«Qazaqstan dauiri» ЖШС-ның Бас директоры, ҚР Еңбек сіңірген қайрактері Сәуле Мешітбайқызы мен Республикалық «Мөлдір бұлақ» балалар журналының Бас редакторы, ақын Дәулетбек Байтұрсынұлы Қордай ауданы Отар ауылдық мәдениет үйінде Отар, Үлкен Сұлутөр, Сұлутөр, Алға, Кенен, Ноғайбай ауылдарынан келген тұрғындарымен кездесті. Келелі кездесуге ауыл тұрғындарынан бөлек мектеп директорлары, ауыл әкімдері мен № 21750 әскери бөлімінің сарбаздары қатысты.
Балалардың қолына құлтемір емес, кітап ұстатайық
Халықпен болған кездесу кезінде Сәуле Мешітбайқызы көпшілік алдында сөз сөйлеп, халық пен билік ортасында алтын көпір болып жүрген «Qazaqstan dauiri» газетінің ауылдарға жасайтын экспедициясының жай-жапсарын түсіндіре келіп, елмен болар емен-жарқын әңгіменің арнасына ойысты. Сәуле Мешітбайқызы бүгінгі таңда қоғамды толғандырып отырған кейбір түйткілді мәселелер мен қатар бала тәрбиесі мен жастарға дұрыс бағыт беру жолында қоғам болып атсалысып, жүйелі түрде тәрбие жұмысымен айналысатын кез келді деген ойды ортаға салды.
– Бүгінгі қоғамда ойландыратын мәселелер көп. Жағымсыз жаңалықтарымыз әлемдік деңгейге шығып бара жатқандай. Қазақстанда ажырасу көрсеткіші бойынша БҰҰ-на мүше болып отырған 200-ге жуық мемлекеттің ішінде алдыңғы ондыққа кіріпті. Әлеуметтік желі біткен «Алаштың айнасына» айналып бара жатқандай. Қайғылы оқиғалар туралы ақпараттар қарша борайды. Безбүйрек әке, перзентінен безген шеше. Ата-анасынан безген опасыз ұл мен қыз. Шет ел асып жат жұрттардың «жемтігі» болып жатқан қыздарымыз қаншама?
Біз қазір «құлтемірге» яғни, смартфон мен техникаға тәуелді заманның құрбанына айналдық. Жақсысы мен жаманы араласқан ақпарат тасқынында адасып жүргендейміз. Еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейін дерлік «Телефонқұлға» айналды. Осы сөздерді айтып тұрған мен де күніне бір сағат ұялы телефонға қарамасам, өмірден кеш қалып жатқандай күй кешемін. Дегенмен, бұл жағдай әсіресе балаларымызға кері әсерін тигізіп жатыр. Олардың құлағы естуден, көзі көруден қалып, жүйкесі әлсіреп барады. Ғаламторды жайлаған жалған ақпараттар мен зиянды ойындар балаларымыздың психикасына қауіп төндіріп тұр. Мұндай ақпараттардан хабардар болу – тек мемлекеттік саясатқа араласу емес, бұл – ұлттың болашағына алаңдаушылық білдіру. Егер ел ертеңіне бейжай қарасақ, қоғамда не болып жатқанын біле алмаймыз. Балаларымыздың қайда жүргенінен, немен айналысып жүргенінен бейхабар болып қаламыз. Тіпті соңғы кезде ұялы телефондар арқылы таралатын «өзіне-өзі қол жұмсауға итермелейтін» ойындар көбейіп кеткенін естіп жүрміз. Бұл өте алаңдатарлық мәселе. Ендеше бала қолына құлтемір емес, кітап ұстатайық. Планшетпен ойын ойнағанша, газет-журнал оқуға үйретейік. Осыны әр ата-ана, әр азамат жүрекпен сезініп, назарға алуы керек. Себебі, ұлттың болашағы – ұрпақ тәрбиесінде»,-деді Сәуле Мешітбайқызы.
