кедейміз, ел сенген», – деп.

Ұртында нар маяның жантақ гүлдеп,

Сыртында жарбай9  тұрды, келсең кел деп.

 

Сұр жылан, неткен заман, ала қаншық,

Қан кешіп, шыға келді дала қаңсып.

Онсыз да құлап жатқан көп қазақты,

Ойнайды түлкі-қарсақ талағансып.

 

Жел қайдан, жендет содан жауыз кілең,

Дәні жоқ, дәйегі жоқ қауыз кілең.

Алаштың азаматын қырған сайын,

Ашады аш қасқырдай ауызды кең.

 

Құл-құтан, наданменен қол ұстасты,

Бәлшебек10  сай-саланы, орыс басты.

Айдыннан сұңқар кетті, іңкәр көп-ті,

Кімге сенсең бірінші, сол ұстатты.

 

Тұранды11  ту желкеден бұрап жатты,

Ту ұстап, дұшпан басын құрап жатты.

Қазақты көрген жерде көрге тығып,

Содан соң кім екенін сұрап жатты.

 

Ай туды аунап барып шалқасынан,

Жау жақын, орта – ойран, алқасы қан.

Алашым, «Алаш Орда» – кіл құлагер,

Қырылды Батыраштың12  балтасынан.

 

Алыпты тас бүркеніп қала тағы,

Жақсыға жаққан болар жала тағы.

Ерлердің құнын сұрап тұр біздерден,

Қазақтың әрбір атқан ала таңы.

 

Жем-Сағыз, Желтауменен, Түпқараған13, 

Қара жұрт – қазан сынды жұт жалаған.

Жалаудың14  жаныменен бір тілдесер,

Заманның уын ішіп ұққан адам.

 

Жел соқты – жетім лақ маңыраған,

Жолсоқты жолай жортып қаңыраған.

Таң атып, жұлдыз қашып бара жатыр,

Қозыдай көгенінен жамыраған.

 

Салт жүріс, сақау дала тіл қатпайды,

Зарзаман, әр кеудеде бір қап қайғы.

Ежелден елге таныс сүрлеу соқпақ,

Дүние қызыл түлкі бұлғақтайды.

 

Есіл ел, не айтайын, нақ сіз жайлы,

Бұл күнде не демей жүр жат біз жайлы.

Шашылған сүйек пен қан үндемейді,

Басылған намыс қана жатқызбайды.

 

I бөлім

 

ТҮБЕКТЕГІ ТҮНЕК

 

«Жетімнің жеңі ұзын, қолы қысқа».

 

Сөз жетім – тыңдамайтын кез болған соң,

Тән жетім – арам ет пен без болған соң.

Жан жетім – жағаласып жардан ұшқан,

Айналаң етекбасты ез болған соң.

 

Бақ қонбас, байлық келмес ерге бірден,

Тар жолда талай жетім жерге кірген.

Аспанда тіреуіш жоқ, Алла қорған,

Жетім де соның бірі жерде жүрген.

 

Көр қазды... сүйек пенен етім қалды,

Белді бу, жылағаннан не тынған-ды.

Мысалы, мама торғай, үш балапан,

Мінеки, ұясында жетім қалды.

 

Ой салып, ойпаң менен ор қабақ қыр,

Туған жер ту сыртыңнан қорғап-ақ тұр.

Қазбауыр қара түнде айлы бұлттан,

Жан беріп жалғыз сәуле сорғалап тұр.

 

Жанынан аяз есіп жаралының,

Барады тал бойына таралып үн.

Ботаның тікен кірпік көздерінен,

Боздап тұр үнсіз ғана қаралы күн.

 

Қатпаған қауырсын мен қанат қалды,

Қаптаған қиял менен талап қалды.

Қайтпаған сары садақ, сұр жебеден,

Қаратау, түгел үстірт алап қалды.

 

Келтірер тәңір өзі тәубесіне,

Әз басың түскен күні әуресіне.

Қызыл шоқ бір қарасаң қоламтада,

Жан деген жанған оттың сәулесі ме.

 

Әркім жүр бұл өмірге есе беріп,

Қайтеміз, жолын оның кесе беріп.

Жетімнің көңілінде тоқсан құлып,

Ашылмас не десең де, неше келіп.

 

Осылай өмір зая, жалған, бекер,

Әу баста аманат жан алған кетер.

Мысалы, орныменен келген өлім,

Үйірген таңдайыңды балдан бетер.

 

Арпалыс, тірлік – майдан, тынбай кетті,

Шар болат шарға түсті, сынбай кетті.

Бересі алашыға дөп келген күн,

Жалғаннан Ботагөз бен Мыңбай15  кетті.

 

Өтеді пендеңізден не түн ғаріп,

Көз жасы кетті, міне, бетін қарып.

Әже жоқ, әке де жоқ, көрген түстей,

Жалау тұр жалғаншыда жетім қалып.

 

Осылай іңір ауып, сәрі кетті,

Сәт санап жетімдіктің зәрі жетті.

Әжесі әлдилеген, Әке – тірек,

Араға жыл оздырмай бәрі кетті.

 

Бел байлап, жас та болса жарақтанды,

Қызығы бал дәуреннің тарап мәңгі.

Мысалы, шеше – шерлі, бауыр – жетім,

Жалауға бәрі бірдей қарап қалды.

 

Ажал тұр айдан алқа таққандай боп,

Басына ердің сайғақ қаққандай боп.

Бір жұлдыз түнді жарып жарқырап тұр,

Түбектен16  өз серігін тапқандай боп.

 

Кім білген, Жалау шығар жаннан бөлек,

Ол үшін отты мінез, арман керек.

Жігітке мырза Құдай бақ береді,

Алғандай көктен нұсқау, таңнан дерек.

 

Мысалы, бірің – тозаң, бірің – кесек,

Не болмақ тал шыбықтай дірілдесек.

Жетімнің жеңі ұзын, қолы қысқа,

Бір Алла, қолдар-дағы Пірім Бекет17! 

 

ХАБАРЫН АСПАН 

АЙТЫП, ЖЕР БЕРІП ЖҮР

 

Бұл Жалау балалықты тастап шықты,

Тең-құрбы, ауыл-үйді бастап шықты.

Жағалай ел сүйсініп, жастар еріп,

Күн – еңбек, түнде кітап жастап шықты.

 

Басынан өтіп жатыр заман қалай,

Жан бар ма жүрген, сірә, алаңдамай.

Қара көз, қауыз жарған бозбаланың

Үміті көктей солып, таланбағай.

 

Жалау ма?!. 

Қарды кешіп, мұздан келген,

Жетім қап, жүк арқалап тұздан келген.

Не мынау арқар тектес, ай мүйізің,

Бекеттің тауын жайлап, құздан келген.

 

Жұт келді, сонау жылы қарқын алды,

Шықпаған шыбын жанның антын алды.

Кедейдің кеңірдегін жіпсіз байлап,

Байлардың төрт түлігін тартып алды.

 

Ақ жаңбыр, ала бұршақ, борай келген,

Ысқырып айдаһарша орай келген.

Жұт деген жеті ағайын, бірі кетсе,

Бірі кеп бұл қазақты тонай берген.

 

Қамығып ел-жұртының хал-жайына,

Бақ болып қонсам дейді маңдайына.

Оқыған, ойлы жастар бас қосып жүр,

Су бүркіп шөлдегеннің таңдайына.

 

Жоғарғы патшаңыздың жолы мәлім,

Білеміз құрған қақпан, торы барын.

Бір күрек екі қолға таптырмай жүр,

Қазақтың қайда барса соры қалың.

 

Бозбала соның бәрін сезініп жүр,

Жүрегі жүз парша боп езіліп жүр.

Жан көрсе тілегі бір, жүрегі бір,

Түн қатып, түсі қашып кезігіп жүр.

 

Патшаның елі тыныш емес дейді,

Кезіп жүр мың бір бәле, елес дейді.

Қу патша қурай сынса бізден көріп,

Өртей ме, өлтіре ме, кеңеспейді.

 

Деп қойып: «Енді қандай бағыт бар-ды»,

Жанында жас біткеннің шабыт бар-ды.

Осылай қатар-құрбы таң асырып,

Тиегін әңгіменің ағытқан-ды.

 

Ақ патша қыр еліне қырындады,

Шыдамай қырдың елі шырылдады.

Әңгіме әріден кеп қызған кезде,

Кенеттен таңғы самал сыбырлады:

 

– Атаңыз Тоныкөк18  пен Білге19 демек,

Мысалы: төрде – Шыңғыс20 , іргеде – Бек.

Бұл күнде Алты Алашың бодан болды,

Күнінде не болғаның кімге керек.

 

Ақыл мен парасатқа білім керек,

Және де салт-дәстүр мен тілім керек.

Берекет-бірлік пенен ғылым болмай,

Екінің жоғалтасың бірін демек.

 

Ақкөңіл жақсылығың иманнан ба,

«Жақсымыз!..», – дейді қазақ жиналғанда.

Түгел деп төрт құбылаң ойлама сен,

Тәтті сөз, зер шапанмен сыйланғанға.

 

Орыстың ақ патшасы соғыс құмар,

Бірді бірге айдап сап, соғыстырар.

Парықсыз Патшаны да Құдай ұрып,

Күнінде бір тосқанға жолықтырар.

 

Естиді алда сойқан, ойран барын,

Талайды бұл сұм соғыс, жойған жалын.

Алаштың обалы мен сауабы тұр,

Дегендей, енді, Жалау, ойлан, жаным!..

 

Атаңыз Ер Шабаймен, Лабақ21 еді,

Бір өзі – бір Маңғыстау, алап еді.

Ұл туса батыр туған Адай еді,

Ит жауды көкбөрідей талап еді.

 

Жау десе – мұз шайнаған, қардан еді,

Шаптырсаң шаң жұқпаған тарлан еді.

Мысалы: Иса, Досан, Есен, Сүгір,22 

Қаймыққан қай дұшпаннан сардар еді.

 

Қымтанып қырға шықсаң, қыр айтады,

Қыдырып топқа барсаң, сыр айтады.

Тұсынан қабырғаңның үңгіп кіріп,

Қос ішек, домбырамен жыр айтады:

 

– «..Жол жүрсең кіл құлпытас, жолай жатыр,

Ақ шейіт қызыл қан боп, солай жатыр.

Ер Шотан, Атағозы, Есек мерген,23

Ер Қармыс, Балуанияз, Қонай жатыр...»24 

 

Алаштан туған болар талай бала,

Туған жоқ асылдарды адай ғана.

Айтайын қайсыбірін өңкей ердің,

Өзің біл, енді Жалау, қарайлама!

 

Осылай самал соғып, жел үрлейді,

Кім сонда бұл қазақты «Елім!» дейді.

Ұл-қызы ұран салып шықпаған соң,

Әркім кеп ноқта салып, телімдейді.

 

Жалаудың жаны күйіп, тербеліп жүр,

Қуалап шеміршегін шер керіп жүр.

Сездіріп сергелдең күн, заман барын,

Хабарын аспан айтып, жер беріп жүр.

 

Ержетіп, етек жиып бой балап жүр,

(Мұндайлар қозы бағып, қой қарап жүр).

Тұғырдан бір қыран құс көкке қарап,

Ен қазақ ел мен жұртты ойлап-ақ жүр.

 

Қыран құс шың басына қонар-дағы,

Өз ұлы әр халықтың, сол – ардағы!

Періште қолын жайып, «Әмин!» деп тұр,

Алланың бір жазуы болар-дағы.

 

КЕШЕГІ БАЛА ЖАЛАУ БҮГІН ЖІГІТ

«...Түздіктердің ең бір ержүрек тайпасы адайлардың орыс бодандығына берілмеуі – Орта Азия хандықтарын орыс отаршылдығынан бір жарым ғасыр бойы сақтап тұрды».

(Ф.Энгельс. Ә.Спанның мақаласынан)

 

«...Тек Қазақстанның ғана емес, іргедегі Хиуаның, күллі Орта Азияның отарлануына бөгесін болғысы келді». 

(Әбіш Кекілбайұлы. «Иса-Досан көтерілісі»)

 

«Елім!..» де, амалың бар басқа қанша,

Басыңды қара жерге жастағанша.

Ақ патша бұл адайды жақтырмаған,

Ажал кеп, тақтан сүйреп тастағанша.

 

Ақ патша адам алып берісінде,

Дүрбелең болып кетті ел ішінде.

Қазаққа жер қаздырып, оққа ұстап,

Мал айдап, жинап жатты терісін де.

 

Айтарсың небір ерлер кетті несін,

Осылай таң асырып, жетті бесін.

