НЫҒМЕТ МЫҢЖАНИ ЖӘНЕ ОНЫҢ МҰРАЛАРЫ

НЫҒМЕТ  МЫҢЖАНИ  ЖӘНЕ ОНЫҢ МҰРАЛАРЫ

Тарихымызда бүкіл өмірін туған халқына арнаған Алаш азаматтары аз емес. Олардың өмір жолы мен артына қалдырған мұраларын зерттей отырып, болашақ ұрпағымыздың сана-сезімін халқы мен Отанына деген сүйіспеншілігін ұлттық рухта тәрбиелеу мақсатында олардың мұраларын дәріптеу кез келген тарихшының міндеті.

Қазақ халқының біртуар ұлдарының бірі – белгілі тарихшы, Қытай Халық Республикасы Шыңжаң Қоғамдық Ғылым академиясының профессоры, лингвист, фольклорист, аудармашы, жазушы және қоғам қайраткері Нығымет Мыңжани. Ол 1922 жылы 22 наурызда Шыңжаң өлкесі Толы ауданы Майлыжайыр ауылында дүниеге келген. 1993 жылы 22 маусымда Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының А. Байтұрсынов атындағы Тіл ғылымы институтына ғылыми сапармен келген шағында кенеттен жүрек ауруы ұстап, 71 жасында өмірден өтеді.

 

Білім мен біліктіліктің алтын жолы

 

Нығметтің балалық шағы Қытайдың күреске толы кезеңіне тұспа-тұс келді. Нығметтің әкесі Мұқаметтүсіп көзі ашық, ауқатты адам болса керек. Баласы ес білгеннен ауылдағы молдадан және бастауыш мектепте оқытады. Одан соң Шәуешек қаласындағы орта мектепке береді. Ол мектепті 1938 жылы үздік нәтижемен бітіріп, аталмыш мектептің қолдауымен 1939 жылы Шыңжаңнан Кеңес Одағына оқуға баратын оқушылар үйрену курсының төрт мерзімдік емтиханына қатысып, үздік нәтижемен өтіп, Үрімжіге келеді. Кеңес Одағына оқуға баруды күтеді. Алайда сол кезде Шың Шысайдың кедергісі салдарынан бұл кезектегі шетелге шығып оқитын оқушылардың жолы кесіледі. Нығмет Шыңжаң Өлкелік сақшы офицерлер мектебіне оқуға түсіп екі жыл оқып, үздік нәтижемен тамамдап, Өлкелік қоғамдық қауіпсіздік мекемесіне барып аудармашы болады. Қоғамдық қызметін аудармашылық кәсібінен бастауы және Мыңжанидың қытай тілін жетік меңгеруі оның өмірінде үлкен көмегі тиіп, аман қалуына себеп болған әрі қоғамдық ғылымдардың сан-салалы жақтарын зерттеуде қытайдың жазба деректері мен тарихи еңбектерін еркін игеруіне жол ашады. 

 Бес жылдан кейін Өлкелік қазына мекемесіне жолданып, орынбасар меңгерушісі хатшылық міндетін өтейді. Сонымен қатар 1942-1949 жылдары Шыңжаң қазақ-қырғыз мәдениет бас қоғамының атқарушы мүшесі, бөлім бастығы міндеттерін, 1947-1949 жылдары «Сәуле» айлық журналының (қазақша) бас редакторлығын, 1948 жылы Гоминдань орталығының заң шығару алқасы қатарлы қызметтерді қосымша атқарған. 1942-1949 жылдары қазақ-қырғыз мәдениет-ағарту ұйымында қазақ мектептеріне арналған жүйелі, білім көлемі біршама кемелді тіл, әдебиет оқулықтар құрастырып, оқулық мәселесін шешуге араласып, оң нәтижеге қол жеткізген. Өлкелік тіл мектебінің ұсынысымен 1947-1948 жылдары сол мектеп оқушыларына тіл, әдебиет, тарих пәндерінен сабақ берген.

1949 жылы  қазан айында Қытай коммунистік партиясы (бұдан әрі ҚКП. – Авт.) жеңіске жетіп, Қытай Халық Республикасы құрылды. Заман өзгеріп, Қытай Коммунистік Партиясының социалистік дәуірі басталды. Шыңжаңдағы Гоминьдан үкіметі билеушілері сол жылдың қазан айында ҚКП-на өздігінен берілді. Сол қатарда Нығмет Мыңжани да Компартияға тізе бүккен Гоминьдан шенеуніктері қатарында рахымшылыққа ие болды және ол «Пайдалануға болатын ғалымдар» қатарына саналды [Н. Мұқаметханұлы. Нығмет Мыңжани және оның қазақ тарихы жөніндегі концепциялары //Бекмаханов тағылымы, Халықаралық ғылыми конференция материалдары, – Алматы 18-19 мамыр, 2004 ж. Қазақ университеті баспасы. 16-б.]. 

