Креативті индустрияның ел дамуына қосар үлесі зор

Креативті индустрияның  ел дамуына қосар үлесі зор

Елімізде соңғы уақытта креативті индустрия туралы жиірек айтылып, бұл салаға мемлекет те аса мән беріп келеді. Бұл өз кезегінде азаматтардың әл-ауқатын арттыруға, өмір сүру сапасы мен өзіне деген сенімділікті қалыптастыруға көп үлесін тигізері сөзсіз.

Сондықтан Мемлекет басшысы осы саланы ауқымды дамыту үшін барлық жағдай жасалу қажет екенін айтқан болатын. Ол өз Жолдауында шығармашылық индустрияны қолдау бойынша жеке шаралар кешенін әзірлеу, оның ішінде әрбір облыс орталығы мен ірі қалада шығармашылық индустрия орталықтарын қалыптастыру, қатысушыларға өз өнімдерін коммерцияландыру мәселелері бойынша көмек көрсету жөнінде нақты міндет қойған еді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында: 

«Қазіргі заманда азаматтардың шығармашылық әлеуетіне және зияткерлік капиталына арқа сүйейтін «креативті өндіріс» салалары шынайы инклюзивті экономиканы дамытудың қайнар көзі саналады. Бұл аз десеңіз, креативті экономика дарынды әрі шығармашыл адамдарды өзіне тартатын ірі қалалардың дамуына ықпал етуші күшке айналуда. Қазақстанда бұл сала әлі дамымаған. Креативті индустрияның ішкі жалпы өнімдегі үлесі бір пайызға да жетпейді, жұмыспен қамту саласындағы үлесі өте төмен. Дегенмен, дарынымен бүкіл әлемді мойындатып жүрген отандастарымыз аз емес. Біз елімізде креативті экономиканың жан-жақты дамуына барлық жағдайды жасауымыз керек. Соның ішінде зияткерлік меншікті қорғайтын құқықтық тәсілдер қажет. Бұл – өте маңызды мәселе», – деген еді.

Қазір креативті индустрия орталықтары 3 ірі қалада (Астана, Алматы, Шымкент) шоғырланған, ал өңірлер назардан тыс қалып отыр. Сондықтан да Мемлекет басшысы: «Креативті индустрия субъектілері өндіріс ерекшелігіне байланысты кәсіпкерлікті қолдау бағдарламаларына толық қатыса алмайды, қаржылай көмек те ала алмайды. Оларға қолдау көрсетуге арналған шаралардың жеке топтамасын әзірлеу қажет деп санаймын», – деген болатын.

Ақтөбе облысының 100-ге жуық креаторының қатысуымен Астанада «Aqtobe Creative Days» креативті жәрмеңкесі болып өтті. «Creative Aimaq» республикалық жобасы аясында өңір шеберлері, дизайнерлер, суретшілер мен шығармашылық кәсіпкерлері 22 бағыт бойынша авторлық өнімдері мен жобаларын таныстырды.

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев пен Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Qazaq Creative Hub алаңында өтіп жатқан жәрмеңкеге қатысып, ақтөбелік креаторлардың жұмыстарымен танысты.

Көрмеде ұлттық қолөнер бұйымдары, дизайнерлік топтамалар, IT-жобалар, әдеби туындылар мен Димаш Құдайбергеннің шығармашылығына арналған экспозиция ұсынылған болатын. Креативті жәрмеңкенің екінші күнінде қолөнер шеберлік сабақтарын, «Жыл мезгілдері» қойылымын, Ақтөбе туралы анимациялық фильмді, «Aqtobe Design» сән көрсетілімін, Серік Закарияның шығармашылық кешін мен «Жеребе life» жобасының  концертін   астаналықтар   тамашалады. Осы орайда креативті идея туралы түсінік бере кетейік. Креативті идеяның нарыққа шығып, аудиториясын тауып, тұрақты дамуы үшін нақты бағыт қажет. Сапалы өнім әзірлеумен қатар, оны ілгерілету, табыс көздерін қалыптастыру, ауқымын кеңейту және тиімді бизнес-модель құру тетіктерін меңгеру маңызды. Creative Shift бағдарламасы осы практикалық міндеттерге бағытталған. Тап осы күндері Шымкент қаласында бағдарламаның өңірлік буткемпі басталды. Жеті күн бойы қатысушылар тәжірибелі сарапшылармен бірге жобаларын жетілдіріп, продюсерлік, нарықтағы орнын айқындау, ілгерілету, тарату, табыс табу тетіктері, баға белгілеу, команда қалыптастыру және жобаны кеңейту бағыттары бойынша жұмыс істейді.

