«Qazaqstan dauiri» ЖШС кезекті экспедициясының бағытын шығыстағы екі облысқа бұрдық. Мамыр айының 20-23 күндері арасында компанияның бас директоры Сәуле Мешітбайқызы мен «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы Дәулетбек Байтұрсынұлы Абай облысы мен ШҚО өңіріне «Бабалар рухына тағзым» экспедициясы бойынша жолға шықты. Семей әуежайынан Абай облысы Қоғамдық даму басқармасының басшысы Айдар Садырбаев күтіп алды. Ысылған басшы, өз ісінің білгірі, жоғары мен төменді шебер үйлестіріп отырған Айдар мырза бізді Аягөз ауданына жеткізді. Ертесі 21 мамыр күнгі сапардың салмағы ауыр еді. Қазақта «Әруақты жерден ат үркеді», «Әруақ аттаған оңбайды» деген сөз бар. Елдің иесі, жердің киесі бар. Әне сондай халық қадірлеген шығыстың рухани байлығы әулие Ырғызбай Досқанаұлы (1787-1850 жж.) бабаға зиярат жасау үшін жолға шықтық. Ырғызбай әулие туралы айтар әңгіме де, алар ғибрат та мол. Арғы заманнан бізге жеткен ақиқат Құнанбай Өскенбайұлы қатты ауырып қалғанда оны емдеп ажалға араша болып, бетін бері қаратқаны күллі шығысқа белгілі. «Бабалар рухына тағзым» деген экспедиция аясында басылымның Бас директоры Сәуле Мешітбайқызы мен Бас редакторы Ертай Айғалиұлы Бердібек Сапарбаев әкім болып тұрғанда Ырғызбай әулиенің басына барып, әулие қорымының күтімсіз жатқандығын Бердібек әкімге жеткізеді. Шығыста әкім болып тұрғанда Бердібек Сапарбаев атаның мазарына ат басын бұрып, көп қамқорлық жасап, назар аударып келгенін жұрт біледі. Онан кейінгі Даниал Ахметов те әкім болып тұрғанда Сәуле Мешітбайқызы бірнеше рет қабылдауында болып, баба туралы ой-пікірімен бөліскен. Ол 40 км қашықтан электр сымын тартқызып, бабаның басындағы кешенді абаттандырып, жеке адамдардың қарауындағы атаның басын облыстың қарамағына өткізіп, өз бақылауына алыпты.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Аманұлы Сақтағановпен бірге
Газетіміздің жанашыры Аягөздегі Нұрланбек Тоқтабаев бауырымыз – Ырғызбай әулиенің кешеніне үнемі қызмет етіп келе жатқан жомарт жандардың бірі. Бізді көлігіне отырғызған Нұрланбек бауырымыз Аягөз даласын артқа тастап, Тарбағатай тауларын аралап, онан ары Ақсуат ауданының жеріне өтті. Сәуле Мешітбайқызы мен Нұрланбек Тоқтабаевтың тумаса да туғандай бауыр болып араласып келе жатқанына он бес жылдан асыпты. Көптен бері кездеспеген бұл кісілердің әңгімесі жол бойы бір толастамады. Ақсуат ауданының Ырғызбай ауылдық округінің жер шегіне жеттік.
Алдымыздан ұшы-қиырына көз жетпейтін Ақтақыр (Ақши) жазығы кездесті. Осы Ақтақырдың Күмісті жайлауының төрінде Күмісті бұлақ. Әне сол бұлақтың басында Ырғызбай атаның күмбезі тұр. Жазық даланың бір шетінен бабаның басына орнатылған Баянауылдың тасынан өрілген күмбез. Самарқанттың қызыл кірпішінен қаланған мешіт, тастан жасалған этномузей, осы заманға лайықталған «Дала даналары кітапханасы», хатымхана, қонақүй, жаздық шайхана өзге де тұрмысқа қажетті құрылыстар бой көтеріпті. Даниал Ахметов жеткізген электр бағаналары қосылып дала төсінен өзгеше оқшау қалашықты қалыптастырыпты. Күндіз күнге шағылысқан шатырлар сонадайдан көрінсе, түнде электр жарығы жарқырап Күмісті жайлауына шоқжұлдыз қонақтағандай көз тартады.
