«Гендерлік саясат» деген тіркесті айта қалсаңыз, жан-жағыңыздағы үлкен- кішінің де, ер мен әйел азаматтардың да көбісінің жүзінен жақтырмаған кейіп бірден қылаң беретіні жасырын емес. «Гендер» деген ұғымды ерлер мен әйелдердің ғана бір-біріне теңестірілуі деп қабылдайтын түсінік басым. Өткен дәуірдегі кеңестік социалистік кезеңнің әйел теңдігі саясатымен салыстыратын да жайт бар. «Байтал шауып бәйге алмас», «Қатын бастаған көш қараң қалады» секілді мәтелдерді кесе-көлденең тартып, өздерінің ойларын ақтап алғысы келіп жататындар да көптеп кездеседі. Бірақ, олар бұл сөздің мәнісін тек адамдардың жыныс айырмасымен байланыстыра, біржақты, аса тар ауқымда қабылдаса, өте қатты қателесетіндіктерін бағамдай бермейді.
«Гендер» ұғымы ХХ ғасырдың 80-жылдарынан бастап ғылыми қолданысқа еніп, жүйелі түрде зерттеле бастаған. Оған саяси-әлеуметтік жағдай – қоғамдық қатынастардың өзгеруі мен әйелдер құқығын қорғау бағытындағы феминистік қозғалыстың өріс алуы, философиялық жағдай – таным теориясының жаңа бағыт алуы, тағы да сол секілділер әсер етті. Негізінен «гендер» дегеніміз – табиғаты бірдей заттардың немесе тіршілік иелерінің жиынтығына жататын, яғни генезис, форма немесе сипаттамалар секілді элементтерді бөлетін типке, класқа, текке қатысты сөз. Оны қолданудың аясы кең. Сондықтан, гендерлік саясат дегенді жер шары мен жаһандық тұрғыдан алып қарасақ, бұл – жанды-жансыз және үлкенді-кішілі не нәрсенің болмасын бірге және үйлесімділікте тіршілік кешуін, бір- бірімен тепе-теңдікте сақталуын қадағалауға тиіс мүдде болып шығады. Алайда, Ұлы Жаратушы тарапынан ақыл-ой мен сөйлеу тілін сыйға алғандығымен ерекшеленетін адам баласы бұл мүддені соңғы уақыттарда әсіресе өз қалауына қарай жиі пайдалана бастады. Бұл бір жағынан алып қарағанда дұрыс та. Он сегіз мың ғаламды өз білім-ғылымымен игеруге ұмтылған адамзат басқа жанды- жансыз нәрсеге де иелік ете алатын зор қабілет иесі. Сондықтан, бүгін біз де жоғарыдағы гендерлік саясат туралы әңгімені адамбаласылық қарым- қатынас тұрғысында өрбітпекпіз.
Қоғамның жыныстық жіктеліміне байланысты эволюциялық үдерісі қай елдің, қай мемлекеттің болмасын саяси-экономикалық және әлеуметтік дамуына өз ықпалын тигізбей қоймайды. Көп ғасырлар бойы шығыста ғана емес, батыс тарихында да, тіпті мұхиттың арғы бетіндегі мемлекеттерде де ерлер мен әйелдердің азаматтық құқықтарының жер мен көктей айырмашылығы олардың өмірінде өте қатты қарама-қайшылықтар туғызды. Әйелдер үй шаруасымен ғана шектелді. Қоғамдық тіршілік ер адамдардың иығына артылды. Ортағасырлық Еуропада әйелдерге меншік құқығы, оқу немесе қоғам өміріне араласу құқығы берілмеді. Азия елдері тұрмақ, ХІХ ғасырда Францияда көпшілік алдында әйел адамдар басын бүркеуге мәжбүр болды. Германияның кейбір аймақтарында күйеулері тіпті әйелдерін сатуға құқылы болды. Жиырмасыншы ғасырдың басында Еуропа мен Америка Құрама Штаттарының әйелдері бірді-екілі өңірлерінде ғана болмаса, дауыс бере де, сайлана да алмады. Әйелдерге әкесі, ағасы, күйеуі, заңды агенті немесе ұлы болсын, ер өкілінсіз бизнес жүргізуге тыйым салынды. Отбасылы әйелдер күйеулерінің рұқсатынсыз балаларының тәрбиесіне араласа алмады. Әйелдерге білімге қол жеткізуге мүмкіндік болмады. Әлемнің кейбір бөліктерінде нәзік жыныстылар үшін мұндай шектеулер қазірдің өзінде сақталып келе жатқанымен, өркениеті дамыған елдерде гендерлік тепе-теңдікті сақтау үрдісі бүгінгі таңда өз арнасын тапты деуге толықтай негіз бар.
