Ғұмырын ғылымға арнаған Рамазанов

Ғұмырын ғылымға арнаған Рамазанов

 

 

Әлемдік энциклопедияларға енген есім

  Бұл жолы жылдағы журналистік жүрісімнен жаңылып, хикая тиегін қолыңыздағы мақаланың бас тақырыбынан тарқатқалы отырмын. Әрине, әдеттегідей  «әлқисса» деп бастап, желе жорта жөнелуге де болар еді. Бірақ, кейіпкерім еліміздің қабырғалы ғылым қайраткері, оның үстіне аты әлемге әйгілі, мағруп пен машруққа мәшһүр ғалым болғандықтан, өмірдегі өрлеу баспалдақтарын баяндай келе, тақырыпты «Ғұмырын ғылымға арнаған Рамазанов» деп қойып, жаһанға жария еттім. «Жаһанға» деген сөздің мағынасына сәл кейін оралармын. Сонымен, бұл мақаланың әуелгі атауы «Ғылым-ғұмыр»-тын. Өзіме ұнаған, қысқа да нұсқа, әрі поэтикалық сарыны да бар. Кейіннен, университеттің ғылым бөліміндегі мамандардың талқысына салып, әріптестермен әңгімелесіп, кейіпкерімнің өмірбаянын тағы бір шолып өткен соң бұл райымнан қайттым. Өйткені, әңгімеге арқау болып отырған ғалым, академик-физик Тілекқабыл Сәбитұлы Рамазанов  есімі, білікті кітапханашы-информатик мамандардың  айтуынша, өзге де ірі қайраткерлермен қатар әлемдік энциклопедияларға енген. Оның төлтума ғылыми туындылары және өзі жайындағы жарияланымдар мен мақалалар  рейтингтік орталықтарда тіркеліп, хатталып жатады. Мұнымен қоса бірнеше тілге аударылып, жер жүзіндегі университеттер мен зерттеу орталықтарына таратылады. Ал, қолымыздағы мақала  жаһан тілдеріне қотарыла қалғанда, біз таңдаған тақырып қаймана қазаққа түсінікті шыққанмен, кітапханашылардың пікіріне қарағанда, ағылшын мен француз, жапон мен қытай үшін мағынасыз тіркес болуы әбден мүмкін. Тіпті, орысшаға  «Наука-жизнь» болмаса «Наука-это жизнь» деп тікелей қотарылуы да ықтимал. Бұған ғылымтанушы мамандардың нұсқауымен Ресей Жаратылыстану Академиясының «Әйгілі ғалымдар» («Famous Scientists», rae.ru; https://www.famous-scientists.ru) Энциклопедиясын, басқа да бірқатар анықтамалықтарды ақтара отырып көз жеткіздім.

«Рамазанов мектебі»

   Жиырма бірінші ғасыр ғылымын өрге сүйреген жүздеген саңылақтар сапына кіріп, Энциклопедияның төрінен орын алған академик Рамазанов есімі соңғы айда желіге оралғандар  (орысшасы: количество просмотров анкеты за последний месяц) рейтингінде 24 орын алыпты. Мұның өзі ғалымның өмір жолы, қазіргі қоғамдық қызметі, ғылыми жетістіктері әріптестері және әлемнің ғылыми қауымдастығы тарапынан зор қызығушылық туғызып отырғанын көрсетеді. Анықтамалықта Т.С.Рамазанов туралы «Қазақстандағы идеалды емес плазма физикасы бойынша ғылыми мектептің негізін салушы» деп жазылыпты. Бұл орайда оқырман көкейінде «осы аталған мектеп қалай құрылды» деген сараң бір сауал қылаң беруі ықтимал. Анықтамалықтарда аузымен құс тістеген тұғырлы тұлғалардың қай-қайсысына қатысты «ұлы, заңғар, ғұлама, болмаса данышпан» деген теңеу, басы артық сөз айтылмайды, сондықтан да білмекке құмар қауымды академик өмірінің барлық баспалдақтарын алдыға жайып салатын энциклопедия беттеріне үңілуге үндей отырып, өзім де сол сараң мағлұматтар тізілген парақтарға ден қоюды жөн санадым. Осы ретте ғалымның жетістіктері тілге тиек етілген бес беттен астам дерекнаманың оқырман қызығушылығын туғызады-ау деген тұстарына ғана тоқталғанды жөн көрдім. 

