Көк айна сыры

Көк айна сыры

Таңертең ұйқыдан тұрған соң әдеттегідей көк айнама қарап, шашымды түзеп отырғанмын.  «Анашым, сіз неге осы ескі айнаны үнемі қолыңыздан тастамайсыз? 8 наурыз мерекеңізде  жаңасын алып берейін бе?» – деді әзілдеп жанымда  отырған  Аружан. «Қызым, бұл көк айнаның өз сыры бар екенін білмейсің ғой. Қаласаң айтып берейін», – дедім. Аружан келіскендей басын изеді. 

...Бәрі тағдырдың жазуымен ғой. Адамдар алдында не күтіп тұрғанын білмейді. Сен күтпеген жағдайлар ойда жоқта болады. Ерекең екеуміздің танысып, бас қосып, отау құруымыздың тарихы қызық. 90-жылдары республикалық «Рауан» баспасында (қазіргі «Мектеп») қызмет істеп жүрген кезім. Директорымыз Жарылқасын Нұсқабаев ағай кезінде ҚазҰУ-де журналистика факультетінде «Баспа ісі» сабағынан дәріс берген ұстазымыз еді. Мінезі байсалды, мәдениетті кісі болатын. Қызметкерлеріне қатты ұрсып, зекігенін көрмеппін. Қас-қабағымен бағындыратын. Әкелік мейірімін де көрдік, бізден жылулығын, қамқорлығын аямайтын. Алғаш өндіріс бөлімінде істедім. Басшымыз Гүлбахар Омарова деген келіншек болды. Мінезі ашық-жарқын, кішіпейіл, бәріне көмектесіп жүретін жан еді. Менің жұмыс пен үйді ғана білетін, ешкіммен араласа қоймайтын біртоға мінезімді байқап жүрген болуы керек, бір күні: «Шара, осы сенің жұмыстан басқа шаруаң жоқ-ау деймін? Ешқайда бармайсың, қыдырмайсың. Адамда жеке өмір деген болу керек. Айналаңа қарашы, басқа құрбыларыңа, не істеп жүр?» – дегені. Мен үндемедім. Сосын: «Қой, мен сені бір жерлесіммен таныстырайын. Тамаша жігіт!» – деді жымиып. Мен уақыттың жоқтығы мен жұмыстың көптігін айтып сылтаураттым. Сонымен айтылған әңгіме сол жерде қала берді.

Бірнеше айдан соң корректорлар бөліміне ауысып кеттім. Төрде қарама-қарсы отырған Нұрила мен Өкен апайларым  мені жылы қарсы алды. Сол кездері ол кісілер маған үлкен сияқты көрінетін. Сөйтсем, қазіргі мен құралпы 50-дің үстіндегі жаста екен ғой. Меңгерушіміз Нұрила апай менің ұстазым болды. Алдыма ақ қағаз қойып, редакторлық, корректорлық түзету таңбаларын көрсетті. Әрбір әріпті, сөзді, сөйлемді қалай жөндеу керектігін тәптіштеп түсіндірді. Авторлардың қолжазбаларымен қайтіп жұмыс жасау керектігін де көрсетті. Қысқасы, өзімнің қазақ тілінен үйренген сауаттылығымның арқасында 2 ай сынақ мерзімінен мүдірмей өттім. Тұрақты жұмысқа қабылданып, баспаның күнделікті қарбалас шаруасы басталып та кетті. Содан табан аудармай 10 жыл істеппін. 

Бөлімдегі апайлардың мінездері қызық болатын. Бәрі түскі үзілісте бірге жиналып шай ішетін. Әйел адам болған соң, кейде бір-бірінің артықшылықтарын  көре алмай өсектеп қоятын. Ондайда өзара ренжісіп, артынан татуласып жатады. Біз, жастар, шай дайындап, дастарқан жайып, артынан ыдыстарын жуып, зыр жүгіріп қызмет жасайтынбыз. Ол кезде үлкендердің айтқандарын заң сияқты қабылдап, қатты сыйлайтынбыз. Біраз жылдар өтіп,  апайларымыз бірінен соң бірі зейнеткерлікке шығып жатты. Ол уақытта әйелдер 58 жаста зейнетке шығатын. Алдымен Нұрила, Мәриям, соңынан Бақыт, Өкен апайлар кетті. Өкен апай заттарын жинастырып жатып, өзінің қолынан тастамайтын көк айнасын қалдырып кетіпті. Шамасы ұмытып кеткен сияқты. Мен ырым ғып, ішімнен: «Маған жұғысты болсын. Кейін осы апайдай болайын!» – деп, оны алып сөмкеме салып қойдым. Негізі, Нұрила апай зейнетке кеткен соң орнына Өкен апай басшы болған еді.  Ол сабырлы, артық әңгімесі жоқ, әдемі киініп, өзін барынша күтіп жүретін сырбаз кісі. Жұмыстан шаршаған кезде үзіліс жасап, ара-тұра көк айнасына қарап бет-аузын түзеп қойғанды ұнататын. Күйеуі Құттыбек ағай баспаның бас редакторы. Бастықтың әйелімін деп маңғазданбайды. Кішілермен де әңгімесін айтып, балаша күліп отыра беретін Өкен апайдың осы қарапайым мінезіне мен сүйсіне қарайтынмын. Жұмыс біткен соң ағай екеуі бірге қолтықтасып, көліктеріне мініп алып үйлеріне қайтып бара жататын. Ерлі-зайыптылардың осындай жарасымды сыйластықтарына бәріміз қызыға қарайтынбыз. Мен  ішімнен: «Шіркін, менің де болашақ жарым бір-бірімізді түсінетін шығармашылық адамы болса ғой! Осылай екеуіміз бір жерде істесек қой!» – деп армандап қоятынмын. Бір күні түс көрдім. Жұмыстағы құрбыларым Гүлбану, Әмина, Әуелай, Жібек, Зәмзагүл, Аймандар мені қаумалап үлкен аппақ машинаға мінгізіп жатыр екен. Мен жоғары қарай өрлеп кетіп барамын, өздері төменде қолдарын бұлғап қала берді. «Бұл не түс?» – деп ойлап қойдым. 