Қазақстан да тәуелсіздік алған жылдардан бері қарай әйелдерге тең қолжетімділікті және өмірдің барлық салаларына қатысуды қамтамасыз етуі тиіс осы демократиялық жолды ұстана бастады. Содан бері экономикалық еркіндік үшін тең мүмкіндіктерді пайдалану, билік құрылымына әйелдер мен ерлердің бірдей қатысуы, отбасындағы тең құқықтар мен міндеттер үшін талаптар құру, жыныс белгілері бойынша күштер бостандығы, қоғам дамуында әйелдердің рөлін дамыта беру үшін жаңа мүмкіндіктер туғызып отыру – біздің еліміздегі гендерлік саясаттың бірегей міндеттері.
Гендерлік саясат – қазіргі уақытта өзекті мәселелердің бірі. Қоғам өмірінің барлық салаларында ерлер мен әйелдердің теңдігіне қол жеткізуге бағытталған мемлекеттік және қоғамдық қызмет. Мемлекетімізде гендерлік саясат жүргізу жөніндегі жұмысты Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия үйлестіреді. Оның негізгі функциясы – отбасына, әйелдер мен ерлердің теңдігіне қатысты «Қазақстан Республикасындағы Отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы» деп аталатын кешенді мемлекеттік саясатты жүйелі түрде іске асыру.
Тұжырымдамада «Гендерлік саясат саласындағы қол жеткізілген нәтижелер мен проблемалар», «Халықаралық тәжірибені шолу», «Қазақстан Республикасындағы отбасылық және гендерлік саясатты дамытудың пайымы», «Қазақстан Республикасындағы отбасылық және гендерлік саясатты дамытудың негізгі қағидаттары мен тәсілдері», «Нысаналы индикаторлар мен күтілетін нәтижелер», «Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс- қимыл жоспары» деп аталатын тақырыптар қамтылады.
Бұл салалар бойынша отбасы институтын және отбасы құндылықтарын нығайту, отбасыларды мемлекеттік әлеуметтік қолдау, ерлер мен әйелдердің репродуктивті денсаулығын сақтау үшін жағдай жасау, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл, гендерлік теңдік институтын нығайту, әйелдердің саяси және басқарушылық ұстанымдарын қолдау, әйелдердің экономикалық әлеуетін кеңейту, гендерлік аспектіде өзін-өзі тану мүмкіндіктері, отбасылық саясатқа қол жеткізудің шетелдік модельдері, отбасылық саясат пен гендерлік саясатты қалыптастырудың негізгі қағидаттары мен тәсілдері, ерлер мен әйелдердің тең серіктестігіне, ата-аналардың балаларды тәрбиелеу, оқыту және дамыту, қарттарға қамқорлық жасау және қолдау үшін жауапкершілігін тең бөлуге негізделген отбасылық қатынастарды қалыптастыру арқылы отбасы институтын нығайту, отбасындағы және балалар мен әйелдерге қатысты зорлық- зомбылықтың алдын алу, гендерлік ағартуды ілгерілету, бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге әйелдердің қатысуын кеңейту турасындағы проблемаларды шешудің жолдары жан-жақты қарастырылған.
Осындағы «Отбасы институтын және отбасы құндылықтарын нығайту» тарауына көз жүгіртіп көрейікші.
