Маңғыстауда «Адай ата – Отпан тау» тарихи-мәдени кешенінде 13 наурызда «Амал» мерекесіне орай «Бірлік отын» жағу рәсімі өтті.
Жыл сайын киелі Маңғыстау жерінде, бірліктің мекені – Отпан тау басында ұран оты жағылады. Отпан тау – қол бастаған баһадүр бабалар, сөз бастаған ділмар, би-шешендер бас қосып, киелі түбек үшін тағылымды әрі тарихи шешімдер қабылдаған, бүгінгі таңда ұлт бірлігінің ажырамас бөлшегі, идеологиялық көрінісіне айналған қастерлі де қасиетті нысан. Мұндай киелі орында еліміздің бірлігі, жеріміздің тұтастығын сақтау жолында жасалып жатқан жарқын істер жалғасын таба беруі құптарлық дүние. Халқымыздың ынтымағын бекемдеп, ырысын еселейтін, бірегей ұлттық кодымыз бен ұрпақ сабақтастығының жарқын символына баланған «Амал» мерекесінің жалпыхалықтық сипат алуына жан-жақты қолдау көрсетуіміз қажет.
Шынтуайтында, Маңғыстаудағы Қаратау жотасының ең биік шыңында от жағу дәстүрі тарих тереңінен бастау алады. От жағу – бекем бірлік пен ұйымшылдықтың белгісі. Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев тағылымы мол тарлан тарих пен бағзы дәуірден арқауы үзілмеген ата-ғұрып, салт-дәстүрді өрлеу мен өркендеудің берік діңіне айналдыру бүгінде ерекше маңызға ие болып отырғанын айтты. Өткенімізді терең зерделеу, ұлттық сананы жаңғырту арқылы тарихымыздың ақтаңдақ парақтарын түгендеп, ұлт деңгейінде ұлықтау халқымыздың ұлттық бірегейлігі мен ауызбірлігінің мызғымас негізі екенін ескерді.
«Ғасырлар бойы бұл күн терең рухани мағынаға ие болды. Біздің ата-бабаларымыз қытымыр қыстан аман шыққанына, көктемге төрт көзі түгел жеткеніне қуанды, бүгін біз бір-бірімізді көгорай көктем мезгілінің басталуымен құттықтаймыз, өкпе-реніш біржола ұмыт болып және күнделікті қарбаластан қолымыз босап, жақын-жуығымызға көңіл бөлеміз. Ұлы мейрамның Ұрпақтар сабақтастығын жалғауда маңызы орасан. «Көрісу күні» көктемнің жақындап келе жатқанын және алда жаңа үміт пен мүмкіндіктер күтіп тұрғанын еске салады. Бұл күн әрдайым мереке болып қала береді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, «бірлік пен келісімге шақыратын «Амал» мерекесі – халқымыздың дәстүрлі жауаптылығының шынайы көрінісі». Бұл мереке баршаңыздың жүрегіңізді жылулық пен қуанышқа толтырсын! Сіздерге бақыт, жақсылық және амандық тілеймін!» – деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.
Маңғыстаулықтар жыл сайын Отпан тауында атап өтетін Амал мерекесін биылғы ұйымдастырушылар – Мұңал ата ұрпақтары.
Өңір тұрғындары мен қонақтарын мерекемен құттықтауға Қазақстанның Халық әртісі Роза Рымбаева арнайы келіп, концерт қойды. Амал мейрамына орай ұйымдастырылған іс-шаралар легінде ұлттық спорттық ойындар бар, соның ішінде құмай тазы жүгірту сайысы аса тартысты өтті. 14 наурыз күні қонақтар назарына «Сәлем – сөздің атасы» атты театрландырылған қойылым ұсынылды, содан кейін «Амалды» салтанатты түрде тойлау басталды. Дүбірлі думан аудандық және қалалық шығармашылық ұжымдардың концерттік бағдарламаларына, ат жарыстары мен басқа да спорттық іс-шараларға ұласты. Осылайша Мұңал ата ұрпақтары Қосай Ата ұрпақтарына бірлік алауы мен «Амалды» мерекелеу эстафетасын тапсырды.
Отпан тау – Маңғыстау облысындағы ең биік нүкте. Оның шыңында 37 метрлік Адай ескерткіші және әкесінің екі қанатына айналған Құдайке мен Келімберді ұлдардың екі мұнара стеласы бар. Адай ата – тарихи тұлға және батыр. 2007 жылы оның құрметіне «Отпан тау» тарихи-мәдени кешені ашылды.
Голрох ЖЕМЕНЕЙ