1917 жылдың ақпан айында Ресейде жүзеге асқан Ақпан төңкерісі дүниежүзілік маңызы бар оқиға болды. Ол империяны 300 жылдан астам уақыт (1613 жылдан бері) жеке-дара билеп, патшалықтың тағында мызғымай отырған Романовтар әулетін төңкеріп, билікті Уақытша үкіметтің қолына алып берді. 1894 жылдан бастап 23 жылға жуық тақта отырған ІІ Николай тақтан өз еркімен бас тартуға мәжбүр болды. Тұтқындалған бойында оны Уақытша өкімет Царское Селодағы резиденциясына апарып, барлық отбасы мүшелерімен бірге үй қамаққа алды. Кеңес Одағы жылдарындағы таптық идеологиямен жазылған тарих қазақтар «Мекалай заманы» деп атаған заманды да, патшаның өзін де тек теріс жағынан суреттейді. «Мекалай заманында» Ресейдің экономикалық дамуы біршама қарқынды болды. Сонымен қатар, әлеуметтік-саяси текетірестер мен төңкерісшіл рух қатты өрістеді. 1904-1905 жылдардағы Жапониямен болған соғыста жеңілуі 1905-1907 жылдардағы төңкеріске ұласып, патшаны жуасытып, біршама либералды шаралар жасауға мәжбүр етті. Соның ішінде 1905 жылғы манифесімен Мемлекеттік думаны шақырғанын айтуға болады. Бірнеше саяси партияның өкілдері енген І және ІІ Думаға қазақтар арасынан Ә.Бөкейхан, Ш.Қосшығұлұлы, А.Қалменұлы, С.Жантөрин, А.Бірімжанұлы, Т.Нұрекенұлы, Д.Ноян-Тұндыт, М.Тынышпайұлы, Т.Аллабергенұлы, Б.Қаратай, Б.Құлманұлы, М.Тайынұлы депутат болып сайланғанын айта кетейік. ІІ Николайды Ресей халқы өз арасында «қанды Николай» деп атаған. Бұл атақты алуға оның патшалық құрған кезеңдегі көптеген жосықсыз іс-әрекеті себеп болды. Алдымен... Николайдың таққа отыруы Мәскеуде тойланған 1896 жылдың 18 мамырында қаланың батысындағы Ходын даласында көп жиналған халықтың бірін-бірі жаншып, таптауынан 1379 адам қырылып, 900 адам жарақат алған... Бұл оқиғаны тарихшылар болмаса көп адам біле бермейді. Ходын даласының кеңдігі 1 шаршы шақырымдай. Осы алаңда Мәскеудің билігі жаңа патшаның құрметіне халыққа 30 мың шелек сыра мен 400 мың сыйлық дорбасы тегін таратылатынын жариялаған. Осыларды алмақ үшін Мәскеу халқы таң атпай қаптап, жиналады емес пе? Кейінгі зерттеулерге қарағанда, осы шағын жерге 500 мың адам келген екен. Қай күнгідей тобырды толқытқан қаңқу мұнда да шығып, дорба таратушылар сыйлықтарды тек өз адамдарына ғана беріп жатыр екен дегенге алданған халық бірін-бірі басып, сыйлық беретін жерлерге қарай лап қояды..
Соның нәтижесінде, жоғарыдағыда айтқанымыздай 1400-ге жуық адам бірден өлген. Осындай жағдайға қарамай Николай патшаны ұлықтау шаралары одан әрі жалғаса берген... ІІ Николайдың халық арасында «қанды Николай» атануының басы осы оқиға. Одан кейін, көпке белгілі 1905 жылғы «Қанды жексенбі», 1912 жылғы «Лена қырғыны» болды. Екеуінде де бұйрық берушілер ереуіл жасаған бейбіт жұмысшыларға патшаның атынан оқ атқызған. Екі қырғынның да еш қисыны жоқ еді. 1905 жылдың 9 қаңтарындағы қырғынға қатысқан жұмысшылар патшаға сеніп, «Санкт-Петербургтің фабрика-зауыт жұмысшыларының жиналысы» атты заңды ұйымның басшысы Георгий Гапонның түрлі әділетсіздіктерді айтып, оны түзетуді талап етіп жазған петициясын жұмысшылар өз қолдарымен тапсыруға шыққан. Патшаны ақтаушылар сол күні оның Қысқы сарайда болмағанын айтады. Алайда, патша шықпаған соң солдаттардың қатарын бұзып, сарайға күшпен ұмтылушыларды әскер бастығы атуға бұйрық береді. Екі жүздей адам қаза тауып, 800-дей адам жараланған бұл атысты сол кездегі прогресшіл әлем тегіс айыптады. Ал 1912 жылғы сәуірде Лена өзенінің бойындағы алтын кенінде болған 2 мыңнан артық жұмысшылардың бейбіт ереуілін атуға жандармның ротмистрі Трещенков 1905 жылғы үлгімен патшаның атынан атуға бұйрық берген. Нәтижесінде, 300-дей адам қырылып, 250 адам жараланған. Кеңес одағы жылдарындағы әдебиет Николайды әсіресе осы екі оқиға үшін қатты айыптайтын. Сонымен бірге, барлық саяси әдебиеттерде төңкерістің алғышарттары әбден пісіп жетілгенін, патшаның бұдан былай елді басқара алмайтын болғандығын дәлелдейтін. Соның ішінде Лениннің «жоғарыдағылар басқара алмайды, төмендегілер көне алмайды» деген сөздерін басшылыққа алып, оны теориялық тұрғыдан негіздейтін. Ақпан төңкерісіне халықтың революцияшыл көңіл-күйі емес, басты себептердің бірі – нан тапшылығы туралы дүрлігістің түрткісі болғанын көп адам біле бермейді. Патшалық Ресейде нан тапшылығы өте сирек болатын оқиға еді. Профессор С.