Нығмет Мыңжани 1951 жылы қызмет бабымен Ши-Аньға жолданып, Батыс солтүстік әскери-саяси комитетте Ұлттық істер комиссиясының мүшесі, қосымша басқарма бастығы міндеттерін атқарған. 1953 жылы Бейжіңге ауысып барып, Ұлттар баспасы қазақ редакция-аударма бөлімінің меңгерушісі болып істеген. 1958 жылы бүкіл Қытай көлемінде жүрген «Оңшылдарға қарсы тұру қозғалысы» Нығмет Мұқаметтүсіпұлын да соқпай өтпеді. Ол 1960 жылы «тарихи қылмысты» деген кінәмен тұтқындалып, Бейжіңдегі түрмеге қамалды. 1962 жылы одан Үрімжідегі № 1 абақтыға ауыстырылды.

Содан Н. Мыңжани 1976 жылы бостандыққа шықты. 

1978 жылы ақталып Шыңжаң Ұйғыр автономиялы райондық тіл-жазу комитетіне қызметке орналасады. 1981 жылы Шыңжаң қоғамдық ғылымдар академиясы тіл зерттеу институты бастығының орынбасары болып тағайындалады. 1983 жылы Шыңжаң қоғамдық ғылымдар академиясы жағынан тете аға зерттеуші, 1987 жылы аға зерттеуші ғылыми атағы берілді. 1984 жылы автономиялы райондық «Үздік ғылым техника қызметкері» болып бағаланған.

 

Қазақтың тегін шетелдерде дәріптеген ғұлама

 

1986 жылы 31 қаңтардан 8 мамырға дейін Федерациялық Германиядағы «Түрік елі дәнекерлігінің» және Түркиядағы «Түрік дүниясы араштұрмалары» қоғамының шақыруымен сол екі елде сегіз рет ғылыми кеңеске, оның ішінде Германияда үш рет, Түркияда екі рет қатысты. Шетелде дәріс оқумен де айналысып, Германияда үш рет, Түркияда екі рет – барлығы бес рет ғылыми дәріс оқыды. Оқыған дәрістерінің тақырыптары қызықты мәселелер бойынша тіл, тарих салаларын қамтиды. 

1. «Қазақтың түпкі тегі және қазақ деген аттың қайнары мен мағынасы»; 

2. «Қазақ халқының қалыптасу және даму дәуірлері»; 

3. «Байырғы қазақ шежіресі және қазақ тіліндегі туыстық байланыс атаулары»; 

4. «Қазақ әдебиетінің тархына шолу»; 

5. «Қазақ тіл-жазуы және оның қолдану жағдайлары» [Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді //Шыңжаң қоғамдық ғылымы. 1993 жыл, № 3, 2-б.].

1989 жылы Американың Гарвард (Harvard) университетінің шақыруымен АҚШ-та ғылыми сапарда болып, ислам дінінің қазақ халқына таралуы, қазақтардың діни нанымдары мен дүниетанымдары атты тақырыптарда бірнеше университеттерде баяндама жасап, ондағы әріптестерімен кездесіп, сұхбаттар өткізеді. 

Нығмет Мыңжани қыруар ғылыми жоспарларын орындау жолында қажырлы зерттеу ісімен шұғылданды. Ол автономиялы райондық саяси мәслихат кеңесі 4-ші кезекті комитетінің мүшесі, 5-ші кезекті комитетінің тұрақты мүшесі, мемлекеттік саяси кеңес 7-ші кезекті комитетінің мүшесі, автономиялы райондық халық үкіметі ақылшылар кеңесінің мүшесі міндеттерін атқарды. 

Мұнан тыс тағы да Жұңго түрки тілдерін зерттеу қоғамы бастығының орынбасары, Жұңго түрлі ұлт жазушылар ғылыми қоғамының тұрақты мүшесі, Шыңжаң тарих ғылыми қоғамының мүшесі, Шыңжаң аудармашылар қоғамының кеңесшісі, Шыңжаң философия қоғамдық ғылым ғылыми қоғамдары бірлестігінің тұрақты мүшесі, Шыңжаң бірліксап назариясын зерттеу қоғамының кеңесшісі, Шыңжаң фольклор қоғамының кеңесшісі, Шыңжаң қазақ тілі, мәдениет зерттеу қоғамы төрағасының орынбасары міндеттерін қосымша атқарған. Оның елеулі сан салалы қызметтер атқаруы ойы зерек, уақытының ірі тұлғасы болып қалыптасуына зор ықпал етті.

