2008 жылы көп жыл Алматы Халық шаруашылығы институтында (бүгінгі Басқару академиясында) ректор болған әйгілі экономист-ғалым, академик Нұрғали Құлшыманұлы Мамыров 70 жасқа толды. Соның қарсаңында «Мына ғажап өмірде...» атты сыр-сұхбат роман жазып бітірген едім. Ағамыз оқып шығып: «Бәрі жақсы. Бірақ бұл кітап мен бұл өмірден өткеннен кейін ғана жарық көреді», – деп еді. Себебін білуге емексігенімді аңғарып, «уақыты келген жоқ» деді. Содан бірер жыл бұрын Алматы облыстық кеденін басқарған үлкен ұлы белгісіз жағдайда есінен танып құлады. Кітаптың ішінде ағаның «бұл бақытсыздық қайдан келгенін ішім сезеді» деген ойлары айтылатын. Одан басқа да қоғамға қатысты қатқылдау кететін тұстары бар еді.
Өткен жылы Н. Мамыров тосыннан келген тәжтажалдың құрбаны болды. Моншақ жеңгеміз ағамыздың аманаттап кеткен кітабын қолға алды. Сол кісінің өтінішімен 2008 жылдан бергі өмірлерінде болған өзгеріс, жаңалықтарды соңғы сөз ретінде енгізіп, сыр-сұхбат романды қайта қарадым.
Енді, қадірлі оқырман, осы кітаптан өздеріңізге арнап үзінді бергенді жөн көрдім.
«Бабаларымыз шілдехана және көз жұмған күнді ғана еске алған»
– Бүгінгі қазақтың еріккендегі ермегі той болды-ау, аға. Тіпті тойшылмыз, ананы да, мынаны да сылтауратып текке шашыламыз. Қаржыны басқаға таба алмасақ та, той-томалаққа табамыз. Қарызданамыз, қауғаланамыз, әйтеуір қалай болғанда да өзгеден қалмай той жасамасақ болмайтын сияқты...
– Шашылып-шабылып жасаған тойы шығынын жапса, мейлі, дерміз. Көбіне олай емес қой! Артынан банктен, иә ақшалы біреуден өсімге деп алған теңгесін қайтара алмай, айлар, тіпті жылдар бойы аласұрып жүргенін көресің.
«Той – тондыныкі» емес пе еді? Аталарымыз солай деген. Өзіңде той жасауға мүмкіндік болмаса, онда несіне тыраштанасың? Кім қыстады сені? Әлгі той жасағыштарға күйінгеннен осылай дегің келеді-ақ...
Қазақта туған күнді тойлау деген тіпті болмаған. Білуімше, екі-ақ күнді ерекше есте қалдырған. Оның біреуі – шілдехана, ал екіншісі – көз жұмған күні. Қайтыс болғанда күллі ел қайғырып, азалаған. Туған күн қуанышының етек алғаны сондай, қырық жасты да мерейтойға айналдырып жіберді. Апырмай, оны соншалықты атап өтетіндей не бітіре қойды екен?
Өткен жылы бір ініміз үйге келіпті.
– Аға, ердің жасы – елуге толып жатырмын. Үлкен той жасауға жиналдым, не болса да... Ағайын-туыстардың бәрінің басын қосамын. Жора-жолдастарды да қалдырмай шақырамын, – дейді. Тыңдап отырып:
– Той жасағаның жөн-ақ, қарағым. Елу жас деген де жігіттің бір ғұмыры. Сен өзі осы жасыңа дейін не бітірдің? Елге қандай еңбек сіңірдің? – дедім.
– Енді, аға, елуге келдім ғой, осының өзі еңбек емес пе? – дейді күліп.
– Келгенің жақсы, әрине. Бірақ, сен ел білетін ақын-жазушы, өнер адамы, ғалым емессің. Оларды ел сыйлайды. Содан кейін елу жасын өнер тойына, өмір тойына айналдырып атап өтеді. Ал, сен қарапайым ғана азаматсың. Соншалықты дабырайтпай-ақ, отбасының төңірегінде атап өтсең болмай ма?
– Құда-жекжаттарым бар, туған-туыстарым, достарым бар дегендей, олардың бірі болмаса бірі елуге келгенімді естісе, «неге той жасамадың?» демей ме?
– Елуге келгендердің бәрі той жасап жатқан жоқ қой, – десем:
– Жоқ, елу жасты мейрамханада дүрілдетіп атап өту керек, – дейді. Тіпті, қызына келе «пәленшеден қай жерім кем?» дегенді де лақ еткізді. – Сіз тойыма келесіз бе?
– Оған уақытым жоқ, айналайын. Шынын айтқанда, бара алмаймын. Бара алмағаныма ренжіме, өйткені қырық, елу жас – тойдың жасы емес. Құдай өмір берсе, алпыс, жетпіске, сексенге келерсің. Бала-шағаңды күллі қонақтарыңның алдына шығарып, «міне, мынадай әулет өсірдім» десең, оның жөні бір басқа. Сондай тойға шақырса, ондай жерден өзім де қалмаймын, – дедім.
