Партиялар бәсекесі басталды

Партиялар  бәсекесі басталды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсыныстарына сай, еліміздің саяси тарихында 30 жыл қызмет еткен маңызды құрылым – қос палаталы Парламент осымен тарих қойнауына кетті. Енді мүлде жаңа орган – Құрылтай жұмыс істейтін болады. Бұл атауы өзгерген бір палаталы парламент деп түсінген жөн. Сонымен, депутат мырзаларымыздың жазғы демалыс кездерінде өздері сайланған округтерді аралап, емен-жарқын жүздесулер өткізіп, қара халықтың мұң-зарына құлақ түріп қайтатын дәстүрі биыл үзіліс тапты.

 

Жаңа саяси кезеңнің алғашқы додасы 

Белгілі болғанындай, 2026 жылы 23 тамызда елімізде жаңа саяси жүйе бойынша жалпыхалықтық Құрылтай сайлауы өтеді. Аты тарихи сананы жаңғыртатын атауы бар бұл жаңалық елдің саяси өміріндегі үлкен өзгерістердің бірі болғалы тұр. Барлығы сәтімен аяқталар болса, алдағы уақытта Құрылтай мүшелері 1 шілдеден бастап күшіне енген жаңа Конституцияға сай заңдарды қабылдай бастайтын болады.

Президенттің Жарлығынан кейін Орталық сайлау комиссиясы күнтізбелік жоспарды бекітіп, саяси партиялар кандидаттарын ұсыну науқанын бастады. Әділет министрлігінде ресми тіркеуден өткен 7 партия жеке-дара съездерін шақырып, алдағы Құрылтайға баратын кандидаттарының тізімін бекітіп шықты. Қазіргі белгілі болғаны – 7 партиядан 550 кандидаттың есім-сойы белгілі болды.

Алғашқы болып Respublica партиясы съезін өткізіп, партиялық тізімге 76 кандидатты енгізді. Құрылғанына үш жыл ғана болған жас партияның бағдарламасы – цифрландыру, жасанды интеллект, шағын және орта бизнесті дамытуды көздейді екен. Саяси ұйым жастарға, кәсіпкерлерге және партиялық резервтен шыққан жаңа буын өкілдеріне басымдық бергенін мәлімдеді. Олар 76 кандидаттан тұратын партиялық тізімін ұсынды.

Парламенттен орын алып, елдің саяси өмірінде біршама танымал болып қалған «Ақ жол» демократиялық партиясы кезектен тыс съезінде 63 кандидаттың тізімін бекітті. Партия бұрынғыдай кәсіпкерлікті қолдау, нарықтық экономика және әлеуметтік әділет қағидаттарын басты бағдар ретінде жариялады.

«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы 2026 жылғы 6 шілдеде Астана қаласында өзінің кезектен тыс XXVI съезін өткізді. Мұнда партияның сайлауалды бағдарламасы бекітіліп, Құрылтайға 69 үміткердің тізімі мақұлданды, сондай-ақ саяси кеңестің жаңа құрамы сайланды. Партия төрағасы Азат Перуашев орнынан кетті. Аталмыш партия агроөнеркәсіп, ауыл халқының әл-ауқатын жақсарту, азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерін негізгі басымдық ретінде қарастыратындықтарын жеткізді.

Қазақстан Халық партиясы (ҚХП) кезектен тыс XXV съезін 2026 жылы 7 шілдеде Астана қаласында өткізді. Жиын барысында алдағы Құрылтай депутаттарының сайлауына арналған сайлауалды бағдарлама бекітіліп, партиялық тізім мен Саяси кеңестің жаңа құрамы талқыланды. Олар алдағы Құрылтай сайлауына 72 үміткерден тұратын партиялық тізімді бекітті. ҚХП-ның сайлауалды саяси бағдарламасы әлеуметтік әділеттілікке, адам капиталын дамытуға және еңбек адамының құқығын қорғауға бағытталған.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы 8 шілдеде Астана қаласында өзінің кезектен тыс XXV съезін өткізді. Съезд барысында «Прогресс жолындағы 20 белес» атты жаңа сайлауалды бағдарлама қабылданды. Партия атынан Құрылтай сайлауына қатысатын 33 кандидаттың тізімі мақұлданды. Олар өз бағдарламаларында зейнет жасын қысқарту және әлеуметтік салаға бөлінетін қаржыны ұлғайту бастамаларын көтергелі отыр.