   «Плазма физикасы» мамандығы бойынша Қазақстаннан шыққан тұңғыш ғылым докторы Тілекқабыл Сәбитұлы Рамазанов, делінген дерекнамада, Атырау облысына қарасты Құрманғазы ауданының Ганюшкино ауылында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің физика факультетін «Теориялық физика» мамандығы бойынша үздік бітірген. Плазма теориясы бойынша кандидаттық және докторлық диссертация қорғаған.  Ғылымның дамуына сіңірген зор еңбегі үшін Мемлекеттік ғылыми стипендияның үш мәрте,  «Жоғары оқу орнының ең үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының екі мәрте иегері болған, ғылым және техника саласындағы республиканың Мемлекеттік сыйлығын иеленген. «Парасат» орденімен марапатталып, Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының академигі болып сайланған. Анықтамалықты парақтай отырып, ғалымның әл-Фараби атындағы ҚазҰУ физика факультетінің деканы, Эксперименттік және теориялық физика ғылыми-зерттеу институтының директоры, Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің төрағасы, әл-Фараби университетінің ғылыми ауқымды технологиялар және ғылыми нәтижелерді енгізу жөніндегі проректоры болғанын білдім. Сонымен қатар ол «ҚазАтомӨнеркәсіп» ұлттық компаниясының директорлар кеңесінің, «Ғылым қоры» акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің, Қазақстан Мемлекеттік ғарыш бағдарламасының Ғылыми-техникалық кеңесінің мүшесі болған. 2010 жылдың желтоқсан айынан бастап қазіргі кезге дейін университеттің ғылыми-инновациялық жұмыстар жөніндегі проректоры болып еңбек етуде.

  

                         250 ғылыми еңбегі ғаламдық журналдарға шыққан

   Академик Т.Рамазанов 500-ден астам ғылыми еңбектердің авторы, олардың ішінде жартысына жуығы әйгілі әлемдік ғылыми журналдарда ағылшын тілінде басылған. Халықаралық INTAS ғылыми қорының, Еуропалық кеңестің алтыншы және жетінші бағдарламаларының және «Physical Review» (АҚШ), «Physics Letters» (Голландия), «Physics of Plasmas» (АҚШ), «Journal of Plasma Physics» (Англия), «Contribution to Plasma Physics» (Германия), Physics of Plasmas (АҚШ), Journal of Plasma Physics (Англия), Journal of Applied Physics (Жапония), «Plasma Physics and Controlled Fusion» (Англия) сияқты әлемдік ғылыми журналдардың сарапшысы. «Physical Sciences and Technology» және «Проблемы эволюции открытых систем» ғылыми журналдарының бас редакторы, көптеген халықаралық ғылыми журналдардың редакция алқаларының мүшесі.      Аталып өткен әйгілі шетелдік университеттердің, ғылыми орталықтар мен журналдардың терезесі тең әріптесі болып, иық теңестіру екі қазақтың бірінің қолынан келіп жатқан шаруа емес.  Бұл тізімді сіздерге ұсынуымның бір себебі де осында.

    Жоғарыда келтірілген ғұмырбаян деректері академиктің жуырда «Атырау» газетінің тілшісі Гүлжан Әміроваға берген, «бала шақтан-болашаққа» дейінгі өсу жолы сөз болған әдемі сұхбатындағы «...өз басыма келсек, физика – менің өмірім. Барым да, нарым да – физика ғылымы» деген жүрекжарды пікірімен де үндесіп жатыр.       

     Енді аяңдап академик Рамазановтың ғылыми мектебіне келелік.  Ол әлемдік ғылыми қауымдастыққа нәтижелерімен танымал, еліміздегі идеал емес плазма бойынша ғылыми мектептің негізін құрушы, оның жетекшілігімен бір докторлық, 20 кандидаттық және 12 PhD диссертациялар қорғалған. Тілек Сәбитұлының 4 шәкірті, профессорлар Қарлығаш Жұмағұлова, Сандуғаш Қоданова, Маратбек Габдуллин, Мерлан Досболаев ғылым және техника саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанған. Рамазанов осындай әйгілі  шәкірттері бар Қазақстан тарихындағы бірден-бір Ұстаз. Бүгінде оның шәкірттері Маратбек Ғабдуллин Қазақстан-Британ техникалық университетінің ректоры қызметінде, Дидар Батрышев Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ғылым және халықаралық қатынастар жөнінде проректоры болды,  Сандуғаш Қоданова әл-Фараби атындағы ҚазҰУ физика факультетінінің плазма физикасы, нанотехнология және компьютерлік физика кафедрасының меңгерушісі.

