“Мүмкіндігі шектеулі жандар медициналық-әлеуметтік сараптамадан не үшін өтуі керек?”

 “Мүмкіндігі шектеулі жандар медициналық-әлеуметтік сараптамадан не үшін өтуі керек?”

ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ

Қазақстан Республикасы

Премьер-Министрінің орынбасары

А. Көлгіновке 

Құрметті Алтай Сейдірұлы!

 

Сайлауалды үгіт-нәсихат кезінде біршама сайлаушылар легімен соның ішінде, дәрігерлер қауымымен жиі кездестім. Ондағы өзекті мәселенің біріне депутаттық сауалым арналады.  

Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев «Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды» деп тұрақты айтып келеді.  

«Ауру келді дегенше, әлек келді десеңші» демей ме, дана халқымыз!

Қатерлі ісікпен ауырған науқастар - физикалық ғана емес, психологиялық азапқа түсетін жандар.

«IV клиникалық топтағы қатерлі ісік» деген диагноз алған адамдардың физикалық және психологиялық жәй-күйін көз алдымызға елестету мүмкін емес.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің статистикасына негізделе отырып, соңғы үш жылғы, яғни 2020-2022 жылдар аралығындағы аурудың IV клиникалық топтағы анықталған қатерлі ісіктері бар науқастардың санына тоқталсақ, мынадай: 2020 – 4133 адам, 2021 – 4412 адам, 2022 – 4790 адам.

2022 жылы барлық нозологиялардың қосындысы бойынша IV клиникалық топтағы қатерлі ісіктердің ішінен асқынған формалы келесі ауыру түрлері жоғары үлеске ие:  ұйқы безі – 33,8%, трахея, бронх, өкпе – 27,5%, мұрын-жұтқыншақ – 22,1%, асқазан – 21,3%, қуық асты безі – 19,9%, көмей – 18,9%, тоқ ішек – 17,3%, бүйрек – 16,8%, бауыр-15,8%. Аталған диагнозы анықталған адамдардың көпшілігі мына елді мекендерде өмір сүреді: Ақмола облысында – 23,4%, Қарағанды облысында – 17,7%, Абай – 17,2%, Түркістан облыстарында – 16,6%, Шымкент – 15,8% және Астана қалаларында – 14,0%. Көтеріліп отырған мәселе бойынша ауыру түрлері және өңірлік талдаулардың толыққанды статистикасы депутаттық сауалға қосымша тіркелді.

«IV клиникалық топтағы қатерлі ісік» деген диагноз алған науқастар еңбекке жарамсыз болатыны айдан анық. Ал, онкологиялық аурулары бар науқастарға мүгедектік, медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу негізінде белгіленеді.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 30 қаңтардағы № 44 бұйрығымен бекітілген «Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларына» сүйене отырып,  IV клиникалық топтағы қатерлі ісік анықталған науқастарға диагноз белгіленген сәттен бастап кемінде төрт айдан кейін медициналық-әлеуметтік сараптамаға жіберіледі.

Медициналық-әлеуметтік сараптама – мүгедектікті және еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін белгілей отырып, организм функцияларының тұрақты бұзылуынан туындаған куәландырылатын адамның тіршілік-тынысының шектелуін бағалау, сондай-ақ оның әлеуметтік қорғау шараларына қажеттіліктерін айқындайды. Медициналық-әлеуметтік сараптаманы халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері жүргізеді.

«IV клиникалық топтағы қатерлі ісік» диагнозының өзі-ақ, белгілі дәрежедегі үкім емес пе? Мұндай диагноз қойылған науқастарды медициналық-әлеуметтік сараптамадан өткізу үшін төрт ай күтуі қаншалықты әділ? Олар осы уақыт аралығында еңбекке жарамсыз.  Кім олардың шығынын өтейді?

Қандай әлеуметтік мекеме қамқорына алады? Төрт ай бойы сарылып, мүгедектігін анықтайтын жолдама күту қаншалықты негізді? Жолдамаға жете алмай қалған науқастар санын кім есептеді? Оларға көрсетіліп жатқан психологиялық көмек қандай деңгейде? Міне, көкеймізде осындай сансыз сұрақтар...!!!

Құрметті Алтай Сейдірұлы!

Жоғарыда айтылған жағдайды ескере отырып, бірінші кезекте, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 30 қаңтардағы № 44 бұйрығымен бекітілген Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларына өзгеріс енгізу арқылы «IV клиникалық топтағы қатерлі ісік» диагнозы бар науқастарға медициналық ұйымның дәрігерлік-консультациялық комиссиясының жолдамасын беру мерзімін алып тастау қажет.

Екіншіден, «IV клиникалық топтағы қатерлі ісік» диагнозы бар науқастар үшін медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу негізінің бар жоқтығын анықтап, дәйекті шешім қабылдау керек.

Үшіншіден, жалпы мүгедектікті растау рәсімін жеңілдету кезек күттірмейтін мәселе. Сондықтан мүгедектікті белгілеу бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетудің бизнес-процесін автоматтандыру арқылы, дәрігерлік-еңбек сараптама комиссиясы, медициналық-әлеуметтік сараптама  шешімдерінің ашықтығын қамтамасыз ететін уақыт келді.

 

 

Депутаттық сауалға заң талабына сәйкес, нақты жауапты жазбаша түрде белгіленген мерзімде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне жолдауыңызды сұраймыз.

Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» Партиясы Ж. Амантай, Ж.Д. Сүлейменова
03.05.2023

Ұқсас жаңалықтар

Абысын-ажындар сахнада сайысты
Кәмила САПАРХАЙЫР, «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігі Алматы облысы Іле ауданы филиалының төрайымы - 25.09.2024 773
Алаш жұрты  Ғарифолласынан айырылды
«Qazaqstan dauiri» газеті мен «Мөлдір бұлақ» журналының ұжымы - 25.09.2024 619
13 жасар оқушы  бес түрлі қамшы өреді
Бағдәулет Нұрмат, Түркістан облысы - 25.09.2024 664
530 өлең жолынан  тұратын кітап
НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК - 25.09.2024 597
Ұстаздар 8 перзент  тәрбиелеп отыр
Бағдәулет Нұрмат, Түркістан облысы - 25.09.2024 622

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 5596
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 5040
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 8208
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 6021
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 7234