Бүгін сенбі. Оразаның уақыты. Біраздан бері көрмеген Әсем құрбым есіме түсіп, телефон соқтым. Бірден көтерді. Қауқылдасып, қуанысып қалдық. «Үйге кел, ауызашар берем», – деп мекенжайын жіберді.
«Сайранға» жетіп, таксиге отырдым. Ауыз ашатын уақыттан ертерек бардым. Бірақ құрбымның түрі маған мүлде ұнамады. Шайпау, ұрысқақ, жүйкесі тозған әйелге айналып кеткен. Алдында телефонмен сөйлескенде, соңғы он жылда анасы, сіңлісі ауырып қайтыс болып, қатты депрессия алғанын айтқан. Дегенмен Аллаға шүкір, жалғыз емес, азамат болып өсіп келе жатқан ұлы бар. Жалпы, жалған өмір болған соң жақындарыңнан айрылу – табиғи нәрсе емес пе, Алланың әміріне, ажалына кім араша түсе алар дейсің?! Жұмырбасты пенденің шамасы шектеулі. Ал қайғыдан ішқұса болған адам үйіндегі жиһаздарын қайта-қайта сүртіп, боқ дүниенің әңгімесін айтып, «қағынбайтын» болар. Олай дейтінім, сырттағы бейнеқоңырау орнатылған есікті ашқан жасы 40-тардағы келіншек – құрбымның үйін тазалап, асын әзірлеп отырған жаңа қызметшісі екен.
Мен ішке кіргенде Әсем алдымнан шықпады, асүйде тірлік жасап, қызметшісіне сөйлеп жатыр екен, мені елер емес. Өзім жақындап амандастым, «Қалайсың?» – деді де, қатқыл даусымен самбырлап сөзін жалғастыра берді. Мен біртүрлі болып, холлдағы диванға барып отырдым. Құрбымның ащы даусынан тіпті басым ауырып кетті. Қазіргі қызметшісіне бұрынғы қызметшісін жамандап, жерден алып, жерге салып жатыр.
Дастарқан даярласуға көмек бердім. Есік қоңырауы соғылып, көршілер келе бастады. Бір кезде Әсемнің келмеген көршілерді сыртынан сыбап: «Мен базарға екі рет барып, 150 мың теңгеге тамақ алдым, рәсуа болды ғой», – деп көршілерге айқайлап жатқанын естідім. Масқара! Құрбымды дәл осындай оспадар адам деп ойламаппын.
Құрбымның мінезі тіксіндірсе де, көршілері өте мәдениетті, кішіпейіл жандар екен. Әсем сөз арасында: «Мен биыл ауызашар өткізбеймін деп отырғам. Гүлжанат келем деген соң көршілерімді де шақырайын деп шештім», – деді. Мені қонақтарына «мықты журналист» деп жақсылап таныстырды. Онысына рақмет! Мен де қолымнан келгенше мақтадым. Ауызашар жақсы өтті. Қонақтар қоштасып кете бастағанда, құрбым маған: «Таксимен қайтасың ба? Автобустар тоқтаған шығар», – деді. «Жоқ, қонамын, – дедім. – Қайда жатам?» – деп едім, қызметші келіншек: «Менің төсегіме жата беріңіз», – деді жақын бөлмені нұсқап. Мен: «Жақсы, жақсы, осында жата салайын», – дедім. Құрбымның жанына жатып, біразға дейін әңгіме соғамыз ғой деп едім, ешкімді жақтырмайтынын сезіп-ақ тұрмын.
Қызметші келіншек мені бөлмесіне ертіп апарып, екі адамдық төсек үстіндегі көрпені ашып, ілтипат жасады. Сосын асүйді жинауға кірісті. Мен де артынша асүйге барып: «Айналайын, атың кім? Түн жарым болды, қонақ күтіп шаршаған шығарсың, қане, екеулеп жинастырып, сосын жатып демалайық», – деп едім, ол: «Атым Ардақ. Қайдағы жатыс, тәте-ау! Мына асүйдің еденін, жиһаздарын түгел сүртіп, жылан жалағандай етуім керек, әйтпесе хозяйкадан сөз естимін. Білесіз бе, мен бұл екі қабатты үйді күніне үш рет жуып шығам ғой, талап солай», – дегенде, мен құлап қала жаздадым. «Сұмдық-ай, мына үйді үш рет жуам дейсің бе? Шашып жатқан бала жоқ, неге өйтесің? Ауруханаға айналдырып жіберіпсіңдер ғой», – дедім шыдамай. Ауруханада тазалықшылар еденді қайта-қайта жуып жатады ғой.
