Парламент Мәжілісі депутаттары жасанды интеллект туралы үш заңның жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Бұл – заман талабы. Уақыттың жетістігіне бағыну.
Бүгіндері күнделікті тіршіліктегі қажеттіліктердің бәрінің басында тұрған жасанды интеллекттің қоғамдағы орны зор. Қай саланы қарасақ та жасанды интеллект төбе көрсетеді.
Адам баласының бүгінгі онлайн және оффлайн өмірі жасанды интеллектке тікелей байланысты. Болашақта оған сұраныс әлі артпақ. Небір таңғажайып оқиғалар болуы мүмкін. Қазірдің өзінде ұшқышы жоқ ұшақтар мен басқарушысы жоқ танктер пайда болуда. Кейбір дамыған елдерде қожайындарға темір роботтар қызмет көрсетуде.
Киборг-әскерлер мен ақылды әскери-дрондардан бөлек, келешекте жасанды интеллект адам баласының жұмыссыз қалуына да себепші болуы мүмкін. Мысалы, 2014 жылы америкалық миллиардер Джефф Безос Amazon.com компаниясының жүк тасымалдайтын мыңдаған қызметкерін жұмыстан босатып, оларды роботтармен алмастырды. Қазіргі таңда компанияның қоймаларында жүз мың робот жұмыс істейді.
Одан бөлек, такси қызметін ұсынатын Uber компаниясы жүргізушісіз қозғалатын көлік жүйесін тестілеуден өткізіп жатыр. Егер жоба іске асса, 2 миллионға жуық такси жүргізушісі жұмыссыз қалуы мүмкін. Көріп тұрсыз ба, жасанды интеллектінің күші мен қуаты мол.
Жасанды интеллект деген не?
Соңғы ғасырдың жартысынан бері түрлі елдің ғалымдары адамның санасы сияқты әртүрлі функцияларды басқара алатын күрделі механизмді жасанды жолмен жасауға тырысып келеді. Әзірге адам санасының аналогы жасалған жоқ. Оны ғылымда «жасанды интеллект» дейді.
1956 жылдың жазында Джон Маккарти есімді америкалық бағдарламашы АҚШ-тың Дартмут колледжінде өткен ғылыми конференцияда бұл терминді алғаш рет қолданған. Ол компьютерлік бағдарламалаудағы ең алғашқы тілдердің бірі Лисптің негізін салған. Жасанды интеллектінің дамуына қосқан үлесі үшін Маккарти зейнет жасында Тюринг премиясының лауреаты атанған.
Бүгінгі ғалымдар компьютер мүмкіндігін бірнеше мың есеге күшейткенімен, оны бағдарламалау кодының шеңберінен шығаруға қол жеткізбеді. «Жасанды интеллект» тіркесі адамның санасын жасанды жолмен жасау идеясын арқалағандықтан, ол адам сияқты еркін ойлау қабілетіне ие болуы тиіс. Осылай соңғы 20 жылда жасанды интеллектіні дамытумен айналысатын институттарға нейроғалымдар (нейробиолог, невролог, нейрохимик, ми ғалымы) тартыла бастады. Нейрон адам миында әртүрлі функцияға жауапты жасуша болса, бағдарламалауда ол 0 мен 1 сандарының арасындағы тұрақты микробірлік болып саналады.
Жасанды интеллект адам баласына қауіп төндіруі мүмкін бе? Бұл көптің көкейіндегі сауал.
Қазіргі таңда әлемдегі беделді ғалымдар жасанды интеллектінің дамуына екі түрлі көзқараспен қарайды. Бір тобы жасанды интеллект адам баласына еш қауіп төндірмейді деп сенсе, екінші тобы адамзаттың түбіне жететін жасанды интеллектке ие роботтар деп санайды.
2018 жылы SpaceX, SolarCity және Tesla Motors компанияларының жетекшісі Илон Маск бастаған жасанды интеллект саласындағы бірқатар сарапшылар «Бұл компьютерге сенесің бе?» («Do you trust this computer?») атты деректі фильмде өздерінің жасанды интеллект дамуына қатысты пікірін білдірді. Олардың басым бөлігі жасанды интеллект дамуын бақылауда ұстау маңызы жайлы айтады.