    Қазақстанда 2001 жылдан бері профессор Т.Рамазановтың жетекшілігімен тозаңды плазманың қасиеттерін зерттейтін жаңа ғылыми бағыт дамып келеді. Заттың бесінші күйі болып табылатын плазмалық кристалды алған бірнеше бірегей тәжірибелік құрылғы жұмыс істеуде. Бұл жөнінде академиктің шәкірті, профессор  Мерлан Досболаев «еліміздегі алғаш «плазмалық кристалл» туған күн 2005 жылдың 8 қарашасы, ол құжат ретінде эксперименттік жорналда тіркелген... Түн жарым уақыт болса да алғашқы эксперимент нәтижесі құрметіне мерекелік шәй ұйымдастырылды» деп жазады.  Қарапайым оқырманға түсініксіз терминдерге толы бұл үзінділерде қазақ физика ғылымын әлемге таныстырған жаңалық жатыр. Ол-халқымыз үшін үлкен қуаныш, Тәңірдің тартқан сыйы.

    

                      Профессор шәкірттерінің ұстазына сүйіспеншілігі

 Профессор Сандуғаш Қоданованың өз Ұстазы туралы жазғанына үңілейік: «Ол күнделікті  жүйелі, жоспарлы жұмыс істеп, шәкірттерін жұмылдыру, талап ету арқылы плазма физикасы мектебінің одан әрі дамуын қамтамасыз етіп келеді... «Плазманың кванттық және коллективтік қасиеттері: жаңа технологиялардың теориялық негіздері» жұмыстар топтамасына Мемлекеттік сыйлықты Елбасының қолынан алу бақытына ие болдық.  Бұл дәрежеге жетуіміз Ахмет Байтұрсыновтың «Ел-бүгіншіл, менікі-ертең үшін» деген ұстанымына адал ұстазымыздың өзі баулыған шәкірттерінің болашағын ойлауында  деп түсінемін. Ол - ел ертеңін дайындап жүрген ғалым-ұстаз».

   Ал, профессор Мерлан Досболаев былай дейді: «...Атақты ғалым, елімізде алғаш плазма физикасын терең зерттеуді қолға алған Бәйімбетовтың шәкірті академик Рамазановтың тоқсаныншы жылдары қалыптасқан мектебі бар. Бұл ғылыми мектептің қалыптасуы–еліміздің тәуелсіздік алған жылдарымен тұспа-тұс келді, және ол кезде түрлі қоғамдық, сол сияқты тұрмыстық қиыншылықтар болғаны бәрімізге мәлім. Осы уақыттарда, өкінішке қарай, көптеген ғалымдарымыз тұрмыстық жағдайын жақсарту мақсатында басқа салаларға ауысып кетті. Шет елге кеткендері де аз емес. Мүмкін басқа жағынан қарастырғанда ол да дұрыс шығар. Дегенмен, Ғылым басы – Ақыл, ақыл басы – Шыдамдылық десек, осы қасиет Тілек Сәбитұлы Рамазановта болды».                                              

                                    Физиктер мен лириктер

    Академиктің шәкірті Мерлан Досболаевтың  Ақыл мен Шыдамдылық жөніндегі пікірі ұлы Абайдың «Әуелде бір суық мұз Ақыл зерек//Жылытқан тұла бойды ыстық жүрек//Тоқтаулылық, қалыпты, Шыдамдылық//Бұл – қайраттан шығады, білсең керек// деген өлең жолдарымен үйлесіп жатқанына таңданбасқа шарамыз жоқ. Орыстың ұлы ақыны Пушкиннің «Моцарт пен Сальери» трагедиясында //Проверять гармонию алгеброй//, жиырмасыншы ғасыр тарланы Александр Блоктың «Скифтер» поэмасында «Мы любим всё — и жар холодных числ//И дар божественных видений//  делінген. Нақты ғылымдар мен гуманитарлық ілім-білім тайталасқа түскен тарихи тұстар да болды. Академик Рамазанов атыраулық журналиспен әңгімесінде «Менің балалық шағым өткен ғасырдың 60-70 жылдарында өтті. Бұл кезеңді «алтын дәуір» деп те атайды. Өйткені, елдің кемелденген шағы, білім, ғылым, рухани құндылықтардың өрбіген кезі еді» дейді. Тілге тиек етіліп отырған уақытта бұрынғы Кеңестер одағында ғылыми-техникалық төңкеріс дәуірлеп тұрған-ды. «Физиктер» мен «лириктер» арасындағы дүниетанымдық пікірталасқа ақын Борис Слуцкийдің   1959 жылы «Литературная газетада» жарияланған  «Физики и лирики» өлеңі себепкер болды. Ол кезде ғарышкер болуды армандамайтын балалар жоқтың қасы-тын. Болашақ академик те алтыншы-жетінші сыныптардан бастап «Квант», «Техника молодежи», «Наука и жизнь» сияқты журналдарды жаздырып алып,   МГУ-дің сырттай оқитын физика-математика мектебіне түсті. Сөйтіп, ол лириканы емес, физиканы таңдап, осынау қиын да қызықты ғылымды өміріне серік етті. Ұлы ақын айтқандай, кедергіге кез болса-шыдамдылық танытты, суық мұз сынды зерек ақылына, қажыр-қайратына сүйенді.

