Мемлекет басшысы биылғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында басты 9 мәселеге басымдық берді.
Атап айтқанда, маңызды құжатта ақша-несие саясаты мен фискалды саясаттың арасындағы үйлесімсіздікті жою, инвестициялық ахуалды және бизнес жүргізуге қажетті жағдайды жақсарту жолында үздіксіз жұмыс істеу, өнеркәсіп әлеуетін толық пайдалану үшін жан-жақты шаралар қабылдау, инфрақұрылымға қатысты өзекті мәселелерді шешу, кадрлық әлеуетті біртіндеп арттыру, ұлт саулығын нығайту үшін халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту, экологиялық ахуалды жақсарту, мемлекеттік басқару ісінің тиімділігін барынша арттыру, қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыру сынды жайттарға көңіл бөлінген.
Ақша-несие саясаты мен фискалды саясаттың арасындағы үйлесімсіздікке байланысты шағын және орта бизнесті жеткілікті қаржыландыру мәселесі шешімін таппағаны, бұл жағдай еліміздегі іскерлік ортаның белсенділігіне, экономиканың тұрақтылығына және дәйекті дамуына кедергі келтіріп отырғаны айтылды. Жолдауда көрсетілгендей, инвестициялық ахуалды және бизнес жүргізуге қажетті жағдайды жақсарту жолында үздіксіз жұмыс істеу – металды терең өңдеу, мұнай-газ-көмір химиясы, туризм, энергетика және машина жасау сияқты маңызды салалардағы жобаларды жүзеге асыру қарқынын арттыруға жол ашады. Сонымен қатар заңсыз алынып, пайдаланылмай жатқан жер оңтайландырылған рәсім бойынша мемлекетке қайтарылуы қажет. Ауыл тұрғындарына өз өнімдерін өңдеуге және сатуға мүмкіндік беретін инфрақұрылым құру және әр ауданда азаматтарға түрлі ауылшаруашылығы дақылдарын өсіруді үйрететін орталық ашу – бүгінгі таңдағы өте маңызды мәселе.
Еліміздің өнеркәсіп әлеуетін толық пайдалану үшін жан-жақты шаралар қабылдау жөнінде Үкімет 17 ірі жобаның тізімін жасағанын да Қасым-Жомарт Кемелұлы айтып өтті. Олардың қатарына өз шикізатымыз бен құрал-жабдықтарымызды барынша пайдалану, ірі кәсіпорындарға жапсарлас өндірістер ашу, аймақтардың өсіп-өркендеуіне жол ашатын жаңа өндіріс орындарын дамыту, автокөлік құрастыру, мұнай-газ-химия саласын одан әрі дамыту, газ қуатын арттыру сияқты міндеттерді жүзеге асыру көзделіп отыр.
Президент инфрақұрылымға қатысты өзекті мәселелерді шешу, соның ішінде нақты тариф саясатын жүргізу, коммуналдық ресурстарды үнемдеу мәдениетін қалыптастыру, тұтынушыларды жеке монополистердің шырмауында қалдырмау сынды өзекті мәселелермен айналысуды еліміздің Энергетика және коммуналдық шаруашылық саласына тапсырды. Өйткені, әлемде энергия тапшылығы күшейіп, елімізге сенімді және экологиялық таза қуат көздері аса қажет болып тұр. Осыған байланысты осы жылдың 6 қазанында атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум өтетіндігі жөнінде арнайы жарлыққа қол қоятынын басып айтты. Сонымен қатар теміржол саласында реформа жасау, автокөлік жолдарының жай-күйі, жасанды интеллект технологиясын енгізу, әуе хабтарын дамыту, телекоммуникация желілерін жетілдіру, гидрология бекеттерін жөндеп, жаңғырту мәселелерімен мұқият айналысуды Парламент пен Үкіметке жүктеді.
