ГЕРМАНИЯ ОРТА АЗИЯҒА НЕГЕ МҮДДЕЛІ БОЛЫП ОТЫР ?

ГЕРМАНИЯ ОРТА АЗИЯҒА НЕГЕ МҮДДЕЛІ БОЛЫП ОТЫР ?

Орта Азия елдерінің басшылары ортаға он күн салып, Астанада қайта бас қосты. Кезекті жиылыстың мақсаты ойын-тойдан басқа болды. Яғни «Стан мемлекеттердің» айнала жұртпен өзара ынтымақтастығын кеңейтуге бағытталған «C5+ Қытай», «C5+ АҚШ» секілді басқосулардың желісінде өткен 2-кезекті «Орта Азия – Германия саммиті» еді. Қазақ елінің астанасында өтетін саммитке қатынасуға келе жатқан Германия канцлері Олаф Шольц 15 қыркүйекте ат тұмсығын Өзбекстанға тіреді. Сөйтсек, Шавкат Мирзиеев мырза неміс басшысын Өзбекстанға ресми сапармен келуге арнайы шақырған екен. Орта Азияға қайта-қайта ат сабылтып жүрмей, бір сапардың аясында біраз істерді тындырып қайтуға жетелегені Мирзиеевтің пысықтығы еді. Дегенмен сөз орайында айтып жатқанымыз болмаса, мақаланың мақсаты «ит жарыстыру» емес екендігін айта кетпекшіміз.

ӨЗБЕК-НЕМІС БАЙЛАНЫСТАРЫ ДАМЫП КЕЛЕДІ

Сонымен Самарқандтағы кездесулерде нелер айтылды дегенге тоқтала кетейік. Өзбекстан таяу жылдардан бері туристік әлеуетін арттыру мақсатында Самарқанд, Бұқара, Хиуа секілді көне қалаларына барынша көңіл бөле бастады. Осыған дейін Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитін Самарқандта өткізген өзбектер, бұдан өзге де халықаралық жиналыстар мен маңызды іс-шараларын Самарқандта ұйымдастыруды әдетке айналдырғаны бар. Әрине, бұдан зиян болған жоқ. Ақсақ Темір мәңгілікке тыныстаған, Жалаңтөс батыр Регистанды салдырған көне қала қазір қайта түрленіп келеді. Негізі Өзбекстан – Германия арасындағы қарым-қатынастар 2017 жылдан бері қарай қарқын ала бастады деуге болады. Өзбек басшысы 2019 жылғы қаңтарда Германияға ресми сапармен барған. Онан кейін араға бірнеше жыл салып барып, 2023 жылы мамыр, қыркүйек айларында екі мәрте Берлинге сапар шегіпті. Оның алғашқысы жеке сапар болса, екіншісі алғаш рет ұйымдастырылған «Орта Азия – Германия саммиті» еді. Бұл кездесулердің барлығы нәтижесіз қалмаған. Екі ел арасындағы байланыстар күрт жанданып, немістер Өзбекстанға инвестиция салуға бет бұрды. Ынтымақтастық қатынастарының нығаюының нәтижесінде соңғы жылдары тауар айналымының көлемі айтарлықтай өсіп келеді. Германияға қызмет көрсету, тоқыма, азық-түлік және басқа да өнімдер экспортталса, Өзбекстанға механикалық жабдықтар, көліктер мен олардың қосалқы бөлшектері, фармацевтика мен химиялық өнімдер жеткізіледі екен. Бұдан бөлек еңбек көші-қоны саласындағы қарым-қатынастар Германиямен ынтымақтастықтың перспективалық саласына айнала бастапты. Осындай байланыстардың арқасында 2023 жылы екі ел арасындағы сауда көлемі 1 миллиард еуродан асқан. Неміс компаниялары Өзбекстан экономикасына 800 миллион еуро инвестиция құйған. Дегенмен өзбектер Германиядан дайын өнімдер алудан гөрі, ғылыми, технологиялық жаңалықтарын қабылдауға, мамандар алмасуға көбірек көңіл бөліп отырған жайы бар. Өзбек басшысының арнайы шақыруымен келген мәртебелі мейманды қарсы алу рәсімі Регистан алаңынан басталды. Онан ары қарай шағын құрамда және делегациялардың қатысуымен келіссөздер өтті. Біз бұл арада өзбек сайттарында жазылған деректерді саралай келе, екіжақтылы келіссөздердің нақты нәтижелерін ұсынуды жөн көрдік.

