АНА. АҚЫН.
Қарқабаттай – құрсағым,
Оттай ыстық құшағым.
Бар қазақтың баласын
Бауырыма қысамын.
Құрсағымда – нәрестем,
Жүрегімнен жыр ескен.
Ана, ақын атанған,
Бақыттымын мен неткен!
Сол қолымда сәбиім,
Ұрпағыммен сәнді үйім.
Шаңырақта шырқалған
Шаттық атты ән-күйім.
Оң қолымда – қаламым,
Поэзия – ғаламым.
Алла аузыма сөз салып,
Жырдан ләззат аламын.
Ұрпақ – мирас, жалғасым,
Сөз құдірет – алмасым.
Алла берген тартуын,
Қолдасыншы Алашым!
ДӘМДІ ЖЫР
Бір тамаша ойға терең бойлағам,
Келіп еді жыр жазам деп ой маған,
Күні құрсын ақын болған әйелдің,
Отбасына пісірер ас ойлаған.
Уақытың тар не жазам деп болжауға,
Тереңдегі маржан сөзді қозғауға.
Ас үй жақта өтер күнің күйбеңмен,
Қаламыңды ауыстырып ожауға.
Жүрегіме шымыр шумақ келгенде,
Қаламымды қолға ала бергенде.
Қазандағы асың тасып кетеді,
Шашылады санаңдағы ой демде.
Шабыт шіркін қашып кетер алаңнан,
Асым үшін алғыс алам баламнан.
Дәмді асты даярлап мен бергенмен,
Дәмді жырым тумай қалар қаламнан.
ЖЫР ШЕКПЕНДІ ТАРТУ ЕТЕМІЗ
Әлпештеген
асыл жанды шешеміз!
Ауызбенен
орақ орған шешенбіз.
Болғаннан соң
бағалы сый ретінде
Жыр-тілекті
тозбас шекпен етеміз.
Денсаулығың
мықты болсын бастысы,
Балаларың
болып әркез бақ құсы.
Қу жалғанның
ащысын көп көрдіңіз,
Бұйырсын енді
бұл пәнидің тәттісі!
Немерең де
кетті бүгін ержетіп,
Шөберені
бесігінде тербетіп.
Ұрпағыңның
қызығына тоймастан,
Ошағыңның
отын жақшы демдетіп.
Арқаңызда
арқалаған сексенің,
Бізге мәлім
Бейнетіңіз, өткенің.
Жүрегіммен
өзіңізге айтарым –
Жамбыл ата
жасына да жет дегім!
КЕЛІНГЕ СЫЙЛАП СЫРҒАМДЫ
Көтеріп ауыр сындарды,
Айтылмай іште сыр қалды.
Ене болдым, мінекей,
Келінге сыйлап сырғамды.
Өсіріп ұл мен қызымды,
Өткізіп жаз, қыс, күзімді.
Жетіліп піскен жемісім
Сабағынан үзілді.
Ұрпаққа беріп керегін,
Әжелік күйге енемін.
Немеремді жетектеп,
Төбеден түсіп келемін.
ҚЫЗ – ҚЫЗҒАЛДАҚ
Сұлулыққа ынтық болмай, кім құр қалмақ,
Көрдің бе, жаздыгүні гүлденген бақ.
Жайқалған сол гүл іспетті жайнап өскен,
Қыз – әсемдік, қыз – махаббат, қыз – қызғалдақ!
Гүлдерге қызықпайтын жандар болмас,
Құр бекер кетсе үзіп орны толмас.
Таңдаған ақ гүліңді аяласаң,
Аянбай ол да саған болмақ жолдас.
Қыздардың қайратына қанық бәрі,
Шындықты уақыт өзі анықтады.
Ақылды, көркем, сұлу қыздарымыз
Көгімде аққу болып қалықтады.
ҚҰЛАЗУ
Жарқыраған әйнегімді бу басты,
Тереңінен алғаннан соң демімді.
Есілдегі қанаттылар шуласты,
Таба алмай жүректегі емімді.