Қуаныш-қызықты атап өтудің де жөн-жосығы болады. Соған татитын той болады, әншейін дақпырт үшін жасап, жұртты жалықтыратын той болады. Бірақ, оны өз басым тойға санамаймын. Тойға келген ел тәлім алу үшін, тәрбиелі сөз есту үшін келу керек. Той иесінің қуанышы соған сай болса, ондай жиынның сән-салтанаты да өзгеше өріледі. Өкініштісі, бүгінгі тойлар орынсыз бәсекеге айналып кетті. Апта сайын той, тіпті жұмыс күні де той... Алматыда ғана емес, аудан орталықтарында да сенбі, жексенбіні былай қойып, жұмыс күнін де құр жібермей той жасайтындар көбейді. Бұл қай тасығандық? Ел-жұртпен неге санаспаймыз? Той тойлаған кісілер келесі күні жұмысты қайтеді? Оның үстіне қазақтың тойы шақырған сағатында басталушы ма еді? Екі-үш сағат кеш басталса, шүкіршілік. Кейде төрт-бес сағат жиылған жұртты иіріп, сарылтып қояды. Әкімін күтеді, құдасын, құдағиын күтеді... Олар найқалып келгенше уақыттың біразы өтеді. Сөз алғандар керіліп-созылып және тұрады. Бір-бірін қайталау... «Алып қояйық, ішіп қояйықпен» бітіреді айтар тілектерін... Міне, бүгінгі қазақ тойының сыйқы. Осындай тойдан нендей тағылым аласың? Бұндай той кімге керек, не үшін керек?..
Туған күн, тілашар, сүндет той... ана той, мына тойларды жасап, оған бес-алты жүз, тіпті мың қаралы кісі шақыруды шектен шыққандық деп білемін. Ақыры атап өткің келген екен, ендеше санаулы кісілердің басын қос, қуанышыңды бөліс, жақсы тілегін тыңда. Ойлы сөз иелері жақсылығыңды, бітірген істеріңді, қол жеткізген табысыңды айта отырып, келешекте жүзеге асырылатын ойларыңа түрткі болады. Той ой салу үшін де жасалады. Ішіп-жеуді ғана діттеген тойдың ғұмыры бір күндік, ол ертесіне-ақ ұмытылады.
Шіркін, той біткен әсерлі өтсе, сөз бар ма?!
Өкініштісі, байлық бәсекесіне, төгіп-шашу жарысына айналған тойларды да көрдік. «Шапан-шапқыт, алтын-күміс жауған» тойлардың да куәсі болдық. Ол аз десеңіз, артынан отшашу жасайтындары да ұшырасты-ау! Кейінгі кездері оған тыйым салынды ма, әйтеуір түнгі аспандағы жарқыл-жұрқылдар, тарсыл-гүрсілдер азайды. Оның бір атқанының өзі пәлен мың доллар екен. Жеңіс күні емес, Тәуелсіздік мерекесі болса бір сәрі. Мемлекеттік мереке, бүкіл халықтың атаулы күні секілді, кішкентай немересінің үш жасқа толған туған күнін атағаннан кейінгі отшашудың жөні болсын?!
Арамдықпен жиған байлықтың қадірі жоқ
«Желмен келген – желмен кетеді». Халқымыз орынсыз төгіп-шашылған дүние туралы осылай дейді. Ұрлықы дүние ешкімге құт болмайды. Егер әлгі той жасағыш, ол кім де болса табан ақы, маңдай терімен теңге тапсыншы, орынсыз дарақылықтың біріне барар ма еді?..
«Адал еңбекпен адам байымайды. Бірақ алаңсыз өмір сүреді. Осының өзі мыңғырған байлықпен пара-пар... Ал баюды мақсат тұтқан жеке адамдар болса, олар арамдық пен арсыздыққа иек артады», – дейді Әзілхан Нұршайықов.
Арамдықпен жиналған байлықтың қадірі болмайды, оның соңы – ысырап. Ал, тойдың ысырапқа ұласуы қасірет. Орынсыз төгіп-шашылған нанның, желінбей қор болған дәмнің обал-сауабы кімге? Бүгінгі ұрпақ осыны ескерсе деймін...