Самарқанд қаласындағы Конгресс орталығында өткен кездесулер барысында бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылып, екіжақтылы қарым-қатынастарды онан ары тереңдетуге бағытталған біраз мәселелер талқыға түсіпті. Келіссөздер қарсаңында индустрия және технология бойынша жалпы құны 9 миллиард еуроны құрайтын стратегиялық серіктестік бағдарламасы дайындалған. Бұған Германияның жетекші компанияларымен және банктері қатысыпты.

Олар «жасыл» энергетиканы, химия өнеркәсібін, маңызды шикізатты пайдалануды, машина жасауды, тоқыма өнеркәсібін, құрылыс материалдарын өндіруді және басқа да көптеген салаларды қамтиды. Siemens Energy компаниясымен Өзбекстанда бу-газ электр станцияларының құрылысын салу, «Linde Group» компаниясымен «метанол аралы» және «жасыл» аммиак өндірісінің құрылысын жүргізу, «KfW Ipex-Bank» қатысуымен ірі мыс кенішін игеру, «Giga Fiber», «AMK Global» компаниясымен мыс өндіру және кабель өнімдерін өндіру, «Guesscon» компаниясымен көміртекті талшық және сутегі өндіру жобалары маңызды жобалар ретінде қарастырылған. Өзбек-неміс мемлекет басшылары мен лауазымды тұлғаларының кездесуі барысында төмендегідей 8 түрлі құжатқа қол қойылыпты. Олар: - Көші-қон және ұтқырлық саласындағы жан-жақты серіктестік туралы үкіметаралық келісім; - Ветеринария және мал шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық декларация; - «Жасыл Орталық Азия» бастамасы аясында су ресурстарын тұрақты пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық декларация; – Маңызды пайдалы қазбалар саласындағы ынтымақтастық туралы бірлескен декларация; – Көлік саласындағы ынтымақтастық туралы келісім; - Париж келісімі аясында климаттың өзгеруі саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум. Сонымен қатар, 2024-2026 жылдарға арналған Технологиялық серіктестік және өндірістік кооперация бағдарламасы қабылданған, сондай-ақ Өзбекстан мен Германияның жетекші кәсіпорындары деңгейінде бірқатар келісімдер мен келісім-шарттар жасалыпты.

ҚАЗАҚ-НЕМІС ҚАТЫНАСЫ ҚАНДАЙ ДЕҢГЕЙДЕ?

