Орта Азия ойланып жатыр...

Орта Азия ойланып жатыр...

Жақында ғана Қырғыз Республикасында өткен Орталық Азия елдері басшыларының 4-консультативті кездесуі жұрт назарын аударған елеулі оқиғалардың қатарына енді. Мұның ең қызықты жері айнала жұрттың, Ресейдің соғыстан қалжыраған, санкциялардан сансыраған шағында Орталық Азияның орыстың уысынан сусып шыққанын көргісі келгендігі еді. Бұл қысқа уақыттың ішінде жүзеге аса қоймайтын жұмыс болса да, біраз адамдар Орталық Азия елдері басшыларынан жаңалық күткені жасырын емес болатын.   

 

Кім не айтты?

20-21 шілде күндері Ыстық көл облысының Чолпон-Ата қаласында болатын  кездесуге қарт президент пен жас президенттен бұрын Қ.Тоқаев, Ш.Мирзиёев, С.Жапаров үшеуі алдымен жетті. Сөйтіп, 2018 жылдан бері дәстүрге айналған Орта Азия елдері басшыларының консультативтік кездесуінің 4-отырысын бастап кетті. Күн тәртібіндегі басты мәселелердің қатарында өзара достық, ынтымақтастық, логистика, экономикалық мәселелермен қатар әлемдегі ірі нарықтарға шығатын жаңа тетіктер секілді маңызды мәселелер бар еді.

Бұл кездесу барысында әр ел басшыларының сөйлеген сөздері жалпы татулық пен ынтымақтастықты тереңдетуден бөлек қордаланған мәселелер төңірегінде де мемлекеттік мүдделерді жақтай отырып ортақ мәмілеге келуге ниетті екендігін аңғартты. 

Тоқаев, Жапаров және Мирзиёев Ыстықкөлде көшпенділер ойындарын тамашалады |  BAQ.kz

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Консультативтік кездесулердің халықаралық саясаттың маңызды факторына айналғанын атап өтіп, оның мемлекеттер басшыларына аймақтың одан әрі даму бағытын өзара сенімге негізделген рухта айқындауға мүмкіндік беретініне тоқталды. Оның айтуынша, құбылмалы геосаяси және әлемдік экономиканың тұрақсыздығы жағдайында өткен кездесу Орталық Азия елдерінің ынтымағы берік екенін көрсетеді. Сондай-ақ жаңа сын-қатерлер мен қауіптерге бірлесіп қарсы тұруға деген ортақ ұмтылысымызды білдіреді. Жаңа логистикалық жолдарды ортақ пайдалану, экономикалық өсуді қамтамасыз ету» секілді маңызды түйіндерге тоқталған қазақ Президенті сөз арасында аймақтың кейбір даулы мәселелерін де шет қалдырған жоқ.

«Мемлекетаралық шекаралардағы әрбір мылтық дауысының жаңғырығы екі елге ғана емес, бүкіл өңірге жағымсыз әсер етеді. Керісінше, дәл қазіргі дағдарыс жағдайында мемлекеттеріміз қайшылықтарды еңсеру ісінде өркениеттіліктің, жауаптылықтың үлгісін көрсетуге тиіс. Шекараны заңды түрде рәсімдеу үдерісінің өте күрделі әрі қиын екенін өз тәжірибемізден білеміз. Даулы мәселелер шынайы тату көршілік пен халықаралық құқықтың іргелі қағидаттарына құрмет көрсету арқылы тек қана бейбіт жолмен шешілуі мүмкін. Бұның басқа жолы жоқ», – деді Тоқаев. Бұл сөзбен Қырғыз Республикасы мен Тәжікстан арасында бірнеше рет орын алған қақтығысты меңзегені анық еді.

Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев өз сөзінде Орталық Азия аймағындағы қол жеткізген табыстарды жақсы бағалайтындығын жеткізді. 

«Халықаралық тәртіп салдарын болжау қиын қарқынды трансформация процестерінен өтуде. Біз жаһандық байланыс пен сенімсіздіктің өсіп келе жатқанына куә болып отырмыз. Әлемдік экономикадағы дағдарыстың күшеюі нәтижесінде біздің елдеріміз дәстүрлі логистикалық тізбектердің үзілуіне байланысты проблемаларға тап болуда, импорттық инфляция өсуде, азық-түлік және энергетикалық қауіпсіздікке қатерлер еселеп артуда. Осындай жағдайларда Консультативтік кездесулер форматында көпжақты ынтымақтастықты үйлестіру және тиімділігін арттыру қажеттілігі артып келеді.

