Ешкімге ұқсамайтын Нұртілеу еді...

Ешкімге ұқсамайтын Нұртілеу еді...

Осыдан 50 жыл бұрын 50 қыз бен жігіт оқуға түстік. ҚазМУ-дің еңселі ғимаратының табалдырығын аттадық. Биікке бастайтын білім сапарын әсем Алматыда жалғадық. Арман қуып, қиял жарыстырған 50-дің таудай талабы мен талғамына қарап сүйсіндік. Сөз өнерін кие тұтып, оның ыстық-суығы мен барлық азабына көнуге бекем бел буғандардың ертеңіне үмітпен қарап, жүрегімізбен сендік. Сол сенім біздерді күні бүгінге дейін өмір баспалдақтарында адастырмай тура жолмен алға жетелеп келеді.

Сол 50-дің ішінде қаламының қайратын танытып үлгергендер аз болған жоқ. Жәнібек Кәрменов,Ұлықбек Есдәулет, Батық Мәжитұлы, Дидахмет Әшімханұлы, Қонысбай Әбілов, Қуандық Түменбай, тағы басқалар баспасөз беттерінде тырнақалды туындыларымен таныла бастаған еді. 50-дің бел ортасынан болмыс-бітімі бөлек, келбеті келіскен, сұңғақ бойлы, ашаң жүзді, ақсүйектің баласына көбірек ұқсайтын, тұла бойы тазалықтан тұратын, түр-тұлғасынан серіліктің белгілері айқын білінетін бір жігіт өзгелерден дараланып, ешкімге ұқсамайтын өр мінезімен,көшбасшылық қасиетімен көрінді. Ол – Нұртілеу Иманғалиұлы болатын.

50  қыз-жігіт тобымызды бұзбай, бір үйдің баласындай болып, керуен уақыт көшінде талай сынақтан өтіп, талай белесті артқа тастадық. Оқуды бітірген соң еңбек майданында тер төктік. Алған білім мен қарым-қабілетімізді бұқаралық ақпарат құралдарының қым-қуыт ауыр тірлігіне жұмсадық. Мен білетін Нұртілеу теледидар деп аталатын көк сандықтың ішіне қойды да кетті. Сол салада жүріп,самай шашын ағартты, өзі қалап қолға ұстаған микрафонға адалдық танытты. Ғасырға бергісіз ғажап еңбектің үлгісін көрсетті. Сансыз сұхбат пен сансыз хабарлардың сардары болып қана қоймай, сәулесі сөнбейтін, аты өшпейтін үлкен мектеп қалыптастырды. Сол мектептен сансыз шәкірттері бүгінде білім  мен тәлім алып, ұстаз ұлағатымен ғұмыр кешуде.  

 

Мінезді журналист көсемсіген пысықтарды орнына қойды

70 жыл бойы дамылсыз соққан жүрек кенеттен тоқтап қалады, сырлас болған сенімді серігімді былтырғы ақпанда соңғы сапарға шығарып саламыз деп кім ойлаған? Іздегенде қасыңнан табылып, қиналғанда қол ұшын созған,сасқаныңда ақыл-кеңесін беріп, жаның жабырқағанда жылы сөзімен жебеп, ыстық жүрегімен демеген, сын-сынақтарда сүйеу бола білген айнымас адал досым Нұртілеуімнің бізді тастап, асығыс бақилыққа аттанып кеткеніне жүрегім әлі күнге дейін сенбейтіндей. Мынау жалған фәни дүниеде жалғызсырап қалғандаймын. Алдаспандай жарқырап жүрген нар тұлғаңды сағынатын жан жүрегімнің дертіне қайдан шипа табарсың? Досымды іздеген жүрек соғысына жұбанышты кімнен естірсің?

Қазақтың тілеуін тілеп өткен арда азаматтығыңды қатар жүрген қаламдастарыңмен бірге жалпақ жұртың қапысыз танып, жүрек төрінен орын берген еді. «Бай-қуатты болайық» деген ақ тілеуіңмен қалың еліңнің қамын жеп,маңдайыңнан ақ теріңді тамшылатып жүргенің күні кеше сияқты болатын. Қажет кезінде қылыштай кесіп түсетін сөздерің тек өзіңе ғана жарасатын. Ұлылықтың бастауы – жақсылықты жасаумен жалғасып жататыны ақиқат болса, Нұртілеу досым бұл қасиеттен кенде болмады. Жүрегі тоқтағанша жұмыр жердің төрінде ай мүйізді арқардай төбе көрсетіп, ақпарат кеңістігінде дара тұлғасымен жарқырап, өткір ойларын түйдек-түйдегімен ақтарып отырушы еді.

«Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген болатын Алаштың көрнекті қайраткері Әлихан Бөкейхан. Нұртілеу Әлихан атасы айтқандай ұлтына қалтқысыз қызмет етті. Мінезді журналист ретінде халқына танылды, жұртына жақты. Журналистік мінезбен көгілдір экранның көркін қыздырып, шырайын келтірді. Мінезді журналист болып, жарақат салмаған семсердей жарқылдады. Алдына келген сұхбат берушінің ащы терін шығарды. Кеудесін керген небір мықтылардың екпінін басып, сабасына түсірді. Көсемсіген талай пысықтардың мысын басып, тұтқиылдан қойылған тосын сауалдарын қарша боратып, айтқызбасын айтқызды. Тобасын ауызға алғызып, Құдайын есіне түсірді. Осылайша ұлтқа қызмет етудің тамаша үлгісін көрсетті. Қызметінің түп қазығы – Алаштың ұлы мұраттарына адалдық танытып қана қоймай,оның орындалуына ақтық демі біткенше тер төкті. Сол мақсатына жетті де.

Қызмет қуып, аласұрып жанталасқан жоқ. Кемелдік биігіне көтерілді. Кемел ойдың толқындарын елінің қажетіне жұмсап, қаламгерлік қайратымен қалың жұртының қайыспас қара нарына айналды.  Журналист мамандығын өлердей сүйіп,қылаудай кір келтірген жоқ. Өмірінің соңғы сағатына дейін атынан түскен жоқ, қаламын қолынан тастаған жоқ.Тоқтаусыз алға жылжыған уақыт көшін – 70  жылға жалғасқан ғұмырын нағыз рыцарь қалпында тік тұрып аяқтады. Қазақтың бір баласы атқаруға тиісті үлкен шаруаны тындырды. Бұл екінің бірінің қолынан келе бермес ғажап ғұмыр.

Нұртілеу секілді сирек тұлғаның өмірі орта жолда үзілген жоқ. Журналистік жолдағы жанкешті еңбегі орта жолда тоқтаған жоқ. Ақ парақта жорғалаған қасиетті қаламы орта жасқа жеткенде жазбай қалған жоқ. Көгілдір экранды ажарландырған асыл бейнесі ел ағасы болғанда да көмескіленген жоқ. Қақ төрінде өзі жайғасып, сындарлы сұхбат құратын студиясы талай белестен асса да жетімсіреген жоқ. 70 жасына жақындаса да патша көңілді көрерменін бір мезгіл назардан тыс қалдырған жоқ. Орта жолда қалып қоймады, алғырлығымен алдыңғы қатарда жүрді. Ақпарат айдынында алып кеменің тізгінін берік ұстап, журналистердің көшін бастады. Билік пен халық арасына алтын көпір орнатып, оның іргетасын мықтап бекітіп кетті.

«Жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек» деген сөз бар. Нұртілеу курстас қана емес, достыққа адал айрықша жан еді. «Достарда да достар бар, Нұртілеу досым бір бөлек», «Құрдаста да құрдас бар, Нұртілеу құрдасым бір бөлек», «Журналисте де журналист бар, Нұртілеу журналист бір бөлек»,  «Қалың қазақ ішінде Нұртілеу қазақ бір бөлек», – деп іркілмей, жасқанбай, жалтармай айтқан болар едім.

 

Ірі еді, көшбасшымыздың бірі еді

Аллашыл адам азбайтыны рас болса,менің марқасқа досым Аллаға деген махаббатын арттырмаса еш кеміткен емес. Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға түскен кезімізден бері ол қасиетті Құранды танып-білуге талпынды. Бірінші курстан бастап, араб тілі пәнін таңдады. Бұл сабақтың қиындығын біле тұра оны мейлінше сүйіп оқыды. Қанша ауыртпалық салса да, ұстазы Мәрзия Мәженова  апайдың қатаң талаптарының үдесінен шыға білді, жүрегі шайлыққан кезі болған емес. Бұл сабақты үлгере алмай бастары қатып, курстан қалып қойған студенттерді  де білеміз. Есесіне біздің Нұртілеу білім жолында  аяғын нық басып, арман еткен биіктеріне жол сала білді.