Күн қысқарып, кеткендей Түн ұзарып,
Әкелмеді биыл көктем сый алып.
Батып бара жатты Күн де қызарып,
Ақ жүзіме тік қарауға ұялып.
Соқты кенет сумаңдаған суық жел,
Тітіркентіп, тұрған тұла бойымды.
Сағындырды алыстағы құба бел,
Тек шаттыққа жетелейтін ойымды.
ЖИНАЛМАЙ ҚАЛСЫН ҮЙ МЕЙЛІ!
Шашыла берсін, жиналмай қалсын үй мейлі,
Ала таңнан тұрып ап қолың тимейді.
«Бала, бала» деп безек қағып жүргенде,
Отағасы киімін де сенсіз кимейді.
Жұмысқа жылдам жетуің керек, өл мейлі,
Кешігіп жатсаң кадрың іздеп, сөйлейді.
Түскі асты да уақытында бере алмай,
Қара су ішіп, күтумен сені шөлдейді.
Тірлігіңде қадіріңді кей жұрт білмейді,
Біреуі мақтап, біреуі даттап, күндейді.
«Жасыма жаным, болымсыз мынау нәрсеге,
Түн артынан шығады әлі-ақ Күн дейді».
Ер-азамат айтқаныңмен сенің жүрмейді,
Кемшілігіңді көрсе де көзге ілмейді.
Көңілі пәс, қабағы қату болса егер,
Демейік, достар, жарымыз бізді сүймейді.
Арқа сүйейміз алдымыздағы серке деп,
Еркінсіп ерге кетеміз кейде еркелеп.
Есікке сосын қараймыз күтіп, жаутаңдап,
Жұмысынан ертерек шіркін келсе деп.
Үйіңе жетсең, шығады балаң күлімдеп,
Аймалайсың «алтыным, ботам, Күнім» деп.
Босағасына БАС ИЕҢ баппен енгенде,
Қуаныштан сыңғырлап шығар үнің тек.
Сыйластық сезім тұла бойыңды билейді.
Азаматына қай әйел басын имейді?!
Жұбайымыздың қабағына жиі қарайық,
Істелмей жұмыс,
жиналмай қалсын үй мейлі!
ҚАЗАҚ ӘЙЕЛІ
Қазақ әйелі жаралған-ау асылдан,
Тектілігін сақтап келген ғасырдан.
Баласы үшін құрбан етіп өздерін,
Ерлерінің жамандығын жасырған.
Қазақ əйелі қай дауылдан тосылар,
Ала қапты арқалаған – осылар
Боталарын қастарына жетектеп,
Тар жолдарда көш бастаған осы – нар.
Азаматқа бергісіз жан – арыстай,
Ақыл қосқан қиын шақта қалыспай.
Гүлдей нәзік жанға тікен қадалса,
Ашуланып, атылады барыстай!
Ұрпағы үшін үзілмейтін күдері,
Қазақ əйелі – ұлтымыздың тірегі!
Шуағынан нəзіктінің нəр алып,
Лүпілдеген ер-азамат жүрегі.
Қазақ əйелі – намысшыл да қайратты,
Тәуекелге талай басын байлапты.
Қолда, Алла, əйелдерін қазақтың,
Құлатпайтын қолындағы байрақты!
КИМЕШІ ҚАЗАҚ КИІМІН
Қазақтың мынау көбейтпей құса, күйігін,
Аласартпай алысып алған биігін.
Жатпенен шалғай шетел асып кеткен соң,
Ұзатылғанда кимеші қазақ киімін!
Отаныңа салмастан көз қиығын,
Тастап кетсең туған жер байтақ ұйығын.
Қазақтың асыл азаматына жар болмасаң,
Ұзатылғанда кимеші қазақ киімін!
Дүние қуып, бөтенге бұрса бүйірің,
Қор қылма құнды ұлтымның асыл бұйымын.
Қазақтың енді ұрпағына Ана емессің,
Ұзатылғанда кимеші қазақ киімін!
Қазақтың енді естімейсің күй үнін,
Ұстамайсың теңгесі мен тиынын.
