Қалай баюға болады?
Олар бай болғысы келетін. Алып үйі, үлкен-үлкен машиналары, зор қақпасы бар көршісін бұлардың әке-шешесі «байлар» деп жақтырмай атайтын. Кейде олар қызығып, байлардың әдемі қақпасының саңылауынан ауласына сығалап қарайтын. Көкпеңбек әуіз, гүлзарлар көзге ұратын. Байдың екі баласы үлкен, әдемі машинамен мектепке келетін. Тек бұлар ғана емес, басқа балалар да оларға қызыға, қызғана қарайтын. Иә, олар ауылдағы, тіпті Қызылқұм өңірінде ең бай адам болғысы келетін. Бірақ қалай? Әрине, жұрттың бәрінің байығысы келетіні шындық. Шіркін, ертегілерде айтылатын ат басындай алтын тауып алса ғой. Әкесі «Өз еңбегімен байыған адам, ол нағыз бай адам» дейтін балаларының ондай ойларын естігенде... Алайда әзірге «Қалай баюға болады?» деген сауал шешусіз қалды...
Қуыр-қуыр, қуырмаш...
Алдымен бай болғысы келген кейіпкерлерімізді таныстырып кетелік. Олардың ойлары алып таулардай болғанмен, өздері Толағай сынды үлкен емес, бармақтай-бармақтай бүлдіршіндер екенін бірден айтуымыз керек. Олар бесеу еді. Құдды бір қолдың саусақтарындай. Анасы Бибігүл балалары есі кіргеннен бастап бес саусақтың қызметтері жөнінде өлеңді айтып беруден бір жалықпайтын.
Қуыр-қуыр, қуырмаш,
Мен айтайын қолыңды аш.
Мына тұрған бас бармақ,
Жұмыс содан басталмақ.
Алақанның тұңғышы,
Болсын осы жылқышы.
Балаң үйрек қасында,
Сиыр бағу басында.
Ортан терек ұзыны,
Түйе бақсын қызығы.
Шылдыр шүмек шынашақ,
Сен дайында жер ошақ.
Кішкентай бөбек отырма,
Қозы-лақты өзің бақ!
Анасы «Қуырмаштың» екінші жартысын айтқанда ерекше шабыттанып кететін. Ең соңғы сәтінде қытықтап балаларын күлдіретін. Бұл балаларының бәріне ұнайтын. Анасына қайта-қайта айтқыза беруден жалықпайтын.
Е-һе! Бесеуді таныстырамыз деген уәдемізден сәл-пәл ауытқып кеттік білем. Біз таныстыруды өзара шылдыр шүмек деп атап кеткен ең кенжеден бастайық. Дәрібек бестен алтыға кетіп барады. Мамасына тартқан әңгелек сары. Көздері көкпеңбек әрі дөңгелек. Мінезі қағылез. Айтқаныңды айтқандай лезде қағып алады. Төрт жасында-ақ бүкіл әріп біткен ана домалақ басына қона-қона қалған. Көбейту кестесін шекілдеуікше шағады. Енді балаң үйрек Бөрібекке келелік. Бұл әкесі Байбектің көшірмесіндей. Сіріңке қара. Жасын айтпай-ақ қоялық. Ағайындылардың арасы бір-ақ жас. Бөрібек сәл тентектеу. Сабағы үздік. Құрмет тақтасына ілінуіне осы тентектігі пәле болып тұр. Төрт ұлдың дәп ортасындағы Әсемгүл де ерке. Бірақ ол ақылды. Қарақат көз, танауының үстінде титімдей меңі бар.
Төртінші бауыр – Қырбай. Ол тым сары да, тым қара да емес. Әдеби кітаптарды оқығанды жаны сүйеді. Үйдегі малға қарайтын осы Қырбай. Ең үлкен дәу Сырбай мен Дәрібек бір-бірінен аумайды. Сары алтын шаштары алтынмен аптап қойғандай. Сабырлы бала. Бірақ кейде ағалығын ұмытып, бауырларымен апай-топай күресіп кететін кездері де жоқ емес.
Таныстырдық. Әрине, сендерді қызықтыратыны, хикаяттың аты айтып тұрғандай, олардың қалай миллионерлерге айналғаны емес пе? Ендеше әрі қарай кеттік.
«Аштан өлесіңдер!
Көшу керек!» деді нағашылары
Біз әңгімеміздің басында Қызылқұмды айттық. Сол сахарада орналасқан ауыл бұрын бай ауыл еді. Кейін ауыл иелігіндегі он мыңдаған қой, сиырды маңыратып, мөңіретіп әлдекімдер әлдебір жаққа айдай жөнелді. Жүздеген техникалар бір түнде жым-жылас жоқ болды. Тура ертегідей. Одан кәрі құда қыс қаһарына мініп, қалған малды қырып салды. Бай ауыл таяқтарын ұстап тақыр кедейге айналды. Есіктерінен сығалай бастаған жоқшылықтан үрейленіп жұрттың біразы қалаларға көшті. Байбектің үйі осылай өмір сүре берер ме еді, кім білсін, бес тентектің нағашысы қонаққа келмегенде.