Ақ патша қырын қарап Маңғыстауға,

Толғағы теріс келіп тепсінетін.

 

Өседі түздің ұлы сұрап айды,

Кер заман, кескек қылыш бұлағай-ды.

Сан сарбаз, Рукиннің25  басы қалған,

Жақтырсын патша қалай бұл адайды.

 

Ер Жалау бәрін ойлап, шамданып тұр,

Опынып, ойдан шаршап, қарманып тұр.

Жол тілеп, жұлдыз біткен шашу болып,

Ай қарап, аспан жақтан шам жанып тұр.

 

Бақ кеткен шығар, сірә, бәлкім менен,

Қалмады қан тамшысы зәр сіңбеген.

Аз ұлттың желкесіне отырып ап,

Ақ патша соғысып жүр әркімменен.

 

Саудагер тентіреп жүр арбасымен,

Орыстың мұжығы жүр шаруасымен.

Қақшиған қайқы жылан – Империя,

Ісі жоқ аш-жалаңаш жан басымен.

 

Өзімшіл империя тасып жатыр,

Өзгені дар ағашқа асып жатыр.

Жартысын жер бетінің, бір албасты,

Тұрғызбай денесімен басып жатыр.

 

Алдырмай аз халықтың тынысын бір,

Жер кезіп бір әбжылан жылысып жүр.

Жау бұзып моланы да, қаланы да,

Сын кетіп біздің елден сыр ұшып жүр.

 

Қым-қиғаш қырдың төсі күбініп жүр,

Әулие, Пір Бекетке жүгініп жүр.

Сағын бір сындырсақ деп бұл адайдың,

Көп жендет іштен тынып, үгіліп жүр.

 

Көбейді әскербасы арпылдаған,

Иығын дәрежелеп алтындаған.

Желкенсіз, ескегі жоқ – біз бір қайық,

Қарманып көк теңізде қалтылдаған.

 

Ер өлді ат үстінде сырын бермей,

Жел тұрды дүниенің ығын бермей.

Ақ патша үй бас сайын салық салды,

Желкелеп жеңін түріп, тыным бермей.

 

Тұншығып өз қаныма жүзген денем,

Шынында зауал бар ма біз көрмеген?

Біздің ел сексеуіл боп көктеген-ді,

Тамырын мың қайтара үзгенменен.

 

Көк қарға бөлек ұшып көкшеңдеді,

Үш ғасыр күнің сенің өшкен деді.

Сарайшық, алтын орда адыра қап,

Басыңнан бақ пен дәурен көшкен деді.

 

Келмейді басқа бәле тектен деді,

Түбіңе өз ұлдарың жеткен деді.

Жауласып Ақсақ Темір26  Тоқтамыспен,27

Орысқа олжа қылып кеткен деді.

 

Күрсінді есіл Жалау бұрылды да,

Қарады кекілді мен тұлымдыға.

Қатар-тең қайдан білсін ердің ойын,

Сұм жалған дәл осылай құбылды ма?!.

 

Қарайып хан бұзылып паң болмаса,

Өз-өзіне ғашық боп таң болмаса...

Басына кеткен билік жаудан жаман,

Бақылап басу айтар заң болмаса.

 

Қайтеміз, қайдағыны қозғамалық,

Опасыз талай дәурен озған анық.

Мысалы, біздің халық нар маядай,

Исінген ботасына боздап алып.

 

Ақ сарай, алтын толы қалтам болған,

Содан соң соның бәрі талқан болған.

Уақыттың даңғылынан біздің тарих,

Теріп жүр қауырсынын қан-қан болған.

 

Не болды қаған құрдық, орда құрдық,

Ақыры айдаусыз-ақ торға кірдік.

Өзге жұрт жетіп алды жағалауға,

Біз болсақ шыр айналып жолда жүрдік.

 

Ес жиып ел болуға жарамасаң,

Шірітіп, ши жүгіртер араға сан.

Жау деген өз ішіңнен сатқын тауып,

Хандыққа дайындайды қарамасаң.

 

Мергенге тығылады аңнан қашқан,

Халыққа тығылады ханнан қашқан.

Хан өлсе құтыларсың, халық қалар,

Жүгенсіз жүйе жаман заңнан қашқан.

 

Қас дұшпан сырттан пішіп, сын қылып тұр,

Адал дос айтып-айтып қынжылып тұр.

Жалаңаш, қызылшақа біздің шындық,

Басынан әр жусанның шыңғырып тұр.

 

Сонда да күткен елміз бақыт таңнан,

Мінеки, таң тағы да атып қалған.

Жалаудың жүрегінде мұның бәрі

Қан болып, шер мен шемен қатып қалған.

 

Құрсақтан ұл өседі жалғасы бар,

Ұл бітсе, жолбарыстан қалжасы бар.

Адайым қорықпаған Патшаңыздан,

Себебі қазақ қой ол, Алласы бар.

 

Қорықпас көр түбіне салам десе,

Көлденең көк қошқар ғып шалам десе.

Қорықса біздің қазақ қорқады тек,

Ар-ұят, иманыңды алам десе.

 

Өмір сол мың қайталап, сүріндіріп,

Қамығып, қайғырасың күліп жүріп.

Ауыл-үй бұқараның сүйеніші,

Кешегі бала Жалау бүгін жігіт.

 

ТОЙ ҮСТІНДЕГІ ТОЛҒАНЫС

Иса-Досан көтерілісінен кейін ел қыспаққа түсіп, боса көшіп, тағдырдың әрқалай тәлкегіне ұшырай бастады. Қырық жыл қырғын болса да қазақ кәделі салтын жасап, парызын өтеп, мереке-жиынын өткізеді. Бүгінгі тойдың да тобықтай түйіні сол.

 

Ақ сәуле, көрер жарық, бір күнім-ай,

Сыртыңнан сынай баққан сырлы Құдай.

Тең құрбы тойға келді, Жалау бастап,

Екі ішек, тоғыз перне дүлдүлім-ай.

 

Тоғыз жыл топтан бөліп байласаң да,

Көңілін алтын беріп жайласаң да,

Қазақтың жыры менен тойы қалмас – 

Тозаққа тобыменен айдасаң да.

 

Ежелден күй-домбыра, жыр-домбыра,

Кеудеңе ән менен саз – бір дем, мұра.

Қазақтың қаны болса кеудеңізде,

Құлағын домбыраның бірден бұра.

 

Білмедім, бұл домбыра жұмақтан ба?

Білмеймін, жылатқан ба, жұбатқан ба?

Қу шанақ қайдағыдан сыр шертеді,

Мың жауап, әлде мың бір сұрақтан ба?

 

Жан жетім, домбырасыз баспанам жоқ,

Ұлтым жоқ, ұлтқа мерей астанам жоқ.

Есқали сұпы28  бір кез жек көрді деп,

Қашаған29  домбырасын тастаған жоқ.

 

Домбыра достан зият, адалым-ды,

Жырлаған тағдыр менен талабыңды.

Ерлерге қуат беріп, құрдан шығып,

Қалнияз30  жырмен алды қамалыңды.

 

Жалау тұр баба жырдан қанып ішіп,

Жүрегі жарылардай алып-ұшып.

Шіркін-ай, елдік бастан, ерлік – дастан,

Тек қалма осы жолдан жаңылысып.

 

Әрнені көңіл көздеп, аңдап кетті,

Құйқылжып дауыл соқты, шаңдап бетті.

Сананың сан босаға есігінен

Шежіре-тарих бойлап, самғап кетті:

 

Ақтабан шұбырынды сұламалы,

Жатады көз алдымда құлап әлі.

Ергізде естен шығып ұмытылмас,

Көз жасын көп бейбақтың бұлағаны.

 

Ол заман – ол да біздің зарымыз-ды,

Күтіп тұр қандай заман әлі бізді.

Ну орман көз алдыңда жалаңаш қап,

Сары бөз ұзатқандай кәрі күзді.

 

Кек жатыр, кеппеген қан, арым жатыр,

Кім соның байыбына барып жатыр.

Жетісу, Сарыарқа, Сауран, Тараз,

Алтай мен Еділ, Жайық, Нарын жатыр.

 

Жатады борай шаңдақ сөз басылмай,

Жата ма орай сөйлеп, сөз қашырмай.

Сыр жатыр, Арал өлді, өлтіргенбіз,

Құрғаған қара жердің көз жасындай.

 

Бұлт болып көкте шалғай жүрсіз неден?!

Дұғам бір, әулие, пір бір Сізбенен.

Маңғыстау, сені қайтем, жүрегімсің,

Кеудемде тарпып шауып, дүрсілдеген.

 

Көп қорым, Самның бойы сансыз адам,

Жем-Сағыз ол да жатыр тамшылаған.

Өр жатыр, Кеуде жатыр, Ой да жатыр,

Алысып ата жаумен қансыраған.

 

Ер Жалау: «Пай, шіркін!..» – деп, жерін сүйді,

Еңкеймес ешбір жауға, ерін сүйді.

Еске алып батырларын, бабаларын,

Табан ет, маңдайының терін сүйді.

 

Тағдырың бұлай бекер сызылмас-ты,

Бәрі де шаппақ болды біздің басты.

Бір жағың орман орыс, еділ қалмақ,

Бір жағың Хиуа, Жәуміт,31 қызылбас-ты.

 

Қолыңнан ұмытқан күн байрақ кетер,

Жүрген жоқ дұшпан тісін қайрап бекер.

Сары құм, сағана там, бестас қорық,

Тік тұрып, тілін тапсаң сайрап кетер.

 

Іздеме елсіз болсаң өмірден мән,

Шығады қабырғадан сөгілген жан.

Айтылды батыр менен ерлер кілең,

Мысалы, мың бір жорық, төгілген қан.

 

Осылай жыр төгілді, ақтарылып,

Жыршы сол, отыр, білем, таққа мініп.

Қасында әнші бала, күйші қара,

Кеткендей бір топ бұлбұл баққа кіріп.

 

Ер Жалау жыр мен күйге елітіп тұр,

Кеудесін кемел ойлап кеңітіп тұр.

Тал бойы оттай жанып, шоқтай қарып,

Көк тасын Самарқанның32  ерітіп тұр.

 

Ел кетіп, қанша қирап шаһар қалды,

Құлазып құм астында жатар мәңгі.

Шынында ұлттық өнер, жыр-шежіре,

Туатын қайраткер мен қаһарманды.

 

Бірінен-бірі өтіп, «Елім!..» – деді,

«Қыр-қырат, таумен тарғыл белім», – деді.

Ақ көйлек, қызыл күрең бешпент киген,

Адайдың шай құйып жүр келіндері.

 

«Мысалы, қайық батса кемеге сын,

Болғанда келін жаман, енеге сын...».

Абысын-ажынменен тату жеңге,

Әлпештеп әжем отыр немересін.

 

Қозғамас шөптің басын жел болмайды,

Жаман мен жақсы, сірә, тел болмайды.

Қазақтың қыздары – құт, намысы – сүт,

Ар кетсе етектіден, ел болмайды.

 

Уыздан жарымаса – ел жетімек,

Ер болмас елмен қатар келбеті кеп.

Көргенді иман, әдеп, ана мен жар

Қашаннан елге медет, ерге тірек.

 

Адал жар, ант пенен серт, делебеңіз,

Мысалы, қабырғаң мен керегеңіз.

Адал жар – Ай сәулесі, Күннің нұры,

Бақ пенен ырыс-дәулет келер егіз.

 

Арудың ақылдысы, данасы бар,

Ауыл-үй, ел билейтін шамасы бар.

Ұлтына уыз берген ақ төсінен,

Әркімнің алтын құрсақ анасы бар.

 

Бергендей таңға кезек біртіндеп қыр,

Бір шөкім бұлт көшіп жүр күркілдеп құр.

Самаурын салған оттан буырқанып,

Қақпағы жез құманның бүлкілдеп тұр.

 

Кім білген, дәурен – ғайып, күнің – көген,

Көген-күн көп сыр айтты бір үн менен.

Баяғы сән-салтанат ортайса да,

Ел ғой бұл ертеңінен түңілмеген.

 

Өмірдің өрмегі де, өрнегі де

Сол өнер, самала саз, төрде, міне.

Қазақтың ән – бесігі, күй – көңілі,

Ерліктің құндағы сол, жөргегі де.

 

Ұран сап жыр жырлаған ұлға қара,

Жер шұқып, жеміттелген құлға қара.

Өнерсіз өлі халық – қара тұлып,

Қара тас, қара тулақ, сұлба ғана.

 

Ақпа жыр ақ топан боп аққан сынды,

Топ жарып туды ұстап шапқан сынды.

Адайдың жыр мен күйі – аруанасы,

Боздаған Абыл, Нұрым, Ақтан33 сынды. 

