ӨЗ ТІЛІҢ ҒАНА – ҰЛТТЫҚ БОЛМЫСЫҢНЫҢ КІЛТІ! (Ұлттық намыс – ұрпақтың рухани шырағы!)

ӨЗ ТІЛІҢ  ҒАНА – ҰЛТТЫҚ БОЛМЫСЫҢНЫҢ КІЛТІ!  (Ұлттық намыс – ұрпақтың рухани шырағы!)

ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ БИЛІК ӨКІЛДЕРІНЕ АРНАЙМЫН!

 

Тіл – жаратылыстың өзегінен тамыр тартқан рухани мән, болмыстың үні, түбірлік танымның айғағы. Хақтың қалауынан тараған рухани қатынастың жанды сәулесі және ұлттық сана мен болмысымыздың уыздану кезеңдерінің кестесі.

 

БАБАДАН АМАНАТҚА ҚАЛҒАН ГЕНЕТИКАЛЫҚ КОД

 

...Сұрапыл заман тырнағын батырды. Арқа еті арша, борбай еті борша болған дәуірлердің зұлматынан қан аралас запыран құсып, Тәуелсіздіктің туына қолымыз жеткендей болды. Аллаға шүкіршілік етеміз. «Аузы күйген үріп ішеді» демекші, әлі де жалтақтаумен келеміз. Тіл, салт-дәстүр дегеннің өзі де – бейіштен жанған шамшырақ. Жарық көрсек жанталасып ұмтылып, өз болмысымызды іздеп келеміз. Бір ернімен жер тіреп, бір ернімен көк тіреп, көлеңкесіне қырау қатып тұрған империялардың құрсауынан босап шыққымыз келіп, амал-айла жасап жатырмыз. Түсінікті, саясаттың сырты жылтыр, іші қара тастан да ауыр, қатпар-қатпар қара мұз екенін де білеміз. Алайда, қара сөзді қамшы қылып қанша бұлтарсақ та, құрым киіздей не төсеуге, не төрге ілуге келмейтін, құны кеткен бір тақырып бар, ол – тіл мәселесі.

(...Қорладық, шаршы әлемнің алдында қырық жыл бойы «доп» қылып тептік).

Қазақтың тілі – сөз бен дыбыстан құралған жай жүйе емес. Ол – ата-бабадан аманатқа қалған генетикалық код. Бұл код біздің санамызды, болмысымызды, ойлау жүйемізді, тіпті мінезімізді де қалыптастырған.

Тіл – тіршіліктің тынысы, ұлттың жаны ғана емес, оның жанымен сөйлейтін Кие. Тіл – тарихтың тағдырымен, ұрпақтың үмітімен бітісіп кеткен тірі болмыс. Біз ұлт ретінде өмір сүру үшін тек экономиканы емес, тіліміздің тағдырына қызметтік тұрғыдан қорған болудың үлгісін жетілдіруіміз керек. Бүгінгі таңда ел басқару жүйесі технократиялық және бюрократиялық сипаттан аса алмай жүр. Халықпен, ұлтпен, тіпті Жаратушымен арасындағы рухани көпірін бекемдеу керек. Ұлттың іргесін бекемдейтін тек экономика, заң, қаржы емес. 

(Ұлт – Рух. Ұлт – Жад. Ұлт – Тіл.)

Сондықтан этномәдениет, әдебиет, тарих мамандары ел басқару жүйесінің түпқазығына айналуы керек. 

Олар:

Халықтың рухани сұранысын,

Ұрпақтың мәдени иммунитетін,

Биліктің адамдық бетін айқындап бере алады.

Этномәдениет – ел басқаруға тектілік өлшемін әкеледі.

Әдебиет – жүйенің жанын сөйлетеді.

Тарих – шешімнің сабақтастығын, жауапкершілік тамырын көрсетеді.

Мұны елемеген жүйе – жалаң, жансыз, жаһандық езгіге дайын жүйе.

Мұны ескерген ел – өзінің болмысын басқара алатын Ұлт. (Жалпыға ортақ ой иелерінің тұжырымы осы). Тіл – тақырып емес, ұлттың өмірі ғой. Құрыққа сырық жалғап, өтірік пен шынның арасынан басымыз айналды. Ала шаңдақ, дөңайбат, құтпан айғырдай азынаған  дұшпанның демі бетті қарып, жүректі жарып барады. Ішіңде жүріп іріткі салып, ілме қармаққа екі көзіңнің қарашығын жем қылмақшы. Жау мен жамау ниет жағымпаздардың дегеніне көніп, «қолайлы сәт» болар деген үміттің де үкісі қылқанданып, мамығының талшығы қалған жоқ. Не істеу керек?

 Тіл – ұлттың жадында тұнып жатқан ұлы шежіре.

Қазақ халқы үшін тіл – отарлық кезеңдерде де, кеңестік заманда да ұлттық бірегейлікті сақтаудың соңғы қамалы болды. Бірақ XX ғасырда қазақ тілі саяси күштердің қысымына ұшырап, шеттетілу салдарынан ұлттың рухани тамырына зор нұқсан келді.