Анасы Бибігүл інісі Құрманғалидың қасында кішкентай бала сияқты. Бойы еңгезердей оның мұрны қыранның тұмсығындай. Ал мұрты ерекше көзге түседі. Қалың әрі екі шеті қайқиып тұрады ылғи. Нағашылары со-о-нау Алматы шаһарынан келді. Ауылды аралап келген соң, ол қатты ашуланды.
– Масқара! – деді ол гүрілдеп. – Ауылдың шаруасы бітіпті. Мал да, техника да жоқ. Не деген кедейшілік! Ауылдың жартысы көшіп кеткен. Масқара! Мына түрлеріңмен аштан өлесіңдер. Дереу көшесіңдер!
Әкесі мен апасы аң-таң.
– Ау, аты-жөні жоқ қайда көшеміз? – деді апалары. Нағашылары бірден кесімді жауабын айтты.
– Алматыға! Тауда менің қырық сотық жерім бар... Көшу мәселесі осылай аяқ астынан тез шешілді.
Жеміс ағаштары
самсаған ескі үйде
Бес тентек түгілі аспанмен тілдескен Алатауды көріп, олардың әкесі мен апасының өздері ауыздарын ашып қалды. Тағы бір таңданғаны Алматының алып үйлері, ығы-жығы адамдары, өзен болып аққан машиналары. Бір жақсысы бұлар тұратын үй қаланың шетінде екен. Тура екі өзеннің ортасындағы ауыл. Нағашысының жері шынында да үлкен екен. Неше түрлі жеміс ағаштары самсап тұр. Үш бөлмелі үйі ескілеу.
Мінеки, баю деген ой нағашысының үйіне қонаққа барғанда туындады. Кітап оқығыш Қырбай нағашысының «Баюдың 32 жолы» деген кітабын тауып алды.
– Оқы. Жәй оқыма, байитын бол! – деді нағашысы кеңкілдей күліп.
Баюдың жолын
сілтеген сиқырлы кітап
Қырбай кітапты оқып бітірген соң бауырларын жиналысқа шақырды. Жиналыс бақтың ортасындағы ескі үстелдің басында өтті.
– Нағашы ағам дұрыс айтады. Біз өзіміз қимылдауымыз керек. Жоспар жасаймыз, – деді Қырбай сенімді түрде.
– Сонда бұл сиқырлы кітап болғаны ғой, – деді Дәрібек кітапқа үңіле. Оның сөзіне бауырлары ду ете күліп жіберді. Сырбай орнынан тұрды.
– Қырбайды қолдайтындарың қолдарыңды көтеріңдер! – Бәрі бірауыздан қолдап, қолдарын аспандата көтерді.
Қырбайдың жоспарын нағашы ағасы да қолдады
Жұмыс күткендегіден жедел жүре бастады. Бес бауыр жұмыла кірісті. Ең бастысы үлкен жер бар. Ағаштың неше түрі өсіп тұр. Оларды күтіп-баптау керек. Бауырлар бұл іске әкесі мен апасын тартуға ұйғарды. Бұлардың жоспарымен танысқан соң, олар да құлшына кірісті. Қырбайды президент етіп сайлады. Анасы мен Әсемгүл гүл егетін болды. Әкесі мен Қырбай бірден үш сиыр сатып алды. Бөрібек пен Дәрібек сүт, жемістерді үйдің жанындағы базарда сатуға тұрысты.
Енді зор қиындық – қаржы. Нағашыларын жиналысқа шақырысты. Қырбайдың баяндамасын мұқият тыңдаған ол қатты қуанып кетті.
Жылыжай, балық тоғаны және кішкентай Атымтай жомарттар
Жұмыс қызды. Алғашқы нәтижелер де бар. Жер телімінің сыртынан темір қоршаулар жүргізілді. Тағы да қосымша он сиыр әкелінді. Үлкен қора салынды. Неше түрлі гүлдер жайқалды. Бақша дақылдары да көптеп егілді. Ауылдан он шақты адам жұмыс істеп жүр. Екі жеңіл машина және жүк көлігі сатып алынды. Айтпақшы, Сырбай нағашысымен заттар алуға Қытайға жиі баратынды шығарды.
Күзге таман тағы бір соны жаңалық көпшілікті елеңдетті. Олар үлкен жылыжай орнатты. Яғни қыста да гүлдер өсіп жайнап тұрса, көкөніс те үзілмейді. Өзен жағасынан тоған жасалынып, балықтың уылдырығы шашылды. Ұста дүкені ашылды. «Кішкентай миллионерлер» деген дүкен ашылды. Міне, мұның бәрі «Байығымыз келеді» деп армандаған бармақтай ғана балалардың таудай еңбегінің арқасында жүзеге асқан тамаша істер. Олар кедейшіліктен көтерілген байлар болғандықтан, қазір мектепке де, ауылға да демеушілік жасап тұрады.
ТИТІМДЕЙ ЭПИЛОГ: Сен де миллионер бола аласың
Қадірлі дос! Көріп отырсың, миллионер болудың еш қиындығы жоқ екен. Сырбай, Қырбай, Әсемгүл, Бөрібек және Дәрібек сынды тек оның қыры-сырын зерттеп, ынтымақтаса еңбек ету керек. Сен де ойлан, толған, арманда, батыл бол! Бар болғаны осы ғана, бауырым...
Мұқағали НҰРТАЙ,
11-сынып оқушысы,
Қызылорда облысы
Жалағаш ауданы
Аққыр ауылы