Қазақстандықтардың көпшілігі үшін отбасы – маңызды құндылық. Ата-аналардың дені балаларымен барынша көп уақыт өткізуге ұмтылады. Мысалы, «Отбасылық- демографиялық саясат» сауалнамасының 2022 жылғы деректері бойынша ата-аналардың 50,3 пайызы тұрақты түрде балалардың қасында болатындығы, 32,7 пайызы әрбір күнді бірге өткізуге тырысатындығы, 8,3 пайызы әр демалыс және мереке күндерін бірге өткізетіндігі және тек 0,4 пайызы бос уақытын ешқашан балаларымен өткізбейтіндігі анықталған. Балалардың көпшілігі (88,3%) ата-аналарымен өздерінің қызығушылықтарын талқылайтынын, балалардың көп бөлігі (85,2%) өзінің отбасымен араласқанды ұнататынын және олардың тек 2,3 пайызы туған-туыстарымен өзара түсініспеушілігі кездесетіндігін айтқан.
Азаматтардың көпшілігі балаларға үлкендерді құрметтеу (61,3%), еңбекқорлық (61,0%), өзін-өзі құрметтеу (43,0%), өзіне деген сенімділік (37,6%) және әділдік (29,5%), өзін-өзі дамыту (20,1%), рухани өсу (19,1%), патриотизм (16,5%), басқа адамдарға көмектесу (11,7%), қиын жағдайларға бейімделе алу (11,5%), даралық (9,5%) сияқты құндылықтарды дарытуға ұмтылады.
Дегенмен, қоғамда отбасы институтының маңыздылығына қарамастан, ажырасулар және некесіз бала туу азаймаған. Шамамен әрбір үшінші неке бұзылады. Кәмелеттік жасқа толмаған балалары бар ерлі-зайыптылардың ажырасу үлесі ұлғайған. 2016 жылы 141,7 мың некенің 51,9 мыңы ажырасса (36,7 %), 2020 жылы 128,8 мың некенің 48 мыңы ажырасқан (37,2 %). Алайда, пандемия кезінде ажырасулардың азайғаны байқалады. Айталық, 2020 жылдың қорытындысы бойынша тіркелген некелер санына ажырасқан некелердің үлесі 37,2 пайызды құрады, ал 2019 жылдың соңында бұл көрсеткіш 42,8 пайызға тең болған екен.
2019 жылы ажырасу коэффициенті 2016 жылмен салыстырғанда 2,92-ден 3,23-ке дейін өскен. Ал, 2020 жылы осы коэффициенттің төмендегені байқалады (2,56). Өңірлік бөліністе 2020 жылы ажырасудың жалпы коэффициенті бойынша Павлодар облысы мен Астана қаласы бірінші орында болған, әрбір мың тұрғынға 3,6 ажырасқан жұп. Екінші орында – Солтүстік Қазақстан облысы (3,55), үшінші орында – Қарағанды облысы (3,33). Ажырасудың ең төмен коэффициенті Түркістан облысында (1,31), Шымкент қаласында (1,87) және Маңғыстау облысында (1,96) байқалған.
Ер адамдардың гендерлік жағдайдағы еркіндігі әкелердің бала тәрбиесіне аз қатысуына әкеліп соғады. Баланы асырау үшін алимент төлеуде де мәселе тудырады. Жаппай сауалнама деректері ерлердің өз балаларымен өзара қарым-қатынасқа қатысуының айтарлықтай төмен деңгейін көрсетіп отыр. «Отбасылық- демографиялық саясаттың» 2021 жылғы зерттеулері бойынша көбінесе отбасылардың 38,15 пайызында аналары балалармен бірге уақыт өткізеді, 40,2 пайызында әкесі мен анасы бірге қатысады, 2,1 пайызында әкелері баласымен өз бетінше аз қарым-қатынас жасайды.