Тілдің ішкі әлеміндегі мемлекеттікті орнықтыру үрдісі – Хақтың қалауы, табиғи қалып, жүрек пен саналы сезімнің өміршеңдік өзегінің мәні мен мағынасы, мәңгілік ағысы, кепілі.

 

МЕМЛЕКЕТ ТІЛ ӘЛЕМІНІҢ ІШІНДЕ БОЛУЫ КЕРЕК

 

Тіл – мемлекеттік жүйенің ішінде емес. Біз осы арқылы тілдің болмысын құрал емес, құндылық ретінде қабылдаймыз. Бұл тіл тек мемлекетті басқарудың құралы емес, мемлекеттің өзін де қалыптастыратын рухани негіз екенін білдіреді.

Мен осы орайда, күллі қазаққа, адамзатқа: 

«Тіл – мемлекеттің ішкі тетігі емес,

Мемлекет – тілдің киелі кеңістігінде өмір сүруі тиіс» деген жеке ойымды  шындықтың мінберінен шыңғырып тұрып айтқым келеді. Жүйе тілді емес, тіл жүйені алып жүруі тиіс еді. Қайта құру керек. Тілге қатысты барлық саясат рухани ұстанымға негізделуі тиіс. Тіл –  «ресми мәртебе» емес, мәңгілік миссия. Бүгінгі тілдік күрес – тек қана ұлттық емес, адамзаттың да мәселесі. Хақтың қалауы мен ризашылығы үшін күрес – жаһандық жасампаздықтың даңғылы. Қазақтың тілі – Хақтан түскен үннің далалық жаңғырығы. Бұл тілде дала сөйлеген. Бұл тілде ата-баба Тәңірмен тілдескен. Бұл тілде ел мен жер, сөз бен серт, ар мен ұят, бата мен қарғыс – бәрі бірге өмір сүрген.

Тіл – Жаратушыдан берілген код. Ол халықтың дүниетанымын, ділін, иманын, болмысын қалыптастырады. Тілсіз халық болмайды. Ендеше, мемлекет те бола алмайды.

Мемлекет – уақыттық құрылым.

Ол жүйе, заң, билік, басқару сияқты категориялардан тұрады. Бірақ бұл категориялардың барлығы тіл арқылы өмір сүреді.

Егер тіл мемлекеттің «ішінде» ғана болса, онда ол басқару тіліне айналып, биліктің бұйрығымен ғана өмір сүретін өлі жүйеге айналады.

Ал егер мемлекет тілдің ішінде болса, онда мемлекет тіл арқылы халықтың рухани заңдылығына бағынып, сол ұлттың болмысымен үндесіп, мәңгілік негізге ие болады. Мәңгілік дейміз, Мәңгілік!..

Әй, ұлы Тұран, кең Алаш!.. Білмедім, болашағың қалай болар?.. Болашағың тарихыңдай ұлы болсын, тамырың – топырағыңа, Хақтың нұры жүрегіңе жақын болсын, Қазағым!

Түркі жұрты тұтасып, тіл мен діл қайта оянып, білім мен иман жарасып, жақсылықтың жолында жарысып, Жаратқанның нұры жол бастайтын заман болғай!

Алпауыт елдердің араны, біздегі жемқорлық – ғарыштағы «қара тесік» сияқты. Тақымына үйірлі жылқы, келелі түйені түгел салып берсең де «көрдім» демейтін ұры заманның ындынынан бір-бір айдаһар жұтқанын жұғын көрмей, аранын ашып, ұлттық мүддені желкесінен жеміріп, жерге тығып-ақ тұр.

Байқасаңыз, адамзаттың басынан аттап, талтаңдап тарпыған сайын, дүниеде солардан басқа ешкім жоқ секілді  көрінеді де тұрады. Дегенмен, бір Алла бар! Ұлтты тіл қорғайды.

Тіл – мемлекеттен биік. Рухтың басқарушылықтан биік тұратынын, ал тіл сол рухтың жарығы екенін түсінуіміз керек. Тіл – рухани қуат, терең таным, ұлттық болмысқа шырақ жағатын Құдіреттің коды. 

Алла Тағала Қасиетті Құранның «Хужурат» сүресінің 13-аятында және «Рум» сүресінің 22- аятында: адамзатты әу басында, ұлыстар (ұлттар) мен руларға бөлгендігіне, тілдер мен реңдеріміздің әр алуан екендігіне, бірақ мұның барлығы мейірім мен имандылыққа тең дәрежеде қол созып, ниетті болуымызға еш кедергісі жоқ екендігіне, ортақ игілікке бағышталып айтылғандығына сендірген. Демек, тіліміздің алғашқы кодын әр халыққа Құдайдың өзі берген.

Тіл – Хақтың қалауы, өйткені ол – адамның жүрегіне салынған алғашқы уахи!

Тіл – Жаратушының адам баласына берген ең ұлы жауапкершілігі, себебі сөз – жаратылыс басталғандағы «БОЛ!» деген бұйрықтың жалғасы!

