Ғани Абдірасылұлы: Дәрігерлердің қателесуге хақысы жоқ!

Ғани Абдірасылұлы: Дәрігерлердің қателесуге хақысы жоқ!

Қазір не көп, үлкенді-кішілі емханалар көп. Аудандық, қалалық дейсің бе, жетіп артылады. Бірақ олардың қай-қайсысына кірсең де құжынаған ауру-сырқау, науқастар. Көбісі кезекте тұрғандар. Қазір қабылдау тәртібі барлық жерде өзгерген. Оның онлайн, офлайн түрлері де бар. Бұрынғыдай ертеден қара кешке дейін кезекте сарсылып отырмайсың. Алдын ала кезегіңді, уақытыңды біліп, сол сәтке үлгерсең болды. Бұл – заманауи ілімнің құдіреті. Біздің діттегеніміз «қазіргі емхана адамдарға қалай қызмет етеді?» деген сұраққа жауап іздеу. Осы мақсатпен Алматы қаласындағы №33 Жетісу ауданы қалалық емханасына бас сұқтық. Бұл емханаға келуіміздің тағы бір екі себебін айтып кетелік.

Біріншіден: Қазіргә үшкен мәселе – сонау Үкіметке дейін шулатып, бір шешімін таппай келе жатқан МӘМС мәселесі. Осы емханаға ертіп келген Алуа апамыз мына оқиғаны айтып берді. Аяқ астынан толғақ қысқан келіншекті жақын жердегі емханаға алып келді. Дәрігер оның МӘМС-ін төлемегенін айтып қабылдамайды. Соның кесірінен нәресте қайтыс болады. Егер антына берік болғанда, дәрігер өлім мен өмірдің ортасында тұрған жүкті әйелге көмектесуі керек еді.

Екіншіден, жоғарыда айтқанымыздай, емханаларда дәрігер мен науқас арасында заманауи байланыс орнағанмен, іркілістер, кемшін тұстары бар. Мәселен науқас адам өзін емдейтін дәрігерге бару үшін бірнеше сатыдан өту керек. Алдымен аға дәрігерден рұқсат алғаның жөн. Оған бір мәрте кезекте тұрасың. Одан соң өзіңнің діттеген дәрігеріңді күтуің керек. Оған ұзан-сонар кезек және екі арада бір қыдыру уақыт кетеді. Сен оған жетем дегенше ауруың асқынып кетуі әбден мүмкін. Осы екі маңызды мәселенің түйінін шешіп, құпиясын ашу үшін, сондай-ақ жаңадан ашылып жатқан емхананың жай-күйімен, тыныс-тіршілігімен танысқымыз келді. Бізді аталған емхананың бас дәрігері Ғани Абдірасилов қарсы алды. Алматыдағы Асфендияров атындағы медицина университетін бітірген соң ол туған жері Жаркент қаласында орталық ауруханада 15 жылдай жұмыс істепті. Содан соң Алматы қаласындағы Медеу ауданында №4 қосалқы «жедел жәрдем» бөлімінде меңгеруші, көп ұзамай №14 қалалық емханада бас дәрігердің орынбасары қызметін атқарды. Тәжірибесі мол дәрігерді осындай  қиын да күрделі, бір жағынан жап-жаңа емханаға басшы етіп әкелуі әбден орынды сияқты.

Ғани бауырымыз барлық сұрақтарымызға орнықты жауап беріп, нық отыр.

– Бұл дұрыс емес! – деді біз айтқан көңілсіз оқиғаға іле ашулана үн қатып, – МӘМС-ті мүлдем төлемесе де кезекші дәрігер алғашқы көмекті жасау қажет еді. «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» демекші, біздің дәрігерлерді жұртқа жаманатты етіп көрсететін осындай өз ісіне жауапкершілікпен қарамайтындар көп. Әсіресе температурамен келсе, бірден көмектесу керек.

– Негізі МӘМС-ті кім ойлап тапқанын білмеймін, бұл халыққа тиімсіз жоба деп білемін. Өздері зорға күнін көріп жүрген, қарызы мол қазақ тиісті төлемді қалай төлейді? Кеңес өкіметі кезінде медицина тегін болды. Осынша байлық болса да МӘМС арқылы халықты «сауу» көңіліме қонбайды, – деді Алуа апай ойын ортаға салып.

– Қазір дәрігерлердің, медбикелердің айлығы қанша? – деп сұрақ қойдық осы екі ортада. 

– Дәрігерлердің айлығы 250-300 мың теңгенің көлемінде болса, медбикелердікі 150-200 мың теңге арасында. Бұрын 50 мың теңгедей болған. Соңғы онжылдықта кәдімгідей өсті. Ал МӘМС, менімше, қажет. Бірақ оны дұрыс қолдануымыз қажет.

– Ал баспана мәселесі қалай? 

– Қызметкерлерімізді 35 жасқа дейін жатақханамен қамтамасыз ететін мүмкіндігіміз бар. Үй мәселесі қиын. Әрине, ипотекамен үй алуға болады, бірақ ол қымбат. 

