Кеңес заманында біздің елде Дайрабай (аты өзгертілді) деген арызқой кісі болған. Өңірдің басшысы мен совхоз директорлары Дайрабай десе зәрелері ұшады екен. (Арты қуыс болғасын қорқады да). Соңына түскен шендінің түбіне жетпей тынбайтыны әмбеге аян тағы да.
Сол Дайекеңнің жалғыз ұлы болыпты. Ол ауданда төменгі сатыда қызмет атқарыпты.
Дайекең болса ауданға келген басшыны шыдатпай жүрген кезі. Арыз жазады, тамыр-таныстыққа бой алдырғанын дәлелдейді, жемқорлығын әшкерелейді, әйтеуір, бір осал тұсын табады.
Сөйтіп жоғарыға арызды жаза-жаза менмін деген дәуіңнің өзін "атынан" аударып тастай береді, тастай береді.
Уақыт шіркін зымырап өтіп жатады. Ел басшыға жарымайды. Қайтпек керек? Жоғары жақ та пұшайман күйге түседі. Өте қиын жағдай.
Халық әрі-сәрі болып жүрген осындай күндердің бірінде өңірге жаңа басшы келе қалады. Жас болсада иненің көзінен өтетіндей пысық болып шығады өзі.
Келе сала арызқой Дайрабайдың жалғыз ұлының мансабына өсіреді. Мансабын өсіріп қана қоймайды Торғайдың қиыр шетіндегі ит байласа тұрғысыз бір ауылға парторг қылып жібереді.
Кеңес дәуірінде партияның айтқаны заң. Шенеуніктің басы - партияның добы. Қайтсін байғұс жігіт, жүгін машинаға тиеп, әкесін кабинаға отырғызып жолға шығады. Сонда әкесі Дайрабай шығарып салып тұрған халыққа: - Бұл менің баламды өсіру емес, мені ауданнан көшіру ғой- деген екен көзі жасаурап.
Сол кісі айтпақшы, ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімовтің тұтқындалуы, Елбасының атына сын айтылуы, ескі саясаттың шалғайға "көшірілуі" болып жүрмесін.