«Өңіріміздің тыныштығы, тұрақтылығы мен әл-ауқаты біздің бірлігіміз бен Орталық Азияның ортақ мүдделерін қорғау үшін шешуші шараларды қабылдауға дайындығымызға байланысты екенін атап өткім келеді», – деген Шавкат мырза ары қарай аймақтың экономикалық байланыстарын нығайту мен экологиялық саладағы көпжақтылы ынтымақтастық мәселелеріне арнайы тоқтала отырып, бірлесіп атқаратын талай істердің басын қайырып өтті. 

«Біздің алдымызда тұрған тарихи миссия – тұтастығымыз бен қауіпсіздігімізді сақтау, елдеріміз бен халықтарымыздың дамуы мен өркендеуін қамтамасыз ету», – деді Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров. Сонымен қоса аймақтағы азық-түлік қауіпсіздігі мен ауылшаруашылығын дамытуға ықпал ететін барлық салаларда кеңейтілген ынтымақтастықты жақтайтындығын жеткізді. Садыр Жапаров сонымен қатар су мәселесіне де айрықша тоқталып өтті. 

«Су ресурстарын басқарудың қолданыстағы тетіктері бүгінгі күннің шындығына сай келмейді. Ол Орталық Азия елдерінің сұранысын қанағаттандырмайды. Атап айтқанда, Қырғызстанның су ресурстарын жинақтау және сақтау жұмыстары әлі күнге дейін өз бағасын алған жоқ. Мен суды пайдаланудың өзара тиімді тетіктерін қайтадан бірлесіп әзірлеуді ұсынамын. Біз 1998 жылы Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан арасындағы Нарын-Сырдария өзенінің су-энергетикалық ресурстарын пайдалану туралы келісім аясында ынтымақтастықты жаңарту мен жетілдіруді жақтаймыз. Ол су-энергетикалық ресурстардың теңгерімді алмасуын көздейді.

Қырғызстан да Орталық Азия елдерінің энергетика саласындағы өзін-өзі қамтамасыз ету және қауіпсіздігін арттыру мақсатында гидроэнергетика саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуді қолдайды.

Біз Қазақстан мен Өзбекстанның Қырғызстандағы гидроэнергетикалық жобаларға инвестициялық қатысуын құптаймыз. Айта кету керек, биылғы жылдың көктемінде болған апат жағдайдың осал емес екенін көрсетті, сондықтан Орталық Азияның біртұтас энергетикалық жүйесінің қауіпсіздігін күшейту қажет», – деді Президент Садыр Жапаров.

Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон өз сөзінде аймақтың қауіпсіздік мәселелеріне көбірек тоқталды. Ауғанстан жағдайының тұрақсыздығына алаңдайтындығын аңғартқан Э.Рахмон экстремизм, терроризм, есірткі мен қару-жарақ саудасы және кибертерроризм мәселесі Орталық Азия аймағының қауіпсіздігіне қатер екендігін жеткізді. 

Билікке келісімен өзінің «дәстүрді құрметтеп, діни бағыттан жаңылмайтындығын» ісімен дәлелдей бастаған Сердар Гурбанғұлыұлы: «Мен Орталық Азия халықтарының тарихи дәстүріне қайшы келетін идеялар мен көзқарастардың сырттан таңылып жатқанына алаңдаймын», – деді.

Тоқаев, Жапаров және Мирзиёев көшпенділер ойындарын тамашалады

 

Ортақ мәміле болған жоқ

Кездесудің қорытындысында Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесуінің бірлескен мәлімдемесі қабылданды. Сондай-ақ, «Өңірлік ынтымақтастықты дамытудың 2022-2024 жылдарға арналған жол картасы, Орталық Азия мемлекеттерінің көпжақты форматтар аясындағы өзара іс-қимылдар тұжырымдамасы, Орталық Азияға арналған «Жасыл күн тәртібі» аймақтық бағдарламасы мақұлданды. Аралды құтқару халықаралық қорының құрылтайшы мемлекеттері басшыларының Аралды құтқару халықаралық қоры президентінің өкілеттіктерін ұзарту туралы шешімге қол қойылды. Бұдан бөлек бес ел арасындағы Орталық Азияны дамытуды көздейтін достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шарт келісілді және оған қол қою рәсімі болды. 