Бағдарлама кино және аудиовизуалды өндіріс, музыка және сахна өнері, дизайн және қолданбалы өнер, әдебиет, медиа және жасанды интеллект бағыттарын қамтиды. Бағдарламаның келесі кезеңі 19-25 қазан аралығында Астана қаласында өтеді. Өңірлік кезеңдерден өткен үздік жобалар кейін елордадағы менторлық бағдарламаға қатысып, Pitch Day аясында жобаларын бизнес және инвестициялық қауымдастық өкілдеріне таныстырады. Aqtobe Design авторлық топтамаларының көрсетілімі, «Алақай» қуыршақ театрының қойылымы, Ақтөбе туралы анимациялық фильм, қолөнершілердің шеберлік сабақтары, композитор Серік Закарияның шығармашылық кеші, сондай-ақ SherTer және «Жеребе life» жобаларының концерттік бағдарламалары Aqtobe Creative Days аясында ұсынылғанын айта кетуге тиіспіз. Іс-шара 10-11 қазанда елордада Creative Aimaq республикалық жобасы аясында өтті. Екі күн бойы қолөнер бұйымдары, IT-жобалар мен кітап өнімдері ұсынылатын көрме аймақтары жұмыс істеді. Aqtobe Creative Days елорда тұрғындары мен қонақтарына Ақтөбе облысының қолөнер, дизайн, театр, музыка, әдебиет және технология бағыттарындағы креативті жобаларын таныстырды. Өңірдің креативті әлеуетін жақынырақ танып, талантты шеберлер мен авторлардың жұмыстарын көргісі келгендер Астана қаласы, Жошы хан көшесі, 16/2 мекенжайындағы Qazaq Creative Hub-та өтетін Aqtobe Creative Days жәрмеңкесіне ағылды.

«Aqtobe Creative Days» креативті жәрмеңкесіне 9 500 адам қатысып, 24 млн теңгеге жуық өнім сатылды. Жәрмеңкеде ұлттық нақыштағы киімдер, дизайнерлік топтамалар, зергерлік әшекейлер, былғары, ағаш, сүйек пен киізден жасалған бұйымдар, ұлттық аксессуарлар мен кәдесыйлар саудаға шығарылды.

Qazaq Creative Hub алаңында Ақтөбе облысының 100-ге жуық креаторы 22 бағыт бойынша авторлық өнімдері мен шығармашылық жобаларын таныстырды.

Сондай-ақ зергерлік өнер, киіз басу, тері және ағаш өңдеу бойынша шеберлік сабақтары ұйымдастырылды. «Creative Aimaq» жобасының мақсаты – өңір креаторларының өнімдерін нарыққа шығаруға қолдау көрсету, шығармашылық кәсіпкерлікті дамыту және іскерлік байланыстарды кеңейту.

Креативті индустрияларды дамыту қорының өңірлік даму жөніндегі басқарушы директоры Ерлан Каналимов: 

«Qazaqstan» телеарнасында креативті индустриялардың дамуы, жаңа шығармашылық жобалар және қазақстандық креаторлардың мүмкіндіктері туралы «Qazaq Creative» телебағдарламасы эфирге шығады. Сұхбат барысында Қазақстанның креативті индустриялары 12 бағыт пен 53 экономикалық қызмет түрін қамтитынын, өңірлерде 20 креативті хаб жұмыс істейтінін атап өттім. Сондай-ақ Creative Aimaq жобасының нәтижелері туралы айтып, жоба аясында 14 өңірден 700-ден астам креатор өнімдерін таныстырғанын, іс-шараларға 55 мың көрермен қатысқанын және сатылым көлемі 130 млн теңгеден асқанын жеткіздім.

Қордың маңызды жобаларының бірі – Creative Shift. MOST Business Intelligence компаниясымен бірлескен бағдарламаның Алматыдағы алғашқы кезеңіне 165 креатор қатысты. Олар бизнес-модель, монетизация, маркетинг, AI және инвестиция тарту бағыттарында жұмыс істейді. Бағдарлама төрт бағытты қамтиды. Іріктеуден өткен қатысушылар Астанадағы жеті күндік офлайн-сессияда жобаларын дамытады. Алдағы міндет – жобаларды коммерцияландыру, инвестиция тарту және қазақстандық креативті өнімдерді жаңа нарықтарға шығару.

Әдебиет ең алдымен идеядан басталады. Ал сол идеяның кітапқа, комикске немесе цифрлық өнімге айналуы үшін авторға оны дамытуға мүмкіндік қажет. Мұндай жобаларды қолдау жаңа шығармалардың дүниеге келуіне, отандық кітап шығаруды дамытуға және оқырманмен байланысудың жаңа тәсілдерін қалыптастыруға жол ашады. Осы мақсатта Креативті индустрияларды дамыту қорының гранттық конкурсы ұйымдастырылды. Өтінім қабылдау аяқталып, барлығы 172 өтінім келіп түсті. 

 

Қатысушылар көркем және балалар әдебиеті, комикс, ертегі, боямақ, кітап шығару, сондай-ақ әдебиет пен кітап оқуға арналған цифрлық шешімдер - LitTech бағытындағы жобаларын ұсынды. Конкурс қорытындысы бойынша 10 жеңімпаз анықталады. Әр жеңімпазға 5 млн теңгеге дейін грант беріледі. Қазір өтінімдер конкурстық іріктеуден өтуде. Нәтижелер Qazaq Creative платформасында және ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің ресми интернет-ресурсында жарияланады.

 

14.10.2026

Ұқсас жаңалықтар

Ұлытау – ұлттың жүрегі, тарихтың тірегі
Гүлден ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ, Ұлытау облысы - 29.10.2026 426
Еуропа  дүрлігіп жатыр
Ерғазы Сейтқали - 23.10.2026 368

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 29153
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 28697
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 45975
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 41599
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 46289