«Газетті кәсіпке емес, рухани құндылыққа айналдырған...»

«Газетті кәсіпке емес, рухани құндылыққа айналдырған...»

«AMANAT» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалында өткен газетіміздің басшысы Сәуле Мешітбайқызымен кездесуде айтылған мәселелер 

көпшіліктің көкейінде жүрген ойларға түрткі болды. Осыған орай түрлі сала өкілдерінің ой-пікірлері мен ұсыныстарын қоса ұсынып отырмыз.

Медхат Қамбетов, Батыс Қазақстан облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары:

– Түйгенім: Отбасындағы бала тәрбиесі, елімізді өркендету мен дамыту, «Ауыл аманаты», «Ауыл – ел бесігі» бағдарламаларының жүзеге асуы, сонымен қоса қиын жағдайда қалып, зорлық-зомбылық көрген балалардың ары қарай қалыпқа түсіп кетуі үшін қандай шаралар қолдануға болатындығы. 

Ұсынысым: қазіргі таңда мәдениет мекемелері бірқалыпты жағдайға келді, бұрынғы ескі клубтар, мәдениет үйлері жөндеуден өтті, жаңадан мәдени-спорттық кешендер салынды, солардың жанында түрлі үйірмелер жұмыс жасайды, балалардың қабілеттеріне сай түрлі бағыттарда үйірмелер ашылуда. «Тентектен түзелген таптырмайды» дегендей, кейбір балалар болады, мектепте бұзықтық жасап жүреді, бірақ көздерінде ұшқын атып тұрады. Соларды өнерге, спортқа бағыттаса, небір чемпиондар мен жарқыраған жұлдыздар шығып жатады. Оған көптеген мысалдар да бар. Сондықтан осы тәжірибені де қолға алу керек. Біздің бала кезімізде «қоғамға пайдалы еңбек» деген болды, соны қайтадан мектепке енгізу керек, балаларды еңбекке баулып, тәрбиелеуде бұл жүйенің үлкен мәні бар.  Қазіргі балалар заман ағымына қарай телефон, ноутбук, планшетке көбірек көңіл бөліп, еңбекпен айналысуды мүлдем қойды. Соңғы 2024-2025 жылдары облысымызда 25 кітапхана модернизациядан өтті, бұрынғыдан мүлдем басқаша. Сол кітапханалардың жанында түрлі  үйірмелер, аудио кітаптар, интернеттен жаңадан шығып жатқан түрлі әлем әдебиеттері – барлығы топтастырылған, іздеген жан керегін табары сөзсіз. Барлық мүмкіншілікті пайдалану үшін, кітап пен газет арқылы қоғамды тәрбиелеу үшін осы бағыттағы жұмыстарды оңтайлы пайдалансақ, үлкен жетістіктерге жетеріміз сөзсіз.

Айнаш Ғұбайдуллина, Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

– Сәуле Мешітбайқызы өте өзекті сұрақтарды көтеріп, шешілу жолдары бойынша тереңірек ой тастады. Еліміздің деңгейіндегі ерте жүктілік,  оның алдын алу, бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі, ажырасу проблемалары,  отбасындағы бала тәрбиесінде әкенің жауапкершілігін бірінші орынға қою секілді маңызды сұрақтарды талқылады. Денсаулық саласындағы мәселелерге көңіл бөліп, өз ойын қосты. Ерте жүктіліктің алдын алуда алғашқы медициналық санитарлық көмек ұйымдарындағы Жастар денсаулық орталықтарының маңызы зор. Бұл орталықтардың қазіргі күнде 40 мың тұрғынға дейін қызмет көрсетуге мүмкіндігі бар. Ал ауыл, аудан  тұрғындарының саны мұндай көрсеткішке жетпейтіндіктен, бүгінде ауылда аталған орталықтарды ашуға тұрғындар санын қарастырып, нормативтік-құқықтық актілерге өзгеріс енгізу мәселесі туындап отыр. Екінші мәселе – балаларына екпе егуге ата-аналарды міндеттеу жөнінде заң шығару қажеттілігі.

 

Әлия Қайржанова, Орал қалалық білім беру бөлімінің басшысы: 

– Қоғамның тірегі – әйел-ана. Бүгінде әйелге бағыт беріп отырған басты күштің бірі әлеуметтік желі екені анық. Алайда оның ықпалын теріс мақсатта пайдаланып жүргендер де бар. Түрлі курстардан өткен өзін коуч, тренер деп таныстыратындар әлеуметтік желі арқылы әйелдерге кеңес ұсынып, ақыл айтушыға айналды. Сол «кеңестердің» кесірінен әйелдің отбасындағы рөлі бұрмаланып, өз құқығын жоғары қою үшін ерімен текетіреске түсіп, соның кесірінен шайқалған шаңырақтарды да көзіміз көріп жүр. Бұл – бала тәрбиесіне бөлінетін уақытты азайтып, басты назарды өз жеке басының «дамуына» бұрып жіберген қоғамның көрінісі. Сондықтан әлеуметтік желінің әсерін дұрыс бағытқа бұру – баршамызға ортақ міндет. Желіде желдей ескен дәйексіз ақпараттардың орнына мазмұнды, ғылыми, тәрбиелік мәні зор контентті көбейту керек.