 «BAYTAQ» Жасылдар партиясы кезектен тыс V съезін 2026 жылдың 9 шілдесінде Астана қаласында өткізді. Жиын басталмай жатып біраз шу шықты. Мұнда аймақтардан келген кейбір азаматтардың съезге кіргізілуіне тосқауыл жасалды. Ал жиналыс басталар сәтте партияның бір мүшесі алға суырылып шығып, партия төрағасын алмастыру керек деп айтып үлгерді. Жиын барысында Құрылтай сайлауына қатысатын партиялық тізім мен үміткерлер қайта бекітіліп, мақұлданды. Партия Жарғысына өзгерістер енгізіліп, жаңартылған сайлауалды платформасы мен стратегиясы айқындалды. «BAYTAQ» Жасылдар партиясының негізгі бағдарламасы – «Кең байтақ жасыл болашақ үшін» ұранына негізделген. Ол табиғат пен адамның үйлесімді өмір сүретін орнықты әрі салауатты қоғамын құруды мақсат етеді. Партия тағы бір съезд өткізіп барып, ең соңында 47 адамды ұсынды.

Жұрт назарын аударған жаңа партия – «Әділет» партиясының кезектен тыс III съезі 2026 жылы 10 шілдеде Астана қаласында өтті. Жиында партияның сайлауалды бағдарламасы бекітіліп, кандидаттардың партиялық тізімі анықталды. Бұған дейін партияның құрылтай съезі 2026 жылы 7 мамырда, ал II съезі 14 маусымда өткен болатын. Аяқ астынан құрылып, көзі ашып-жұмғанша ресми түрде тіркеліп, үлгерген жаңа партия жедел-жедел екі кезек жиналыс өткізіп үлгерді. Тау қопарардай екпінінің бөлек болғаны сонша, Парламентте салмағы бар, аты сан рет өзгерсе де, билік партиясы ретінде заты өзгермей келе жатқан AMANAT партиясының өзі «қалап тигені» елдің саяси тарихында өшпейтін із болып қалғаны анық.

AMANAT партиясының қосылуы бұл партияның саяси беделі мен салмағын күрт жоғарылатып тұрғандай. Сонымен адам саны молая түскен «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасы «еңбек пен заң үстемдігіне, әділетті экономика мен цифрландыруға негізделген. Бағдарлама мемлекет пен қоғамның жаңа үйлесімді серіктестігін қалыптастырып, алдағы 5 жылда нақты нәтижелерге қол жеткізуді көздейді» екен. Олар Құрылтайға үміткер ретінде 186 адамды ұсынды.

 

VIII шақырылымда «шаңдатқан» партиялар

Жаңа Құрылтай сайлауына дейін Қазақстанның заң шығарушы органы VIII шақырылымдағы Мәжіліс болды. 2023 жылғы сайлау нәтижесінде Мәжіліске алты партиядан 98 депутат сайланып еді. Оның 69-ы партиялық тізіммен өткен 6 партияның өкілі болатын. Реті бойынша ең көп орын AMANAT партиясынан 40 депутат, одан кейін «Ауыл» партиясынан 8 депутат, Respublica партиясынан 6 депутат, «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясынан 6 депутат, Қазақстан Халық партиясынан 5 депутат және «BAYTAQ» Жасылдар партиясынан 4 депутат сайланып еді. Сонымен бірге бірмандатты округтерден 29 тәуелсіз депутат сайланған болатын. Үш жыл ішінде VIII шақырылымдағы Мәжіліс салық реформасы, бюджет, әкімшілік басқару, цифрландыру, әлеуметтік саясат, жергілікті өзін-өзі басқару сияқты көптеген заңдарды қабылдап, жаңа Конституция аясындағы реформаларды құқықтық тұрғыдан қамтамасыз етті. Осының ішінде ҚҚС-ны 12 пайыздан 16 пайызға көтеру шешімін халық ешқашан ұмыта қоймайтыны анық...

Президенттің шешімімен қабылданған конституциялық өзгерістерден кейін Мәжіліс өз жұмысын тоқтатып, оның орнына 145 депутаттан тұратын бір палаталы Құрылтай құрылатын болды.