Самарқандтан аттанған Германия Федералдық канцлері Олаф Шольц 16 қыркүйекте Астанаға келді. Қазақстан мен Германия арасындағы экономикалық және өзге салалардағы байланыстардың ауқымы кең екендігін айта кеткен жөн. Ол негізінен мынадай бірнеше аспектілерде көрінеді: 1. Сауда қатынастары: Германия Қазақстанның Еуропадағы маңызды сауда серіктестерінің бірі болып табылады. Екі ел арасындағы сауда негізінен машиналар мен жабдықтар, химия өнімдері, автомобильдер мен олардың бөлшектері, электронды өнімдер және т.б. Қазақстанның Германияға негізгі экспорты энергетика (әсіресе мұнай және табиғи газ), минералды ресурстар және т.б. 2. Инвестициялық ынтымақтастық: Неміс компанияларының Қазақстандағы инвестициялары энергетика, ауыл шаруашылығы, машина жасау және инфрақұрылымды қоса алғанда, көптеген салаларды қамтиды. Қазақстанның дамуында неміс технологиясы мен басқару тәжірибесі белсенді рөл атқарады. Мысалы, неміс компанияларының жаңартылатын энергия көздері, ақылды өндіріс және ақпараттық технологиялар сияқты салаларға салған инвестициялары Қазақстанның модернизация процесіне ықпал етіп отырғандығын ерекше айта кеткен жөн. 3. Технологиялар трансферті және ынтымақтастық: Германия әлем бойынша көптеген жоғары технологиялық және инженерлік салаларда көшбасшы болып табылады. Қазақстан өзінің өнеркәсіптік деңгейі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін неміс компанияларымен ынтымақтастық арқылы озық технологияларды енгізуге үміттенеді. 4. Саяси және әлеуметтік саладағы ынтымақтастық: екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықты дамытуда Үкіметаралық келіссөздер мен тәжірибе алмасулардың маңыздылығы зор екені жасырын емес. Қазақстан Үкіметі салықтық жеңілдіктер мен ыңғайлы әкімшілік процедураларды қоса алғанда, шетелдік инвестицияларды тарту бойынша бірқатар саясатты алға тартып отыр. Әрине, бұл жағында неміс компаниялары да шет қалған жоқ. Еліміздің әлеуметтік саласын дамытуға бағытталған кейбір заңнамалардың неміс моделін негізге алғандығы да жасырын емес... Мысалы азаматтарды баспаналы болуға көмектесетін «Отбасы банкі» жүйесі әуел баста неміс тәжірибесін қабылдағаны бар... 5. Тұрақты даму: Тұрақты дамуға жаһандық назар артқан сайын, Қазақстан мен Германияның қоршаған ортаны қорғау және жасыл технология саласындағы ынтымақтастығы да үнемі нығайып келеді. Бұлар жалпы көлемді қорытындылай келе жинақталған тармақтар саналады. 16 қыркүйекте Ақордада Қасым-Жомарт Тоқаев пен Олаф Шольц ресми делегация мүшелерінің қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз өткізді. Президент Канцлердің елімізге жасаған алғашқы ресми сапарының мәні зор екенін атап өтіп, бүгінгі кездесу Қазақстан мен Германияның көпқырлы ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді.

– Біз жаңа ғана шағын құрамда екіжақты қарым-қатынасты одан әрі нығайту мәселесін талқыладық. Сауда-экономика, инвестиция салаларындағы ықпалдастықты тереңдетуге ерекше назар аударылды. Бұдан бөлек, өзекті халықаралық мәселелер туралы сөз қозғадық. Атап айтқанда, қазіргі геосаяси ахуалға, жаһандық қауіпсіздікке және аймақтық дамуға, климаттың өзгеруіне қатысты пікір алмастық. Сондай-ақ халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастық мәселесін қарастырдық. Екіжақты қарым-қатынастар стратегиялық серіктестік рухында дамып келеді. Бүгінгі келіссөздер оның аясын кеңейте түсуге ықпал ететініне сенімдімін. 

Былтыр екіжақты тауар айналымы 1,5 еседей өсіп, 4 миллиард долларға жуықтады. Биыл да оң динамика байқалып отыр. Соңғы жеті айда өзара сауда-саттық көлемі 2,3 миллиард доллардан асты. 2005 жылдан бері Германиядан шамамен 6,7 миллиард доллар көлемінде тікелей инвестиция тартылды. Бұл қаржының 90 пайызы шикізаттық емес секторға тиесілі екені қуантады. Бүгінде Қазақстанда неміс капиталының үлесі бар мыңнан астам компания жұмыс істейді, – деді Қазақстан Президенті. Өз кезегінде Германияның Федералдық канцлері қазақ жерінде көрсетілген сый-құрмет үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, екіжақты байланыстардың қарқынды дамып келе жатқанына тоқталды.

– Сіздің еліңізге тікелей инвестиция салу және сауда айналымының көлемін арттыру үшін экономикалық байланыстарымызды жақсартуға барлық жағдайды жасаймыз. Әрине, экономикалық ынтымақтастықты барлық салада дамытқымыз келеді. Энергетика саласындағы серіктестігіміз дәйекті түрде алға жылжып келе жатқанына дән ризамыз. Екі ел арасында сенімді әрі жүйелі ынтымақтастық орнаған. Бұл – бүкіл әлемге жақсы үлгі. Сондай-ақ біздің алдымызда тұрған халықаралық сын-қатерлер төңірегінде жан-жақты пікір алмасқанымызға қуаныштымыз, – деді Олаф Шольц.