– Жоғарыда айтқан екінші мәселеге не  айтар едіңіз?

– Қазір цифрландыру қауырт жүріп жатыр. Мұның халыққа тиімді жағы мол. Осыған сәйкес Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан бағдарлама бар. Ол – емханаларда жұмыс істеу процесін біркелкілендіру. Электрондық түрде жүзеге асыруға бейімделген бағдарламалар бар. Халық оны түсінбей жатыр. Қазір қағаз жүзіндегі құжаттар қалып барады. Бәрі де компьютерлендірілген түрде жүзеге асуда. Заманға сай тиімді жолдарын іздестіріп, халықтың көңілінен шығуға бет бұрудамыз. Дұрыс айтасыз, әлі де маман дәрігерлер жетіспейді. Мемлекет осыны ескеріп арнаулы қосымша қаржы бөліп, дәрігерлерді оқытудамыз. Емхананың өзінің де қоры бар. Жиналған қаржымызды осыған жұмсаймыз.

– Сонда халықтың жасаған шағымы дұрыс емес дегіңіз келе ме?

– Жо-жоқ, ондай ойым жоқ. Халықтың айтып отырғаны дұрыс. Ол бағдарламаның кемшілігі болуы керек. Біздің де оны өздігімізше жөндеуге хақымыз жоқ. Бірақ айтамыз, жеткіземіз. Осындай кемшін тұстары бар, жөндейік дейміз. Емханада учаскелік дәрігерлер бар. Халық осы өз дәрігерлерімен жұмыс істеуді үйренсе, әлгі айтылған кемшіліктер орнына келетіні сөзсіз. Қазір шынында да мамандар жетіспейді. Осы олқылық біздің жұмысымызға кедергі келтіріп отыр. Ол біртіндеп жөнделеді деген сенімдемін. Жалпы мен дәрігер ретінде айтарым – ақ халаттылардың өз жұмыстарында қателесуге хақысы жоқ. Біздің мамандықтың ерекшелігі де осында.

– Оқу орындарын бітіріп келген түлектердің біліміне көңіліңіз тола ма? Шеберліктері жетпей жатса, оларды қалай тәрбиелейсіздер?

– Қазір оқып жатқан шәкірттерге де оңай емес. Стипендиялары аз. Көпшілігінің жатақханалары жоқ. Пәтер қымбаттап кетті. Сондықтан олардың көпшілігі қосымша жұмыс істеуге мәжбүр. Осының бәрі олардың толыққанды білім алуына кедергі келтіреді. Біз оған түсіністікпен қараймыз. Жоғарыда айтқанымыздай, олардың  біліктілігін арттыруға қосымша курстар аштық. Қысқасы, білімін жетілдіреміз. Ал бұл шаралардан білімі көтерілмесе, онда жұмыстан босатуға тура келеді.

– Жаңа емхана жаңаша талаптар қояды. Қиындықтар көп болатыны сөзсіз. Жаңа ұжымды қалыптастыру оңай шаруа емес. Жаңа аппаратуралар алу, оны құрастыру, мамандар табуда қосымша жауапкершілік жүктейтіні анық. Осы жөнінде айтып өтсеңіз.

– Иә, оңай емес. Мемлекетіміз маған зор сенім артты. №33 емхана өткен жылы қазан айында ашылды. Мамандарды өзімізге көршілес емханалардан тарттық. Біздің міндетіміз – халыққа қолжетімді қызмет көрсету. Сондықтан емхана үйі Жетісу ауданында орналасқанымен, Алатау ауданы жапсарлас, тиіп тұрғандықтан, ол жақтан да науқастарды қабылдауға ұйғарым жасадық. Негізі біз 13 мың науқасты қабылдауға бейімделгенбіз. Қазір 14,5 мың науқасты қабылдап отырмыз. Болашақта мұны 30 мыңға жеткізу жоспарымызда бар. Себебі біздің емхананың көлемі 3 мың шаршы метр. Енді оның көлемін 1,5 мың шаршы метрге көбейткелі отыр. Яғни қосымша ғимарат салынады. Жұмыс әлі де көп. Дегенмен оны ойдағыдай атқаруға тырысып жатырмыз.

– Әңгімеңізге рақмет. Сіздерге табыс әрі сәттілік тілейміз!

Сұхбаттасқан  – 

      Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ

 

27.02.2025

Ұқсас жаңалықтар

ОРДАБАСЫ АУДАНЫНЫҢ ОРТАЛЫҒЫ ГҮЛМЕН КӨМКЕРІЛДІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 31.03.2025 46
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ  ТӨЛЕБИЛІКТЕРМЕН КЕЗДЕСТІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 31.03.2025 97
ШАРДАРАЛЫҚ ЗІЛТЕМІР ШЕБЕРІ ТҰҢҒЫШ ЕЛ ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 31.03.2025 30
ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙДА МАШИНА ТЕХНИКАЛЫҚ СТАНЦИЯСЫ АШЫЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 31.03.2025 127

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 3439
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 3650
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 18572
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 17257
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 20676