Осы жерде айта кетерлік бір жағдай, алдымыздан тасқа ойылған: «Алланың разылығы үшін осы кешенді салдырған азаматтар Жомарт Мухаметсайдиұлы Садуақасов, Асқар Жолдахметұлы Аманжолов, Руслан Саид-Алиұлы Баширов. Ұйымдастырушы: Мешітбайқызы Лиза апа қажы. 2008.08.29» деген жазуға кездестік. Лиза Мешітбайқызы (1943-2009 жж.) өмірінде жеті мешіт салдырған кісі. Соның бірі осы Ырғызбай атаның басындағы Самарқант үлгісінде салынған әсем мешіт. Лиза апаның суреті, оның өнегелі өмірбаяны Хатымханаға ілініпті. (Сәуле Мешітбайқызының жиі келіп, әкімдерге аманат етуінің өзі Лиза қажы апасының аманаты болған екен). Сәуле Мешітбайқызы осыдан он бес жыл бұрын әулие атаның басына бірнеше мәрте келіп қайтқан екен.
Бұл жолы да арнайы ат басын бұрып, әулиенің басына келіп зиярат жасады. Бізді Ақсуат ауданы әкімінің орынбасары Мерей Қайырбеков, Ырғызбай ауылдық округіне қарасты Жантікей ауылының ақсақалдар алқасының төрағасы Тоқтарғазы Жокин, кезінде көп жыл бабаның басында шырақшы болған Алтынбек Байсеңгір, жуықта ғана кешеннің директоры болып тағайындалған Қанат Көнекбаев секілді азаматтар күтіп алды. Сәуле Мешітбайқызы елдің амандығын, жердің тыныштығын, халықтың ынтымақ-бірлігін тілеп Құдай жолына атап бір мал құрбандық шалды. Бір кездегі елсіз даладағы бабаның тас қабірі мен бір бөлмелі тас үйден басқа ештеңе жоқ мынау алқаптан шағын қалашық бой көтергенін көріп қатты қуанды. Атсалысқан облыстың бұрынғы екі әкіміне, жұмыстарына жұмыла кіріскен ел азаматтарына алғысын айтты. Дастарқан басында Ырғызбай әулие туралы сантүрлі ғажайып әңгімелер айтылды. Осыған дейін көп жыл шырақшы болған Алтынбек Байсеңгір бауырымыз тылсым сырлар мен ойламаған оқыс оқиғалар туралы көзімен көріп, жанымен сезінген жайттерді жаны тебіреніп отырып баяндап берді.
Ырғызбай атаның басынан жолға шыққан біздер дала жолымен тартып отырып, Көкпекті ауданына қарай беттедік. Аудан орталығына жақындағанда үлкен жолдың бойында әкімнің орынбасары Мақсат Сайлауғазы күтіп тұр екен. Бұл азамат былтыр келгенімізде өзі күтіп алып, ауданды аралатып, елдің дамуын көрсеткен болатын. Мінеки, тағы да қарсы алып тұр...
Одан кейін біз Жарма ауданының жерін басып өтіп, Семейге тура тарттық. Семейден шығып, қайтадан Семейге тірелгенде мың шақырым жол жүргенімізді білдік.
***
22 мамыр Абай облысы әкімінің қабылдауына кірдік. Жаңадан тағайындалған әкім Берік Уәли мұнда келіп қызметіне кіріскелі көп бола қойған жоқ. Өңірде жаңалықтар мол. Кеше ғана Қытай Халық республикасының Шынжаң өлкесі – Алтай мен Тарбағатай аймағына барып өлке басшыларымен кездесіп, облысқа инвестиция тарту жұмыстарын атқарып келіпті. Облыс әкімі Берік Уәлиұлы бізді асығыс қабылдап, қысқа жауап берсе де, байланыстың әрі қарай жалғасатынына уәде берді. Жылы жүздесу жарасымын тапты. Сәуле Мешітбайқызы оның қызметіне құтты болсын айтып, алдағы жұмыстарына табыс тіледі.