Келіссөздер қорытындысы бойынша Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Федералдық канцлер Олаф Шольц Қазақстан Республикасы мен Германия Федеративтік Республикасы арасындағы ынтымақтастық туралы Бірлескен декларация қабылдады. Бұл декларация Саяси диалог, Парламенттік дипломатия, Құқықтық ынтымақтастық, Орталық Азия + Германия, Қауіпсіздік, терроризмге және заңсыз есірткі саудасына қарсы күрес, Экономикалық ынтымақтастық, Энергетика, Өнеркәсіп, Климат, қоршаған орта және су ресурстарын басқару, Көлік және логистика, Азық-түлік және ауыл шаруашылығы, Инновациялар, жаңа технологиялар және цифрландыру, Қаржы, Денсаулық сақтау, Ғылым және білім беру, Мәдениет, Виза, Техникалық ынтымақтастық негіздері, Қорытынды ережелер сынды жалпы 63 тармақтан тұратын аса ауқымды мәселелер қарастырылған маңызды құжат екендігін айта кеткен жөн. Бұдан кейінгі кездесу «Қазақстан – Германия» бизнес форумына жалғасты. Мемлекет басшыларының қатысуымен өткен форумға Германия тарапынан Siemens Energy AG компаниясының басқарма төрағасы, Германия экономикасы Шығыс комитеті төрағасының орынбасары Кристиан Брух, CLAAS Group компаниясының басқарма төрағасы Ян-Хендрик Мор, DB E.C.O. Group компаниясының атқарушы кеңесінің төрағасы, Германия экономикасы Шығыс комитетінің Орталық Азия жөніндегі жұмыс тобының өкілі Нико Варбанофф, SVEVIND Energy GmbH компаниясының президенті, Қазақстанның Саксониядағы құрметті консулы Вольфганг Кропп, Aurubis AG компаниясының басқарма төрағасы Торальф Хааг, Siemens Healthineers AG компаниясының басқарма төрағасы Берндт Монтаг, GP Günter Papenburg AG компаниясының басқарма төрағасы Гюнтер Папенбург, HMS Bergbau AG компаниясының басқарма төрағасы Дэннис Швиндт, KfW Bankengruppe компаниясының Халықаралық қаржыландыру жөніндегі басқарма мүшесі Кристиане Лайбах, KNAUF Gruppe компаниясын басқарушы серіктестердің өкілі Александр Кнауф, Herrenknecht AG компаниясының басқарма мүшесі Мартин-Дэвид Херренкнехт, Ernst Klett AG компаниясының бас атқарушы директоры Филипп Хаусманн, Rhenus SE & Co. KG компаниясының бас директоры Тобиас Бартц қатысты.