  

                    «Физика – сұлу табиғаттың тілі мен сыры»

«Атырау» газетіне берген сұхбатында академик «физика – сұлу табиғаттың тілі мен сыры» деген екен. PhD докторы, қауымдастырылған профессор Ерболат Үсенов «Ұстаз туралы үзік сыр» атты жазбасында академиктің осы пікірін дәлелдей түседі. «Ағайдың лекция жүргізу тәсілі де ерекше: математикалық формулаларға физикалық көрік бере отырып, табиғат тілімен сөйлетуге көп мән беретін... Уақыт өте келе теориялық физика курсын оқу барысында да, кейін үлкен ғылымда да сол кезде алған біліміміз бен үйренген әдіс - тәсілдер көп көмегін тигізді» деп ағынан жарылады жас ғалым. Ал, оқырман қауым PhD докторы, қауымдастырылған профессор Сағи Оразбаевтың толғанысымен танысқаннан еш ұтылмайды. «Ол кісі ғылыммен жанкештілікпен, сүйіп айналысу керектігін, талант – тәңір берген сый ғана емес, төзімділікпен еселенген еңбек екенін ісімен ұғындыратын секілді. Сөйтіп, біздің санамызды барынша мол білуге шабыттандырып, ғылым дегеннің түпсіз терең әлем екендігін ұғындыруға ниеттеніп, үздіксіз кемелденуімізге мүмкіндік жасайтындай көрінеді. Ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз «Адамға ең бірінші білім емес, тәртіп - тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген  білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі» дегендей, Тілекқабыл ағай біз секілді өскелең ұрпаққа бағаланбас тәрбие беріп, адамгершілік пен даналықтың, өткірлік пен жігерліліктің, кеңдік пен сабырлықтың сабағын ерекше өзінің мақамында, өз үлгісінде беріп жатыр. Ұлағатты ұстазымыздың тәрбиесінен адамзат күш жарыстырып емес, ақыл жарыстырып алға басатын мына заманда ұстаздың қаншалықты деңгейде білімді де білікті, талапшыл да парасатты болуы керектігін ұғынғандаймыз».       

   Төңірегіне «ыстық жүрек шуағын» сеуіп, қазақ ғылымына өлшеусіз үлес қосқан ғалымның шәкірттері сомдаған бітім-болмысын ұлы ойшылдың «Ақырын жүріп, анық бас//Еңбегің кетпес далаға//Ұстаздық қылған жалықпас//Үйретуден балаға//» деген жыр жолдары айқындап тұрғандай.

Алдыңда қадірі бар ағаң болса…

  «Мені ғылымм әлеміне жетелеген – Физика»