Университетті бітіргеніміздің 20, 30 және 40 жылдығында өзі бас болып,барлық іс-шараны ұйымдастырып, шашау шығармай, кем-кетігін білдірмей істеген істерінің ірілігін қалай айтпасқа? Шаршап-шалдығуды білмейтін, дос-жарандары үшін атқарған қызметін міндетсінбейтін таза адами қасиеттерінің өзі неге тұрады? Бас қосқан осы жиындарда жасы үлкеніміз Орынбек Жолдыбай өмірден өткен курстас достарымыздың рухтарына Құран бағыштаса, енді бірде көшбасшымыз Нұрекең Құран оқуды өз міндетіне алатын.

Қадірлі дос Құдайдан алатын несібесін алды. Жүрегінде Құдайы, ауызында Алласы бар шынайы таза адамды тәңірі де қолдайды әрі жарылқайды. Құдай беретінін мықты адамға ғана береді. Нұрекеңді де тәңірі жарылқады, дүниенің байлығына қызықтырмады, жүрегін имани істермен нұрландырып, рухани дүние байлығын сыйлады. Бүгінде пенделердің  парақорлық пен жемқорлыққа жақын болуы, байлық іздеп дүниенің соңынан түсуі, мәңгі өлместей жанталасып, алдап-арбаумен өмір сүруі – Құранды оқымаудан, пайғамбарымызды танымаудан, Алла көріп тұр ғой деп қорықпаудан, осылайша құдайсыздар қатарына қосылып кеткендіктен болып тұрған жоқ па екен?!

3-курста оқып жүргенде Алланың қалауымен өзінің сүйген қызы Саламатына жолықты.Заң факультетінде оқитын ару қызымызбен екеуі жарасып, ортамызда жарқырап, махаббатқа толы күндерін өткізді. Курста алғашқылардың  бірі болып отау тігіп, шаңырақ көтерді. Үйлену тойының бел ортасында болып, шат-шадыман күйді бастан кешірдік. Асаба тізгінін курстасымыз, елімізге белгілі дүлдүл әншіміз Жәнібек Кәрменов өз қолына алды. Елін сүйсінткен, жұртының жүрегін тербеткен, әуезді әнмен әлдилеген, көпшіліктің бойын балқытып, көңіл-күйін шалқытқан тойдың толассыз дүбірі менің құлағымда әлі күнге дейін жаңғырып тұрғандай. Маржандай төгілген сөзі бөлек, суырып салма шешендігі бір бөлек, күміс көмейден төгілген әншілігі бір бөлек Жәнібектің сал-серіден еш кемдігі жоқ ғажап тұлғасына қайран қалып, тамсанумен болғанымды қалай жеткізейін. Шіркін-ай, десеңізші! Нұртілеу мен Саламаттың тойы емес, Алматы төріндегі ғажайып өнер кешінде отырғандай әсерде болғанымды қалай жасырайын. Жәнібек досымыз той өткізудің керемет үлгісін көрсетіп кеткен екен-ау. Қайран Жәнібегім,басқаның тойын басқарып жүріп, өзінің ұлы Керімтайының үйлену тойын көре алмай, орта жасқа келгенде қапыда қаза болды.

 

«Эфирге шықпасам тұншығамын»

Нұрекеңнің шаңырағында сәбилердің үні шықты.Үш перзентін бағып мәпеледі, аяғынан тұрғызды. Үш қызы бойжеткенде ұзату тойын жасап, шығарып салды.Ағайын-туыспен бірге курстас достар да бұл қуаныштан шет қалған жоқ. Қыздарымыздың маңдайынан сүйіп, құлақтарына алтын сырға тағып, шын жүректен шыққан ақ тілегімізді айтып, ақ батамызды бердік. Шүкір, бүгінде қыздарымыз үбірлі-шүбірлі болып, бақытты ғұмыр кешуде.