(Ер Жалау бар керегін тапқан сынды).

 

Па, шіркін!.. Өнерлінің дабысын-ай,

Тең-құрбы таң асырды, жарысып-ай.

Қазақтың күй мен жыры – Күн мен айы,

Кім енді, сен болмасаң, арысым-ай.

 

Деп тұрды күнім шығып, бүрледім бе?

Мінеки, енді заман түрленуде.

Құрылды қос үкімет, патша құлап,

Ер Жалау көктен тілеп жүргенінде.

 

УАҚЫТША ҮКІМЕТ34 

(ҚОС ӨКІМЕТ)

 

Құлады Патша залым шалқасынан,

Шабылып өз желкесі балтасынан.

Құрылды қос үкімет, екі майдан,

Қан сасып, қарау ниет алқасынан.

 

Бір-бірін беттен алып сан қысқан жау,

Бітпейтін бас тамырын қан қысқан дау.

Мөлиіп таққа қарап, мөрді көріп,

Отырды Қос үкімет – аңдысқан жау.

 

Ақ патша құлағанша үндес еді,

Кіндігін небір ойдың түн кеседі.

Бір байдың бәйбіше мен тоқалындай,

Қолаң шаш – Қос үкімет, күндес еді.

 

Аударып бірін-бірі жығып көрді,

Көлденең көрге басын тығып көрді.

Сапырған сорпадай ғып бұқараны,

Қос күндес қос бүйірден сығып көрді.

 

Қаулы мен күнде бұйрық қайманаға,

Қу надан дау-дамайдан жай қала ма?!

Бір үйден Ақ пен Қызыл қатар шығып,

Қан төкті қарап жүріп айдалада.

 

Ақ қуды: «Қызылсың!.. – деп, – Жалауымды.

Қызыл жүр: «Өшірем, – деп, – алауыңды».

Жол таппай, ақыл таппай аһ ұрғанмен,

Құдайым қалай бермек қалауыңды.

 

Аямас Азия мен аймағыңды,

Сыпырар сүт бетінен қаймағыңды.

Толстов35  түгел қырып түбіңменен,

Бәлшебек өзі жұлмақ айдарыңды.

 

Қайсыған танытсаң да қырынқабақ,

Қапыда қазақ өліп, шырылдамақ.

Таласып ит пен мысық бір сүйекке,

Ал бізге екеуі де ырылдамақ.

 

Басыңнан берекелі байрақ кетпек,

Ел босып, ерден кие, айбат кетпек.

Күндікші күндіз келіп күлді шашып,

Түндікші түнде келіп айдап кетпек.

 

Екінің бірі дұшпан сыналап тұр,

Қашанғы енді бұған шыдамақ қыр.

Мысалы, жаудың оғы – мірдің оғы,

Жүректің тұсын көздеп, сығалап тұр.

 

Жалау да елмен бірге қуанған-ды,

Көшіріп келгендей боп ну орманды.

Көп ұзамай басталды көп арпалыс,

Үркердей үміт қашып, суалған-ды.

 

Жігіттік жатқызбайды жігерменен,

Тұрмыс сол тұсау салып шідерлеген.

«Жастардың басын қосқан «Бірлік» еді,

«Бірлікке» жастар да көп кірем деген.

 

Қа-жоса, қара қолат сай қарап тұр,

Желіден жетім құлын, тай қарап тұр.

Ағып түсті бір жұлдыз, атылған оқ,

Ел үнсіз, ер мазасыз, ай қарап тұр.

 

Аспанын Алты Алаштың мұнар шалды,

Тығылып көр ішіне құран салды.

Дүрбелең қырдың төсі, елдің көші,

Қызыл ту – бәлшебектер ұран салды.

 

Ерлердің есін алып ұршық қылды,

Әдеп, иман, дініңді тұншықтырды.

Жаңаның айтары жоқ, берері жоқ,

Ескінің көзін ойып, құртып тынды.

 

Бұл дала бұлағай жыр, дара мынау,

Қаратау, қаптың суы – қара бұлау.

Ақ орда күні кеткен, сықырлауық,

Аш бала, тоз текемет, жаралым-ау.

 

Білдірмес сырын сыртқа, жайын жатқа,

Үзілсе өз жұлыны, айыл батса.

Қылаң нар, күрең қызыл, зерлі жабу,

Көш кетіп қалған, білем, ғайып жаққа.

 

Жағалай жарқабақ тау, көп құз жатыр,

Жаңғырып жан дауысын жеткізді ақыр.

Сабы жоқ, шанағы бар бір домбыра,

Жел соқса жер төбелеп өксіп жатыр:

 

«Ер Досан, Иса, Сүгір қайда?!» – дейді.

Қос ішек: «Мені қайта байла!» – дейді.

Пернесі періштенің сазын салып:

«Жүрісің, ей, жолаушы, жай ма?!» – дейді.

 

Жолаушы жолай сөйлеп: «Бармын!..» – деді,

«Мен де бір жанған намыс, зармын», – деді.

Ер Жалау елден бөлек, ерден зерек:

«Досқа – дос, дұшпаныма тармын», – деді.

 

Бұл заман – алды үміт, арты кеңес,

Балақтан баспасын тек тартып егес.

Ақ патша, Ақ пен Қызыл Жалау үшін:

Аш өлген бір қазақтан артық емес.

 

Белгілі Қос үкімет ойың маған,

Қас дұшпан, қанағатсыз тойынбаған.

Қазақтың жон етінде ниетің тұр,

Кезек кеп Ақ пен Қызыл сойылдаған.

 

Қызылы – қанішерлеу, Ағы – мыстан,

Жері жоқ жауыздықтан жаңылысқан.

Арбасты Қос үкімет оратылып,

Ордалы жылан сынды шағылысқан.

 

Патшасы, Ақ пен Қызыл бәрі жылан,

Әлемге әлі де жүр салып ылаң.

Жаһандық жүйе құрған зұлмат қой бұл,

Аспайды тері қатса қалыбынан.

 

Бір кетіп, бірі келіп жатпақ болған,

Қазақты қоса қабат таптап болған.

Ақ келіп, Қызыл қашып қырғын болып,

Бір жолы Жалауды да атпақ болған:

 

«Банды ғой бұл, адайды аттырсын», – деп,

Не отқа, не теңізге лақтырсын», – деп.

«...Анау жыл атаң Шолақ36 , Досанменен

Патшаға қарсы шыққан, қасқырсың», – деп.

 

Атадан азып туса мін болады,

Көртышқан, көрген жері ін болады.

Атасы арға шапқан арлан болса,

Ер Жалау қасқыр болмай, кім болады?

 

Ерлерге елден басқа не міндет тұр,

Ел сосын: «Беглер менен Бегім» деп тұр.

Мысалы, өңкей текті – Алашорда,

Өзегін жарып қалсаң, «Елім!» деп тұр.

 

Сен оны кеш түсіндің, сорың қалың,

Ер жатыр, есебі жоқ, қорымда мың.

Алашты Ордасымен қосып шапқан,

Білді ғой ата дұшпан соның бәрін.

 

Патша қуған: «Досанды жақтадың», – деп,

Ақ та қуған, «Қызылды мақтадың», – деп.

Қызыл келіп қырғынды салып жатыр:

«Сен байсың, аша тұяқ сақтадың», – деп.

 

Түн езіп, ұлт санасын таң балталап,

Ән өлді, әнші кетті: «Жан қалқалап».

Бәрі жоқ алтынды зер, күміс бас ер,

Баяғы бай мен мырза, сән-салтанат.

 

Тек қана көкте Құдай шебер білген,

Өтерсің әлі, қазақ, нелер күннен.

Алда тұр не зобалаң, қуғын-сүргін,

Халықтың хабары жоқ келер күннен.

 

«БІРЛІК» ҰЙЫМЫ

Шашылған, бірлік кетіп ырысымыз,

Тарылған тар қапаста тынысымыз.

Өткеннен сабақ алмай қойдық, сірә,

Әлі де бір емеспіз дұрысы біз.

 

Аз тұрып, көп сынайды дәуір деген,

Жан – аза, жүрек дертті, жауыр – денем.

Жең сөгіп, жаға жыртып, шалып түсіп,

Жатырмыз бірге құлап бауырменен.

 

Біз содан арылмадық, тіктелмедік,

Бір мақтан әр кеудеге біткен желік.

Қазақты жау өлтірмей, дау өлтірді,

Отауын әркім теріс тіккен келіп.

 

Жас біткен жалын құшып, «Бірлік»1 деді,

Тел өскен тең құрбыдан сыр бүкпеді.

Өлкенің жастарына жол сілтеген,

Бұл да бір амал еді тірліктегі.

 

Ел ғой ол таусыла ма жетпес жері,

Бірін дос, бірін туыс, тектес деді.

Сол Жалау аз ғұмырда көп жүгіріп,

Ел үшін кімдерменен беттеспеді.

 

Хан болсаң – қадірлі бол салтыңменен,

Өлшеме ұлттың құнын алтынменен.

Мінез бен білім керек бүйткен іске,

Намыс пен жүрек керек, «Халқым!..» деген.

 

Бұл жалған қайырмасыз бір ән демек,

Қанатын қақпай ұшар қыран керек.

Ұл керек, Ұлттан басқа арманы жоқ,

Қайтпайтын жігер менен шыдам керек.

 

Ер Жалау дәл осылай жол бастады,

Жол емес, қосын құрып, қол бастады.

Қайраулы қылыш еді сол бір жастар,

Жалаудың жаны туыс жолдастары.

 

Жорытқан жолбарыстай батыр – Жалау,

Білім мен өнерліге жақын – Жалау.

Мінезді, сөзге шешен, іске батыл,

Мәшһүр боп кең түбекке жатыр Жалау.

 

Қайыспас қара нардан қалған екен,

Тамырын терең салған талдан екен.

Аранға өзі келген ақбөкенім,

Дүние өтті-кетті, жалған екен.

 

Аралап жол көрсетіп бар қыстауға,

Жеті жұт жетіп алған әр қыстауға.

Өз ұлтын өмірінен қымбат көрген,

Бір ұл жүр Жалау атты Маңғыстауда.

 

Шоқ жұлдыз шоғырланып жиналғандай,

Па, шіркін, әдеп қандай, иман қандай?!

Жолығып айтқан сөзге құйма құлақ,

Ел десе ет пен жүрек қиналғандай.

 

Сыңғырлап өте шықты сырғалы бақ,

Кірпігін көз жасына бір малып ап.

Ат ізін ұрпағына мұра қылған,

Ел едік ұшқан құстан жылдамырақ.

 

Бұл күнде құлан құлап, шыңғырғандай,

Білгенін әркім айтып жыр қылғандай.

Сөзіңді кім тыңдайды сенен ығып,

Жауыңа не күшің бар қыр қылғандай?!

 

Алты Алаш – намысым бір, арысым дүр,

Біреу ел, біреу енді жан үшін жүр.

Ер Жалау елді кезіп, жерді кезіп,

Жел-құйын сағымменен жарысып жүр.

 

Тілдесіп туған жердің самалымен,

Із кесіп заманымен, амалымен.

Мысалы, қанатымен қаусырып жүр,

Ен қазақ есіл жұртты талабымен.

 

Біреулер: «Бір кәдеге жарар», – деді,

Біреулер: «Бес күн жүріп тарар», – деді.

Бір ұйым өз күнінде «Бірлік»  деген,

Білгенге келер күннен хабар берді.

 

Жатса да, жатпаса да халық біліп,

Өңкей жас жанған отқа жанып кіріп:

Тасып жүр осы «Бірлік» дәрі-дәрмек,

Тасып жүр осы «Бірлік» азық-түлік.

 

Қарағай, бұл – «Бірліктің», бірі – қайың,

Білімсіз білмес, сірә, түктің жайын.

Бұқара көп қазақтың сөзін сөйлеп,

Ыңғайын көрсетіп жүр істің қайым.

 

Біріне кәсіп беріп, маман қылды,

Ал бірін ертіп жүріп, адам қылды.

Бірімен қанаттасып, қатер кешіп,

Ел үшін басын тігіп, қадам қылды.

 

Жөн сілтеп тентек пенен қырсығына,

Бұл «Бірлік» білген жанға бір шұғыла.

Бір уыс астық тапса елге беріп,

Жүрегін жамау ғып жүр жыртығына.

 

Алқымнан алып, заман, иектедің,

Жоқ еді, қаным таза, сүйекте мін.

Қорғап жүр саясаттың шеңгелінен,

Бұл «Бірлік» жаудың біліп ниеттерін.

 

Өз ұлың – өзің қонған айдының ба,

Тастамас текті құлын қайғы-мұңға.