Бұл мәселеге философиялық тоқтам мен әділдік керек. Рухани қуат – ұлттық сана мен болмысты оятуға, тіл саясатын тереңінен қайта пайымдауға алып келетін сілкініс болмақ. Тіл – Мәңгілік Құбылыс, Мемлекет – Уақыттық Құрылым екендігін жоғарыда айттық. Жаратушы – жаратылыс, Тіл!.. Мемлекеттік жүйенің негізгі рухани ұстанымының  «Бірігу сәулесіне» айналар тұсы да осы. Мемлекет тарапынан Тілге адал қызмет жасау –  «Мемлекет және Уақыттық Құрылымның» өрісін айқындап, тұрақты шеңберде, өз кеңістігінде самғауына, ғұмыр кешуіне молынан мүмкіндік туғызады. Хақтың қалауына қызмет жасап, табиғи заңдылықтың өрісінен қуат алады.

Тіл басқармасы емес, Тіл ұстанымы орталығы құрылуы тиіс.

Ол тек тілді дамыту емес, рухани үйлесімділік үшін қызмет етсін.

Заң тілі, ресми құжаттар, басқару құралы   тек қана қазақша болуы тиіс. Бұл – мемлекеттің рухани тұтастығының басты кепілі. Тілді мойындау – Тәңірді мойындау. Себебі, тіл – адамның емес, Жаратушының берген белгісі.

Мемлекет тілді басқармауы керек. Керісінше, Тіл мемлекетті рухани басқарушы кеңістік болуы тиіс.

Егер билік ұлттық тілмен сөйлей алмаса, ол ұлтпен сөйлесе алмайды.

Егер ұлтпен сөйлесе алмаса, ол билік емес, басқару елесін ғана атқарады.

Тіл бізге мұқтаж емес, әр сөз – бір періштенің жауапкершілігіндегі құндылық. Хақтың қалауымен ұлттық болмысымыздың өмір сүруіне қызмет жасап жүр. Тіл – халықтың өзіне деген махаббатымен және ояу сана, иман-парасат, намысымен үндес болғысы келеді. Тілдің – Хақтың қалауына қайта оралып, рухтармен өмір сүруіне мүмкіндігі бар. Бірақ біз  тілге мұқтажбыз. Ол кетсе, біз өмірсіз өлікке айналамыз. Хақтың алдына қайта барып «Қазақ болғымыз келеді» дегенімізге ешкім сенбейді, ондай мүмкіндік болмайды. Тілі тірілей тастап кеткен тері мен сүйектің шіріндісін өзгелер таптап жүретін болады. Сондықтан қазақтың тіліне аяушылық жасаған болып, әркез жылтылдатып «жылымсуды» тоқтату керек. Тіл – намысын бермейді, өздеріңізді аяңыздар, тірілей болмысын (тілін) жоғалтқан пенделер!  

Тіл – Алланың адамға үрлеген рухының сыбыры,

Ұлт – сол рухтың жер бетіндегі дидары.

Тілден айырылу – иманнан бұлтару,

Ұлтсыздану – хақ жолдан адасу. 

Қазіргі жаһандану жағдайында дәуірдің талабы осылай үн қатып тұр.

Тіл – Жаратқаннан келген «Жұмбақ Кілт».

Тіл – адамның жаратылыспен, Жаратушымен байланысын сақтап тұратын рухани көпір. Жаратылыста «Жұмбақтану коды» бар. Ол адамзат адасқан сайын жасырын, күрделі сатыға көтеріліп, алшақтай түседі.  Ал, Хақтың қалауынан жаныңа жылу іздеп көр, жолың ашыла бастайды. Тіл – Тәңірлік тағылым! Жаратушы: адамдар «мойындау мәдениетін» тілдік болмысқа да серік қылғанын қалайды.   Тану – Хақтың қалауын жоққа шығармай, өз болмысыңның (ұлтыңның) тілімен адамзатты сүю, жалпыға ортақ жақсылықтың жаршысы болу.

«Жұмбақтану коды» өз парағын ашып, саған еркіңнен тыс жақындай түседі, адамзатты танытатын ақиқат сәулесінің әліппесін оқыта бастайды, сен тек өзіңе берілген ұлттық болмысыңның, тіліңнің мөрін жоғалтпа.

Тіл – ұлтты ұйыстырушы, құраушы. Мемлекеттер кейін пайда болады, өзгереді. Тіл – рухтың үнін арқалап, шексіз сапар шегеді. Мемлекет тілдің ішінде болуы қажет. Себебі тіл – рухтың орталығы, ал мемлекет – сол рухты басқару амалы ғана.

Қарасаңыз, империялар, азулы елдер неге «тіл дауылын» жиі туғызып, дамушы ұлттардың, мемлекеттердің жағасынан ала береді?.. Ақиқатында: ұлттың болашағы – тілмен тұтас, кілті де сол жерде, жау осыны біледі. Басқыншылар тілімізді аяусыз қорлады. «Обалсыздану», «жіктеу», «жіліктеу» және «қасапханалық» кезеңдерді басымыздан өткіздік.