Педагогикалық қауымдастық арасында газет-журнал оқудың маңыздылығын жиі айтып жүремін. Себебі әлеуметтік желіні ғана оқып, қысқа-нұсқа, қандай да бір контекстен үзіп алынған ақпараттармен ғана шектелетін ұстаз қоғамдағы маңызды мәселелерді сараптап, өз көзқарасын білдіре алмайды. Ал ондай мұғалім болашақ ұрпаққа қалай бағыт береді? Осы ойдың қорытындысы ретінде айтарым: әлеуметтік желі арқылы ықпал етуге, әсіресе, отбасылық құндылықты бұзатын бағыттағы парақшалар мен жазбаларды кеңінен таратуға заңдық шектеулер мен нақты тетіктер қарастырылуы керек. Ой айту – еркіндік, бірақ оның арғы жағында тұтас ұрпақтың тәрбиесі, елдің ертеңі тұрғанын естен шығармағанымыз жөн. Жиында көтерілген әрбір мәселе қоғамдағы жаңа өзгерістердің бастамасы боларына сенемін. 

 

Диляра Сатарова, БҚО ПД Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес бөлімінің басшысы:

– Осы жылдың қаңтар айынан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша еліміздің барлық өңірлерінде әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшелері базасында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес жөніндегі мамандандырылған бөлімдер құрылды. Бұл – уақыт пен өмір талап еткен маңызды қадам, қоғамда қауіпсіздік пен өзара құрмет отбасының қалыпты құндылығына айналуы жолындағы шешуші әрекет. Біздің басты басымдықтарымыздың бірі – зорлық-зомбылыққа куә болған балалармен жұмыс. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, отбасындағы зорлыққа куә болған бала есейгенде осы мінез-құлық үлгісін қайталау қаупі жоғары. Егер балаға уақытында психологиялық көмек көрсетілсе, біз бұл «қатыгездік шеңберін» бұзып, оған сүйіспеншілік пен жауапкершілікке негізделген өмір сүруге мүмкіндік бере аламыз. Бүгінгі жасөспірімдер ақпарат ағыны мен түрлі қауіп-қатерге толы әлемде өмір сүруде. Интернет, әлеуметтік желілер, көше ортасы – бәрі олардың көзқарасына әсер етеді. Біздің жиі байқайтынымыз – жасөспірімдердің көп жағдайда құқық бұза отырып, үлкендердің назарын аудартуға тырысуы, өйткені үйде бұл назар жиі жетіспейді. Егер бала зорлық-зомбылық ортасында өссе, ол осыны құрдастарымен қарым-қатынаста да қайталайды. Жасөспірімдік кезеңде олардың жанында ата-ана, мұғалім, полиция қызметкерлері сияқты түсіне білетін ересектердің болуы өте маңызды. Тек бірлесе әрекет еткенде ғана біз оларды жаман орта ықпалынан қорғай аламыз.

Тәрбие – бұл сөз емес, жеке үлгі. Егер ата-ана темекінің зиянын айтып тұрып, баласының көзінше өзі шексе, бала оның ақылына құлақ аспайды. Үйде ұрыс-керіс болса, бала мейірімге сенбейді. Ал егер үйде құрмет пен сүйіспеншілік үстемдік етсе, бұл – сыртқы әлемнің теріс ықпалынан ең мықты қорған. Баламен сөйлесіп, оның сезіміне, жеңісі мен қателіктеріне қызығушылық таныту қажет. Әр бала – қайталанбас тұлға, оны ешкіммен салыстырмаңыз. Олардың ертеңгі әлемі біздің бүгінгі іс-әрекетімізге байланысты. 

Сәуле Мешітбайқызымен кездесуіміз жұмысымызға шабыт беретін диалог болды. Ел анасымен жүздесу – қоғам пікірі қылмыстың алдын алу жөніндегі жүйелі және жоспарлы жұмысты қалыптастыруда аса маңызды екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Ашық диалог, тәжірибе алмасу және ұсыныстар ортақ проблемаларды жақсырақ түсініп, тиімді шешу жолдарын іздеуге мүмкіндік береді.