«Мөлдір бұлақ» балалар журналының бас редакторы Дәулетбек Байтұрсынұлы да өзінің басынан өткен өмірлік оқиғаларымен бөлісіп, газет-журнал оқудың тиімділігін алға тартты. Жиынға қатысушылар да белсенділік танытып, өз ойларын ортаға салды. Сондай-ақ ақпарат құралдарының өкілдеріне ауылдағы кейбір мәселелерді де аңыс етті.
Отардағы мәселеге билік назар аударса
Отар ауылының тұрғыны Серікхан Тілеуқабылов халықтың қалыпты тіршілігіне, ауыл маңынан өтетін пойызжолдың кедергі келтіріп жатқанын айтып, ауыл халқына арнап темір жолдың үстімен өтетін көпір салынса деген талабын ортаға қойды. Оның айтуынша ауыл маңындағы шойын жолдан күніне бірнеше пойыз өтетіндіктен өту бекетінде көлік кептелісі туындап, тұрғындар 1-2 сағат уақытын күтумен өткізеді екен.
– Қарапайым халық үшін темір жолдан өту күн өткен сайын күрделі мәселеге айналып барады. Пойыздардың жиі қатынауына байланысты теміржол шлагбаумы кейде бір сағаттан астам жабық тұрады. Соның салдарынан көлік кептелісі пайда болып, тұрғындардың жүріп-тұруына үлкен кедергі болып отыр. Бұл мәселе тек қарапайым халықты ғана емес, әскери бөлімдердің қызметіне де кедергі болуда. Отар ауылы аумағында үш әскери бөлім орналасқан. Бір бөлімнен екіншісіне қажетті заттарды тасымалдау кезінде әскери қызметшілер теміржол кедергілеріне байланысты уақыт жоғалтып, кедергіге тап болып жатыр. Сонымен қатар Отардан үш шақырым жерде әскери оқ-дәрі қоймасы орналасқан. Алла сақтасын! Егер сол маңда төтенше жағдай өрт немесе жарылыс бола қалса, өрт сөндіру қызметінің де дер кезінде жетуі қиындай түсетіні анық. Өйткені темір жолдан өту мүмкін болмай қалады. Біз бұл мәселені тиісті органдарға, жоғарыда отырған азаматтарға да бірнеше рет жеткіздік. Алайда мәселе шешімін таппай, жабулы қазан жабулы күйінде қалып отыр. Тұрғындардың еркін қозғалысына кедергі келтірмей, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекеттің мойнындағы маңызды міндеттердің бірі. Сондықтан да біз тұрғындар атынан нақты талап қоямыз. Халық игілігі үшін теміржол үстінен өтетін көпір салып берілсе» -деді Серікхан Құрмашұлы.
Сан жыл бойы көпірді сарыла күтіп, қиындыққа тап болған тұрғындар осылай деп өз өтініштерін білдірді. Біз мәселенің мән-жайын анықтау үшін аталған мекенге барып, өз көзімізбен көріп қайттық. Расымен де біз барған уақытта пойыз өтіп жатыр екен. Тас жол кептелісі 500 метрге дейін созылып, тіпті оқ-дәрі тиеген әскери жүк көлігі де жеңіл көліктермен қатар кезекте тұр. Аталған мәселеге Отар ауылдық округінің әкімі Дидар Есимов те өз пікірін білдірді.
– «Қордай ауданының жалпы аумағы 900 мың гектар. Соның 300 мың гектары Отар ауылдық округінің еншісіне тиесілі. Аталған кең көлемді аумақтың 55 мың гектарын әскери гарнизон иеленіп отыр. Одан бөлек ұзындығы 70 шақырымға созылған әскери полигон бар. Қазіргі таңда бұл округ аумағында 17 әскери бөлімше мен шекара қызметі де өз жұмысын белсенді түрде жүргізуде. Сонымен қатар мұнда «Биофарм» секілді өндірістік маңызы бар нысан орналасқан. Отар ауылдық округінде бүгінгі таңда халық саны 12 844 адамға жетіп отыр.
