Казталовта кәсіпкерліктің өрісі кеңеюде

Казталовта кәсіпкерліктің өрісі кеңеюде

Төрт түліктің саны артқан

Казталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұлов БҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде өткен тоғыз айда атқарылған толымды істерді баяндаған болатын. Ең алдымен ауылшаруашылығы саласына көз жүгіртер болсақ, төскейінде өрген төрт түлігі көбейген Казталовта бүгінде ірі қара 163 мыңға жуықтаса, қой-ешкі 337 мыңнан асқан, ал жылқы – 40246, түйе – 276, құс 19156 басқа жеткен. Аудан шаруашылықтары осы саланы қолдау мақсатында бөлінген 1,2 млрд теңге субсидияға қол жеткізген. Сонымен қатар казталовтық шаруалар мен жеке тұрғындар ұжымдық бау-бақша егу жұмыстарын үшінші жыл қатарынан қолға алып, 33 гектар жер осы мақсатта пайдаланылған. Ал бір жылдық және көпжылдық екпелі шөптер көлемі 1284 гектарға жеткен. 

Тұрғындардың белгілі кәсіппен айналысуына мүмкіндік беретін «Ауыл аманаты» бағдарламасы казталовтықтар үшін де берекелі болғанын білдік. Өткен жылы осы бағдарламаға қатысқан 18 адам 119 млн теңге несие иеленген. Осы бағдарлама бойынша «Aqjaiyq» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 9,8 млн теңге қаражатқа ие болған «Бекбаева» жеке кәсіпкерлігі Қараоба ауылдық округінде бес гектар жерге қауын, қарбыз, қияр, картоп отырғызған. Жерлестерін табиғи әрі сапалы көкөніспен қамтуды мақсат тұтқан кәсіпкердің тамшылатып суару жүйесін қолдану арқылы жақсы өнім алғаны қуантады. Ал Көктерек ауылдық округінің «Оразғали-Агро» ауылшаруашылық өндірістік кооперативі 30 млн  теңгеге биязы жүнді асылтұқымды қой алуға ниет білдірген. «Кәсіп түбі – нәсіп» дегендей, Казталовтағы екі мыңға жуық шағын кәсіпкерлік субъектісі 2500-дей адамды жұмыспен қамтып отыр. 

Биыл ауданда алғашқы рет ұйымдастырылған «KAZTALOV-INVEST» инвестициялық форумы кәсіпкерліктің одан әрі өрістеуіне серпін берген. Форум барысында жалпы құны 1,1 млрд теңгені құрайтын инвестициялық жобалар бойынша меморандумдарға қол қойылыпты. Нәтижесінде бүгінде 23 адам еңбекке тартылған 10 жоба пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін іске қосылатын тағы төрт жоба 15 адамды жұмыспен қамтиды деп күтілуде. Қыркүйек айында Сакрыл көлі жағасында ашылған заманауи талаптарға сай «Ақ көл» қонақ үй кешені жергілікті туризмнің тынысын кеңейтеді деген үміт бар.

Жаңа жұмыс орындары демекші, Казталов ауданында жұмыспен қамтудың белсенді шараларына күні бүгінге дейін 495 млн 175 мың теңге қаражат бөлініп, 1548 адам жұмысқа тартылған. Бұл ретте тұрғындар «Өңірлік карта» бағдарламасының да пайдасын көруде. Биыл аталған бағдарлама аясындағы жеті жоба бойынша 50-ге жуық тұрғын «екі қолға – бір күрек» тапқан. Сонымен қатар ағымдағы жылы 54 млн теңге қайтарымсыз мемлекеттік грант алған 38 адамның қатарында жастар, көпбалалы және табысы аз отбасылар, еңбек етуге қабілетті мүгедектігі бар адамдардың болуы да – адал еңбекке деген ұмтылыстың көрінісі. Олар жылыжай және құс шаруашылығы, наубайхана, кондитерлік өнімдер, тігін қызметтері, ұлттық қолөнер, өрнектас дайындау, ағаш жиһаз жасау, дәнекерлеу, темір бұйымдарын жасау секілді жеке кәсіптерін бастауда.

Тұрғын үй және жол

 

Бұлар да – кезек күттірмес мәселелердің бірі. Өткен жылы халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 28 елді мекеннен 142 тұрғын үй сатып алуға қаражат бөлініп, кезекте тұрған азаматтарға берілген. Биыл 20 елді мекенде 84 пәтердің құрылысы қолға алынып, олар кезектегілерге және «Қаладан – ауылға» бағдарламасы арқылы көшіп келген отбасыларға табысталуда. Жалпы соңғы үш жылда аудан бойынша 47 елді мекеннің 31-нде 238 тұрғын үй бой көтерген.

Жол мәселесінде соңғы үш жылдың қорытындысы бойынша жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін 18%-дан 28%-ға көтеру жоспарланған. Осы мақсатта биыл ауданда төрт жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. 2024 жылы басталған аудандық маңызы бар «Беспішен – Қошанкөл – Қараоба» жолын (15-49 шақырым) күрделі жөндеу және Талдыапан автомобиль жолын (9-20 шақырым) орташа жөндеу жұмыстарына биыл облыс қазынасынан 3,4 млрд теңге қаражат бөлінген. Оған қоса «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен қарастырылған қаражатқа Казталов, Қошанкөл, Қараоба, Жалпақтал, Қайыңды ауылдарының ауылішілік жолдары қайта жаңғыртылуда. 