Ата-анаңды қаратып жерге кеткен соң,
Ұзатылғанда кимеші қазақ киімін!
Айтайын сөздің тобықтай ғана түйінін,
Көтере алған Алланың берген сыйын кім?!
Көк туымның астында өмір сүрмесең,
Ұзатылғанда кимеші қазақ киімін!
Шетке шыққан қыздың бөтен – иесі,
Басқаларға жұқпасыншы күйесі!
Ұлттық киім – қазынасы бабамның,
Ұрып кетіп жүрмесінші киесі!
МОЙЫН
Ер-азамат – шаңырақтың иесі,
Жаулықтының арқа сүйер киесі.
Азаматтың бүлдіргені білінбес,
ал әйелге жұға қалар күйесі.
Ер-азамат шаңыраққа мұрагер,
Ұл туды ма? –
Деп алдымен сұрар ел.
Қызды қойшы,
жат-жұрттыққа жаралған,
Деп елеусіз қала берер қына бел.
Ер-азамат – отбасының тірегі,
Асырайды білімі мен білегі.
Қалтарыста тағы қалыс қалады,
Әйел атты босағаның жүрегі.
Ер-азамат – отбасының айбары,
Ол бар кезде бала-шаға жайдары.
Сыңары жоқ нәзіктінің сәні жоқ,
Үйір болар қайдағы мен жайдағы.
Әйел – мойын,
Ер-азамат бас болар,
Деп біреуі ақыл айтып, жар салар.
Мейлі, мейлі бәріне де келістік,
Дұрыс сөздер көкейіңе дөп қонар.
Бірақ бір сөз оралады ойыма,
Нәзіктілер,
нәзікпіз деп мойыма.
Мойын қайда бұрылса,
бас сонда
Екендігін, ер-азамат, мойында!
АРУЛАР
Жыр жазам шабыттанған көңіл күймен,
Ғашықтықтың дертіне көбі күйген.
Тал бойында бір міні жоқ сұлулыққа,
Қара түгіл,
патша дағы басын иген.
Ақыл-ой, қылығымен табындырған,
Сан ару бар бозбаланы сағындырған.
Сүйкімді әрі ақылды
сүйгені үшін,
Қиюға жігіт әзір
жанын құрбан.
Арулар – шуақ шашқан атқан таңдай,
Ақ жүзі алаулаған, жазық маңдай.
Мың бұралған бойжеткен аруларды,
Қол тигізбей сыртынан сүйген қандай!
ТАҒДЫРЛАР – ТЕРЕЗЕЛЕР
Мұңайып қария тұр,
Өткінші өмірі – сұр.
Ертеде өшіп қалған,
Жайнаған көзінде нұр.
Тауаны шағылады,
Тағдырға бағынады.
Бақиға кете барған
Кемпірін сағынады.
Жаулығы желбіреумен,
Ана жүр елжіреумен.
Келінмен кеткен ұлын,
Күтеді телмірумен.
Тірлікте бейнет көрді,
Еңбектің дəнін терді.
Əйнекті ермек еткен,
Кім елер зейнеткерді?!
Махаббат оты жанған,
Берілген серті жалған.
Шарасыз бір сұлу тұр,
Шарана іште қалған.
Тірідей кеткен тастап,
Анасын күтеді аңсап.
Сəби жүр жолға қарап,
Жанардан жас тамшылап.
Шаттықтың құшағында,
Сəбиі құрсағында.
Сүйсінген бір нəзік жан,
Қолтыққа қысқанына.
Тағдырлар – терезелер,
Кірпіштен – керегелер
Алланы ауызға алмай,
Бұзылған ережелер.
МАХАББАТҚА КІШІРЕЙДІМ
Сөге бер тентектігім үшін мейлі,
Кейде өзімді өзім де түсінбеймін.
Артық кетіп кешірім сұрап жатсам,
Махаббаттың алдында кішірейдім.
Сөге берші еркелігім үшін мейлі,
Ханзадам деп ойладым түсімдегі.
Түсімдегі өңімде болмай қалып,
Жүрек жылап, жан ауырып, күрсінеді.