Тұжырымдама кезең-кезеңімен жүзеге асырылғанда көптеген нәтижелерге қол жеткізілетін болады. Халықтың репродуктивті денсаулық саласындағы хабардарлығы артады. Балаларды тәрбиелеу процесіне тартылған әкелердің үлесі көбейеді, өмірде қиын жағдайға тап болған отбасыларды анықтау және оларға көмек көрсету жеделдігі ұлғаяды, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың қайталанған жағдайларының саны азаяды, кәсіпкерлік саласында әйелдердің қаржылық сауаттылығы артады, биліктің атқарушы, өкілді және сот органдарында, мемлекеттік, квазимемлекеттік және корпоративтік секторларда шешімдер қабылдау процестеріне тартылған әйелдердің үлесі өседі, сондай-ақ, отбасы институтын және гендерлік теңдікті нығайту жөніндегі шаралармен халықты қамту, тағы басқалары артуы тиіс.
Мақаламыздың басында гендерлік саясат туралы сөз қозғалғанда қоғамның екіге жарылатынын бекерге меңзеген жоқпыз. Гендерлік теңдікті жұртшылықтың көбі «әйелдің билікке таласуы» деп қабылдайды. Хорватия, Литва, Бангладеш, Жаңа Зеландия, Словакия, Грузия, Грекия сияқты елдерді әйелдердің басқарғаны да бұған аз мысал емес. Үкімет басқарған әйелдердің де саны жетерлік. Сонда да, «Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеген» мұндай әйелдерге «Берекелі отбасында әйелі ерінен бір саты төмен тұруы керек» деп санайтын қоғам үрке қарайды. Алайда, гендерлік саясаттың әйелдерді билік басына әкелумен ғана шектелмейтінін әрбір қоғам мүшесі білуі тиіс. Оның басты мақсаты – нәзік жандылардың құқығын қорғау.
Гендерлік теңдік деңгейі жоғарылаған сайын, отбасы мүшелерінің әрқайсысының тұрмыстық, экономикалық, адамгершілік- тәрбиелік, қорғаушылық және басқа да маңызды функцияларын орындауда жауапкершілігі, тепе- теңдігі де жоғары болатынын түсінуге тиіспіз.
Бұдан екі жыл бұрын ел Президенті Қасым- Жомарт Тоқаев «БҰҰ – әйелдер құрылымының» Франция және Мексика үкіметтерімен бірлесіп ұйымдастырған «Ұрпақ теңдігі» жаһандық форумының қатысушыларына арнаған сөзінде гендерлік теңдіктің салиқалы саясаты бойынша әйелдерді қолдаудың жалғаса беретінін айтқан болатын. «Гендерлік мәселені шешу – өңірлік өлшем бойынша еліміздің сыртқы саясаттағы басымдықтарының бірі» деген Президент Қазақстанның «Гендерлік зорлық- зомбылыққа қарсы іс-қимыл коалициясы» және «Экономикалық әділдік пен құқық жөніндегі іс-қимыл коалициясы» сияқты екі серіктес бірлестікке қосылатынын мәлімдеді. Бұл – мемлекетіміздің бірқатар міндеттеме қабылдағанын білдіреді. Сол кезде Мемлекет басшысы гендерлік теңдік және зорлық- зомбылықтың алдын алу бойынша озық тәжірибемен бөлісу үшін Орталық Азияда өңірлік білім платформасын құру туралы жаһандық деңгейде бастама көтерді. Осы бағытта өзі бас болып елімізде әйелдердің теңдігі мен қауіпсіздігін қорғауға, олардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған игі істі барынша қолдап келеді.
Биыл Халықаралық әйелдер күніне арналған іс-шарада өзінің тапсырмасымен отбасы және гендерлік саясат туралы қабылданған жаңа тұжырымдаманы әйелдердің өзін-өзі дамытуына мол мүмкіндік беруге бағыттағанын жеткізген Президент бастамасы халқымыз тарапынан үлкен қолдау табуда. Себебі, әрбір әйел өз отбасында бақытты, қызметінде табысты, қоғамда белсенді болуға лайықты.