Мемлекеттіктің ішкі әлеміндегі «тіл тағдырының» ережесі – тұрмысшыл санадағы пенделік «мәдениеттің» қоғамдағы баянсыз көрінісі екендігін түсіндік. Жуық арада ұлттық мүддеге деген оң өзгерістің  болмайтыны күштілердің әрекетінен көрініп тұр, белгілі жағдай, әлем солай құрылған. Саяси «өзімшілдіктің» салдары мен себебіне ұласып, аз, дәрменсіз ұлттарды «мәңгүрттік аквариумында» өз етінен азық жасап балыққа бергендей, кептірілген, қақталған күйінде өмір сүруге икемдеп, көндіріп келеді. Жаһандану – дәл осы ақпараттық жұтпаның нақ өзі.

 

МАССОНДЫҚ МОДЕЛЬ ЖӘНЕ МӘҢГҮРТТІК ДЕРТ

 

Батыстық жасырын идеологиялық жобаларда ұлтты жоюдың үш тетігі көрсетілген:

Тегін ұмыттыру;

Тілін шұбарлау;

Дінін ойыншыққа айналдыру.

Осының бәрі белсенді түрде іске асуда.

Қазақ боламыз десек, тілімізді де, тегімізді де тірілтуіміз керек. Бірінсіз-бірі – тұл. Тексіздік – жаһандану тұзағының ең сұрқай түрі. Тегіңді ұмытсаң, Тәңірдің сендегі мөрін өшіресің.

Тегің – тағдырың;

Тілің – тынысың;

Ұлттық Рухың – мәңгілік болмысың.

Қай уақытта да, қай кеңістікте де осы үш тірегіңнен безінсең, білмесең, жадыңнан өшсе, жоғалтсаң: «Жоқ!» екеніңді, рәсуа тіршілік иесі екендігіңді, көлеңке, елес екендігіңді біле бер. Массондық модель деген не?

Массондық модель – жаһандық элиталардың түрлі дәуірде ұлттарды басқару үшін қолданған рухани – идеологиялық конструкциясы. Оның негізгі мақсаттары: ұлттық жадты өшіру (ру, шежіре, тіл, салтты ескілік деп көрсету).

Біртекті массаны қалыптастыру (жаһандық тұтынушыларды қалыптастыру).

Басқаруға оңай орта құру (тексіз, түбірсіз, тарихсыз тобырды пайдалану). Білім жүйесін бейтараптандыру, ақпарат арқылы стереотип қалыптастыру, ұлттық танымның құндылығына, сеніміне, санадағы ақиқатқа «фанатизм» деген қоңырау тағып, «әркімнің өз шындығы бар»  деген түсінік орнату арқылы  ұлттық тұтастықтан айырып, адастыруға, тіпті сана мен салтты аластауға дейін жеткізуді көздейтінін айтып жатады, өзімізде заманның құйынынан сезінеміз, көріп жүрміз. Қазақтың тілі – түркі дүниесінің тұғыры. Бұл тілді қорғау – жеке ұлттық емес, тұтас өркениеттің қорғанысы. Өз тілің ғана – ұлттық болмысыңның кілті!

Бүгін күреспеген халық ертең ел болудан қалады! Тізе бүккен емес, тіке тұрған ұлт мәңгі жасайды. Мүдде жоқ жерде мүжілген ұлттың қаңқасы ғана қалады.