 

Шаттық Өтебалиева, өңірлік бала құқығы жөніндегі уәкіл: 

– Жүрегі елім, жерім, ұлтым, ұрпағым деп соққан ел анасы Сәуле Мешітбайқызымен ерекше рухани кездесу өтті. Кездесу барысында Сәуле Мешітбайқызы қоғамның рухани келбетіне тоқталып, бүгінгі заманның өзекті мәселелеріне байланысты өз ой-пікірін ортаға салды. Жүрегі қазақ деп соққан Сәуле апай ұлттың болашағына алаңдап, өз өмірлік тәжірибесімен бөлісті, жаһандану дәуірінде туындап отырған рухани қауіптерге назар аударды. Облыстың әлеуметтік және идеологиялық саласына жауапты әкім орынбасарлары, құқық қорғау органдары, денсаулық сақтау, білім және ауылшаруашылығы салаларының өкілдері өз ұсыныстарын білдіріп, қоғамның көкейіндегі мәселелерге мән берді. Аудан әкімдерінің орынбасарлары Зәйлім Исатайқызы мен Серік Әнуарұлы көтерген мәселелер елдік мәні бар өзекті тақырыптар болды. Әрбір сөз, әрбір ұсыныс тыңдаушының жүрегіне жетті. Өңірлік бала құқықтары жөніндегі уәкіл ретінде мен де ҚР Бала құқықтары жөніндегі бас уәкіл Динара Закиева бекіткен жоспар аясында өңірде атқарылған жұмыстарға тоқталдым. 

Әйелдер мен балаларға арналған, тәулік бойы жұмыс істейтін «111» сенім телефоны талай баланың өмірін қорғап қалуға себеп болды. Өз тәжірибемде оның нақты дәлелдерін көрдім. Қай ортада болсақ та, осы нөмірді айтып жүруіміз қажет. Оған түскен қоңыраулар жазалау емес, мәселенің шешімін табуға, көмек көрсетуге және сүйемелдеуге бағытталған. Сонымен қатар өңірдегі Отбасын қолдау орталығы отбасыларға бағыт-бағдар беруге, көмек көрсетуге өз үлесін қосып келеді. Балаларға арналған облыстық әдістемелік психологиялық қолдау орталығының көмегімен психологиялық кеңес, сүйемелдеу жұмыстары жүргізіледі. Бастысы балалар риза, оң өзгеріс болады деген сенімім бар. Қазіргі таңда қоғамда бала құқықтарын қорғауға бағытталған бала құқығы жөніндегі департамент құру мәселесі қарастырылуда. Баланың ең алғашқы және негізгі қорғаушысы – ата-ана. Қалай біз оның тамағы мен киімін ойласақ, тәрбиесі мен құқығын қорғау да – дәл сондай ата- ананың тікелей міндеті. Өкінішке қарай, «біз де солай өстік, олар да өседі» деген көзқарастағы ата-аналар да бар. Бұл түсінікті өзгерту – бүгінгі қоғам міндеті. 

Кездесуде қозғалған ең ауыр әрі нәзік тақырыптардың бірі – балалар арасындағы зорлық-зомбылық пен суицид мәселесі. Бұл – қоғамның жүрегін ауыртатын жағдай. Осындайда ең бастысы – үміт жібін үзіп алмай, қайта жалғау. Ол үшін әрбір ата-ана, мұғалім, көршісі, тіпті кездейсоқ жан қырағы әрі қамқор болуы қажет. Тағы бір байқағаным, қоғамда қайырымдылық мәдениеті қалыптасқан, балаларға деген назар бар. Жеке демеушілер мен кәсіпкерлер де өзіндік үлестерін қосуда.  Даладан ешкім келіп біздің жағдайды түземес, жүзеге асыратын осы өзіміз. Әркім өзінен, өз саласынан кішкентай болса да үлес қоса берсе, өзгереміз, өзгертеміз.  Бұл рухани кездесу – жанға серпіліс, ойға түрткі, жүрекке шуақ сыйлаған әсерлі сәт болды. Толқытты, ой салды, оятты, рухтандырды. Газетті кәсіпке емес, рухани құндылыққа айналдырған Сәуле Мешітбайқызындай тұлғалар аман болсын!

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы
22.10.2025

Ұқсас жаңалықтар

АҚТӨБЕДЕ – АУЫЛДЫҢ ЖҮГІ, «AQTOBE»-ДЕ  – ДӘУІРДІҢ ҮНІ
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы - 22.10.2025 63
Министрлікте өткен кеңес
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 22.10.2025 27
Ақындар айтысы өтті
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 22.10.2025 26
АҚТӨБЕДЕ – АУЫЛДЫҢ ЖҮГІ, «AQTOBE»-ДЕ  – ДӘУІРДІҢ ҮНІ
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы - 22.10.2025 63
Қамбасы дәнге толған Ақмола
Д. ШӨКШІР, Ақмола облысы - 16.10.2025 299
Теріскейдегі жылы жүздесулер
Нұрсайын Шәріп - 16.10.2025 304

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 18973
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 18833
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 33998
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 32551
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 36357