2023 жылы «Ауыл аманаты – ел аманаты» экспедициясы аясында Абай облысына келгенде өңір басшысына кездескенін, үш жылдан бері Көкпекті, Жарма, Абай аудандарын аралап кездесулер өткізгенін айтты. Сол сапарда Абай ауданы әкімімен болған кездесуде Хакім Абайдың 180 жылдығы туралы пікір алмасып, ұлы тойға ақпараттық қолдаушылық танытып «Абай жолы» деген айдар мен газетке тұрақты түрде материалдар беретінін айтқан еді. Әне, сол уәде бойынша «Абай жолы» айдары «Qazaqstan dauiri» газетінде тұрақты түрде шығып келе жатқанын айтты. «Өйткені Абай жолы – Қазақ жолы. Ол біздің рухани қазынамыз, адастырмас темір қазық» деді. Екеуара диалог кезектегі жағдай, атқарылған қызметтер туралы болды. Әрине, баспасөздің елдегі таралуы да шет қалған жоқ.
Абай облысы жаңадан облыс болып ашылғанда экспедиция аясында 2023 жылы күзде елге табан тіреген Сәуле Мешітбайқызы сол кездегі әкім Нұрлан Ұранхаевтың қабылдауында болды. Нұрлан Ұранхаевтың бұл облысқа сіңірген еңбегі зор. Жаңадан Абай облысы құрылғанда қуанбаған қазақ жоқ. Біздің ұжым да ерекше қуанды. Себебі Семеймен байланысымыз үзіліп қалған жерден қайтадан жалғанып еді. Н.Ұранхаевтың жаңа облыс ашқандағы еңбегін атамай өтуге болмайды. Тозығы жеткен, отыз жылға жуық қираған, тозған, көшесі де тозған жерге жаңадан облыс орнату билікке де, өңір жұртшылығына да оңай болған жоқ. Естеріңізде болса, сол кездегі Семей орманындағы алапат өрт те халықты есеңгіретті. Сонда халықтың бірлігімен көп іс жасалды. Билік басындағылар айлық та алмады, кабинет болмай, мектеп партасына отырды. Сөйтіп жүріп бірлікпен, ұйымшылдықпен үлкен істер атқарылды. Сондықтан осы облыстың бірінші әкімі ретінде Н.Ұранхаевтың өңірге еткен еңбегі ерен. Бізде жаман үрдіс бар, кеткен әкімнің еңбегін бағаламаймыз да, жаңа әкімді мақтай жөнелеміз. Әкім Берік Уәлидің осы Н.Ұранхаевтың бастаған істерін жалғастырып және де өзінің жаңаша ойларын, жоспарын батыл түрде жүзеге асырып жатқанына куә болдық.
Абай облысы қайтадан ашылғалы да үш жыл болды. Бір кезде қайнап жатқан қала Н.Назарбаевтың оңтайландыру саясатына ілініп кетіп, аты әйгілі, орыны жоғары, руханияттың астанасы, Алаштың ту тіккен мекені қағаберісте қалып, Семей қатардағы қаланың біріне айналды. Сол жылдары біздің де көңіліміз жабырқап, мұңға батып едік. Абай облысы құрылғанда біз де жоғымыз табылып, шырағымыз жанғандай мәз болдық. Өйткені Абай елі мен Абай жері жүдеуге қақысы жоқ. Онда ұлттың шырағы, халықтың қаймағы, рухани бастауымыз Абай Құнанбайұлы өмір сүрген. Классик жазушымыз, кемеңгер дана Мұхтар Әуезов түлеп ұшқан. Алаш ардақтылары атқа мінген, еркіндік аңсаған, тәуелсіздікті көксеген жер. Ұлт көсемдерінің ізі қалған қасиетті мекен. Біз сондықтан да ел болып қуандық.