     Ұлы ғалым Исаак Ньютоннан «Мырза, сіз ғылымдағы ғажайып жетістіктеріңізге қалай жеттіңіз?» деп сұрағанда, «Мен ұлылардың иығында тұрдым» депті. Академик Рамазанов та өз сұхбатында осыған ұқсас сауалға «таңғажайып физика әлеміне, соның ішінде плазма физикасына университеттің екінші курсынан бастап мені жетектеп жүріп көшке қосқан ұлы ұстазым, академик Фазылхан Бәйімбетұлы еді» деп жауап қайтарыпты. Тілек Сәбитұлының тапсырмасымен кезінде марқұм академик Фазылхан Бәйімбетұлы жөніндегі «Өнегелі өмір» кітабын дайындау, сондай-ақ ол кісіге Алматы қаласынан көше беру, тұрған үйіне ескерткіш тақта орнату барысында ғалыммен тілдесіп, пікірлесудің орайы келген-тін. Фазылхан ағайды бүгінде өзі де академик Тілекқабыл Рамазанов «рухани әкем» деп атайды. Ал, қазір соңынан ерген шәкірт іні-қарындастары үшін Тікеңнің де орны алабөтен. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Сандуғаш Қоданова былай дейді: «Егер мен Тілекқабыл ағай туралы өз ойымды жалғастырсам, ұлы ақынымыз Абай Құнанбайұлының адамның адамгершілігі жақсы ұстаздан болатынын айтқаны рас дер едім. Осы сөздің төңірегінде ағайдың көп адамның бойынан таптыра бермейтін қасиеттері бар екенін байқауға болады. Физика факультетінің деканы, ғылым және инновация бойынша проректор қызметі және басқа көптеген қызметтерде жүрсе де, кафедрада студенттерге дәріс те беріп, шәкіттерімен ғылыми семинар жүргізіп, ғылыми мақалаларды жариялап үлгеру және өзге де көптеген жұмыстарды уақытында, сапалы түрде жасау, ұйымдастыру кез-келген адамның қолынан келе бермейтін іс... Ағайдағы мұндай қасиеттер Алла тағаладан, ата-ананың тектілігі мен тәрбиесінен, ұстаздарының берген білімінен және өзінің туа біткен мінезі мен еңбексүйгіштігінен дарыған болу керек.  Тілекқабыл Сәбитұлы өзінің ғылыми жетекшісі академик Фазылхан Бәйімбетовтің қалдырған еңбектерін, өсиеттерін біздерге айтып отыру арқылы, сол кісі қалыптастырған плазма физикасы мектебінің дамуына үлес қосу арқылы, шәкірттерін сол кісі сияқты қойған мақсатқа жетуге ұмтылдыратын негізгі қасиеттерді қалыптастыру арқылы  әрдайым шәкірттерін бәйгеге қосуға дайындағандай ынталандырып отырады... Өзінің өмірін шәкіртерінің өміріне аянбай арнайтын, өз уақытын аямайтын Тілекқабыл ағай ғылыммен айналысам деген ынтасы бар студент болса, тіліне, дініне, туған жеріне, руына  қарамай тапсырма беріп, олардың мүмкіндігінше ашылып, ғылыми нәтижелер алуына көңіл бөледі. Лабораториядағы әр студенттің хал-жағдайларын сұрап, шәкіртақыдан бөлек ғылыми жобалардан алатын қосымша табыстарын еңбегіне қарай алуын да қадағалап, бөліп-жармай баршаға көңіл бөлетін адамдық қасиет кез-келген басшының қолынан келе бермейді. Осы тұрғыдан, Тілекқабыл ағайымыз қайталанбас Тұлға дер едім».

    Рамазановтың шәкірті, жуырда еліміздің ақпарат көздері жарық интенсивтілігі жоғары шамдар жасап жатқан ғалым ретінде оқырмандарға таныстырған  қауымдастырылған профессор Сағи Оразбаев «Ұлағатты ұстаз ешнәрсені назардан тыс қалдырмай, тәлімгерді білдірмей жетелейді, байқатпай бағыт – бағдар береді. Осы орайда жаратылысынан көрнекті ғалым, талантты топтың кемеңгер ұстазы Тілекқабыл ағайымыздың ізденуден жалықпайтын, жаңалыққа жаны құмар жастарды білімге, ғылымға баулуы, болашақ ғалымның білімінің іргетасы мен негізі қаланатын шақта қолдау беріп, бағыт көрсетіп, оларды тұлғалы азамат етіп қалыптастыруда орны ерекше бөлек екендігін осы күнде көзіміз жеткендіктен толық айта аламыз» деп жазыпты.  

       Тәлімгердің сенімінен шыға білуге ұмтылып, басқан ізіне шаң жуытпайтын білікті буын жөнінде Жүсіпбек Аймауытов «Ұстаз ұстаз емес өз шәкiртi үшiн күймесе, шәкiрт шәкiрт емес өз ұстазын сүймесе» деген болатын.  Ұстаздың қадір-қасиетіне ақылын тыңдап, өнегесін көрген көгенкөздерден артық ешкім бойламайды десек, артық айтқандық емес. Біз де өз кейіпкеріміз-көрнекті ғалым-академиктің адами және кәсіби болмысын энциклопедиялық деректерге сүйеніп, шәкірттерінің жүрекжарды лебіздері арқылы ашуға тырыстық. Ғылымға арналған ғұмырдың мағыналы, сәулелі сәттеріне бойладық.   Сөзді түйіндей келе Ұстазға да, оның соңынан ерген шәкірттеріне де шалқар шабыт, баянды бастама, ілкімді ізденіс тіледік.

 

 

Профессор Т.Рамазанов және оның шәкірттері бірге жасаған модельдерді АҚШ, Германия, Корея, Жапония сияқты елдердің алдыңғы қатарлы ғылыми орталықтарының ғалымдары кеңінен қолдануда.

 

Жетпісбай Бекболатұлы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры
25.11.2021

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 14086
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 12900
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 16160
4
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 15064
5
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 20112