«Жігіт сегіз қырлы,бір сырлы болу керек» деген сөздің айтылуы тегін емес. Нұртілеу осы сегіз қырлының бірі болып, ортамыздан ойып тұрып орын алды. Қонысбай екеуі факультетте вокальды-аспапты ансамбль құру жөнінде бастама көтерді. Факультет деканы Темірбек Қожакеев ағамыз бұған күмәнмен қараса да, өнерпаз досымыз басшылар үмітін ақтап, абырой биігінен көрінуге дайын екендіктерін дәлелдеді. Факультет тарихында тұңғыш рет «Ләйлім шырақ» атты ансамбль дүниеге келді. Нұртілеу Иманғалиұлы,Қонысбай Әбілов, Бақберген Табылдиев, Болат Жаппарұлы және Марат Нұрғалиев осы ансамбль құрамында өнер көрсетіп, талай байқауда көрерменін тәнті етті. Сегіз қырлы азамат музыкадан  бөлек спортты жанындай жақсы көрді. Боксшы болып жұдырықтасқан, волейболшы болып әуеде допты ойнатқан сәттері көз алдымда. Бильярд десе ішкен асын жерге қоятын. Шарды торға түсірудің асқан шебері еді.  

Оштағы екі айлық әскери жиынымызды аман-есен аяқтап, білімнің Меккесіне айналған Алматыға қайта оралдық. Қолымызға диплом мен университет жолдамасы тиіп, еліміздің әр қиырына аттандық. Біздер соқа басымыз сопайып, жалғыз жолға шықсақ, сері досымыз Саламатын қолтықтап, қалтасына дипломын салып, дүниеге келген перзентін жетектеп, өзінің сүйікті астанасында қалып,«Қазақстан» ұлттық телеарнасының төрінен орын алды. Сонда табаны күректей 45 жыл қызмет етіп, өмірінің соңына дейін қалың журналистер қатарынан табылды.

Біз жиі хабарласып тұрдық. Кейінгі кездері денсаулығы сыр беріп жүргендігін де жасырмаған. Экраннан жүдеу бейнесін көрген сайын ойым сан-саққа жүгіретін. «Өзіңе салмақ сала бермей, аз-кем демалып алсаң болмас па?» дегенімде, «Айтқаның жөн, оны жақсы білемін, эфирге шықпасам, тұншығам» деп еді қайран досым. Эфирін жоқтатпай, студиясын жетімсіретпей өмірдегі ұлы сапарын нағыз ерлерше аяқтады.

 

Соңғы рет «аға!» деп  айтты қайран досым

Менің 50 жылдығымда алты өрім келіскен қамшы, 60 жылдығымда қоңыр қобыз сыйлаған еді. Басқалар секілді тиын-тебенін ұстата салған жоқ. Неткен тектілік десеңізші!

«Маңғазым, Мағаш досым мамандықтың,

Парасат биігінен қалықтайсың.

Журналиссің асықпай жұртқа жеткен,

Қоңыр күйі сияқты Молықбайдың!» –  деген өлең жолдарын арнады.

«Қорқыт пен Молықбайдан қалған қобыз үндері үзілмесін» деп соқты ма екен ғазиз жүрек. Үлкен құндылыққа балаған қазақтың қасиетті қобызын «Аман жүрсін, қазақтың қоңыр шалы» деген ақжарма тілекпен маған ұсынды. Менің өмірімдегі аса қымбат әсерлі сәтті ешқашан ұмытпақ емеспін.Таза жүрекпен сыйлаған сол қамшы мен қобызды Нұртілеуімнің бір жылдық еске алу асы жақындағанда қолыма алып, жүрегіме қыстым. Ет жүрегім езіліп егілдім. Өміріңде есте сақталар керемет естелік қалдырып кеткеніңді енді  ғана білгендеймін. Екі дүние жақсылығын тілеймін, жампозым!

Өткен жылдың 8 қаңтарында маған телефон соғып, тілдескенін еш ұмыта алмаспын. «Туған күнің құтты болсын, аға!» деп ерекше үн қатты. «Аға» деген сөзді бірінші рет естігенде айрықша толқыдым, тілім жетпейтін ерекше сезімді бастан кешірдім. Бұрын ол сөзді қолданбайтын.Менің бес ай үлкендігімді ескеріп айтқанына таң қалдым. «Құдай қаласа, бес айдан кейін қуып жетерсің мені» дедім аңқылдаған ініме. Бірақ бес айға жетпей, қырық күннен кейін өмірден озды. Соңғы рет «аға» деген сөзін айтып, қоштасқан екен аяулы досым!  

Мақұлбек МАЛДАРБЕКОВ, Қазақстанның Құрметті журналисі
24.02.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 75
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 597
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 714
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 626
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 636

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8771
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8171
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11400
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9154
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10385