«Бірліктің» – «Алаш Орда»2  түпнегізі,

Қорғаның, қолдаушың да, айбының да!

 

«Ел болмай енді біздер жатпаймыз» – деп,

«Жаттық сол, қайта таң боп атпаймыз» – деп.

Қоқанда ер Мұстафа қол бастап жүр:

«Түркінің дербестігін сақтаймыз», – деп.

 

Ой кезіп, оңашада септеп болып,

Асықты асыл ерге жетпек болып.

Жалау жүр соның бәрін ішке түйіп,

Қоқанға сапар шегіп кетпек болып.

 

Жауменен майдан кешіп тұрысармыз,

Су кешіп, суыт жүріп құрысармыз.

Жүрегің жүз тараптан «Халқым!» деп тұр,

Ер Жалау, сені қалай ұмытармыз?

 

ҚОҚАН  АВТОНОМИЯСЫ3 

Мұстафа Шоқай еді ұлттың ұлы,

Білмеуі мүмкін бе екен жұрттың мұны?

Қадірін кеш білген соң ер жігіттің

Болмайды берекет пен құттың құны.

 

Қоқанда бұл Мұстафа қол бастады,

Мынау іс Мұстафасыз болмас тағы.

Ен алаш, дін-мұсылман жамиғатпен,

Түркіні түбі бірге сол бастады.

 

Уақытша халықтық деп кеңес құрды,

Өкімін үкімет қып теңестірді:

«Түркі тілдес түгел бол, атқа қон», – деп,

«Дербеспін!..» – деп, Қызылды егестірді.

 

«Түркістан автономдық үкімет», – деп,

Әліптің артын бақты күтіп ептеп.

«Түркістан ұлттық кеңес – үміт алда,

Алты Алаш, түгел Түрік, шүкір ет», – деп.

 

«Мұстафа Шоқай деген бір сұм», – деді,

«Қоқанның аямаңдар жұртын», – деді.

Ресей... Комиссарлар кеңесінде:

«Таратып, бұл ұйымды құртың!» – деді.

 

Егесіп бәлшебегің түйілген-ді,

Ақырып азынаған үйір келді.

Арманда кеткен жанға кім араша,

Алаш пен «Алаш Орда» күйінген-ді.

 

Алаштың зиялысы қандай еді,

Өңкей бір жарқыраған маңдай еді.

Ой айтқан озық сөйлеп заманынан,

Әрқайсысы бұлбұл көмей, таңдай еді.

 

Даланың көп зиялы, мия бағы,

Бұл күнде ел есіне жиі алады.

Зиялы – бір-бір елдің патшасындай,

Қазаққа оны қалай қия алады?

 

Не жазды «Алашорда» қинағандай,

Жарық күн, жалғаншыға сыймағандай.

Үркердей тобыменен алып кетті,

Алқаптан масақ теріп жинағандай.

 

Қызыл Ту Қызыл Кеңес жым қылады,

Жүр, міне, сонда салған шынжыр әлі.

Қазанда4  қан төгісіп билік алған,

Бәлшебек белден басып сындырады.

 

Сенген бар, сенбеген де не демексің,

Сен де бір күйік қаққан көбелексің.

Әлсіздің сөзі зая, өзі құрбан,

Тұз жалап іші күйсе өле кетсін.

 

Мінеки, жаудың ойы жағаласқан:

«Қаймана, қайсақ, – дейді, – абаласқан».

Көргенің қорлық пенен зорлық болды,

Жерің жоқ одан артық бағаң асқан.

 

Қызыл мен Ағы бар ма, патшасы да,

Жас пенен жасамысы, қақбасы да.

Осылай шірік кеуде – Империя,

Мөр басқан санасының тақтасына.

(Әрқайсы – бір-бір батпан, бас-басына).

 

Ту алды Қызыл Кеңес қанға жуып,

Келеді «Орақ орып, Балға» қуып.

Байқамай жел жағынан өтіп кетсең,

Атады «Ата жау!..» деп, таңға жуық.

 

Көн етік, көк сүрме мен бөрік жүрді,

Біреуді-біреу аңдып, өріп жүрді.

Есіл ер Мұстафадай күнде тумас,

Бәрін де сезіп жүрді, көріп жүрді.

 

Бәлшебек бәле іздеп еніп жүрді,

Мұстафа білімменен жеңіп жүрді.

Ілдіріп Қызыл Туды Қызыл Кеңес,

Қолтығы қорқаулардың кеңіп жүрді.

 

Күл кешіп, шоқ қарыған табан болды,

Қызылға қырдан серік надан болды.

Шыжғырып жүрегіңді, шырылдатып,

Бұл заман бұрынғыдан жаман болды.

 

ҚОҚАНҒА САПАР

Желтоқсан айында Қоқан қаласында жұмысшы, солдат және мұсылман депутаттарының бірінші төтенше съезі шақырылды. Осы съезге қатысу үшін Қоқан қаласына Жалау Мыңбаев бастаған Маңғыстау уезінің делегациясы да келеді. Ж.Мыңбаев бастаған маңғыстаулық делегаттар автономия басшыларымен кездесіп, Маңғыстау уезінің жаңа үкіметті (Түркістан автономиясын) танитынын, сондықтан оның құрамына кіру ниеті барын жеткізеді. Осының өзінен-ақ маңғыстаулықтардың әуел бастан-ақ большевиктерге бүйрегі бұрмағанын дәлелдеп жатудың қажеті жоқ. (С.Д.)

 

Өлкеден мынау келді, анау келді,

Қарағай-қайың менен қадау келді.

Шақырып шұғыл съез Қоқан жаққа

Маңғыстаудан Мыңбаев Жалау келді:

 

«Съезден ашық пікір жолдаймыз», – деп,

«Дербес төр, шаңырақсыз болмаймыз», – деп.

«Түркістан автономдық үкіметі –

Жергілікті билік сол, қолдаймыз!» – деп.

 

Ер Жалау елден сәлем жолдап шықты,

«Ел!..» деген ер біріксе болмақ мықты.

Әуелден өз пікірі, келбеті бар,

Маңғыстау Мұстафаны қолдап шықты.

 

Таппайтын әр нәрсені ұқпай тыным,

Ел-жұрты ер Жалауға ықтайтұғын.

Ер Жалау шындығында бәлшебектен

Сездірді бойын аулақ ұстайтынын.

 

Жалауды жарбай күндеп, көз бағып жүр,

Мысалы, ақ торғынды бөз бағып жүр.

Не десін одан артық, қайран, Жалау,

Андыздап ата дұшпан, сөз бағып жүр.

 

Құшағын «Алашым!..» деп керген Жалау,

Ізінен асыл ерлер ерген Жалау.

Қызылдың мөрін алып, төрін алып,

Алашқа өз жүрегін берген Жалау.

 

Қайтеді, одан басқа амалы жоқ,

Сор кешті сонда да ол жалалы боп.

Алаштың арыстары мұңын шақты,

Ер Жалау арқа сүйер қамалы боп.

 

Қазақ тіл – ана тілім, тілім бал деп,

Білгенге осы тілде ілім бар деп.

Міржақып «Ана тіл» боп зарын айтты

Жалауға «сенен басқа кімім бар» деп.

 

Алдағы күндер еді мұның бәрі,

Болар да тағдырына сызылғаны.

Ендеше, Қоқан жайлы сөз айтайық,

Белгілі бұл заманның бұзылғаны.

 

Көп жансыз Ақ пен Қызыл қарсақ сынды,

Құлағын көп қайшылап, шаршап тынды.

Әр жерден мен мұндалап қанды қақпан,

Сонымен шұғыл съезд тарқап тынды.

 

Тұранды, келді кезіп құба қырды,

Бұл өзі таусылмайтын бұла жыр-ды.

Қоқаннан батыр Жалау елге қайтты,

Тіс жармай, жол-жөнекей дұға қылды.

 

Шайнаулы талай ердің қос бармағы,

Ит үрсе, шағал шулап бос қалмады.

Бір Алла, әулие, пір, иманнан – нұр,

Қазақта содан басқа дос қалмады.

 

Жаратқан, жанның сырын сен білесің,

Айтайын оның тізіп енді несін?!

Жүректе бір патша бар, үміт деген,

Сенім мен үміт туы желбіресін.

 

Қырық жыл қырғын болса өлмей кеткен,

Өзгеге өр намысын бермей кеткен.

Кешегі батыр бабаң, асыл жаран,

Қылышын құласа да сермей кеткен.

 

Болады қайда да сол ер істі деп,

Бірде – оң, бірде заман теріс-ті деп.

Өлім кеп өңеш керіп тұрса-дағы,

Ұрпаққа бата қылған, жеңіс тілеп.

 

Көрмедік бас алғанмен, тіл кескенді,

Өксіді, өзек кеуіп, ілгектенді.

Осылай Жалау ойлап, жаны күйіп,

Күрсініп кең даламен тілдескен-ді.

 

ҚОҚАНҒА ЖАСАЛҒАН ШАБУЫЛ

Мерт қылды ердің сойын сайлап жатып,

Күлісті көзін ойып, байлап жатып.

Қоқанға оқ боратты бәлшебектер,

Орады өрт пен дертке айлап жатып.

 

Сөз тәтті, ісі қатты сылаң келді,

Ой мен қыр, ел ішіне ылаң келді.

Қауіп сол қайдан болса, қатер содан,

Пиғылы бәлшебектің қылаң берді.

 

Теңдік жоқ, темір құрсау мұныңыз да,

«...Изм»-нің Қызыл тулы құлымыз ба?!

Қоқанға қолын салды қыл сағақтан5, 

Қапыда қан құстырып ұлымызға.

 

Жем болып жесір жатты, жетім жатты,

Босқан ел бас сауғалап кетіп жатты.

Осы ма «бұқарашыл» бәлшебегің,

Саудырап сүйек қалды, етім қашты.

 

Бәлшебек дінге қарсы, ділге қарсы,

Салт-дәстүр, әдет-ғұрып, тілге қарсы.

Мысалы, иманы жоқ, Алласы жоқ,

Бұл сонда кімдерге дос, кімге қарсы?

 

Өзің мен өзің жүрсең, «жансыз» дейді,

Сын айтсаң: «...дұшпансыз, ал сіз» дейді.

Ауыл мен тұтас елді қыра салар,

Бәрібір көмусіз қал, тамсыз мейлі.

 

Тығылсаң, «мынау банды қайсың?..» дейді.

Білмесең, «сен осыған сайсың» дейді.

Шын айтсаң, «құйыршық» деп қуалайды,

Іс жасап, мал жинасаң, «байсың!..» дейді,

 

Түн демей, күндіз демей жиып жатты,

Қызғыш құс қыршын көрсе қиып жатты.

Әйел-қыз, жас пен кәрі, ұлттық сана,

Қалыпқа қайта жасап құйып жатты.

 

Ел іші талқан болды тартыспенен,

Әуре боп ақ пен қызыл әр түспенен.

Балалар қызыл жалау – қарғы тағып,

Атасы Ленин болды, Маркспенен6. 

 

Текті мен асылдарды теріп берді,

Бәлшебек батпан болды, керіктенді.

Коммунист бәрін дұрыс айтады деп,

Сақшы мен сатқындарға ерік берді.

 

Жік шығып, жерден мынау көгердім деп.

Жас шықты, «комсомолмын, өренмін» деп.

Сталин мұртын майлап о да жатты:

«Кезегім келген күні көрермін», – деп.

 

Бай-манап кеткен дейді аттап елді,

Түгел сөз кедей-кепшік тапқа келді.

Сталин Ленин шалдан құтылған күн,

Қан іздеп, шөліркеніп таққа келді.

 

Ол енді әлі алда болатын жай,

Кер Кеңес қызыл қанға толатын жай.

Қаңғырып біздің халық аштан өліп,

Көлденең көр түбіне қонатын жай.

 

Сөйлейік рет-рет, баянымен,

«Қаймана қазақ, – деді, – жаялық ең».

Дүние доптай болып дөңгеледі,

Зұлматтың басы қайсы аяғымен.

 

«...Мынау ел – бір жабайы, тентек», – деді,

«Мен ұрдым, енді, міне, сен, теп!..» – деді.

Көзіңді күлсалғыш ғып, отпен шұқып,

Сөзіңді жерге тастап жентектеді.

 

Ақ патша ол да бір кез атып кетті.

Ақ келді, қаныңыздан татып кетті.

Жау жасап түгел түркі, мұсылманнан,

Тау жасап, сүйегіңді шашып кетті.

(Қызыл кеп молаңды да ашып кетті).

 

Бұл енді келер күннің әңгімесі,

Әр сөздің шығасы мен бар кіресі.