Сондықтан Ұлттық Тіл Әлемі – мемлекеттік қаулы-қаралардың құзырына тәуелді емес, керісінше, мемлекет – Ұлттық Тіл Әлемінің шеңберінде таным мен әрекеттік үйлесімге бейімделуі керек. Тіл – тек қатынас құралы емес, даму үстіндегі жанды құбылыс. Тіл – барлық рухани құндылықтан алда, озық, өрісі шектеусіз, еркін, тәуелсіз қалыптасуды талап ететін киелі жаратылыс.  Тіл – кемелдіктің, тұтас ұлттық болмысымыздың жетекшісі. Ұлттық Тіл – өркениеттік алаңнан өз орнын алып, үздіксіз күрестің сардарына айналуы керек. Бұғаулап, шідерлеп, ноқталап қазықтан айырмаған бота бір орнында теңселіп, қара басын алып жүре алмай, боздап, зарлайды да тұрады. Ауылдағы адам біткеннің мазасын алып, көзіне сүйел болады. Ақыры қасапханаға да өз аяғымен жете алмай, тұрған жерінде пышаққа түседі. Атанжілікті нар болғаның кімге керек,  – тұмшалап, тұншықтырып  өлтіргесін... Ана тіліміз соңғы қырық жылда бір орнында боздап тұр. Тіл уақытымен есейіп, мезгілімен көркейіп, байып отырмаса, кенжелеп қалады. Айналымға түсіп, қайнаған күрестің майданында қайраулы қылыштай жүзін желмен жемсеп тұру керек. Тұрмыстың барлық қалтарыс, қабатына сіңіп, тіршілік тамырына нәр беріп, жадымыздың ортақ қорына айналуы керек. Жайын балық жағалауға шығып, қаншама рет теріс бағытқа домалап, тұра қашып туласа да, өзен өз бағытынан танбайды. Саясат та  ауыспалы мәнге ие екендігін жоққа шығармаймыз. Жайын балық сияқты жапырып кететін де сәттері болады. Саясаткерлер де әртүрлі. Бірақ тіл – әлгі өзеннің ағысы сияқты, қалыбын бұзбай өз бағытымен өрістеп, дами беруі керек. Тағы да қайталап айтамын: сол үшін мемлекеттік саясат тілдің ішінде өмір сүруі керек. Тілдің тұрақты қағидасы – ұлттың өмір сүру болмысының қуаты, нұрлы жарықтың көзі. Мемлекеттік тілге қатысты саясат тұрақсыз болса, халықтың ұлттық болмысы, тарихи жады мен  мәдениеті біртіндеп әлсірейді. Тілсіз – ұлттық сана тамырынан үзіледі, ал ұлттың іргетасы сөгіле бастайды. Тіл саясатының ауыспалылығы білім жүйесіне де ауыр соққы болады. Білім беру бір тілде басталып, екінші тілге ауысқанда, ұрпақ арасында білім алшақтығы пайда болады. Әсіресе ғылым тілінің тұрақсыздығы интеллектуалдық дамуға кедергі жасайды. Бұл ғылымды ұлттық тамырдан ажыратып, шетке тәуелді ету қаупін арттырады. Тіл саясаты тұрақсыз болса, әр буын әртүрлі тілдік-мәдени орталарда қалыптасады. Бұл ұрпақтар арасындағы байланысты әлсіретеді, ұлттық құндылықтардың сабақтастығы үзілетіні анық. Ауыспалы тіл саясаты – мемлекетті ішкі және сыртқы саяси манипуляцияларға осал етеді. Ұлттық біртектілік әлсіресе, қоғамды басқару да күрделенеді. Ұлтаралық, діни және саяси алауыздық туындайды. Мемлекеттік тілдің мәртебесі нақты әрі тұрақты бекітілмесе, билікке деген сенім азаяды. Халық «өз тілін қорғай алмаған мемлекет өз халқын да қорғай алмайды» деген түйінге келеді. Ауыспалы саясаттың кесірінен ұлттық тілдің беделі төмендесе, шет тілдерінің әсері күшейеді. Бұл өз тілінде ойлаудан алыстату арқылы халықты басқа идеологияларға оңай икемді етеді.

Тіл бірлігінің болмауы  ішкі еңбек нарығын бөлшектейді. Әртүрлі тілдік талаптар бизнес процестерді күрделендіреді, ішкі байланыстар әлсірейді, шетелге тәуелділік күшейеді.

Тіл саясатының тұрақтылығы – мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігінің тірегі, рухани иммунитеттің негізі.

Егер тіл саясаты ауыспалы, сенімсіз болса, онда халықтың да, мемлекеттің де болашағы бұлдыр тартады.

Тілге қатысты саясат берік, әділетті, бірізді әрі ұзақмерзімді болуы шарт. (Әлемдік тәжірибеге сүйенсеңіз де, осы пікірлердің ең өзекті қағида екендігіне көз жеткізесіз.) Тілге деген саясат  кездейсоқтықты көтермейді. Ол – мемлекеттің тұтастығы мен келешегі үшін ең нәзік те, ең күрделі мәселе.

 Қазақ тілінің толық мемлекеттік үстемдігін заңмен бекіту;

Мемлекеттік қызметкерлерге қазақ тілін еркін меңгеруді міндеттеу;

Білім беру саласында қазақ тілін басымдыққа қою;

Қазақ тіліндегі ғылым мен технологиялық базаны дамыту;

Қоғамдық санада қазақ тілінің беделін арттыру үшін мемлекеттік және азаматтық жобаларды қолдау;

Ішкі ақпараттық кеңістікті қазақ тіліне негіздеуді қатаң бақылауға алу. Қараңыз, бұл – күн тәртібіндегі қағидалы сұраныс!

Ауыспалы тіл саясаты ұлттың тұтастығын босаңсытып, елдігіміздің іргесін сөгуге алып келуі мүмкін.

Саясат – елдің тағдырын таразылайтын ердің ерлігі, Жалтақтық – өз мүддесін ұлттың алдына шығарған пенденің жасқаншақтығы. Саясатшыл болу – ұлтың үшін, жалтақ болу – жауың үшін қолайлы. Саясат – қайрат пен парасаттың қос қанаты. Сондықтан бүгін батыл шешімдер қабылдамасақ, ертең тым кеш болуы ықтимал.

Қазақтың болашағы – қазақ тілінің өрісінде. Қазақстан тәуелсіздігін алған күннен бастап, ұлттық сана мен мемлекеттік тілді қайта жандандыруды мақсат етті. Дегенмен, тіл саясатының ауыспалылығы, екіұшты ұстанымдары ұлттық дамуға елеулі кедергілер туғызды.

 

ТІЛДІК АЙНАЛЫМ – ТІЛДІҢ ТІРІ ТАМЫРЫ

 

Тілдік айналым – тілдің тірі тамыры, ұлттың ойлау өрісі мен сезіну мәдениетінің айнасы. Ал саяси еріксіздік немесе салғырттық – сол айналымның баяулауына, шөгуіне, семуіне әкелетін қауіпті фактор.