«Онда мен душқа бір шайынып шығайын», – деп едім, Ардақтың түрі тіпті қиналып кетті. «Шайынбай-ақ қойыңызшы, тәте. Сіз суға түссеңіз, душтың ішін жууым керек. Хозяйка тексереді», – деді. «Не дейді? Сонда іші суланып қалады деп, суға түспейсіңдер ме?!» – деп мен таңғалдым. Бұл үйде байлық болғанмен, қарапайым бақыт жоқ екен ғой. «Жарайды, түспей-ақ қойдым душтарыңа, бәлесінен аулақ!» – деп бұрылып кеттім. Шынында, рахаты жоқ бүйткен байлығы құрсын! Еден мен шкафтарды қайта-қайта сүрте бергеннен май шыға ма?! Тазалық жақсы-ау, бірақ даңғарадай үйде ұлымен ғана жалғыз тұратын әйел бүйте берсе, ұлын да өзінен бездіріп жібереді ғой. Сөйтіп өзі болашақта жүйкесі жұқарғандарға арналған жалғыз адамдық палатада жатпасына кім кепіл?! Бір сәт менің жан дүниемді осындай суық ойлар билеп кетті. Иә, бұл байларды түсініп болмайсың.
Қалың ой құшағында төсекке келіп жатып едім, «Афф» деп үрген иттің даусынан шошынып, денем түршігіп кетті. Ит сырттан емес, ішімнен үрді. Астағпыралла, бұл не қылған елес? Кейін түсіндім, бұл үй иесінің дүние қорыған ит секілді бүгінгі шынайы болмысы екен-ау! Ит тірлік деген осы болар, сірә!
Жалпы, «ит тірлік» деген сөздің екі мағынасы бар. Бірі – үйсіз-күйсіз, көшеде қаңғып жүрген аш иттің тірлігі. Оны ішер ас, киер киімге жарымаған кедей-кепшікке қаратып айтады. Ал екінші мағынасы – үй қорыған ит тірлік. Бай адам өзі салған үй, жинаған байлығының құлы болып өтетінін біле ме екен? Соны сырт көзден қорып, елдің бәрін ұры, ашкөз санап, кіжініп, үріп, жек көріп өтеді. Ондай байлықтан не пайда? Бұрынырақта бір бақуатты әпкеміздің түнімен ұйықтамай, үй қорығанын көрген едім.
Әрине, мұндай кең де зәулім үйде тұруды мен де армандаймын, бірақ менің үйім бақыт пен күлкіге, қуаныш пен берекеге толы болады.
Адамды дүние, баршылық өзгертеді деген рас-ау, сірә! Мен жарқылдап, жайнап жүретін құрбымның бүгінгі ашулы, кірпияз, яғни мүлде басқаша бейнесін көріп, қапаланып қалдым. Мүмкін, мінезі бұрыннан осындай шығар, мен оны жете танымаймын ғой.
...Түннің бір уағына дейін Ардақ екеуміз ұзақ әңгіме-дүкен құрдық. Үйлі-баранды келіншек отбасын тастап, сонау Қызылордадан Алматыға қызметшілік жұмысқа неге келгенін тәптіштеп айтып берді. Базарда он бес жыл сауда-саттық жасап, Әсемнің үйінен бір де кем емес даңғарадай үй салыпты. Өзінің айтуынша, жалдауға беріп қойған үш пәтері де бар болып шықты қалада. Ыдыс-аяқты жақсы көретіні соншалық, көзіне түскен әдемі сервистердің бәрін бағасына қарамай сатып ала беру – ең әлсіз әдеті екен. Үш баласы, күйеуі бар. Алыпсатарлықпен айналысып жүргенде күйеуіне көлік мінгізіп, өзіне шопыр етіп қойыпты. Бірақ баршылықты көтере алмаған күйеуі сұйық жүріске салынып, бір басы бос келіншектің есігін тоздыра бастаған. Ардақ күйеуінің опасыздығына әбден көзі жеткен соң, сотпен ажырасыпты. Ажырасты деген аты ғана, бір шаңырақ астында ырың-жырың өмірлері өте берген.
