ОБЛЫСТЫҚ МҰРАЖАЙДАҒЫ ЕРЕКШЕ ДУЛЫҒА

ОБЛЫСТЫҚ МҰРАЖАЙДАҒЫ ЕРЕКШЕ   ДУЛЫҒА

Жиегінде алтын жалатқан арабша жазуы бар дулығаны Солтүстік Қазақстан тарихи-өлкетану мұражайына кімнің қашан бергені белгісіз.

 

Мұражай қызметкерлерінің айтуынша, бұл көне жәдігерді 1930 жылы әкеліп тапсырған екен. Бастапқыда оны моңғол дулығасы ретінде көрсетіп келген.

Аталмыш нысанда мұндай ерекше бас киім жалғыз, дулығаның үсті майысқан, қылыштың екі ізі бар. Көне жәдігер жасырған сырды ашуға алғаш қызыққандардың бірі өлкетанушы Рашид Тынчаров болған. 

– Бұл көне жәдігерді маған көрсеткен кезде, ол кімге, қай ұлтқа тиесілі екен деген қызығушылық пайда болды. Көптеген анықтамалықты, әдебиетті қопардым. Нәтижесінде мұндай дулығаны орта ғасырларда кигенін анықтадым. Осыған ұқсас дулығалар қазіргі Ресей аумағында, Оңтүстік Кавказда және қыпшақ қорымдарынан табылған екен. Арабша жазуын хазірет Зейнолла Сайфутдинмен оқи алдық, айналдыра Құраннан алынған «Бақара» сүресі жазылған екен. Күнқағарында «Мұхаммед пайғамбар сенімен» деп жазылған. Қай жылы жасалған, кім жасағаны көрсетілмеген. Күнқағарының үстінде Ахмад Якубұлы деген жазуды таптық. Арабша жазуы бар, алтындатылған жиегін зергерлер жасаған, кейін оны қару жасаушылар дулығаның астына бекіткен. Диаметрі – 22 см, 66 өлшемге сәйкес келеді. Дулығаның астынан киіз кигеннің өзінде бұл жауынгердің басы үлкен болғанын көреміз, соған сай бойы да екі метрге жуық болуы мүмкін. Шеберлер темірден соғып жасаған. Бір қызығы, дулығаны олар тапсырыспен істеген, – дейді бас киімді зерттеген өлкетанушы. 

СҚО тарихи-өлкетану мұражайының қызметкері Сәуле Байтенова да бұл дулыға туралы деректерді жинақтап, оның мұражай қорына қалай және қай кезеңде түскені жайында жүйелі мәліметтер береді. Зерттеуші бұл дулығаның қысқаша сипаттамасын да келтіреді.

Маманның айтуынша, дулыға  1930 жылдары облыстық тарихи-өлкетану мұражайының алғашқы этнографиялық қорына түскен алғашқы экспонаттардың бірі болған.

Алайда, 1920-1940 жылдар аралығында мұражайға заттар қабылдау ісі тиісті түрде құжатталмаған. Осы себепті жәдігер жайлы алғаш ресми жазба тек 1950 жылы пайда болған. 

Мұражай қызметкерлері дулығаны XV ғасырға жатқызған және оны сол кезеңдегі Шығыс Дешті-Қыпшақ көшпелілерінің қорғаныс қару-жарақтарымен байланыстырған. 

Новосібір мемлекеттік университетінің ғалымдары да бұл ерекше дулығаға қызығушылық танытты. 

– Типологиялық талдау арқылы бұл дулығаны XVII-XVIII ғасырдың басына жатқыздық. Ол Мәуереннаһр, Шығыс Түркістан немесе Оңтүстік Қазақстандағы Сырдария бойындағы қалаларда белгілі бір әлеуметтік мәртебесі жоғары қазақ, өзбек немесе ұйғыр жауынгерінің тапсырысы бойынша шеберлер тарапынан жасалған болуы ықтимал. Мұндай болжам жасауға дулығаның тұтас соғылған төбесі мен араб жазулары бар сақинасы және «қорапша» тәріздес күнқағары себеп. Мұндай күнқағар – Орталық Азиядағы моңғол және түркі көшпенділерінің ұрысқа арналған бас киімдеріне тән ерекшелік. Осы дулығаның ең жақын аналогтары қазіргі уақытта Қазақстанның музей қорында сақтаулы. Дулығадағы жөндеу мен қайта қалпына келтіру іздеріне қарап, оның ұзақ уақыт бойы қолданылғанын байқауға болады, –  дейді зерттеу жүргізген тарих ғылымдарының докторы Леонид Бобров.

Нұрсайын ШӘРІП
26.05.2025

Ұқсас жаңалықтар

ЖЕМҚОРларМЕН КҮРЕС – ОТАНҒА ҮЛЕС
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 28.05.2025 78
ЖАС САРБАЗДАР САҚАДАЙ САЙ
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 28.05.2025 72
РУАНДА – ЕЛІМІЗДІҢ АФРИКАДАҒЫ ДОСЫ
Нағашыбай Қабылбек - 28.05.2025 50
ШЫҒЫСТАҒЫ  ШЫРАЙЛЫ ЖҮЗДЕСУЛЕР
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы - 28.05.2025 70
РУХАНИ ҚҰНДЫЛЫҚ – ҰЛТ ҚУАТЫ
Ш.МЕКЕНБАЙ, Түркістан облысы - 28.05.2025 65

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 13172
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 13151
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 28267
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 26959
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 30444