Алайда осыншама стратегиялық, әскери және өндірістік маңызы зор нысандар орналасқан аймақта тұрғындар мен мемлекеттік қызмет көліктері үшін үлкен кедергіге айналып отырған бір мәселе көпірдің жоқтығы. Бұл мәселе әсіресе шұғыл жетуі тиіс жедел қызмет көліктерінің уақытында діттеген жеріне жете алмауына себеп болуда. Бұл жағдайды халық бірнеше мәрте көтеріп, тиісті орындарға арыз-шағымдарын жеткізген. Бұрындары бұл теміржол бойымен күніне 30-35 пойыз өтетін болса, қазіргі таңда олардың саны 110-120 вагонға дейін жетеді. Батыс пен солтүстік бағытқа жүретін барлық пойыздар Отар станциясы арқылы өтетіндіктен, теміржолға түсетін жүктеме де артып отыр. Мұның барлығы адамдардың еркін қатынауына кедергі келтіріп, жол қауіпсіздігін қиындатып жіберді. Осы түйткілді көзбен көріп, жүрекпен сезіп отырғандықтан, көпір салу мәселесі біраз жылдан бері қаралып келеді. 2024 жылы бұл жобаға қатысты алғашқы сараптама жүргізіліп, нәтижесінде көпір салу құны 2 миллиард 100 миллион теңгені құраған болатын. Биыл жобаны қайта сараптамадан өткізу жоспарға енгізілді. Себебі құрылыс заттарының бағасы әр жылы өзгеріп отыратыны белгілі. Сондықтан да нақты қаражат мөлшері сараптама нәтижесіне қарай анықталмақ. Көпір салу мәселесінің шешімі де сол сараптама қорытындысына тікелей байланысты болады»,-деді Дидар Серікұлы.
Әрине, бұл айтылған арыз-шағымдар мен көтерілген мәселелер жауапсыз, шешімсіз қалмайды деген үміттеміз. Дегенмен Отар ауылдық округі тұрғындарының мұң-мұқтажы мұнымен шектеліп қалған жоқ. Атап айтқанда округтегі ең өзекті мәселелердің бірі газдандыру жұмыстары. Қазіргі таңда көптеген отбасылар әлі де қатты отынды пайдаланып отыр. Сонымен қатар округтің әскери аумағы кең болғанымен, мұнда қызмет атқарып жүрген әскери қызметшілердің тапшылығы байқалады. Қорғаныс саласындағы кадр тапшылығы тек әскери құрылымдарға ғана емес, тұтас ауыл өміріне де әсер етуде. Бұған қоса, әскери қызметкерлерге төленетін пәтерақы мөлшерінің қазіргі нарық талаптарына сай келмейтіндігі де шешуді қажет ететін мәселе. Баспана жалдау құны күннен-күнге өсіп жатқанда, белгіленген өтемақы олардың нақты қажеттілігін өтей алмай отыр. Осы және өзге де мәселелер қазірге дейін халық тарапынан сан мәрте көтерілген. Ендігі жерде атқарушы билік пен жауапты органдар осы мәселелерді назардан тыс қалдырмай, шынайы шешім қабылдайды деген сенімдеміз.
P.S. Біз «Qazaqstan dauiri» газеті бұл мәселелерді назарда ұстайтын боламыз. Әрі ауылдастар тарапынан көтерілген бұл пікірлерді құзырлы мекемелердің назарына ұсынамыз. Сонадай-ақ аладғы уақытта тағы келіп журналистік зертеулерді жалғастыратындығымызды айта кеткіміз келеді.
Мұқағали ЖАМБЫЛҰЛЫ,
«Qazaqstan dauiri» газетінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі