«Кемінде 40 жыл бұрын қолданысқа берілген кәріздік стансалар жаңартылып, олардың әрқайсысына 18,5 киловаттық су асты сорғысы қондырылады. Бұл туралы облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Айдулат Кенжебеков мәлім етті», – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Қазір облыс орталығындағы Оңдасынов №10а, Азаттық №67а, Сәтпаев №43а, Сәтпаев №46а, Қ.Ахмедияров 28 және Вокзал маңы мен Нұрсая, Лесхоз ықшамаудандарында орналасқан кәріздік су сорғы стансаларын жаңарту жұмыстары жүріп жатыр.
– Реконструкциялау жұмыстары маусым айында басталды. Бүгінде Владимирский көшесінде орналсқан стансада демонтаж және монтаж жұмыстары аяқталды. Енді оған заманауи үлгідегі 18, 5 киловаттық 2 су асты сорғысы қондырылады. Сондай-ақ, шахта іші пластикалық материалмен қапталады. Барлық құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады, – деді А.Кенжебеков.
Анықтама үшін: 9 стансаға 50 мыңға жуық пәтердің су сорғысы тартылған. Олардың ішінде әлеуметтік және кәсіптік нысандар да бар. Реконструкциялау жұмыстары аяқталғаннан кейін стансалардың қуаттылығы 10 000-ға артады деп күтілуде.