Мемлекет басшысы басымдық берген тағы бір мәселе – еліміздің кадрлық әлеуетін біртіндеп арттыру. Айта кетсек, елімізде ең алдымен, су, энергетика, құрылыс салаларында қатты байқалып отырған кадр тапшылығын жойып, болашақта сұранысқа ие болатын кәсіптер үшін білікті мамандар даярлау жұмыстары негізгі бағытқа қойылуы қажет. Ол үшін жастарға сапалы білім беріп, үздік университеттердің нақты сектормен байланысын нығайту қажеттілігіне тоқталған. Мұндай қадам әр саладағы инновацияға серпін беріп, жоғары оқу орындарындағы қолданбалы ғылымның әлеуетін арттырады екен. 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялау арқылы жұмысшы мамандықтарын дәріптеп, қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттауымыз қажеттігі айтылған. Сонымен қатар 2025 жылы заманауи үлгідегі 217 мектеп пайдалануға беріліп, 3 жыл ішінде еліміздегі 1300 мектепке күрделі жөндеу жүргізу қолға алынып отыр. Мұғалімдердің біліктілігін арттыруға және әлеуметтік мәртебесін көтеруге көңіл бөлу арқылы педагогикалық жоғары оқу орындарына талапты, қабілетті жастарды қабылдауға баса мән беру қажеттілігіне тоқталған.
Ұлт саулығын нығайту үшін кешенді шараларды қолға алып, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту да маңызды мәселе. Елімізде биыл денсаулық сақтау саласына бюджеттен 3,3 триллион теңге қаржы бөлінсе де, білікті медицина мамандарының тапшылығы, мемлекеттік-жекеменшік әріптeстік тетіктері арқылы ресурстарды белсенді тарту және бұқаралық спортты дамыту мәселесінің кемшіндігін Президент Қ.Тоқаев та жасырмады.
Жолдауда сөз болған экологиялық ахуалды жақсарту жайы да көпшілікті толғандырады. Орман-тоғайлар жеріміздің 5 пайызын ғана алып жатқандықтан, осы мәселеге ерекше мән беру қажет. Ел ішінде ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу, «Таза Қазақстан» экологиялық шарасына атсалысу, жалпы қоршаған ортаның тазалығы әркімнің күнделікті дағдысына айналса құба-құп.
Мемлекеттік басқару ісінің тиімділігін барынша арттыру міндеті арқылы өтініштерді қарауға қатысты жұмыстың бірыңғай экожүйесі қалыптаса бастағаны да назардан тыс қалмады. Әкімдерді тікелей сайлау жүйесін енгізу талабы орындалып, реформалар осылай үздіксіз жалғаса беретіндігінен хабардар болдық. Бірақ әлі де болса мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру мәселесін ескеріп, кадр мәселесіне қатысты жұмысты толық автоматтандыруды баса назарға алып отыр.
Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыру мәселесінде азаматтардың қаржылық сауатын арттыру қажет. Өйткені цифрлық технологиялардың жаппай енуі түрлі алаяқтардың көбеюіне әкеп соқтыруда. Сондықтан мектептерде, жоғары оқу орындарында қаржылық және цифрлық сауаттылық негіздерін үйрететін білім бағдарламасын енгізу ұсынылды. «Қарызсыз қоғам» жобасы, әзірленіп жатқан «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» заң жобасы арқылы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттігі атап өтілді. Ол үшін еліміздің Ішкі істер министрлігі ұсақ бұзақылық пен вандализмнен бастап, шетелдіктердің заңсыз көшіп келуіне және басқа да ауыр қылмыстарға қатаң тосқауыл қойып, дереу жолын кесуге міндетті. Жол апаттарының алдын алу, жол-көлік инфрақұрылымын жақсарту, автокөліктердің техникалық жағдайына тиісті бақылау жасау, есірткі саудасына және нашақорлыққа қарсы күрес арқылы үйлесімді, әділетті әрі тұрақты қоғам құру ісін жалғастыру саясатын қатаң ұстау қажет екені баса айтылды.
Қазір әлемде көптеген түбегейлі өзгерістер орын алуда. Мемлекет басшысы осы жолғы Жолдауында түрлі сынақтан сүрінбей өту үшін қазақстандықтарды бір ел болып, әділетті және дамыған Қазақстанды бірге құруға шақырды.