ОРТА АЗИЯ – ГЕРМАНИЯ САММИТІ

2024 жылы 17 қыркүйекте Астанадағы Тәуелсіздік сарайында «Орталық Азия – Германия саммиті» өтті. Саммитке ГФР Федералдық канцлері Олаф Шольц, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов пен Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтар қатысып, сөз сөйледі. Тараптар Еуропадағы ірі экономикалық тұлға саналатын, ғылым мен білімде әлемнің көшбасшыларының қатарынан саналатын Германиямен өзара ынтымақтастықты барынша дамытып, ортақ мүдделерді жүзеге асыру жолында күш салатындықтарын білдірді. Кездесу қорытындысы бойынша Орталық Азия мемлекеттері басшылары мен Германия Федералдық канцлерінің бірлескен мәлімдемесі қабылданды. Бұл саммитте мемлекет басшылары жаһандық және аймақтық маңызы бар маңызды түйіндер мен қайшылықтар, Ауғанстан мәселесі, жаһандық қауіпсіздік сынды көптеген тақырыптар туралы ортақ мәмілеге келуге уағдаласты. Ақорданың ресми сайтында жарияланған мақалада талқыға түскен тақырыптар кеңінен баяндалған екен. Саммитке қатысушылар «Германия мен Орталық Азияның бес мемлекеті арасындағы екіжақты сауда көлемінің тұрақты өсуімен қатар экономикалық өсімнің қарқын алғанын ескере отырып, ынтымақтастықтың басқа да бағыттарын қарастыруға, бұл ретте тиісті шаралар қабылдауға, атап айтқанда, табиғи ресурстар, экология, қоршаған ортаны қорғау, энергетика, жаңартылатын энергия көздері, ауылшаруашылығы, химия өнеркәсібі, экологиялық таза және қауіпсіз технологияларды алмасу және тарату, сондай-ақ білікті кадрлар даярлау салаларында ынтымақтастықты дамытуға келісті. Көшбасшылар Транскаспий дәлізін Орталық Азия мен Еуропа арасындағы тұрақты және тиімді мультимодальды көлік байланысы ретінде ілгерілетуге және көлік, инфрақұрылым және консалтинг жобаларына қатысқысы келетін Германияның теміржол және логистика саласындағы компанияларын қолдауға келісті. Көшбасшылар аймақтағы теміржол қатынасын жақсартудың маңызын атап өтіп, Транскаспий дәлізін дамытуды, осылайша ЕО-ның «Global Gateway» стратегиясының мақсаттарына қол жеткізуге үлес қосуға уағдаласты. Көшбасшылар неміс тарапының 2025 жылғы көктемде Германияда сыртқы істер министрлерінің кездесуін өткізу туралы ұсынысын қолдады», – делінген ҚР Президенті баспасөз қызметі таратқан мәліметте.

PS: Біз Астанада өткен айтулы саммит туралы мақаламызда маңызды деген мазмұндарға ғана тоқталуға тырыстық. Көріп отырғанымыздай, бұл кездесулерде Германияның жетекші компаниялары мен іскер топ өкілдері Орталық Азия елдерінің нарығына инвестиция салуға, кәсіпорындар ашуға өте-мөте энергетика саласы мен тау-кен саласын бірлесіп игеруге мүдделі болып отырғандығын аңғарамыз. Германия мұнай, табиғи газ, азық-түлік және өзге де қажетті шикізаттарды бертінге дейін Ресейден тасымалдап келгені белгілі. Алайда осыларды көзір еткісі келген орыстардың оны саяси мақсатқа пайдаланғысы келіп, үнемі дағдарыс тудыруға талпынатыны немістерге өте-мөте қатты бататын еді. Ресей – Украина соғысы басталып, АҚШ бастаған батыс елдері Ресейге қарата жаппай санкциялар сала бастағанда Германияға жеткізіліп жатқан тау-кен өнімдері мен мұнай-газдың жолына да тосқауылдар қойылып, Германияға кәдімгідей тапшылықтар тудырғаны белгілі. Міне, сонан бергі уақытта Ресейдің орнын басатын баламаны немістер Орта Азиядан тапқандай... Кезекті саммитте мақұлданған жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асып, ТрансКаспий құбыры, Еуропаға тұтасатын көлік дәлізі сынды жобалар сәтті басталатын болса, Орта Азия – Германия арасындағы экономикалық қарым-қатынастарда белгілі деңгейде өрлеу туылатыны сөзсіз. Алайда Мәскеудің өз мүддесін қорғау жолында қандай қадамға баратыны белгісіз дегіміз келеді.

 

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ
19.09.2024

Ұқсас жаңалықтар

СӘБИДІҢ ОБАЛЫ КІМГЕ?
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 11.10.2024 199
Алаш жұрты  Ғарифолласынан айырылды
«Qazaqstan dauiri» газеті мен «Мөлдір бұлақ» журналының ұжымы - 25.09.2024 1070
13 жасар оқушы  бес түрлі қамшы өреді
Бағдәулет Нұрмат, Түркістан облысы - 25.09.2024 1109
Ұстаздар 8 перзент  тәрбиелеп отыр
Бағдәулет Нұрмат, Түркістан облысы - 25.09.2024 1089

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 6083
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 5525
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 8712
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 6516
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 7723