Қазақстандағы бітімгершілік операциясынан кейін Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) аясында дағдарыстық жағдайды реттеу жөніндегі жұмыс тобы құрылған еді. Ұйымның Бас хатшысы Станислав Зась: «ҰҚШҰ аймағының батыс шекарасында НАТО әскери топтарының көбеюі байқалуда, бұл ұйым әскери инфрақұрылымын дамытып жатыр. Әскери белсенділік артып, бүкіл өңір милитаризациялануда. Бұл Беларусь пен Ресейге қауіп төндіріп қана қоймай, ҰҚШҰ-ның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге кері әсерін тигізбек. Қазақстандағы бітімгершілік операциясынан кейін біз ҰҚШҰ аясында дағдарыстық жағдайды реттеу жөніндегі жұмыс тобын құрдық және жүзеге асырған алғашқы шарамызды мұқият зерттейміз. Ең алдымен, дағдарыстық ден қою жүйесін сынақтан өткіземіз. Біз қазіргі әлеуетімізді кез келген жағдайда және ұйымға мүше елдердің кез келген өңірінде тиімді пайдалана алуымыз қажет», – деген мәлімдеме жасады. Еске салсақ., 6-ы қаңтарда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі жаппай тәртіпсіздіктерден кейін ҰҚШҰ елдерінің көшбасшыларынан көмек сұраған еді. Елімізге Ресей, Беларусь, Қырғызстан және Армения елдерінен 2,3 мың бітімгер келіп, 250 техника жіберілген болатын.