 

Аудармаға сіңірген ерен еңбегі

Бүгінгі күнде ғалымның артына қалдырған мұраларының ішінде кейбірі көпшілік қауымға таныс болса, ал кейбір еңбектері әлі күнге дейін жұрт назарына толық ұсынылмаған. Себебі бұл еңбектердің көпшілігі Қытай Халық Республикасындағы басылымдарда жарық көргендіктен, отандық қазақтану ғылымында өзіндік орнын ала алмай келеді. Нығмет ағамыздың көзінің тірі кезінде Дүкен Мәсімханұлымен өткізген сұхбатында:

«Жұрттың мені тарихшы деп жүргені тарих саласындағы азды-көпті еңбектерімізге орай болуы мүмкін. Жалпы алғанда, мен бірнеше саладан зерттеп келе жатырмын. Яғни еңбектерім қазақ тарихы, қазақ әдебиеті және қазақ тілі, қазақ этнографиясы қатарлы салаларды қамтып жатыр екен. Осы салалардың бәрін жинақтап айтқанда «қазақтану», яғни «қазақ туралы білім» дейтін жинақтық ұғым шығады» деп өзінің зерттеген ғылым салаларын ашып айтқан болатын [Дүкен Мәсімханұлы. Әйгілі ғалым Нығмет Мыңжанұлымен сұхбат //Шыңжаң қоғамдық ғылымы. 1992 жыл, 

№ 2, 9-б.].   

Н. Мыңжанидың артына қалдырған мұраларын саралап зерттей келе оларды ғылыми салалары бойынша бірнеше топқа бөліп қарастыруға болады.

Қазақ тарихы бойынша «Қазақ тарихы» еңбегі Шанхайда шығатын «Хань хай чяу» журналының 1947 жылғы бес санында қытай тілінде жарияланды. «Қазақ тарихының дерегі» Үрімжіде шығатын Шыңжаң газетінің 1949 жылғы санында қазақ, ұйғыр, қытай тілдерінде жарияланды. «Шыңжаңдағы қазақтардың шаруашылық жағдайы және қоғамдық қатынастары» (қытай тілінде 1952 ж., 1981 ж. «Мал шаруашылық район қоғамы» журналында жарияланған)., «Алдыңғы арман – ағартушылық» (қазақ оқу-ағарту тарихын баяндайтын мақала) «Ағарту» журналы 1947 ж. «Қазақтың қысқаша тарихы» 1987 жылы Үрімжіде қазақ, қытай тілінде басылып шықты. «Шәріпқан жайында» (тарихи өмірбаяндық очерк) Шыңжаң газеті және «Алтай» журналында 1947 жылы жарияланды. 

Қазақ әдебиеті (фольклор) саласында «Қыз Жібек жайында» Шыңжаң газетінде 1943 жылы жарияланды. «Қазақ қиссасы Бақтияр және оның қырық бұтағы» «Шалғын» журналының №1 санында (Қытай тілінде «Шыңжаң халық ауыз әдебиетін зерттеу хабарларының» №2 санында жарияланды). «Қазақ халқының ауыз әдебиеті жайында» (1980 ж.), «Қазақ әдебиетінің қисса-дастандары» (1982 ж.), «Қазақ әдебиетінің хал-жәйі» (ертедегі бөлімі) 1982 жылы оқулыққа енген. «Дада Қорқыт кітабы және қазақтың Қорқыт жыры жайында» (1982 ж.), «Қазақ халық дастандарына тән кейбір деректер» (1983 ж.), «Қазақтың ел аузындағы екі жүз дастаны» (қытай тілінде 1986 ж.), «Қазақтың мифтік аңыздары» (монография, 1996 ж.).

Қазақ этнографиясы бойынша «Шыңжаң қазақтарының тұрмыстық әдет-ғұрыптары жайында» (қытай тілінде, Бейжің, 1983 ж.), «Шыңжаңдағы қазақ халқы» (1981 ж.), «Қазақ ру-тайпаларының таңбалары мен ұрандары жайында» (қытай тілінде. Бейжің, 1983 ж.), «Еліміз қазақтары» («Шалғын» журналы 1984 ж №4 сан, 1985 ж. №5 сан).