2024 жылы «Ауыл аманаты – ел аманаты» экспедициясы аясында барып, Абай ауданын аралап, жұртшылықпен үлкен кездесу жасап, сол жолы «Абай жолы» деген айдар ашатынымызды айттық. Осы ұлы жаңалыққа үн қосайық деп, «Qazaqstan dauiri» газеті мен «Мөлдір бұлақ» арқылы елден бұрын «Абай жолы» айдарын ашып, 180 жылдық ұлы тойды бастап кеттік. Ол айдар тұрақты шығып келеді. Міне, кездесу кезінде Сәуле Мешітбайқызы осындай жүрекжарды сөздерін ортаға салды. Алдағы уақытта облыспен бірлесіп көптеген игі шараларды атқару туралы әңгіме айтылды.
***
Абай облысының әкімінен шыққан соң Шығыс Қазақстан облысының Өскемен қаласына аттанып кеттік. Абай облысының азаматтары бізді көлікпен лезде Өскеменге жеткізді. Абайдың арда азаматтарына алғысымыз шексіз. Қалаға түнделетіп жетіп, қонақүйден орын алып, жақсылап демалдық. Ертеңіне белгіленген уақытта Облыстық Ішкі саясаттың басшысы Ернұр Бурахан өзі іссапарда жүрсе де жігіттер жіберіп, олар бізді облыс әкіміне алып барды. Облыс әкімі Нұрымбет Аманұлы Сақтағанов – шығыста қызмет еткен басшы. Облыстың бірнеше ауданында әкім болған. Оңтүстікте ауылдық мектебінде мұғалім болудан қызметін бастаған іскер азамат біртіндеп өсіп, біртіндеп көтеріліп келе жатқан халықшыл, қарапайым, салмақты басшы екен. Жақында ғана тағайындалған Нұрымбет Аманұлы да кеше ғана Қытай сапарынан келіп отырған сәті екен. Сәуле Мешітбайқызын үлкен ілтипатпен қарсы алды. Ақпарат басшысының сөзін мұқият тыңдады. Аналық мейір, ақжарма көңілін бөлген жоқ. Қалт етпей назар аударып, екі хатшы қызға иек қағып әрбір аталған мәселені хатқа түсіртіп отырды. Сәуле Мешітбайқызы осыған дейін қатарынан екі жыл бойы келіп, Өскемен қаласында, шығыстың Самар, Күршім, Зайсан аудандарына барып кездесулер өткізгенін, Ертіске салынған жаңа көпірді алғашқылардың бірі болып газетке жазғанын жеткізді. Газет оқырмандары азайып барады, өңірдің жағымды жаңалықтарын газетте де, сайттарымызда да жазып, жариялап отырмыз, бірақ кері байланыс жоқ деген ойды айттық. Сондықтан оқырманмен байланыс болмай қалады. Газет халықпен билік арасындағы алтын көпір емес пе? Сол кезде «Газеттің таралымы көбею үшін газет оқылатын болуы керек. Оның жолдарын қарастырып, шешімін бірге қарастырамыз» деді Шығыстың әкімі. Оған Сәуле Мешітбайқызы өзіндік жауабын берді. «Егерде халықпен байланыс болмаса, «Газетке жазылуға мәжбүрлемеңіздер!» деген лауазымды орындардың үкімі үстем болып тұрғанда оны қалай, кімге дәлелдей аламыз?» деді. Сәуле Мешітбайқызы алып келген газет-журналды, екі кітапты әкім ыждағаттылықпен қабылдады. Сұхбат барысында облыс әкімі де өз ойларын ортаға салып, айтылған мәселе туралы ақылдасатынын, лайықты шешім шығарып, тиісті жауабын беретінін ашық айтты. Әкіммен жылы шырайлы жүздесуден кейін біз алдағы уақытта Шығыс жұртшылығымен тығыз байланыс орнайды деген сеніммен аттандық.