Әзірше Қоқан жайын сөз қылайық,

Қасқаның қан-жоса боп қалды несі?

 

Орталық комиссарлар шошып жатты,

Қолайлы сәтін күтіп, тосып жатты.

Басына Мұстафаның ақша тігіп,

Ізінен ит пен құсты қосып жатты.

 

Ай жүрді ер Мұстафа, апта жүрді,

Көз таса, көңіл қамсау жақта жүрді.

Жер басар қара жерде орын болмай,

Қайран ер қапаланып шаққа жүрді.

 

Ой менен таң атырды Жалау бүгін,

Жүрегі ар мен намыс, талаулы мұң.

Қоқаннан ер Мұстафа Шоқай келмек,

Оған да қалды, міне, санаулы күн.

 

Қайда да қансыраған ел бедері,

Заманның көзі соқыр, шел деп еді.

Орынбор, Орал, Торғай, Үйшік-Жайық7 

Үстімен Маңғыстауға келген еді.

 

Қара жол қашқан ерге алыс, сірә,

Көрінді көзге өлім, жан ышқына.

Теңізде кеме мінген шен мен шекпен,

Күн бермес қайықшы мен балықшыға.

 

Көп пиғыл, көлденең сөз, ала-құла,

Ерлердің итсіз болмас балағы да.

Әйтеуір, келіп жетті Маңғыстауға,

Мұстафа діттеген ер Жалауына.

 

Ауған жұрт, ашыққан ел сордың бәрі,

Кімге-кім қарағандай ол жылдары.

Ақмешіт8  – ақ Бекеттің басқан жері,

Жем-Сағыз, Желтауменен9  қол бұлғады.

 

Тілектес Есен-Түлей, Сыңғырлауда10, 

Шыңырау әйкелменен бір-бір қауға.

Тілектес үстірт пенен Самның11  құмы,

Бола ма соның бәрін жыр қылмауға.

 

Қаратау, Жаңғақты мен Шағадамды,

Қорғар да Құдай өзі ақ адамды.

Айтыман12  Мұстафаны жиен көріп,

Жолына жолаушының қараған-ды.

 

Ай жүріп, апта жүріп, жасқалайды,

Түскен соң ер Мұстафа басқа қайғы.

Самсаған сансыз боздақ, Әулие кіл,

Тілегін жолаушының тастамайды.

 

Маңғыстау – қанағат па, қағанат па,

Қалдырмас Хақтың құлын жаманатқа.

Маңғыстау – ант пенен серт, алысқан қол,

Қиянат жасамайды аманатқа.

 

Сенімін сертті күннің ақтай білді,

Күзетіп күндіз-түні жатпай жүрді.

Маңғыстау Мұстафаға қорған болды,

Ер Жалау есіл ерді сақтай білді.

 

Мұстафа – Алашымның асылдары,

Ертеңнің егілген гүл, жасыл бағы.

Аллаға бәрі аян жердегінің,

Ерлердің қадірін біл қасыңдағы.

 

Ақ болмай, әділ болмай – бекерсіз,

Келген соң, кең жалғаннан кетерсіз.

Ер Жалау – ел қорғаны, ер қорғаны,

Бұл күнде қалай көрмей өтерсіз.

 

Дәуірдің оңы менен солы болмақ,

Жалғанда ақ пен қара толы болмақ.

Кешегі ер Жалау мен «Алаш Орда»...

Ұмытқан елдің қалай жолы болмақ.

 

Түсінер арғы тегі құл болмаса,

Ар-иман кісіліктен тұл болмаса.

Бұл тарих өзі келіп сыр ашпайды,

Іздейтін әкелерді ұл болмаса.

 

Білмесең ер қадірін сорың делік,

Ел болсаң, ерді сыйла жолын беріп.

Маңғыстау Мұстафаны күтіп алды,

Ақ шағыл, ақ төрінен орын беріп.

 

Сонымен Маңғыстауға келген М.Шоқайды елдің бетке ұстар игі жақсылары – О.Көбеев, Ж.Мыңбаев, Ш.Кендірбаев, Қ.Жаншуақов, Ш.Бекназаров, О.Иманғазиевтар қарсы алып, құрметтің бар түрін лайықты етіп көрсетеді. 

 

 МАҢҒЫСТАУДАН  АТТАНУЫ

Болмайды жау болған соң жарасыз жан,

Қай жаққа тартып енді барасыз дәм.

Арқадан арқар ауар жайсыз болса,

Ер кетер елден шалғай, шарасыздан.

 

Ай туды темірқазық, үркерменен,

Әр көзде бір-бір үміт жүр сөнбеген.

Ақтүтек ала боран – заман деген,

Адамзат – бір жолаушы бүрсеңдеген.

 

Тар жерде тағы тұрсың енді міне,

Кім бастар осындай да елді, міне?!.

Ішінде әр кеуденің бір жүрек бар,

Көнбейді тең болмасаң, кемдігіңе.

 

Ел жүгін хан мен қара бір жүктемек,

Әлсізді күшті келіп жүр нүктелеп.

Сұқтанып сұрапылдың дауылы тұр,

Айтармыз мұның бәрін жыр ғып бөлек.

 

(Жалғасы. Басы өткен сандарда)

 

Қас жауға қол ұсындық аяп жүріп,

Қандасқа қара қанжар таяп жүріп.

Қанаты сауысқанның ала болды,

Қастасып бір-бірінен саяқ жүріп.

 

Жау соны пайдаланып, жағаласты,

Ал содан сенің қандай бағаң асты?!.

Мұстафа: «Түркі тілдес түгел бол», – деп,

Саудаға салды, міне, қара басты:

 

«Түбі бір тәуелсіздік аламыз», – деп,

Сәт келер, бір амалын табамыз», – деп.

Сенген ер, семсері бір, ертеңі бір:

«Ел үшін, елден кетіп барамыз», – деп.

 

Жоқ еді қонақ десе өңірде мін,

Болмады жақсылардың төрінде кім.

Оспан мен Отарбайлар1 қонақ қылып,

Көрсетті көп азамат көңілдерін.

 

Шежіре-тарих қоздап, тамсандырды,

Осыны бұл Мұстафа аңсап жүрді.

Күзетші кірсе кіріп, шықса шығып,

Жолына Мұстафаның шам сап жүрді.

 

Бүр жарып әр кеудеде бүршік қалды,

Жүректі сансыз арман шымшып мәңгі.

Күрең саз күй мен жырдан таң асыра,

Балқыған қорғасындай бұлт шықтанды.

 

Басына Айтыманның бара сала,

Іріккен жолаушыны, жараса ма.

Содан соң Жалау бастап, ерлер қостап,

Сойдырды боз биені садақаға.

 

Үш жүздің баласы едік тілегі бір,

Мысалы, жүрегі бір, білегі бір.

Айтыман әулиеге дұға қылды,

Әсем там, әйкел құдық, сілемі қыр.

 

Назар сап көктен төмен Хақ тұрғандай,

Қонам деп, қыдыр кезіп бақ тұрғандай.

Алашты Әулиеге аманаттап,

Мұстафа жылап тұрып тапсырғандай.

 

Кең дала, кербез ұлдың ойы сырлы,

Сай-сала, сайын белдің бойы сырлы.

Тербеліп жусан басын шайқап жатыр,

Бетеге белін ұстап шойырылды.

 

Түбекте неше би мен тақтақ жатыр,

Жол күтіп жон арқасын қақтап жатыр.

Көзінен Мұстафаның тамған шықты,

Тарғыл тас таңдайына сақтап жатыр.

 

Алтықұлаш2 әулие мынау тұста,

Қараман, Сейсем3 жатыр, сонау тұста.

Үш жүз алпыс әулие кіл тілекші,

Адам түгіл, аң менен ұшқан құсқа.

 

Ер Бекет, Шопан4 атам қарап жатыр,

Есболай, Ер Есет пен Барақ5 жатыр.

Шығарып саламын деп молда торғай,

Қанатын, қауырсынын тарап жатыр.

 

Балбалтас жүресінен бүгіліп тұр,

Бор таулар, босай жаздап, үгіліп тұр.

Жол бастап құба құйын, қара қаңбақ,

Еліріп елден бұрын жүгіріп тұр.

 

Ерлерім бөліп жеген жарты құрт тұр,

Атан нар: «ал, жүрдік!..» деп, қарпынып тұр.

Аспанға атқан оқтай көк қаршыға,

Көкмойнақ үйірімен тарпынып тұр.

 

«Қош!» – деді, жүргіншіні ірікпеді,

Жол қиын, бәрі де тұр біліп тегі.

Ақыры Ашхабадқа Жалау кетті,

Ізінде Мұстафамен жігіттері.

 

Ен адай құшақтасып қол алуда,

Мұстафа маңдай түзеп, жол алуда.

Ер кетті үмітпенен жер шетіне,

Түбінде жеңіспенен оралуға.

 

Шыққан жоқ, бәсеке-бақ, талас үшін,

Сенімнің ерге біткен қара, күшін!

Қос бөрі қол ұстасып жолға шықты,

Болашақ Тәуелсіз Ел – Алаш үшін.

 

Алашты қаралатты, қара жапты,

Көк ит кеп, көп ішінен дара қапты.

Сол жолы қос бөрінің жүрегінде,

Бүгінгі Тәуелсіздік бара жатты.

 

Бұл да бір белес пенен асу сынды,

Тәуелсіз алға қадам басу сынды.

Тар заман талай ерді сынайды әлі,

Иненің көзіндегі жасу сынды.

 

Найзағай көктің жүзін тіліп кетті,

Немесе көкке туын іліп кетті.

Қос бөрі қоңыр қырдың жиегімен,

Ақ сағым, сары құмға сіңіп кетті.

 

Ашхабад, Баку асып ары кетті,

Алаштың тал бойында зары кетті.

Мұстафа алғыс айтты ер Жалауға,

Қазақтың жүк көтерген нары кетті.

 

Ұсталып ағылшынға Жалау қалды,

Еріккен интервентке талау қалды.

Ақталып Ашхабадтың түрмесінде,

Әр күнін, бір ғасырға санау қалды.

 

Ағылшын интервенттер сынап бақты,

Кінәсін: «Қызылсың!..» деп бір-ақ тапты.

Сан көрген зұлымдықты, абақтыны,

Ер Жалау неде болса шыдап бақты.

 

Кейін сол: «..интервентсің... Адастың» деп,

Ағылшын жаумен ауыз жаластың?!..» деп:

Жабысты ер Жалауға Голощекин,

Сан мәрте: «...Мұстафашыл, ...Алашсың!..» деп.

 

Сонымен солай болды ақтың күні:

«Бай жаман... кедей жақсы..» – таптың мұңы.

Қайран ел көлеңкеңнен өзің қорқып,

Білсең де білмеген боп жаттың мұны.

 

Ер Жалау ебіл-себіл жандасып жүр,

Нұр тамған ақ жүзінен қан қашып жүр.

Таласып тақ пен мөрге – Ақ пен Қызыл,

Шартарап дүниені шаң басып жүр.

 

ҚЫЗЫЛ ФЛОТ

 

1919 жылдың 1 мамырында Фортты Қызыл Флот күтпеген жерден басып алды да, 16 мамырда Кеңестердің уездік съезін ашты. Съезге 44 делегат қатысты. Осы съезд бірауыздан Маңғыстауда Кеңес Үкіметі орнағанын рәсімдеді.

Жалау Мыңбайұлы – Адай уездік ревкомының төрағасы.

(Адай ревкомының мәжілісі, 06.05.1923)

Тыңдалды:«Адай уезіндегі байланыс органын ҚАКСР құрамына қосу туралы Ж.Мыңбаев Орталыққа ұсыныс жасағаны жөнінде хабарлама жасады. Мұның артынша байланыс органын ұстауды өз құзырына алатыны туралы Халком кеңесі қаулы алады. Халком Кеңесі өтінішпен РКФСР-ге шықты. Мәскеу оны бекітті. Енді адай уезінің алдында пошта бөлімшесін ұйымдастыру және оны Халком Кеңесіне хабарлау ғана қалып тұр. Содан кейін ол қаражат жібереді».

 

Қаулы: «Қазхалкомкеңесіне жеделхатпен шығып, Фортта алтыншы класты пошта қажетті Штаттық қызметкерлермен бірге ашылғандығы хабарлансын».

Адай уездік ревкомының төрағасы.

