Оқушылар қауіпсіздігі – басты назарда

Оқушылар қауіпсіздігі – басты назарда

Балалардың қауіпсіздігі басты назарда болуы тиіс. Бұл – еш уақытта өзектілігін жоғалтпайтын талаптардың бірі. Жамбыл облысы Тараз қаласы №64 орта мектебінде қыркүйек айында төтенше жағдайлар, оның ішінде жер сілкінісі кезіндегі іс-әрекеттерді бақылау мен қорғану дағдыларын қалыптастыру мақсатында республикалық деңгейдегі сейсможаттығу өтті. Бұл сейсможаттығудың мақсаты: мектеп басшысы мен ұстаздар құрамының, техникалық қызметкерлері мен білім алушыларының жер сілкінісі кезіндегі қауіпсіздік шараларын орындауға даярлығын тексеру, сонымен қатар, кез келген төтенше жағдайда сауатты іс-әрекеттер жасау мен апатты жағдайда өздерін қалыпты ұстай білу дағдыларына үйрету болып табылды. Жалпы білім ошақтарында арнайы жоспарға сәйкес теориялық және практикалық оқу-жаттығу жұмыстары өткізіліп тұрады. Бұл сейсможаттығуға екі ауысымдағы барлық білім алушылар мен ұстаздар жұмылдырылды. 1-9-сынып аралығында 2347 білім алушыны 128 мұғалім қауіпсіз жерге шығарды. Дене шынықтыру пәні мұғалімдері барлық білім алушыларды жетекшілерімен бірге сапқа тұрғызып, жиынға дайындады. Білім ордасының басшысы Эльмира Серікқызы сөз алып, келген қонақтарды таныстырды. Барлық іс-шара арнайы нұсқаулық негізінде жүзеге асатыны ескертілді. «Қауіпсіздік нұсқаулығы» құжаты 2022 жылғы 30 наурызда бекітілген. Сонымен қатар бұйрық Төтенше жағдайлар министрлігімен келісілген. Бұйрықта төтенше жағдай кезінде қандай әрекет ету керектігі жайлы жазылған. Мысалы, мұғалім не істей алады, эвакуация қалай жасалады, балаларға қандай көмек көрсетеді және басқа да сұрақтардың жауабын табуға болатындығы туралы мағлұмат берді. Осы ретте мұғалімдердің маңызды міндеті – балаға көмек көрсету және оның денсаулығын сақтау. Сапқа тұрғызылған барлық білім алушылардың жетекшілері мектеп басшысына есеп берді. Ол жерде әр сыныпта неше білім алушы болғаны және олардың түгел қауіпсіз алаңға шығарылғаны айтылды. Білім нәрімен сусындатып қана қоймай, өнегелі тәрбие мен әскери тәртіпті де бала бойына сіңіре білген ұлағатты ұстаздар өздерінің кез келген тапсырмаға дайын екендерін көрсетті. Мектепке келген облыстық «Айрықша тәуекелді ардагерлері мен мүгедектері» қоғамдық бірлестігінің саяси бөлім бастығы Қуантаев Сейітхан Мұратұлы мен Садыбеков Махамеджан Арайханұлы жер сілкінісі кезіндегі әрекеттер туралы толық мағлұмат берді. Жер сілкінісі кезінде ғимарат ішінде қандай іс-әрекеттер жасау керектігін көрсетті. Оны практика жүзінде жоғары буын білім алушыларына үйретіп, тәжірибе жасады. Олардың алдындағы ең маңызды міндет – оқушыны машықтандыру, дағдыландыру. Төтенше жағдай кезінде дүрбелеңге салынбас үшін ата-аналарға, білім алушылар мен мұғалімдерге Оқу-ағарту министрлігінде бекітілген кеңестерге де тоқталып өтті: «Нақты алгоритм бар. Онда не істеу керегі қадам-қадаммен көрсетілген. Егер бала төтенше жағдай кезінде мектепте болса, онда ең алдымен абдырамай, мұғалімнің эвакуация бойынша айтқан нұсқаулығын орындауы керек. Мұғалімнің қасынан бөлек кетпей, топпен бірге жүруі қажет. Сондай-ақ біз мұғалімге де нақты нұсқаулықтар береміз. Себебі педагог баланың өмірі мен денсаулығына жауап береді. Балаларды ғимараттан шығарған соң сапқа тұрғызып, санап шығу керек. Яғни балалардың барлығы шыққанына көз жеткізу қажет. Міне, мұғалімнің жауапты міндеті – осы. Атааналар да мұғалімнің нұсқаулығын тыңдауы керек. Атап айтсақ: - ғимараттан мүмкіндігінше тез кетуге тырысыңыз; - педагогтің нұсқауы бойынша әрекет ету; - ғимараттан шығарда баспалдақпен түсіңіз; - эвакуация кезінде дүрбелең мен қысым жасамаңыз; - мүмкіндігінше зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсету; - көшеге шыққанда ғимараттың жанында тұрмаңыз, ашық кеңістікке және эвакуация орындарына өтіңіз; - ғимараттан шығу мүмкіндігі болмаған жағдайда, ең қауіпсіз орынға ие болыңыз: негізгі қабырғалардың ойықтары мен бұрыштары, қабырға арқалықтары астында; - мүмкін болса, үстелдің астына жасырыныңыз – ол құлаған заттар мен сынықтардан қорғайды; - терезелер мен электр құрылғыларынан алыс болыңыз». Жалпы осындай зілзала кезінде сабыр сақтап, дүрбелеңге бой алдырмай, мұғалімнің немесе басқа да үлкендердің сөзіне құлақ асу қажет. «Апат айтып келмейді» демекші, қандай жағдай болмасын әр тұлға ең біріншіден өзін-өзі басқара алғаны жөн. «Сақтансаң, сақтаймын» деген тәмсіл де содан қалса керек. Табиғат ананың қаншама сұрапыл, жойқын, бұзушы күштерінің куәсі болып келе жатырмыз. Сондықтан ұялы телефонымызға түрлі құрылғылардың көмегімен құтқару қызметі болжап жіберген хабарламаларға ерекше назар аударуларыңызды сұранамыз.

 

Махаббат РАХИМБАЕВА,

№64 орта мектебі Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі,

Тараз қаласы

16.10.2024

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 6600
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 6032
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 9238
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 7022
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 8233