Бүгінгі Қазақстан жағдайында тілдік айналымның әлсіздігі мен мемлекеттік деңгейдегі саяси салғырттық ұлттың келешегіне, жеке тұлғаның интеллектуалдық дамуына, сөздік қорымыздың сапасына және тарихи жадымыздың ауқымына зор зиян келтіруде. Тілдік айналым дегеніміз – тілдің күнделікті өмірде (білім беру, ғылым, мәдениет, саясат, бизнес, БАҚ, тұрмыстық қатынас) кеңінен қолданылуы және дамуы.

Әлсіз тілдік айналым мынадай сипаттармен көрінеді:

Мемлекеттік тілде ғылым мен технология саласының дамымауы;

Көптеген салалық терминдердің шетел тілдеріндегі үстемдігі;

Ресми іс жүргізуде қазақ тілінің толық қолданылмауы;

Қоғамдық өмірде қазақ тіліндегі сапалы сөздік қордың азаюы;

Көркем әдебиетте, БАҚ-та, цифрлық ортада қазақ тілінің екінші сатыға ығысуы. Бұл келеңсіз көріністердің барлығы бізге таныс. Жастар ғылымға ұлттық мүдде тұрғысынан ерекше белсенділікпен бекініп, тіл мен сөздік қорымызға аса сақтық танытуы керек. Бұл – жастардың ұлттың алдындағы перзенттік парызы! Білмеймін, соншама не көрінді? Қазақтың сұлу тілінен көзі қамасып, өзгенің қаңсығына қаталап, көшеде көрінген көкаттының көлеңкесін серік қылып жүрген жастарымыз, бүлдіршіндерін орысша аймалап отырған аналарымыз жігеріңді құм қылады. Неден жазықты болдық, Алла?!.. Кеңшілігіңнің құрметінен кешіре гөр, ұлтымды...

Абыз ақын Қашаған Күржіманұлы:

 «Тізесін тіпті бүкпеген,

Мойынына қанды жүктеген

*Насуханы да Құдай оңдаған.

Берейін десе біздерге,

Алланың рақымы жетпей ме?» – деген екен.

(Насуха* – кейін тәубаға келген баскесер.)

 Алла, рақымыңнан үміттіміз!

Жә, жақсы, сонымен жастардың ғылымға келуіне қамқорлық керек.

Мысалы, жасанды сана деп шулап жүрміз.

Мен ақпарат бетінде «Бейтарап жүйе» атты мақаламды, идеямды ұсынғанмын. Бүгінгі заманда жасанды интеллект  – «ЖИ» қарқынды дамып, адамзаттың танымдық, рухани және мәдени болмысына әсер етуде. Осы үдерісте «Бейтарап жүйе» – адам мен жасанды сананың арасындағы тепе-теңдікті сақтайтын рухани-этикалық сүзгі ретінде ұсынылады. Бұл жүйе адам баласының  табиғи болмысын, рухани тазалығын қорғап, ұлттық құндылықтарды  сақтау жолындағы рухани қалқан қызметін атқарады. «ЖИ» атауын мен: «Қызметтік мейірім санасы» деп атауды жөн көремін. Адамзатқа мейірімділік бағытында қызмет жасауы керек деген ұғымды білдіреді. Қызметтік бағыты мен дәрежелік орнын айқындау керек. «Қызметтік мейірім санасы» осы бейтарап жүйенің ішкі өзегі ретінде әрекет етеді. Ол – Жаратушыдан  дарыған адамға тән мейірім мен жауапкершілікті  жасанды санаға дарыту амалы. Егер жасанды сана бейтарап жүйесіз дамыса, ол жаһандану аясында тілдік бірегейлікті ыдыратуы мүмкін. Мысалы: «ақылды бомбалар» деп жүр. Ол қалай болғанда да жауыздықтың, қан төгудің, адам өмірін жалмаудың «жетістігі»! Ал осыны «ақылды» деп дәріптеуге бола ма?!.. Сондықтан ЖИ-дің тілдік қолданысы да «қызметтік мейірім санасы» арқылы реттелуі тиіс. Бұл – тілдің тек қарым-қатынас құралы емес, рухани тірек екенін мойындауға жетелейді. 

Заман, руханият аса күрделі кезеңнің белесінде тұр. Тіл мен ұлт және мемлекет бір жағалауға шығып, тұтастықтың темірқазығынан мықтап ұстауы керек. Тіл – тұтастықтың Темірқазығы! Елімізді сүйеміз, мемлекеттігіміздің нығайғанын қалаймыз. Әрине, саясаттың бұқараға жария қыла бермейтін нәзік қадамдарын да, ұлттық мүдде жолындағы  талпыныстарын да жоққа шығаруға болмайды. Әйтседе халықтың пікіріне аса зер салып қарағанын жөн санаймыз.

Саяси салғырттық дегеніміз – мемлекеттің тіл саясатына қатысты шешуші әрі батыл қадамдар жасамауы, тілдік міндеттерді екінші қатарға ысыруы. 