 

СЕНІМ ҚАҒАЗЫ №3360

Бір мың тоғыз жүз жиырма үшінші жылдың 17 қазаны күні Адай революциялық комитеті, оның төрағасы Жалау Мыңбаевтың атынан сенім көрсетіп, ж. Мырзағали Әлібаевты РКФСР Оңтүстік-Шығыс азық-түлік комиссариатының арнайы өкілінің көрсетуімен немесе Терек губазық-түлік комитетінен Адай уездік азық-түлік бөлімінің әлі де алып болмаған Терек губазық-түлік комитетінің 1923 жылғы 28 шілдедегі №8692 қатынасына сәйкес: 7848 (жеті мың сегіз жүз қырық сегіз) пұт ұн және 840 (сегіз жүз қырық) пұт бидай, сондай-ақ, адай уездік азық-түлік комитетінің өкілі Д.И. Поповтың №288040 өткізу қағазы бойынша Терек губазық-түлік комитетінің №4 Прикумск дайындау кеңсесіне жіберген 285 (екі жүз сексен бес) бос қапты алып келу үшін өкіл етіп іссапарға жіберді.

 

Адай уездік ревкомының төрағасы 

Ж. Мыңбаев.

 

Мандат №3361

Осымен Адай уездік ревкомының өкілі  Мырзағали Әлібаев адай уездік ревкомының 1923 жылғы 18 қазандағы №3360 сенім қағазы бойынша Терек губазық-түлік комитетінен немесе РКФСР азық-түлік халық комиссариатының арнайы өкілінің көрсетуімен астық тауарларын алуға Солтүстік Кавказға іссапармен жіберілді. Ревком барлық мемлекеттік және жекеменшік мекемелер, лауазымды адамдардан жол, Әлібаевқа алған астық өнімдерін Форт-Урицкийге тасымалдап жөнелтуіне көмек көрсетуді сұрайды.

 

Әлібаев жол. қолы ...........................

Әлібаев жол. қолы мөр басу және қол қою арқылы куәландырылды.

Адай ревкомының төрағасы

Ж. Мыңбаев

 

«...Осындай шұғыл да шешімді іс-әрекеттердің селбеуімен өлке аумағында аштықтың салдары бір жылға жетер-жетпес уақыттың ішінде толықтай жойылды. Жер ауып кеткен босқындар елге қайтып орала бастады. Елдің жергілікті өкіметке деген сенімі нығая түсті».

---*---

Жоғарыда келтірілген қысқаша (үзінді) мәліметтердің барлығы Сейсен Демеубайдың «Жалындап өткен жас ғұмыр» атты еңбегінен алынды.

Автор

 

Түбекке Қызыл флот «Кеңес» келді,

Көп кезген дүниені елес келді.

Бағытын біліп болмас, жүріп болмас,

Ұйытқып ұлт басынан жел ескен-ді.

 

Бәлшебек қызыл жалау тақта тұрды,

Дүние астан-кестен шақта тұрды.

Өз ұлтын сақтау үшін есіл Жалау,

Өрт кешіп, шоқты басып сапқа тұрды.

 

Жесір қап, жетім жылап жасын жұтқан,

Бұл заман талайлардың басын жұтқан.

Арқалап ерлер шықты нардың жүгін,

Қара нар қайыспайды асылдықтан.

 

Көрсетіп көктен түскен кие кімде,

Кетік тұр кербез қырдың иегінде.

Күзетіп туған елдің қас-қабағын,

Жалау тұр жарқабақтың жиегінде.

 

Алланың бір есебі бар да шығар,

Асыл ер, арда құнан, нар да шығар.

Өкіріп өрге жүрсе өгіз өлер,

Шегініп артқа жүрсе арба сынар.

 

Ояу тұр қара түнде жалғыз адам,

Ойлыға бұл заманның алды жаман.

Ерлер тұр қабырғасын санап беріп,

Елің тұр естен танып қалжыраған.

 

Жай түсіп жаралап жүр, жанға мәнсіз,

Мысалы, кеш те кермек, таң да сәнсіз.

Ел босып бірте-бірте сетінеп жүр,

Аш құрсақ, халық қамсыз, қамба дәнсіз.

 

«Ер болса, ол да жалғыз оқтық» деген,

Бір жұттық, мал мен мүлік, тоқтық» деген.

Кедейдің кеңірдегін тастай салып,

Байлардың басын жұтты жоқтық деген.

 

Аң күлді адам деген қас екен деп,

Кеудесі кек пен бүлік, жас екен деп.

Қол жайды: «арпа-бидай ас екен» деп,

Қор болды: «алтын-күміс тас екен» деп.

 

Кезіп жүр Баку менен тас қаланы,

Ашхабад, Орынбормен бас қаланы.

Сол күнде Жалау бастап ерлер шықты,

Қамдаған қара қазан, жас баланы.

 

Кездесті қасқа төбел, аласымен,

Өзге дін, өгей ұлттың баласымен.

Айқасты тістімен де, істімен де,

Кездесті Алашымның данасымен.

 

Үлкенге ізет қылды, ағалады,

Кішіге жол көрсетіп, тағалады.

Сын айтып, сылып тастап кемшілікті,

Сыр айтып, ердің құнын бағалады.

 

Өлшенер елді сүйсең жан мен бағаң,

Біледі әділ патша, хан мен қаған.

Бәрі де қабат келіп, Жалау жүрді,

Өндіріс, шаруа жайы, заң мен заман.

 

Біреулер жаттан келіп басынып жүр,

Мылтығын Ақ пен Қызыл асынып жүр.

Екі оттың арасынан жол табам деп,

Ер Жалау – аққан жұлдыз, асығып жүр.

 

Табысып мырзасымен, сараңымен,

Тұз беріп, астық алды қанарымен.

Өз малын шаруа сатып, тұрмыс түзеп,

Бой түзеп, азырақ күн таранып ең.

 

Жан бітіп кең түбектің саласына,

Ес жиып, ел тұрақтап даласына.

Отпантау ұран-оттан шырақ жағып,

Ұстатты Жалау атты баласына.

 

Ас салып алты малта дорбасына,

Мінгізді жолай жүйрік, жорғасына.

Сол шырақ ер Жалауға жарық сыйлап,

Алаштың алып барды Ордасына.

 

Екінші бөлім

 

ЖАЛАУДЫҢ ЖАЛЫНЫ

 

«...Менің ойлап-ойлап тапқаным – Жалау жолдас, сен болдың. Сен өкімет басындағы ақсақалымыз едің. Сен нағыз қазақтың бел баласы едің».

Міржақып Дулатов

 

«...Бұл кезде «ақсақал» деп отырған  Ж.Мыңбайұлы бар болғаны 34-те екен. «Қой асығы демеңіз, қолыңа жақса сақа қой. Жасы кіші демеңіз, ақылы асса, аға қой» деген осы да.»

Дихан Қамзабекұлы, ҚР ҰҒА академигі

 

Желтоқсан жер түбінен зіркілдеп тұр,

Құлазып қу медиен біртіндеп қыр.

Ел еді атан жілік, ай мүйізді,

Бел кетіп, омыртқасы кілтілдеп тұр.

 

Қандықол қайырымсыз тұл атып тұр,

Атқанын, мүлт жібермей, сұлатып тұр.

Қу заман құралайды көзден тізіп,

Текесін құздан қағып, құлатып тұр.

Байғыз тұр бағанаға шеттеп қонып,

Түбіне мың бәленің жетпек болып.

Кер үлек өндіршегін өзі берді,

Келесін аман сақтап кетпек болып.

 

Қызыл ту... басқа сөзге келмегендер,

Еліріп екі көзі шелдегендер.

Қарақұрттың торына түсті солай,

Қара шыбын секілді ел менен жер.

 

А, Құдай, мың бәледен алас деп тұр,

Тайсалма, өмір үшін талас деп тұр.

Түсінген соның бәрін, қайран Жалау,

Астында Қызыл Тудың «Алаш!..» – деп тұр.

 

Ақжүрек адамзатпен баталас боп,

Алашты сүйді Жалау аталас боп.

Халқымен жарты құртты бөліп жеді,

Жан пида жақсылығын жасамақ боп.

 

Ер Жалау – жанартау боп жарқылдады,

Халқына қамқор болып артындағы.

Ел үшін қызметтің түрін ойлап,

Қазаққа керек істен тартынбады.

 

Әр істің әділ сөйлеп жігін тапты,

Дұшпанның бетке басып кірін тапты.

Айқындап шекарасын ел мен жұрттың,

Түбі бір түркінің де тілін тапты.

 

Жалаудың жігеріне тамсанамын,

Жатса да қаймықпаған қаншама мұң.

Жол ашып ғылым-білім, өндіріске,

Қазығын қағып жүрді сан-саланың.

 

Есіл ер, әр ісіңде байрақ жатыр,

Көп архив көзден таса жайрап жатыр.

Әр істі сағасынан қарар болсақ,

Ерлігі ер Жалаудың сайрап жатыр.

 

Жаласын Голощекин зорлап тақты,

Алашты ордасымен қорлап бақты.

Ер Жалау шүберекке жанын түйіп,

Жазықсыз жанның бәрін қорғап бақты.

 

Ер Жалау елді білген жастай қарап,

Біреуден биік тұрып аспай қарап.

Бұл қазақ обал-сауап, ұятты деп,

Жол берген құмырсқаға баспай қарап.

 

Қол қысқа, ел тозып жүр, нағыларсың,

Жан беріп, жаңғақ болып шағыларсың.

Аңдып жүр Голощекин күндіз-түні,

Сыртыңнан күзет қойып, бағыларсың.

 

Жоқ еді бермегі де, алмағы да,

Ақыры жаудың түсті қармағына.

Ер Жалау ерлерменен бірге тұрып,

Филиптің қарсы шықты бағдарына.

 

Ол Филип отыр бәрін біліп, демек,

Сақасын, Серкесімен іріктемек,

Филипке керегі жоқ бағыт-бағдар,

Ал, оған: сынық пенен ілік керек.

 

Мінеки, ойлағаны бола қалды,

Көңілі өз ісіне тола қалды.

Іріктеп құрбандығын сайлап алды:

Қолында алтын, күміс, қола қалды.

 

Әп-сәтте «Халық жауын» тауып алды,

Ерлерді итше талап, қауып алды.

Мысалы, ел ішінде кіл қарағай,

Есебін тауып, міне, шауып алды.

 

Алқымын алаш өзі беріп-ақ тұр,

Қолда тұр, қорғасындай еріп-ақ тұр.

Филипке қиын емес ендігісі,

Аранға ақбөкендер келіп-ақ тұр.

 

Ду қылды, айғай қылды, талас қылды,

Ақ жолдан ақыл-есті адастырды.

Сөз беріп сатқындарға мінберлерден,

Ұры мен кезбелерді жарастырды.

 

Құтылып кетпесін деп талауымнан,

Ерлерді айырмады қарауылдан.

Сынады Нығмет пен Сұлтанбекті,

Жаман жоқ Смағұл6 мен Жалауыңнан. 

 

ӨКСІК

Қайда жын, бәле-жала құр қалмады,

Ашылмай жарық сәуле, нұрдан бағы.

Бармағын шайнап жатты батыр Жалау,

Әділетсіз майданның құрбандары.

 

Жүк болған бұл бір арман бір ғасырға,

Төгіл жыр, егіл жүрек, сыр жасырма.

Арман тұр – арыстардың жүрегінде,

Жалған тұр – қан мен жастың жылғасында.

 

Тәуелсіздік!.. Түп-дерек, сол арманы!

Біздің ел бір толысып, толар-дағы.

Алашорда – еркіндік, тәуелсіздік,

Заң әділ, заман тыныш болар- дағы.

 

Ұл-қызым ұлан-асыр ержетуде,

Береді Құдай бізге, бермесін бе.

Адамзат қол ұстасып өмір сүрсін,

Барлық ұлт бақытты боп, жер бетінде.

 

ҰЛТ ҰЯСЫН БҰЗҒАН ДАУЫЛ

БК(б)П Қазақстан өлкелік комитетінің 1-хатшысы болып істеді. Голощёкин Қазақстанға келісімен «қазақ ауылы үшін Кіші Қазан» ұранын көтерді.

 

Қайтесің қақсай беріп қара бақ жыр,

Жүректі жүз жыл болды жаралап жүр.

Сол жолы ұлт ұясын бұзған дауыл,

Құйын боп қу даланы аралап жүр.

 

Құйынның соққан жері талқан болды,

Ел босып, ерге мола қалқан болды.

Қызыл Кеңес, Сталин8 қайрап берген – 

Қолыңда сенің сонда балтаң болды.

 

«Қап!..» деді, қызыл иттер қауып түсті,

«Шап!..» деді, Қызыл жендет шауып түсті.

Үстінен қыл көпірдің, Алашорда,

Қып-қызыл қанға бөгіп, ауып түсті.

 

Жер жарған Компартия атағыңыз,

Қас қылып қолдан аштық жасадыңыз.

Қытай мен Иран асып, Ауған кетті,

Қоштасып аталы ұл, баталы қыз.

 

Нан емес, қолын жайып жан сұрады,

Көзінен көрге жасы тамшылады.

Түрікпен, Өзбекпенен, Қарақалпақ,

Қырғыз бен Тәжік кезіп, қансырады.

 

Келер жас біле білсең, сол, ұғып ал,

Ол тарих – қара бұлт пен толы мұнар.

Қызыл ит! Қызылшақа жүрегімде

Кетпейтін сендік тістің орыны бар.

 

Ер Алаш елдің арын сатпақ емес,

Өтеді көз алдыңнан қаптап елес.

Қазақтың тілін, салтын, ділін білмей,

Бұл тарих жүрегіңе жатпақ емес.

 

Бұл Филипп7: «Бәрін біліп, ұққам», – деді,

Мұстафа, Әлиханнан жұққан», – деді.

Күніне Сталинге хабар салып:

«Пан – Түрік, өріп жүрген дұшпан», – деді.

 

«Бай» – деді, – «көшіп жүрген тобыменен».

«Банды» деп, – қаруы бар оғыменен».

«Кіл тыңшы. Жапон», – деді. 

«Ағылшын» – деп,

Қыр төсін қырып салды соныменен.

 

«Мал кетсе, отырықшы болар», – деді,

«Дән-дақыл, ас қамбаға толар», – деді.

«Қаптаған Алашорда, қайда барсаң,

Кеңестің нағыз жауы солар», – деді.

 

«Қызылға құрт боп түскен жегі», – дейді,

«Әй, соның Сізге де бар кегі», – дейді.

Энгельс айтып кеткен, үстірттегі:

«...Аламан, Адай екен тегі», – дейді.

 

«Шаршадым, Мыңбаевты кешіріп тек,

Өзі бір сөзге жүйрік, есіліп кеп.

Жиында маған қарап жекірді, Ол:

Маскүнем, апиыншыл, есірік», – деп.

 

«Кіл ұлтшыл, тарту керек сотқа», – деді,

«Обалы қызыл шоқ пен отқа», – деді.

«Смағұл Сәдуақас, Қожановпен,

Нұрмақов, Мыңбаев бар топта», – деді.

 

«Алдыма Жалау Мыңбай тұрды», – деді,

Тұзағын тура келіп құрды», – деді.

«...Сен, Филипп, шаруа жайын білмейсің»,  – деп,

«Бір жолы жұдырықпен ұрды», – деді.

 

«Қыр елі жел айдаған қырсық», – деді,

Сап түзеп сайдан шығар ыршып», – деді.

«Ел болмақ есебі бар түздіктердің,

Бір күні Қызыл Туды жыртып», – деді.

 

«Болмайды, енді қарап тұрыс», – деді,

Салайық сан айламен ұрыс», – деді.

«Қазақ кетсе, Азия түгел кетпек,

Ініне су құйғаның дұрыс», – деді.

 

«Сол үшін кіші қазан керек», – деді,

Сталин: «...бұл бір жақсы себеп», – деді.

«Жау өлсін, тыңшыны ат, бәрін қама,

Байларды жарлыменен теңеп», – деді.

 

Құзғындар, теспей сорып басып жеді,

Қалғанын абақтыға тасып жеді.

Голощекин қолымен бұл Сталин,

Үйітіп, қазақтарды асып жеді.

 

Көкжалы Көктүріктің таласын деп,

Филипп те біліп қойсын шамасын деп.

Сталин мұртын сипап, күліп қойды:

«Бір-бірін таласын деп, сабасын», – деп.

 

Ақ болмай, әділ болмай – бекерсіңіз,

Келген соң, кең жалғаннан кетерсіңіз.

Ер Жалау – ел қорғаны, ер қорғаны,

Бұл күнде қалай көрмей өтерсіңіз.

 

ХАҚТЫҢ ЖАЗАСЫ

Көр іші басқан жерің қақпан шығар,

Қара қан көк желкеңнен аққан шығар.

Сталин, қара мұртың – қара жылан,

Көріңде көзіңді жеп жатқан шығар.

 

Кеткен жоқ тал бойымнан жау ызғары,

Ол мені тірі іреп, бауыздады.

Мысалы, Қызыл Кеңес – қасапхана,

Сталин – Бас қасапшы, жауыз бәрі.

 

«Адамдарды малша сойып жеді...»

...Ауру адамның есі, ақылы орнында болмайды. «Мастық не дегізбейді, аштық не жегізбейді» деген қазақта мақал бар. Өткен қыс аштық болды. Ашыққан адам бірінің етін бірі жегені былай тұрсын, өлмеген тірі адамды малша ұрлап, малша сойып жеді. Қалаларда түн болса, көшеде жүруге болмады. Мезгілсіз уақытта көшеде жүрген адамдарды жылқы сияқтандырып бұғалық салып, буындырып ұстап, сойып жейтін болды. Анасы баласының етін жеуге жетті. Мұның бәрі аштық әсерінен адамның есі шығып, ақылы қалмайтындығын көрсетеді. Аштық ақылын алмаса, адам аң дәрежесіне жетіп, хайуандықтан да асып, бірін-бірі жер ме еді? Анасы баласын жеуге келгенде, ол анада ақылдан түк қалды деуге болар ма? Міне, тән сау болса, жан сау болатындықтың сипаты.

Аштықтан адамның тәні азып еді, жаны да азып, ес кетіп, адамгершілік жоғалып, адам хайуаннан да жаман болып кетті...

(Ахмет Байтұрсынұлының «Тәні саудың – жаны сау» мақаласынан үзінді. «Ақ жол», Алматы, «Жалын», 1991 жыл, 320 бет).Сағат Жүсіптің «Ашаршылық ақиқаты» (Деректер мен дәлелдер) кітабынан алынды)

 

* * * 

 

...Әлихан Бөкейхановтың есептеулерін негізге алсақ, қазақ 1914 жылы 6 млн 470 мың болған болса, 10 жылдың ішіндегі табиғи өсімі 1924 жылы 979 мың болған жағдайда, 8 жылдың ішінде, яғни 1924-1932 жылдары оның табиғи өсімі 783 мың болуы керек. Осыдан шығатын тұжырым: 1932 жылы ашаршылық басталғанға дейінгі қазақтардың саны, тек өз республикамыздың көлемінде кемінде 7 млн 250 мың санын құрайды. Тағы бір айта кететін жағы, Қазақстанда ашаршылық басталғанға дейін үш жыл бұрын, 1929 жылдың көктемі мен жазында қазақтың бетке ұстар көрнекті қайраткерлері, ұлттық интеллигенцияның көсемдері, Ахмет Байтұрсынұлы бастаған, 45-нан астам «Алаш Орда» партиясы мен үкіметінің мүшелері тұтқындалды, бір бөлігі жалған айыптау жолымен атылды. Қалғандары ұзақ мерзімді түрмеге, ГУЛАГ мекемелеріне қамалып, басқа жерлерге жер аударылды. Байтұрсынұлы әуелі ату жазасына кесіліп, сосын Астрахань облысына жер аударылса, кеңестік Қазақстанның бұрынғы басшылары Смағұл Сәдуақасұлы, Нығмет Нұрмақұлы, Сұлтанбек Қожанұлы және басқалар әртүрлі желеумен Мәскеуге ОГПУ-ың «қалпағының» астында, 1922 жылдың желтоқсанынан аттап басқан ізіне дейін бақылауда жүрді. Бұдан шығатын қорытынды мынадай. 1932-1933 жылғы Қазақстандағы аштық қолдан жасалған болатын, бұл аштықты қазақ көсемдерінің орнында қалғандар жүзеге асырды (Сағат Жүсіптің «Ашаршылық ақиқаты» (Деректер мен дәлелдер) кітабынан алынды)

 

АЛАШ ОРДА – ҰЛТҚА, 

ҚАҒАНАТ – ҰРПАҚҚА АМАНАТ!

 

Алаш Орда үкіметінің негізгі міндеті – мемлекеттегі берекесіздік, анархия жайлаған жағдайда елді бүліншіліктен сақтау әрекеті еді.

Мәмбет Қойгелдиев,тарихшы, 

ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі

 

Ие бол, салт пен дәстүр, ғұрыпқа, Сен,

Білім-ғылым, бірлікті ұлықта, Сен.

Осынша қорлық көрдік, төгілді қан,

Осыны, қазақ болсаң, ұмытпа, Сен!

 

Кеңесті – «жұмыр балға табытшы» де,

«Жағамнан жан алғыш боп жабысты» де.

Алашым, елді аман сақтау үшін:

«Тажалмен, табытшымен, алысты» де.

 

Шайқалды мың жыл тұрған алып терек,

Келеді қара орман, жанып желек.

Кеңеске халық емес, билік керек,

Алашқа билік емес, халық керек.

 

Айналып кіл жетімнің «панасына»,

Түсірмек түздің бәрін сабасына.

Сталин қалып жасап, қайта құйып,

Қазақтың құлып салмақ санасына.

 

Алашты атты сосын оққа таңып,

Шыжғырды ұлт санасын шоққа таңып.

Алған соң мәңгүрт жасап, Қанқұрт-қасап:

Кетпейді, керегі жоқ, ноқта салып.

 

Ойлады, іздеп тауып жұт жаңасын,

Деп жатты: «...Ойлы жанның құрт қарасын».

Қайнатып зұлымдықтың көп қазанын,

Тоғытты топ-тобымен ұлт баласын.

 

Итеріп, жау күлмесін шалып алып,

Кетпеңіз жығылғанға қалып алып.

Тарих сабақ беріп тұр білген ұлтқа,

Қаламсабын қаныңа малып алып.

 

Шын сөзім, адал сөзім, шалыс емес,

Дейтіндей ол заманың таныс емес.

Арасы ол дәуір мен бұл дәуірдің,

Мысалы, қас пен көзден алыс емес.

 

Сенімін бабалардың ақтау керек,

Бұл жолы біздің қазақ жатпау керек.

Алаштың ақ арманын ту ғып ұстап,

Тәуелсіздік!.. Тек соны сақтау керек.

 

Алашпыз!.. Сол толқынның арынымыз,

Тіріміз!.. «Алаш Орда» – жалынымыз!

Тәуелсіз Ұлт болсаңыз өркендеген,

Тек, сонда, өтеледі парызыңыз.

 

Келеді жадымызды сілкіп елес,

Оятар, ой жеген соң, түртіп елес.

Өтелмей Ұлт алдында парызыңыз,

Ұл болып өлуіңіз мүмкін емес.

 

КЕЛЕР ЖЫЛДАР КЕСКІНІ 

(АЛДА АШАРШЫЛЫҚ, ҚУҒЫН-СҮРГІН, СОҒЫС КҮТІП ТҰРДЫ)

 

Ат төбеліндей азаматтар арпалысып Алашты апаттан сақтағысы келіп-ақ жүрді, алайда аштық пен ашу-ызаға толы көтерілістер, қуғын мен сүргін, Қызыл Үкімет әкелетін қырғынның демі сезіліп, ізі соғысқа ұласты. Келер жылдардың кескіні көрініп келе жатты. Тәуелсіздіктің таңы алыс еді...

Автор

 

Боздап жүр, қара мая қағынып жүр,

Ит жегір, мұнысы не, нағылып жүр.

Шекелеп шеттеп барып жайылмайды,

Төс еті төрт бөлініп шағылып жүр.

 

Қорымға жалғыз барып шөккен бірде,

Білмедім, бұл не әдет, өкпең кімге?!

Жел соқса желмен бірге боздайды кеп,

Күн жауса қоса жылап көкпен бірге.

 

Жасаурап қос жанары, езіліп жүр,

Жау алғыр, не жамандық сезініп жүр.

Сырт беріп, ботасына иімей жүр,

Кекшиіп, келесінен безініп жүр.

 

Ай қашып бұлттан ары қияқтанды,

Қыңсылап ит пен мысық қи ақтарды.

Шайнаған өз бұйдасын қара мая,

Қайнаған қара дауыл сияқтанды.

 

Кең Құдай, өзің сызған азабың ба,

Тағдырды маңдайыма жазарың да?!.

Ен қазақ іргесінен сөгіліп жүр,

Көне мен Хожелінің базарында.

 

Артына қарай-қарай налып кетті,

Тірілер аз, көбін ажал алып кетті.

Ата жау аштықпенен бірге қысып,

Ел босып, Маңғыстаудан халық кетті.

 

Коммунист кәмпескілеп жиған малды,

Өліні тірі жеді, иман қалды.

