Мақаншыда мәселе де аз емес, оң істер де баршылық

Мақаншыда мәселе де аз емес, оң істер де баршылық

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен жыл басында жаңадан ірге көтерген Мақаншы ауданының мәселесі әлі де шаш етектен. Өз алдына дербестігінен кеңестік дәуірде бір рет, оңтайландыру жылдарындағы саясатта екінші рет айырылған ауданның үшінші рет құрылғандағы қазіргі жағдайына жақында куә болып қайтудың сәті түсті. 

Иә, рас, қай нәрсенің болсын, кем-кетігін бүтіндеу, жоғын түгендеу бірден бола қоймайтыны белгілі. Дегенмен, аудан экономикасының көтеріліп, біртіндеп әл-ауқатының артатынына мүмкіндік мол. Қытаймен тауар айналымда маңызды рөл атқаратын Бақты кеден бекеті, турист тартуға әлеуеті зор Алакөл демалыс аймағы тағы да басқа мемлекеттік маңызы зор жобалары сәтті жүзеге асуына бірер жыл уақыт керек. Аудан орталығын аралағанда көзге түсетін бір келеңсіздік – жергілікті тұрғындардың қоқыс қалдықтарын тастамауға, тазалық сақтауға салғырт қарайтыны, иелігіндегі жылқы, сиырын көшеге жібере салатыны. – Қазір бұрынғыдай емес, үлкен аудан орталығымыз. Неше жылдар бойы тынымсыз тер төгіп жеткен осынау қуанышымызға құрметпен қарауымыз керек. «Мақаншының іші сендерге жайлау емес қой» деп сан мәрте айттым. Бие байлап, қымызын ішіп отырған кейбір отбасылар жылқыларын көшеге шығарып жібереді. Күре жолдың бойымен Алакөлге қарай күн сайын қаншама адамдар өтіп жатыр. Аудан орталығына келіп аялдағанда сырт көз не ойлап кетеді деп үнемі алаңдаймын, – дейді қадірменді қазыналы қарт Әбен Разуев. Ресми дерекке жүгінсек, Мақаншы ауданы халқының жалпы саны – 27 869. Оның 12741-і аудан орталығында тұратынын ескерсек, ақсақалдың алаңдайтын жөні бар. Оның үстіне Қытаймен шекаралас жатқан ауданда одан өзге шешімін күтіп тұрған ауқымды істер аз емес. Аудан әкімі қызметіне ақпан айында тағайындалған Дәурен Қойгелдин жаңадан ашылған ауданның бюджетін нақтылау үшін әлі де біраз жұмыстар атқару керектігін жасырған жоқ. – Бұл тұрғыда облыс әкімі Нұрлан Тельманұлы үнемі қолдауын көрсетіп жатыр. Бұған дейін Үржар ауданының құрамында болған Мақаншы өз алдына жеке құжаттық негіздегі мәртебесін жақында ғана алды. Ауданның өз алдына бюджет бөлінісі шілде айында нақтыланды. Жылдың соңына дейін аудан болашағына қатысты жобалық-сметалық құжаттамаларды жасауға да уақыт керек. Бұл тұрғыда маған жүктелген тапсырмаларды орындауға, ойластырған жоспарымды орындауға барымды саламын. Тек аудан халқы осындай жайларды тиянақты түсініп, сабырмен күтсе болғаны, – дейді Дәурен Бақытжанұлы. Д. Қойгелдиннің айтуынша, «Ауылдық медицинаны жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жаңадан 9 медициналық нысан бой көтеретін болады. Оның біреуі аудан орталығында болса, қалғандары ауылдық елді мекендерде орналасқан. Сондай-ақ бүгінгі таңда аудан көлемінде 2 пәтерлі 25 бір қабатты үйдің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Аталған пәтерлер қолданыстағы заңнамаға сәйкес халықтың әлеуметтік осал топтарына кезек бойынша берілетін болады. Аудан ішін аралай жүріп, бұдан өзге де жергілікті басшылықтың ұйытқы болуымен, оңтайлы жұмыстарға да куә болдық. Соның бір көрінісі – «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында ішке көше жолдарына асфальт төселе бастағаны. Қазіргі күнде «Ярус» ЖШС төрт көшенің екеуін (Әсет Найманбайұлы және Талмурзин) асфальттап үлгеріпті. Жыл соңына дейін 140 орындық балабақшаның құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Қазақта «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген сөз бар. Ең бастысы жергілікті басшылық пен жұртшылық бірін-бірі түсіне білсе, көш жүре келе түзелетіні күмәнсіз. 

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ Абай облысы
14.08.2024

Ұқсас жаңалықтар

ТӨРТІНШІ БЕЛЕС  БИІГІНДЕ
Бақыт САРБАЛАҰЛЫ, жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері - 21.12.2024 948
Жамбыл ауданы:  Жерге – тыныс, елге – ырыс
Дариха ҮМБЕТИЯРОВА, журналист Жамбыл облысы Жамбыл ауданы - 20.12.2024 1176
«Ауыл аманаты – ел аманаты»
Марат ҚҰЛИБАЕВ, Тараз қаласы - 20.12.2024 1183
Талас ауданы:  Ілкімді жобаның  игілігін көргендер
Нұрболат АМАНБЕК, Жамбыл облысы Талас ауданы - 20.12.2024 1178
Тоғыз жолдың торабындағы  Шу елінің ықыласы
НұрболатАМАНБЕК, Жамбыл облысы - 20.12.2024 1186
Жуалы ауданы:   Бағдарлама  аясында  5,1 млрд  теңге  игерілді
Нұржан МАНАСҰЛЫ, Журналист, Жамбыл облысы Жуалы ауданы - 20.12.2024 963

Топ жаңалықтар

1
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 12158
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 11073
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 14308
4
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 13267
5
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 18283