 

Жаңа тізімдегі ескі есімдер

Қазіргі сайлау науқанының тағы бір ерекшелігі – көптеген партиялардың бұрыннан Парламентте жүрген тәжірибелі саясаткерлерді қайта ұсынуы жұрт назарын аударып отыр. Мәселен, «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев бірнеше шақырылым бойы Мәжіліс депутаты болып келеді. Ол алғаш рет 2012 жылы депутат болып сайланып, кейін 2016 және 2023 жылдары да мандатын сақтап қалды. Егер биыл тағы сайланса, оның заң шығарушы органдағы еңбек өтілі 15 жылға жуықтағалы отыр. Сол сияқты басқа партиялардың құрамында да бірнеше шақырылым бойы депутат болып келе жатқан тәжірибелі саясаткерлер аз емес. «Бұл партиялардың жаңа кадрларға толық бет бұра қоймағанын, тәжірибе мен сабақтастыққа басымдық беріп отырғанын аңғартады», – дейді кейбір саясаткерлер. Есесіне Respublica, ЖСДП және «Әділет» сияқты партиялар жаңа буын өкілдерін көбірек тартуға тырысып жатыр. Сондықтан бұл сайлау тәжірибе мен жаңарудың өзара бәсекесіне айналуы мүмкін.

 

Қай партияның бәсі басым түсуі мүмкін?

Партиялардың жиналыстары енді ғана аяқталды. Әне-міне сайлауалды үгіт ресми түрде басталуы мүмкін. Сондықтан нақты рейтинг туралы айту ерте. Дегенмен қазіргі саяси ахуалға қарап бірнеше қорытынды жасауға болады.

Біріншіден, AMANAT электоратының едәуір бөлігі «Әділет» партиясына ауысып жатқаны байқалады. Сондықтан бұл партия мүшелерінің көптігімен көзге түсіп, алдағы сайлауда ең көп дауыс жинайтын негізгі фавориттердің бірі болуы бек мүмкін...

Екіншіден, Respublica соңғы жылдары жастар мен кәсіпкерлер арасында белсенді жұмыс жүргізді. Егер осы электоратын сақтай алса, қазіргі нәтижесін жақсартып, ықпалын арттыруы мүмкін.

Үшіншіден, кейбір саяси «жауырыншылар» «Ақ жол» өзінің дәстүрлі кәсіпкерлік электоратын жоғалтпағанымен, бұрынғы көрсеткішін сақтап қалатынына күмән келтіріп отыр.

«Ауыл» партиясы ауылдық өңірлердегі қолдауына сүйенеді. Сондықтан өңірлердегі белсенділігіне қарай тұрақты нәтиже көрсетуі ықтимал деп сенуге болар еді. Алайда ауылдық жерлерде де «AMANAT» партиясының абыройлы болғандығын ескерсек, ауылдағы электораттардың бұл партияны өгіздей өрге сүйреп шығаратынына бірдеңе деу қиын.

Ал Қазақстан Халық партиясы мен ЖСДП үшін негізгі көрсеткіш – өздерінің тұрақты электоратын сақтап қалу болса керек. Кезінде билікке қасқая қарап сын айта алатын оппозициялық партия ретінде танылған ЖСДП кейінгі уақытта белсенділігінен айырылғанын көріп отырмыз.

Сондықтан партиялардың орын саны туралы болжам айту қиын. Біздің болжамымыз бойынша ең көп орын «Әділет» партиясына, онан кейін Respublica партиясы, үшінші орында «Ақ жол», төртінші орынды «Ауыл», бесінші орынды Қазақстан Халық партиясы, онан кейінгі орындарды ЖСДП, «BAYTAQ» Жасылдар партиясы иеленуі мүмкін.

PS: Құрылтай сайлауы Қазақстанның жаңа саяси жүйесінің өміршеңдігін айқындайтын алғашқы үлкен сынақ болғалы тұр. Біздің бұл айтқандарымыз қазіргі саяси үрдістерге негізделген сараптамалық бағалау ғана болмақ. Олардың ендігі тағдырын партиялардың сайлауалды үгіт қызметі, теледебаттар, кандидаттардың белсенділігі және сайлаушылардың көңіл күйі шешетін болады. Сонан кейін барып Ақорданың «Ақ батасы» даруы мүмкін....

 

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ
16.07.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 26498
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 25926
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 43321
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 39122
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 43728