Илон Маск үндеуімен бірқатар белсенді ғалымдар мен футурологтар жасанды интеллектінің қаупі жайлы Біріккен Ұлттар Ұйымына да арнайы хат жазған. Хатта жасанды интеллектіге ие әскери қаруларды бақылауда ұстау мәселесі көтеріледі.
Олардың аргументтері салмақты. Себебі кез келген ел билігі әлемде аналогы жоқ суперқару иемденгісі келеді. Сол мақсатпен де олар құпия зертханаларды қаржыландырып, оларға қыруар ақша бөліп отыр. Мысалы, өткен жылы Қытай жасанды интеллектінің дамуына жұмсайтын қаржы көлемі бойынша АҚШ-тан озып, инвестиция көлемін 12 миллиард АҚШ долларына жеткізген. Қытай үкіметі 2030 жылға дейін жасанды интеллектіге $150 миллиард қаржы құюды мақсат етіп отыр. Сондай-ақ, Қытай қаржыландырып отырған жобалардың басым бөлігі Бейжің төңірегінде шоғырланған.
Жасанды интеллект туралы айта берсек әңгіме көп.
Парламент Мәжілісі депутаттары жасанды интеллект туралы үш заңның жобасын бірінші оқылымда мақұлдағаннан кейін, Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ жасанды интеллект көмегімен жасалған туындыны «ЖИ» таңбасымен жариялау туралы ұсыныстарға пікір білдіріпті.
Бұл туралы https://kaz.inform.kz/news/mazhlste-zhasandi-intellekt-komegmen-zhasalgan-tuindini-zhi-tanbasimen-zhariyalau-maseles-pisiktalip-zhatir-9c5d29/ сайтында тұр.
Мәжіліс жасанды интеллект туралы үш бірдей заңның жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжаттарды әзірлеп жатқан жұмыс тобының құрамында депутат Үнзила Шапақ та бар. Палатаның жалпы отырысынан кейін ол журналистерге аталған құжаттардың жаңашылдығын түсіндірген.
– Қазір жасанды интеллект көмегімен сурет салынады, өлең мен мақала жазылады. Заң арқылы осындай авторларды туындысына «ЖИ» таңбасын қоюға міндеттейсіздер ме? – деп сұрады журналист.
Депутат Үнзила Шапақ бұл мәселе «Жасанды интеллект туралы» заңның жобасын екінші оқылымға дайындау кезінде пысықталмақ.
– Жалпы жасанды интеллект көмегі адам пайдаланатын болса, туындыны әзірлеу үлесін есептейтін жағдай керек. Мысалы мен бір мақала жаздым дейік. Жазып болғаннан кейін оның грамматикасын, емлесін, стилистикасын жасанды интеллектіге тексертуім мүмкін. Мұндай жағдайда негізгі жұмысты мен істеген болып есептелемін. Ал жасанды интеллект тек корректордың қызметін атқарған. Мұндай кезде туынды авторы мен болып есептелемін. Ал енді туындыны толыққанды жасанды интеллект жасаса, оны адам өз атынан жарияласа, ол заңсыз болып есептелу керек, – дейді ол.
Оның сөзінше кейбір елдер жасанды интеллект көмегімен жасалған туындыға адамның қанша үлес қосқанын өлшеу тәсілдерін әзірлеп жатыр. Жұмыс тобы мұндай нұсқаны да пысықтап жатқан көрінеді.
– Жасанды интеллектіні пайдаланудың пайызбен өлшейтін критерийлері болады. Ал «ЖИ» таңбасын қоюға міндеттеу мәселесін дәл қазір айта алмаймын. Бұл тек жұмыс тобында талқыланып жатқан мәселе. Заң жобасы дайын болған кезде нақтыланады, – деді Үнзила Шапақ.
PS: Әлемнің көшінен қалмау үшін жасанды интеллектіні іске асыру ұлы міндет. Тек адам баласы ойлауды тоқтатпаса, сана-сезімін тоқырауға түсірмесе, ізгіліктен қол үзбесе, жасанды интеллектіге құл болмайды. Оны қалуынша пайдаланып, кәдесіне жаратуға ғылымның мүмкіндігі зор. Зұлымдыққа, жауыздыққа пайдаланса – қасірет!