Сан үшін емес, сапа үшін жұмыс жасайтын казталовтықтар аудан мектептерінің білім сапасын көтеруді де алға мақсат етіп қойған. Себебі білімді ұрпақ – жарқын болашақтың кепілі. Бұл игілікті бастаманың нәтижесі де жоқ емес. 2024-2025 оқу жылында республикалық деңгейде өткен олимпиада мен халықаралық байқауда үш оқушы І орын иеленген. Өткен оқу жылында республикалық және халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарынан орын алған оқушылардың жетекшілеріне 500 мың теңге берілсе, жаңа оқу жылында бұл қаржылай марапат екі еселенбек. Өскелең ұрпақ білім мен тәрбие алатын жаңа білім беру нысандарының да қатары толығуда. Казталов ауылдық округінің Қоныс ауылында ҚПО б.в. компаниясының әлеуметтік міндеттемелері аясында 60 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілген. Бұл – аудан бойынша соңғы төрт жылда бой көтерген бесінші мектеп екен.

 

Игілікті істер – туған жер үшін

 

Казталов ауданында руханиятқа деген айрықша қолдау да көрініс табуда. Айталық, биыл «Ауыл кітапханаларын модернизациялау» жобасы аясында «Қазақстан халқына» қоғамдық қорынының қолдауымен «Тана» қоғамдық қоры арқылы Казталов, Жалпақтал, Ақпәтер ауылдық кітапханалары заман талабына сай қайта жабдықталған. Қаракөл елді мекенінде ауыл азаматтарының ынтымағының арқасында жаңа ауылдық клуб бой көтеруде. Аудандағы ерекше іс-шаралардың бірі – ұлттық мәдениетімізді дәріптеуге және аудан туризмін дамытуға бағытталған «Қайыңды қызғалдағы» фестивалі биыл төртінші рет ұйымдастырылды. Мемлекет басшысының келешек ұрпақты дұрыс тәрбиелеу, жастарды кітап оқуға баулу жөніндегі бастамасына сәйкес 2023 жылдан бері өткізіліп келе жатқан аудандық «Мен оқыған 30 кітап» байқауы биыл облыстық деңгейде өз жалғасын тапса, келер жылы республикалық деңгейде өткізу жоспарлануда.

Ауданның спорт саласында да айтулы жетістіктер баршылық. Спорт инфрақұрылымын дамыту бағытында соңғы үш жылда 13 ауылда шағын футбол алаңдары жөнделіп, төсеніштері жаңартылған. Түлектердің демеушілігімен Жалпақтал ауылында салынған «Arnau Arena» спорт залы ауыл жастарының спортпен айналысуына қолайлы мүмкіндік туғызды. Казталовтық спортшылар Өскемен қаласында мемлекеттік қызметшілер арасында өткен спартакиадада жеңіс тұғырынан көрінсе, желаяқ Баубек Ильясов ұлы Абайдың 180 жылдығына орайластырылған ультрамарафон жеңімпазы атанған. Ал Көктерек ауылының арқан тарту командасы биыл Қырғызстан елінде өткен халықаралық жарыста жүлделі ІІІ орынды иеленген. Ел намысын қорғап жүрген спортшылар осылайша ауданның абыройын асқақтатуда. 

Ауданның гүлденуіне мектеп түлектері мен меценаттар да өз үлестерін қосып, «Туған жерге тағзым»  жобасы  аясында жыл сайын ірілі- ұсақты жобаларды жүзеге асыруда. Биылғы жылдың өзінде жалпы құны 103,3 млн теңге болатын 36 жоба ауыл келбетін көркейтуге бағытталып, ауданның дамуына тың серпін берген. 

31 елді мекенде ауылнайлар бар

 

Бұл ауылнайлар биыл елді мекен тұрғындарының жергілікті қауымдастық жиналыстары негізінде сайланған. Ауылдық жерлерде мемлекеттік саясатты іске асыруға жәрдемдесетін, тұрғындармен тығыз байланыста жұмыс жасайтын, олардың әлеуметтік-экономикалық мәселелерін көтеріп, шешу жолдарын ұсынатын мұндай тұлғалардың қатысуымен көптеген нақты істер өз мәресіне жеткен.  

Батыс Қазақстан облысы әкімінің бастамасымен қолға алынған «Қаладан – ауылға» пилоттық жобасы аясында Казталов ауданындағы тоғыз елді мекенге өткен жылы 19 отбасы көшіп барса, қазіргі таңда 12 ауылға 24 отбасы қоныс аударған. Әлі де жыл соңына дейін тағы жеті ауылға қаладан отбасыларды көшіру жоспарда бар. Аталған бағдарлама бойынша елді мекендерге қажетті мамандарға және шағын ауылдардағы жабылу қаупі бар мектептерге бала санын толтыруға басымдық берілуде. 

Сонымен қатар ауданда өзен-көлдер мен көлтабандарды суландыру, электр желілерін жаңғырту, елді мекендерді абаттандыру және көгалдандыру бағытында жоспарлы жұмыстар өз жалғасын табуда. Бір қуантарлығы, аудандағы барлық елді мекендер толықтай көгілдір отынмен қамтылған. Сумен қамту бойынша да биыл облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға төрт ауылға кешенді-блок модульдері орнатылған. Мінекей, ауыл өмірінің тамырына қан жүгіртіп, тұрғындардың тұрмысын түзеуге бағытталған мұндай жобалар мен бастамалар елдің ертеңіне деген тұрғындар сенімін нығайта түсері анық. Сондай-ақ аудан жұртшылығының әл-ауқатын жақсарту бағытындағы жұмыстардың нәтижелі болуы ең алдымен ауызбіршілікке де байланысты екені сөзсіз. 

Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы
16.10.2025

Ұқсас жаңалықтар

Теріскейдегі жылы жүздесулер
Нұрсайын Шәріп - 16.10.2025 126
Қамбасы дәнге толған Ақмола
Д. ШӨКШІР, Ақмола облысы - 16.10.2025 126

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 18791
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 18655
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 33826
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 32370
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 36174