Бұл шартқа Тәжікстан мен Түркіменстан басшыларының қол қоймағандығы шетелдік БАҚ-тардың назарын айрықша аударғанын айта кеткен жөн. Қырғыз Республикасы Президентінің баспасөз қызметі бұл мәселені: «Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон мен Түркіменстан президенті Сердар Бердімұхамедов өз елдеріндегі ішкі процедуралар аяқталған соң, бұл құжатқа қол қояды», – деп хабарлады. Келесі бір басылымдар бұл туралы Қырғыз Республикасы Сыртқы істер министрінің өкілі Авазбек Атахановтың  «Бұл құжат қысқа мерзімде дайындалғандықтан, аталған мемлекет басшылары жиналыс кезінде шартты қолдайтындықтарын айтты. Өз елдеріндегі кейбір процедуралар аяқталған соң шартқа қол қояды», – деген сөзін де қыстыра кетіпті. Дегенмен кездесуден бұрын талқыға түсетін мәселелер мен қол қоятын құжаттар туралы алдын ала хабарланғандығы да айтылған еді... Алайда жеме-жемге келгенде Түркіменстан мен Тәжікстан басшылары ойланып қалған сыңайлы.

 

Жұрт ерекше батыл шешім күткен еді

Сөз басында айтып өткеніміздей, бұл басқосудан әркім әртүрлі нәтиже күткен еді. Көп адамдар бұл кездесуді Орталық Азия елдері жер жүзіне сенімі мен сүйкімі қатар кеткен Ресейден іргесін аулақ салуға уағдаласып қайтатындай елеңдегені шындық болатын. Алайда бес елдің арасындағы Орталық Азияны ХХІ ғасырда дамытуды көздейтін «Достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шартқа» бес Президенттің үшеуі ғана қол қойды. Сөйтіп, басқаша нәтиже күткен алыс-жақын шетел басылымдары «Орталық Азия елдері басшылары ортақ келісімге келе алмады» деп жазды.

Әлемдік геосаясатты болжаушылар «алдағы уақытта Орталық Азия аймағындағы басты ойыншы кім болады?» деген мәселе төңірегінде түрлі пікірлер айтып келе жатыр. Олардың көбі Түркияның аймақтағы ықпалы арта түседі дегенге көңіл бөлген еді. Ал экономикалық мүдделер мен өз елдеріндегі шикізаттарды экспорттауға барынша қолайлы ірі нарық жағынан Қытай елімен байланыстың арта түсетіндігі дау тудырмаса керек. Сөйте тұра Ресеймен де қатынастарын сақтап қалғысы келеді. Оның мысалы ендігі басқосудың ресейліктермен бір үстелде өтетіндігі еді. Өзбекстан Ақпарат агенттігінің хабарлауынша, алдағы тамыз айының 9-12-сі күндері Өзбекстан жерінде Қазақстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Тәжікстан және Ресей елдерінен жиналатын сарапшылар бас қосып, «Еңбек инспекторларының бірінші өңірлік форумын» өткізетіндігін хабарлады.

Шолпан-Атада Қасым-Жомарт Тоқаев, Садыр Жапаров және Шавкат Мирзиёевтің  бейресми кездесуі өтті – Kyzylorda News

Ресейден іргені аулақ салу Орталық Азияны қойып, тұтас ТМД елдері үшін ауыр сынақ екені белгілі. Қазіргі жағдайды бағамдаған саясаткерлер әлдекімдерді «мойыннан түсірудің» қамына кірісудің қажеттілігін әбден түсінгені анық. Дегенмен кейбір жағдайлар ұстараның жүзінен жүгіріп өтуді қажет ететінін ешкім ұмытпаса керек...

 

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ
28.07.2022

Ұқсас жаңалықтар

Абысын-ажындар сахнада сайысты
Кәмила САПАРХАЙЫР, «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігі Алматы облысы Іле ауданы филиалының төрайымы - 25.09.2024 773
Алаш жұрты  Ғарифолласынан айырылды
«Qazaqstan dauiri» газеті мен «Мөлдір бұлақ» журналының ұжымы - 25.09.2024 619
13 жасар оқушы  бес түрлі қамшы өреді
Бағдәулет Нұрмат, Түркістан облысы - 25.09.2024 664
530 өлең жолынан  тұратын кітап
НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК - 25.09.2024 597
Ұстаздар 8 перзент  тәрбиелеп отыр
Бағдәулет Нұрмат, Түркістан облысы - 25.09.2024 622

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 5596
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 5040
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 8208
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 6021
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 7234