Халықты қорғаймын деп, қолдан өліп,

Бір тұста Мырзалы1 мен Бижан2 қалды.

 

Келеді зұлмат жылдар, кім жоқ, кім бар,

Сағым боп сансыз үміт – бір жоқ, бір бар.

Келеді біз көрмеген, сіз көрмеген,

Көп өлім, күй жоқ көңіл, жыр жоқ жылдар.

 

Болғандай құның, қазақ, қара бақыр,

Қайғының қамалынан қара да тұр.

Мінгесіп қара мая – қара жылға,

Ахмет, Мағжан қайда бара жатыр?..

 

Сәкен мен Ілиястан қалмайын деп,

Сүйегін Бейімбеттің талмайын деп.

Бір от тұр: Смағұлды өртейін деп,

Бір оқ тұр: Шәкәрімді жалмайын деп.

 

Халел мен Міржақып та шарасыз ба?!

Жүсіпбек, Жаншаны да аласыз ба?..

Қайдасың, Мұхаметжан, Ғұмар Қараш?

Әлихан, сен де кетіп барасың ба?..

 

Сұлтанбек! Сұқты көзге іліндің бе?!..

Жетеді созсам қолым, тілім кімге?..

Ажалдың ауылына қонақ болып,

Нығмет, сен де сонда кідірдің бе?..

 

Бір белгі біз сорлыға бере кетті,

Қадалып көмейінде шеге кетті.

Қайда жүр қарғыс атқыр қара мая,

Жеткізбей жер түбіне неге кетті?!.

 

Осылай күн келеді алда тағы,

Дегендей қазақ көрсең, жалма тағы.

Түңілме, неде болса, туған елім,

Алла бар, атар-дағы таң баталы!..

1Мырзалы – Тынымбайтегі Мырзағали (Мырзалы хан).

2Бижан – Тынымбайтегі Бижан. Адайларды бастап зобалаң жылдары Қызыл бәлшебектермен соғысқан халық батыры.

 

 

ЖАЛАУДЫҢ ЖАРЫҚ КҮНМЕН ҚОШТАСУЫ

(Монолог)

 

Ф.Голощекин көздеген мақсатына жетті. БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің бақылау комиссиясы Ж.Мыңбаевтың үстінен іс қозғап, саяси жала, ұйық пен ұймаға, құлан шықпас құдыққа құлатуға икемдей бастады. Құлан құдыққа құласа, құлағына үймелейін деп шыбын-шіркейлер де ызыңдай бастады. Ж.Мыңбаев ұлтшыл атанып, сынға ұшырады. 1927 жылы орнынан алынып, Гурьев (Атырау) округі атқару комитетінің төрағасы қызметіне төмендетілді. 1929 жылы қызметінен өз еркімен кетіп, ауыр науқастан көз жұмды.

 

Бір Алла, жаным, міне, аманатың,

Қалмасын қалың елге жаманатым.

Күн қайда, жарық сәуле таңым қайда,

Үңіліп тереземнен қарама түн.

 

Қу заман қуырдақ боп қайнап жатсың,

Көр қазып, табыт сайлап, жайлап жатсың.

Қарғаның қанатындай қап-қара түн,

Асығып кірпігімді байлап жатсың.

 

Жүрегім бірде соғып, тоқтап жатыр,

Біреу кеп білте мылтық оқтап жатыр.

Ай жылап, ақ сәулесін кебін қылмақ,

Күн жылап, кешіктім деп, жоқтап жатыр.

 

Қанаты қара түннің қалбақтайды,

Қарға-түн қауырсынын салмақтайды.

Телмеңдеп тереземді сипай қағып,

Жел соқса, құшақтасып тал жатпайды.

 

Қара түн – қара қарға қарқылдап тұр,

Күн қайда жүретұғын жарқылдап бір.

Көк бөрі тау басында ұлып неге,

Көк төбет ауласында арпылдап тұр.

 

Сұқ қарға сұмдық сырды түйіп жатыр,

Жаласын жамағатқа үйіп жатыр.

Жамылған ақ кебінді өңкей боздақ,

Көзімнің қарасынан сүйіп жатыр.

 

Қапсырды қара қарға бермеймін деп,

Қазықтап қара жерге жерлеймін деп.

Артымда елім болса – ажал сұлу,

Жатпадым жағаласып ермеймін деп.

 

Қуанып қара қарға секектеді,

Қорымға қоймай мені жетектеді.

Жалаужан, сәл шыдашы, таң атпақ деп,

Шақырды әтеш байғұс кетектегі.

 

Қарға ма?!. Қарға деген шатақ олар,

Алады, әлсіресең, матап олар.

Біз кімбіз, Пайғамбар да жанын берген,

Әулие атам Бекет, сахабалар.

 

Қара түн... қарға екен құнтаңдаған,

Дүние – қызыл түлкі бұлтаңдаған.

Алаштың жүрер жолы ашық болсын,

Жол еді ұлт мақұлдап, ұл таңдаған.

 

Қара түн қарға болып жата берер,

Біздерге бабалар кеп бата берер.

Күн болып – біздің рух көкке шығып,

Таң болып, іздесеңдер, ата берер.

 

Қарғаның қанаты не, терісі не,

Кезектеп тезек тыққан кебісіне.

Біз бармыз, қош-аман бол, туған елім,

Өлім жоқ, «Елім!..» деген ер ісіне.

 

«Қош!..» деді жарық күнім, жарық таңым,

Көрсетпей, қайран Жалау, қамыққанын.

Ер өлмес елі барда, жері барда,

Бір шындық жалғаншыда қаныққаным.

 

Атқан таң қарға-түнді айдап шықты,

Ақ арман – ақ қылышын қайрап шықты.

Ақ Жалау жер-жұмақтан орын тапты,

Алдынан кіл періште жайнап шықты.

 

Жалау боп – жарық сәуле тамып кетті,

Еркіндік, жан – тәуелсіз, қамыт кетті.

Қанаты қарға түннің күлге айналып,

Жоқ болып жер-жаһаннан жанып кетті.

 

Қоштасты, күтіп алып таңын солай,

Жылады ну орман мен қалың тоғай.

Ұл болсаң, Ұлтты ойла, біл осыны,

Ер өткен Жалау деген, жаным, солай.

Жалау Мыңбаев – (1892, бұрынғы Адай уезі Құнанорыс ауылы – 16.11.1929, Алматы) – мемлекет қайраткері. Адай руының Құнанорыс бұтағынан. «1905-1908 жылдар ғұмыры» атты кітаптарында Форт-Александровскідегі (Ақтау қаласы) екі сатылы орыс-қазақ мектебінде білім алған. 1917 жылдан Маңғыстау уездік кеңесінің мүшесі. Сол жылы желтоқсанда Түркістан (Қоқан) автономиясын Маңғыстау өңірі адайларының қолдайтындықтарын білдіру мақсатында Қоқанға барды. Мұстафа Шоқаймен осы жолы танысқан ол, 1919 жылы көктемде оны теңіз арқылы шетелге шығарып салды. 1919 жылы «Бірлік» жастар ұйымының төрағасы, 1920-23 жылдары Маңғыстау уездік атқару комитетінің азық-түлік бөлім бастығының орынбасары, Адай уездік милиция бастығы, Адай уездік ревкомының (1923-1924) төрағасы қызметтерін атқарды. Мыңбаев БК(б)П 14-съезінің, Қазақ облыстық 3-5 партия конференцияларының, Қазақстан Кеңестерінің 4-6-съездерінің делегаты болды. Қазақ АКСР Кеңесінің 5-съезінде Қазақ АКСР ОАК-ның төрағасы болып сайланды. Бұл қызметте жүріп, республикадағы барлық басқару органдарын жергіліктендіру (қазақтандыру) ісіне басшылық жасады, халықтың әлеуметтік жағдайын және денсаулық, оқу-ағарту, мәдениетін жақсартуға күш салды. Мыңбаев қазақ халқының мүддесіне қайшы келетін Кеңес Өкіметінің солақай саясатын сынға алып, балама жол ұсынған С.Сәдуақасов, Н.Нұрмақұлы т.б. тобында болды. 1926 жылы 25 қаңтарда Қазақстан өлкелік комитетінің пленумында бұл топқа ұлтшылдар деп айып тағылып, қатал сынға ұшырады. Ф.Голощекиннің тапсырмасымен БК(б)П қазақ өлкелік комитетінің бақылау комиссиясы Мыңбаевтың үстінен іс қозғады. Мыңбаев ұлтшыл атанып, сынға ұшырады. 1927 жылы орнынан алынып, Гурьев (Атырау) округі атқару комитетінің төрағасы қызметіне төмендетілді. Ол бұл қызметі барысында Гурьев округінің мұнайлы өңір екенін ескеріп, ауыр өнеркәсіпті дамытуға күш салды. Балық шаруашылығын жандандырды, бұл кәсіпшілікке қазақтардың тартылуына жол ашты. Гурьевте электрстанса құрылысын салу жұмысына тікелей басшылық етті. Байлар мен орташаларды күштеп тәркілеуге, жер аударуға барынша қарсылық танытты. 1929 жылы    қызметінен өз еркімен кетіп, ауыр науқастан көз жұмды.

(Ақпарат желісінен)

 

Жалау Мыңбайұлы – өрмінез, өшпес жалын, даланың дана перзенті, қайраулы қылыш, қаһарман  саясаткер.

«Алаш Орда» дәуірі – Ұлттық мінездің мінбері, ұлағатты күрестің мектебі, халықтық рухтың көктемі.

 

 * * *

(Әбілқайыр Спанның « Жалау Мыңбайұлы», Сейсен Демеубайдың «Жалындап өткен жас ғұмыр» атты кітаптарында Жалаудың жары – Күміс, ұл-қыздары – Алтын, Ескендір, Тастайбек, Раушан жөнінде мәліметтер, суреттер берілген). 

 

* * *

Алашорда арыстарына, аштық, қуғын-сүргін құрбандарына, Жалаудың рухына,     ата-анасына, жанұясына мәңгілік тағзым етеміз. Алланың нұры жауып, рухтары шаттансын. Бір Жаратқан Ием баршамызға жар болсын!

Тәуелсіз Қазақстан жасасын! 

Әмин! 

Ақтау қаласы, 2022 ж.

 

 

Сабыр АДАЙ, ақын. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның еңбегі  сіңген қайраткері, Махамбет атындағы сыйлық.. | ВКонтакте

Сабыр Адай, ақын, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері
10.11.2022

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: САУРАН АУДАНЫНДА КҮЗГІ КӨШЕТ ЕГУ ЖҰМЫСТАРЫ АЯҚТАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 03.12.2024 133
ТҮРКІСТАН: Р.СЕЙТМЕТОВ АТЫНДАҒЫ ТЕАТРДА БИЫЛ 130-ҒА ЖУЫҚ ҚОЙЫЛЫМ ҚОЙЫЛҒАН
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі - 03.12.2024 16
МӘСКЕУДЕН ТҮРКІСТАНҒА НҰРТАС ОҢДАСЫНОВТЫҢ ШАПАНЫ МЕН КІТАПТАРЫ ӘКЕЛІНДІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 03.12.2024 69
МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕРДІ КӨРСЕТУДЕН НЕГІЗСІЗ БАС ТАРТУҒА ЖОЛ БЕРІЛМЕЙДІ
Р.Шарипов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы - 03.12.2024 63
ТҮРКІСТАНДЫҚ ДЕЛЕГАЦИЯНЫҢ ТҮРКИЯҒА ІССАПАРЫ БАРЫСЫНДА 9 МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 03.12.2024 48
Батыс Қазақстан: Тарихи мекенге сапар
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Орал-Хан ордасы-Орал - 30.11.2024 465
Ауылшаруашылығын өркендеткен ауқымды істер
Голрох ЖЕМЕНЕЙ, Маңғыстау облысы - 29.11.2024 433
Сыр өңіріндегі өрісті істер
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 28.11.2024 457
Тал түсте Шығысты қараңғылық бастырған «бір сағаттық белдеуге қарсымыз» дейді халық
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, экспедицияның мүшесі, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы - 28.11.2024 449
МӘСЛИХАТ МЕРЕЙТОЙЫ – ЖАҢАРУДЫҢ ЖАРҚЫН ҮЛГІСІ
С. КӘРІПБАЕВ, Абай облысы - 28.11.2024 447
 Павлодарда бірнеше зауыт салу жоспарлануда
Тілеуберді САХАБА, Павлодар облысы - 28.11.2024 464
 Қала бюджеті артып отыр
Ш.МЕКЕНБАЙҰЛЫ, Шымкент қаласы - 28.11.2024 454
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 647

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9689
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 9068
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 12302
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 10073
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 11282