Бірде баяғы өндіріс бөлімінің бастығы Гүлбахар келіп, тағы да «жігітпен таныстыру» әңгімесін қозғады. «Жерлесіме сені таныстырам деп айтып қойып едім. Енді қашан деп күтіп жүр», – дейді. Мен «кейін көрерміз» деп, онша мән бере қоймадым. 

Көктем шығып, 12 сәуір менің туған күнім де келді. Ойда жоқта кешке қарай есік қағылып, үйге Гүлбахар бастаған бір топ қыз-жігіттер сау етіп кіріп келгені. Бәрі көңілді, еркін. Аздап қызыңқырап алған сияқты. Аяқ астынан үйіме баса-көктеп келген «шақырылмаған қонақтарды» мен жақтырмай салқын қарсы алдым. Бәріміз дастарқанға отырып, тамақ іштік, туған күн иесіне тілектер айтылды. Таныса келе олардың «Ана тілі» газетінде істейтін журналистер екенін білдім. Ішіндегі Ертай есімді ақсары келген, ақжарқын мінезді жігітті Гүлбахар ерекше атап таныстырды. «Менің жерлес ағам. Екеуміз Өзбекстан топырағында дүниеге келіппіз. Қазір газетте жауапты хатшы болып істейді. Мықты журналист, өзі бойдақ!» – деп мақтауын келістірді. «Ел мақтаған жігітті қыз жақтаған» дегендей, «оны болашақта көре жатармыз» деп ішімнен ойлап қойдым. Осыдан соң Ерекең екеуміз әріптестер ретінде араласа бастадық. Уақыт өте келе оның мінез-құлқын танып-білдім. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп тұратын кішіпейіл, ақ-адал, еңбекқор мінезін көрдім. Ол үшін өмірде жаман адам жоқ сияқты, бәрін бөле-жармай бірдей көреді екен. Сөйтіп жақын араласып, сырлас жандарға айналдық.  Ақыры мінезіміз бен көңіліміз жарасып, отбасын құрдық. Міне, содан бері 30 жылдай уақыт болып қалыпты. Балалы болып, немере сүйдік. Ата-апа атандық. 

Негізі «Жұғысты  болсын, жолын берсін» деп бір жақсы нәрсені ырымдасаң, шын көңілмен сенсең, сол орындалады екен. Мына қызықты қараңыз, қазір отағасы Ертай Айғалиұлы – газеттің бас редакторы. Екеуіміз әріптеспіз. Баяғы Өкен апай мен Құттыбек ағай сияқты жұмысқа бірге барып, бірге қайтамыз. Ал «Түс – аян» деген сөз бекерге айтылмаса керек. Бір кезде көрген түсім шындыққа айналды. Тұрмысқа шығып, қызметтес құрбыларым мені дәл сондағыдай шығарып салды. Үйімізге келіп, қуанышымызды бөлісті. Өмірде бекер ешнәрсе болмайды екен, бәрі де Алланың қалауымен. Соған көзім жетті.

 

Шаргүл ҚАСЫМХАНҚЫЗЫ
13.04.2023

Ұқсас жаңалықтар

ЫСТАН АБАЙ БОЛЫҢЫЗ!
Аяулым САНСЫЗБАЕВА, Жетісу облысы - 23.11.2024 38
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 97
Жарқын болашаққа бес қадам
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 23.11.2024 30
Қар тазалауға 189 техника сақадай сай
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 38
«Жайлы мектепте» оқып жатыр
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 44
АБАЙ ДЕП СОҚҚАН   ЖҮРЕГІ
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 23.11.2024 37
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 92
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 97
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 292
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 286
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 907

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8984
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8379
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11604
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9362
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10588