Салғырттық салдары:

Мемлекеттік органдарда қазақ тілін толық талап етпеу;

Білім беру реформаларында қазақ тілінің басымдығын елемеу;

Бизнес, технология салаларында қазақ тілін дамыту бағдарламаларының болмауы;

Қазақ тілін меңгермеген шенеуніктердің мемлекеттік басқаруда белсенді болуы.

Ал енді осы шындықтың күмән қылатын тұсы бар ма?!

Дәлелдеп жатудың қажеті жоқ, күнделікті өміріміздің ақиқаты.

 Қазақ тілі қоғамда «екінші деңгейлі» құрал ретінде қабылдана бастайды. Бұл ұрпақтың өз ана тіліне деген сенімін әлсіретеді.

Тілдік айналым әлсіз болса, ұлттың логикалық ойлау қабілеті де шектеледі. Себебі тіл – ойлау жүйесінің негізі.

 Терең, бай сөздік қор ұлттың дүниетанымының кеңдігін көрсетеді. Айналым әлсіреген сайын сөздік қор кедейленіп, ұлттың ой-өрісі тартылады. Мысалы, бүгінгі қазақ жастарының белсенді сөздік қоры 400-500 сөз айналасында ғана екендігі кейбір зерттеулерде көрсетілді (норма – кемінде 2-3 мың сөз болуы керек).

Тіл – тарихи жадының кілті. Егер ұлт өз тілінде толық өмір сүрмесе, тарихи ұғымдар, ұлы тұлғалар, ұлттық оқиғалар көмескілене береді.

 Қазақтың бай эпикалық мұралары мен мақал-мәтелдерінің қолдану аясы азайып барады. Өз ана тілінде еркін сөйлей алмайтын тұлғаның өзін-өзі тануы әлсірейді. Өз ойын толық жеткізе алмаған тұлға шығармашылық тұрғыдан шектеледі. Тілді меңгермеген тұлға өзінің рухани тамырынан алыстайды.

Психологиялық тұрғыдан:

Тілі әлсіз адамның өзіне деген сенімі әлсіз болады.

 Халық жады – ұлттың ұжымдық рухани қазынасы. Ол тіл арқылы сақталады, тіл арқылы ұрпаққа беріледі.

Тілдік айналым әлсіресе:

Аңыздар ұмытылады;

Тарихи оқиғалар есте жоқ елеске ұласады;

Рухани құндылықтар бұзылады;

Ұлттық дүниетаным стандартталған шетелдік модельдерге ығыстырылады.

 Бұл процестердің салдарын тоқтатудың жолдар бар:

Қазақ тілінің толыққанды айналымын жандандыру;

Ғылым, білім, технология салаларын қазақ тіліне бейімдеу;

Мемлекеттік мекемелер мен БАҚ-та қазақ тілінің үстемдігін бекіту;

Саяси ерікті күшейту, халқыңның табиғи талабымен бірге болу;

Қазақ тілін білмейтін азаматтардың мемлекеттік  қызметте болуына жол бермеу;

Мемлекеттік талаптарды тілдік талаптармен біріктіру;

Сөздік қорды дамыту, мәртебесін көтеру;

Қазақ тіліндегі көркем әдебиетті, БАҚ өнімдерін қолдау;

Қоғамдық санада тілге деген жанашырлықты арттыру.

Айтылып, жазылып жатыр, мұның бәрі жауыр болған пікірлер. Бірақ қайталап айта беруге тура келіп тұр. Биліктің құлағына жетер, ел болармыз деген үміттен шегінуге болмайды. Ұлттың өзі де тіл үшін Құдай алдында жауапты екенін ұмытпасын!

Тілдік айналымның әлсіздігі мен саяси салғырттық ұлт үшін кешірілмес қателікке айналуы мүмкін.

 

Ұлттан безінудің жасырын қасіреті

 

Бұл мәселеге көз жұму – тек тілді емес, тұтас ұлттың болашағын қауіпке тігу деген сөз.

 Тағы бір ескеретін мәселе:

Қаланы ауылға көшіру қиын, ал ауыл қалаға бейімделіп көшіп жатыр. Бірақ қазақ тілі ауылда тастанды бала, қараусыз ата-ана сияқты лақтырылған тулақ терідей қалып жатыр. Қазақ қалаға қазақ тілін ауылға тастағанда ғана «жақсы» қазақ ретінде сіңісті бола алады. Демек, қалаға баратын қазақ тек үйін, ауылды сатуға мәжбүрлікпен қоса, ұлтын, тілін, қазақы төл болмысын да сатып кетуге мәжбүр.

 Қазақ тілінің қаладан қуылуы  – ауылдан ажырап, ұлттан безінудің жасырын трагедиясы.

 Бұл көшу – тек географиялық орын ауыстыру емес, ол рухани кеңістіктің ауысуы, тілдің, болмыстың, жадының майдансыз шегінуі.

Қазақ ауылмен бірге тілін де ауылда қалдырып барады.

Қалада қазақ болу үшін ауылдық төл болмысты, қазақ тілін, ұлттық рухты «лақтырылған терідей» тастап кетуге мәжбүр.

Біз тілдің жай ғана құрал емес, ұлттың рухани тірі жаны екенін ұмыта бастадық.