«Көзіңді қысып қарасаң, күннің де қара дағын көресің» – депті Козьма Прутков. Мінсіз өмір болмайды. Адамның жасы ілгерілеген сайын уақыттың қадірі арта түседі. «Әттең-ай, жастық шағымда оны онша сезіне қоймаппын-ау!» деп өкінеді біреулер. «Есіл уақытымды ащы суға алдырып, қор болғаным-ай!» дейді денсаулығын бүлдіріп, ойға алғанын бітіре алмаған енді біреулер. Ал, ғалым адамының, ғылыммен шындап айналысқан адамның ойлайтыны тек қана жұмысы болады. Маңдай әжімі қалыңдап, шашы селдір тартқан сайын ойсыз отырыс, мақсатсыз жүрістердің бәрінен қашады. Міне, сондай жандар мерейтойдың өзін өзгелердің сабақ алатынындай үлгіде етіп өткізсе дейді. Ол жағын ұлты басқа ағайындардың еліне, жеріне барғанда көріп жүрміз. Мәселен ебекеңдерді, еврейлерді айтамын, ақшасыз деп кім айтты? Орыстың аймаңдай ғұламаларын ше? Солар мына біздің кейбір зиялыларымыз секілді аста-төк той өткізбейді. Өтірік мақтау, көлгір сөз естуден қашады. Оданша, егер ғалымы болса, өзі тәрбиелеген күллі шәкірттерінің сөзіне құлақ түретін ғылыми конференция өткізгенді артық көреді. Өзі бағыт-бағдар берген жас ғалымдардың жетістік-кемшілігін алыс-жақынның бас қосқан әріптестері алдында тыңдайды. Өзінің жетпіс, сексен жылдық ғұмырында атқарған жұмыстарын сана сүзгісінен тағы да бір рет өткізеді. Сонда «ертең не істесем екен?» деген көкейкесті сауалдың да жауабын табады. Міне, бұл – есеп беру, бұл – ғалымның тойы.
«Ақиқат құдықтың түбінде жатады, бетіндегінің бәріне өтірік билік жүргізеді. Кейде жасырын түрде, кейде ұят дегенді сыпырып тастап ашықтан-ашық...» – дейді Үндістанның саяси және мемлекет қайраткері Джавахарлал Неру. Қазіргі қаптаған «самопал» ғалымдардың алды елу, алпысына, жетпісіне келіп жатыр. Міне, солар ғылымға сіңірген еңбегі арқылы емес, дарақы тойлары арқылы танылады. Солар мерейтойларының кезінде «ғұлама» болады. Кеше ғалымдықты сатып алғаны секілді, бәрі-бәрін сатып алады. Газет-журналдар сол туралы көлдей-көлдей материалдар береді, теле-радиода маңдайы кереқарыс профессорлар, өтірік болса да, «еңбегін» келістіріп мақтайды. Себебі, ол да пенде, пендешілігі жеңіп кетеді. «Е, құрысыншы, дей салайынға» құлайды...
Біз үрдіссіз емеспіз. Алдымызда өнеге етерлік ағаларымыз болды. Солардың бірі академик Хайдар Арыстанбеков. Хайдекең тоқсан жасқа толғанда «Егемен Қазақстан» газеті тілшісіне сұхбат берді. Мерейтой туралы тәлім алатындай ой айтты ағамыз. «Мен алпысымды атап өткен жоқпын. Жетпіс жасымды тойға айналдырмадым. Сексенімді де сөйтіп өткіздім. Тоқсанға келдіңіз ғой, соны атап өтсек қайтеді дегендер болды. Бірақ, оны да елеусіздеу етіп өткіздім», – деді. Сол кезде «неге?» деген сауал берілді. «Білгің келсе, айтайын, айналайын, – деді ағамыз. – Біріншіден, мерейтой жасаған адам елден бәрдеңе дәметкендей ниетте болады. Екіншіден, ешкімге салмақ салғым келмеді...» Расында, көнекөз қарттың, белгілі мемлекет, қоғам қайраткерінің, көрнекті ғалымның айтқан ойлары көкейіме қонды. Өйткені, «мына ағамыз тоқсанға толыпты, не апарсақ екен?» деп сабылып қаламыз ғой. Оның үстіне тек қана зейнетақысына қараған қарт кісіде артық ақша бола ма? Амал жоқ, бір кездері шапағаты тиген ұстаздарының, ағаларының абыройы үшін, әрберден кейін өздерінің де жақсы атағы шығу үшін інілері, шәкірттері «ұйымшылдығын» көрсетуге барын салады. Хайдекең осы жағын меңзеп еді.
Халқына еткен еңбегі жетіп-артылатын қадірменді қартымыздың ойлы сөзін еске ала отырып, «Білім ал, алатын білімің нәпсіңді тазалап, ішкі жан дүниеңді нұрландырып, жарқырата түсетін болсын» деген бір ғұламаның құлағымда қалған сөзін кейінгілерге қайталағым келді. Себебі, келешек – солардыкі. Той-
лары ойлы боп өтсе деймін. Бір күндік дүрмектің мың күндік әсері болу керек қой!
Қалай, осы ойымды құптайсың ба, Талғат?
– Құп аламын, Нұр аға! Әр нәрсенің мәнісі болғанда ғана құны артады. Мерейтойдың да мақсаты осы ғой...
(жалғасы бар)