– Тәте, несін жасырайын, әйел затымыз ғой, кейде күйеуіммен төсектес болғым келеді. Күйеуім қатты қорылдайды, сондықтан бұрын ісімізді бітіріп болған соң, мен төменгі қабатқа түсіп кететінмін. Арамыз суып, ажырассақ та, тәнім баяғыдай ләззатты қалап тұрады, содан жанына барып, кішкене болса да күйеуімнің қызығушылығын оятайын деп жалаңаштанып жаттым, ол болса ашуланып, боқтап-боралап, төсектен тұрып кетті. «Қазір «02»-ге телефон соғып, полиция шақырам!» деп қорқытты. Үш баласын туып, жылы-жұмсағын ұсынып, ауырғанда күтіп-бағып, бетіне келмеген әйелі едім ғой! Неге еркектер беті жылтыраған бөтен әйелге көз салса, ыстық-суығына шыдаған өз әйелін ұмытып, тіпті іске алғысыз етіп, жек көріп кетеді екен, айтыңызшы?! Сенесіз бе, 16 рет шақырды ғой полицияны! Келген полиция жігіттер: «Тәте-ау, сізге таңғаламыз! Түр десе түріңіз, бой десе бойыңыз бар. Ақылыңыз мол, ақшаны да күреп тауып жүрген еңбекқор жансыз. Әлі жап-жассыз ғой! Көзіңізге шөп салған мынадай намыссыз еркекке жабысып, мұқтаж болатындай не күн туды басыңызға?!» – деп реніштерін айтып кетті. Ал мен Құдайдан қатты қорқатын әйелмін, бөтен еркекпен жүрмек түгілі, ондайды ойлаған да емеспін», – деді Ардақ көзі жасаурап.
Оның әңгімесін естіп, өз құлағыма өзім сенбей, таңырқадым. Құдай-ау, не дейді?! «Естімеген елде көп» деген осы екен-ау. Әдетте полицияны күйеуінен таяқ жеп, зорлық көрген әйелдер шақырушы еді. Масқара, еркек полиция шақырды дегенді алғаш естіп тұрмын. «Сөйтіп, полиция не қылды? Сені апарып қамап қойды ма? Әлде айыппұл салдырды ма?» – деймін ғой әзілге бұрып. Шындығында, бұл күлетін оқиға емес, бір ананың дәл қазір басынан кешіріп жатқан аянышты тағдыры болатын.
Сөйтіп, тағдыр тәлкегімен Ардақ өз үйінен безіп, Алматыдан бір-ақ шыққан. Қыздай тиген күйеуі көзіне шөп салып, алтын басын құнсыздандырған соң, сүйкімді келіншек өзінің бақытсыз тағдырын ұмытқысы келді ме, өз-өзін күні-түні бейнет шегуге жегіп қойған тәрізді. «Тәте, уайымдамаңыз, мен шаршамаймын, кез келген жұмыстан да қашпаймын, құлшынып, адал жасаймын. Айлығым – 400 мың теңге. Ақшамды жинап, Алматыдан үй алсам, мен де өз-өзіммен айналысып, фитнеске барам ғой деп ойлаймын», – деді келешек жоспарымен бөлісіп. Мәселе үйде емес, Ардақтың Қызылордадағы пәтерлерін сатса да, Алматыдан дәл қазіргі уақытта үй сатып алуға қауқары жетеді. Жас болған соң әл-әзір шаршамасы да анық. Тек бала-шағасын сағынатыны болмаса. Ал ақылсыз күйеуі қайта-қайта телефон соғып, «Жаздым, жаңылдым, қайта қосылайық» деп жүргенге ұқсайды. Оны кешіргені дұрыс па? Сіз қалай ойлайсыз?
Гүлжанат ШОНАБАЙ