Қалаға қазақтың көшуі және тілдің «қалдырылуы»:

Кеңестік кезеңде қазақтың қаладағы саны азайып, ауыл ұлттық тілдің, салттың соңғы тірі ошағы ретінде қалды.

Ауыл – қазақ тілінің ана құрсағы болды.

Ауыл – адам жанының бесігі.

Топырағы – сағыныш,

Бал дәурен – балалықтың үні,

Таңғы тыныштығы – ананың алақаны секілді.

Ауыл – қазаққа біткен жүректің лүпілі,

Кең жайлау, кербез дала, рухтың алтын бесігі.

Ауыл... оның да айтар зары көп.

Бірақ тәуелсіздіктен кейін урбандалу процесі күшейді:

жұмыс іздеп, білім іздеп, өмір сүру мүмкіндігін арттыру үшін ауыл жаппай қалаға көше бастады. Алайда қаланың орыстанған, ағылшынданған, жаһанданған бет-бейнесі қазақтың төл рухына дайын болмады.

Қазақ қалаға көшкенде өз тілін, өз болмысын өзімен бірге ала алмады.

Ол тілін ауылда қалдырып кетті.

Тілдің ауылда тастанды қалуы:

Бүгінгі ауыл бұрынғы рухтың қалдықтарын ғана сақтап қалған мұңды мекенге айналды. Қазақ тіліндегі сөздік қазына ауылда «қараусыз қалған ата- анадай» иесіз күй кешуде, лақтырылған тулақ терідей жұрқаланып барады. Бұл – тек тілдің құлдырауы емес, ұлттың рухани өзегінен алыстауы. Қаладағы қазақтың «жақсы» атану трагедиясы:

Бүгінде қалада «жақсы қазақ» деген ұғым қалай қалыптасады?

Өкінішке қарай:

Орыс тілін (немесе ағылшын тілін) еркін меңгерген;

Қазақы ерекшеліктерін «қала мәдениетіне» бейімдеп жасыра алған;

Қазақ тілінде сөйлеуді «артта қалғандық» деп санайтын қазақ қана «жаңа заман адамы» саналып жүр.

Бұның артында не жатыр?

Қаланың тілдік мәдениетінде қазақ тілі «шеттетілген» мәртебеде;

Қазақ тілінде сөйлеу – қоғамдық ортада мәртебе емес, кейде кемшілік сияқты қабылданады.

Демек, қалаға тілсіз (ұлтсыз) келген, өзге тілге өзегін созып жүрген қазақ қана толық сіңіседі.

Ал қазақ тілін өзімен бірге әкелген қазақ көбіне жатсынады немесе шеттетіледі.

Міне, сонымен, қалаға келген қазақ:

Үйін сатып келеді, бұл – физикалық қажеттілік;

Бірақ сонымен бірге ұлттық болмысын, ана тілін де «саудаға салып» келеді,  бұл – рухани трагедия.

Бұл – сырттан көрінбейтін, бірақ ұлт тағдыры үшін іштен ірітетін аса ауыр процесс.

Тілінен айырылған халық өзін-өзі жоғалтады.

Ұлттық санадағы екіжүзді жараның іріңі қанға өтуге қарап тұр.

Бүгінгі Қазақстанда қалыптасқан қауіпті қайшылық:

Ресми ұрандар:  «Мемлекеттік тіл – қазақ тілі» дейді.

Бірақ өмірде: қазақ тілінің құқығы шектелген, мәртебесі төмен, қолдану аясы тар. Бұл – саяси салғырттық пен қоғамдық «ойнақы мінездің» ең ащы белгісі.

Ұлт өзін-өзі алдап келе жатыр.

Қалаларда қазақ тілінің нақты үстемдігін қамтамасыз ету;

Қазақ тілін тек ауылдың мұрасы емес, урбандық мәдениеттің негізгі өзегі ету;

Қазақ тілінің шынайы мәртебесін заңмен және қоғам санасымен бірге қорғау;

Әсіресе жастар арасында қазақ тілінің заманауи, беделді бейнесін қалыптастыру. 

Міне, бұл да жедел қолға алуды талап етіп тұрған өзекті шараның бірегейі. Рухани  тұрғыдан омақасып, не шалқалап жығылуымызға сәл қалып тұрған кемшін тұсымыздың айғағы. 

Уа, Жаратқан Ием! Жастардың жүрегіне иман нұрын құй, жанарынан үміт отын өшірме!

Бабалар аманатын сақтайтын қайрат пен рух, ұлттық намыс пен ояу сана бер!

Бірлігі бекем, намысы асқақ, тамыры терең ел ете гөр!

Ақтау қаласы

САБЫР АДАЙ, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері
29.05.2025

Ұқсас жаңалықтар

ЖЕМҚОРларМЕН КҮРЕС – ОТАНҒА ҮЛЕС
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 28.05.2025 290
ЖАС САРБАЗДАР САҚАДАЙ САЙ
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 28.05.2025 286
ШЫҒЫСТАҒЫ  ШЫРАЙЛЫ ЖҮЗДЕСУЛЕР
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы - 28.05.2025 300

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 13365
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 13340
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 28454
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 27138
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 30641