Тіл саласында «Қазақ тілінің тарихына шолу», «Шыңжаң дашуе ғылыми мақалалар жинағы» 1980 ж. №1 сан, «Қазақ тіл-жазуының тарихы жайында түсінік» (1980 ж.), «Диван лоғат түріктің қазіргі қазақ тілімен байланысы» (1980 ж.), «Қазақ тіл-әдебиетінің қалыптасуы мен даму дәуірлері» («Шалғын» журналы 1981 ж.). Сонымен қатар «Жауынгер семья» атты сахналық шығармасы, «Құнкерлер» (баллада, Шыңжаң газеті, 1946 ж. 6 қаңтар), «Тұрмыс тілшісі» (1987 ж.), «Тянь-шань тауындағы ән» әңгімесі, «Қарлығаш» атты өлеңмен жазылған романы (1980 ж.) көркем шағармалары жарияланған. Ғалым қай саладағы зерттеу еңбектерінде болса да, тарихилық принципті қатаң ұстана отырып, қазақ ұлтының қалыптасуы мен Қазақ хандығының құрылуы әлеуметтік тарихи дамудың барлық үрдістерін бастан кешірген тарихи дамудың қорытындысы деген көзқарасын дәлелдейді.

Ғалымның өзі тіке жауапты болып құрастырған және редакциялаған еңбектері мен аударма жасаған еңбектерінің өзі бір төбе. Атап айтар болсақ, «Қазақ қиссалары» 1 том («Ұлттар баспасы», 1983 ж.), «Қазақ тілінің емле сөздігі» («Шыңжаң халық баспасы», 1985 ж.), «Қазақ жырауларының жырлары» («Шыңжаң халық баспасы», 1986 ж.), «Қазақ шежірелері» жинағы 1 кітап (Әбдірешит Байболатовпен бірге, 1986 ж.), «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» 1 том, (1992 ж. «Шыңжаң халық баспасы»).

Н. Мыңжанидың мұралары арасында қытай тілінде жарық көрген құнды еңбектердің де аудармалары жиі кездеседі. Оның қазақ тілінен қытай тіліне аударған еңбектері – «Салиха-Сәмен» (Су Бэйхаймен бірлесіп аударған, 1946 ж.), «Мәншүк» дастаны («Шыңжаң» газеті 1947 ж.), «Әлия» дастан («Шыңжаң» газеті 1947 ж.), Шәкәрімнің «Қазақ шежіресі» (Су Бэйхаймен бірлесіп қытай тіліне аударған. 1947-1948 жж.), Абайдың «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан щыққаны туралы». 

Қытай тілінен қазақ тіліне аударған еңбектері – «Хорчин даласында», («Ұлттар баспасы», 1953 ж.) «Бақытты болашақ» (роман, 1955 ж.), Лушуннің «Есалаңның естелігі», «Қайғылы қаза» шығармалары («Шыңжаң халық баспасы», 1974 ж), Маузыдуңның «Халық демократиясы диктатурасы туралы», «Жаңа демократизм жайында», «Практика жөнінде», «Қайшылық жөнінде» қатарлы шығармалары, Лю Шаучидың «Коммунистердің тәрбиеленуі жөнінде» атты шығармасы, «Су бойында» (классикалық шығарма, 3-ші кітабы, 1976 ж.), «Қызыл сарай түсі» (классикалық шығарма, 4-6 кітаптары, 1977 ж.).

Қорыта келгенде, Нығмет Мыңжани бүкіл өмірін халқына қызмет етуге, тарих, тіл, әдебиет, этнография ғылымдарын дамытуға арнаған. Соңғы жылдары өзінің мектебін қалыптастырған ғұлама ғалым. Ғалымның аталмыш еңбектерінен өзге де жариялап үлгермеген қолжазба мұралары бар. Қарастырылған мәселе оның мұраларына шолу ғана. Осы шолудың өзі Н. Мыңжани еңбектерінің қазақтың ұлттық құндылықтарын сақтауға, дәріптеуге  және болашақ ұрпаққа мұра етіп қалдыруға бағытталғанын көрсетеді.

Тарих, этнография, әдебиет, тіл мәселелеріне арналған құнды дүниелерінің қазақ жерінде танылмауы, насихатталмауы, әлі де еңбектерінің басым бөлігінің қытайда қалуы Н. Мыңжани мұраларын тереңірек зерттеуге ұмтылдырады. Алдағы мақсатымыз – осы мұралардың ғылыми құндылығын зерттеп, тарих ғылымының дамуына үлес қосатын әрі оның деректік қорын молайта түсетін Н. Мыңжани еңбектерін талдап, ғылыми айналымға енгізу.

  

Нұрлыхан МАЖИҚЫЗЫ, 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 

аға оқытушысы, 

тарихшы-этнограф

 

20.02.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 15549
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 14314
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 17616
4
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 16497
5
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 21531