Покровскийдің 1947 жылғы деректеріне қарағанда, Ресей 1912 жылы 548,5 млн, 1913 жылы 647,8 млн пұт астықты сыртқа шығарған әлемдегі астық сатушы алпауыт елдердің бірі болған. Алайда алғашқы дүниежүзілік соғыс жылдарында мұжықтардың жаппай әскерге алынуымен астықтың шығымы азайып, оның үстіне қалаларға жеткізілуі де кеміп қалады. 1916 жылы да сондай сирек оқиғалардың бірі болған. Патшаны құлатуды ойлап жүрген саяси партиялар мұндай қысылтаяңды өздерінің пайдасына жаратуды ойлап, жұмысшылар арасына жақында нан таусылады, патша тақтан кетпесе мұндай жағдай жалғаса береді деген насихаттарды желдей естіреді. Нан ләпкелерінде бірін-бірі жаншып, ашынып тұрған халықтың жүрегіне мұндай үндеулер қона кетіп, патшаға қарсы лағнет сөздер қарша борайды. Шын мәнінде нан тапшылығын ұйымдастырып, халықтың ашу-ызасын тудырып жүрген саяси партиялардың өкілдері еді. Ол жалғыз большевиктер мен меньшевиктер ғана емес, кадеттер, эсерлер және т.б. болатын.
Сол кездегі Петроградтың күзет бөлімінің бастығы К.Глобачевтің жазуына қарағанда: «1917 жылғы ақпанда Петроград тұрғындарының тұтынуына ұн мөлшері жеткілікті болды. Оның үстіне күн сайын қалаға вагондармен жеткілікті көлемде астық әкелініп тұрды. Ал «жақында аштық болады» деген хабарларды таратып, халықтың ашу-ызасын туғызып, жаппай тәртіпсіздіктерге шақыру тек қана арандатушылардың әрекеті еді. Ақырында олар өз мақсаттарына жетті». Тіпті, қалаға ұн әкеліп жатқан темір жол составтарын да жолдан тоқтатып, басқа бағыттарға жіберген қаскүнемдер де кездесті. Соңғы зерттеулерге қарағанда, олардың арасында жол қатынастары министрлігі басшыларының бірі Ю.Ломоносов болыпты. Ол қалаға астық әкеле жатқан составты Петроградқа жеткізбей, жолдан қайтарған. Сол кездегі Петроградта шығып тұрған «Биржевые ведомости» газетінің 21 ақпандағы нөмірінде нан жетпегеніне ашынған халық «Нан, нан!» деп айғайлап, көшеге шыққан. Олар шағын нан мен тоқаш ләпкелерін төңкеріп, тонауға кіріседі. 23 ақпанда бұл толқуларға Путилов зауытының және басқа кәсіпорындардың жұмысшылары қосылып, «Нан, Нан!» деген үндеулерге «Соғыс тоқтатылсын!», «Патша жойылсын!» деген саяси ұрандарды қосып, көшені басына көтереді. Сол кездегі деректер бойынша ереуілдеген халықтың саны 90 мыңнан асқан екен. Халықтың толқуын қайтсе де өз мақсатына пайдалануға тырысқан саяси партиялардың әрекеттері белсенді бола түскен. Олар стихиялық қозғалыстардың алдында сөйлеп, стачкалардың саяси реңкін қоюлатып, барлығы патшаның таяз, көрбала саясатының кесірінен деген үндеулерді барынша мол таратып жатты. 23 ақпаннан бастап Петроградтағы әскер бөлімдер көтерілісшілер жағына шыға бастайды. 25 ақпанда қаланың әскери коменданты С.Хабаловтың майданның ставкасында жатқан Николайға берген жеделхатында қала көшелеріне ереуілге шыққандар саны 240 мыңдай болғаны айтылады. Монархияны қорғауға тиісті патшаның сенімді күштері бүкіл астананың бойына жайылған ереуілді құрықтай алмады. Ал майданнан патшаны қорғауға әкелінген әскерлер қалаға кіре де алмады. Оның үстіне 1 сәуірге дейін жұмысын тоқтату туралы жарлық шыққан Мемлекеттік думадағы оппозиция енді патшаның жарлығына бағынбайтын Уақытша комитет құрды. Сөйтіп, наннан басталған дүрбелең ақырында, жоғарыда айтқанымыздай, патшаны тақтан тайдыруға әкелді. Уақытша өкіметті алғашында князь Георгий Львов басқарған. Ол барлық билік тармақтарын өзіне бағындырып, халыққа біршама жеңілдіктер жасады. Соның ішінде саяси қылмыскерлерге амнистия жариялап, халыққа азаматтық бостандық берілді. Жергілікті өзін өзі басқаруға реформа жасалды, полицияны «милиция» деген сөзбен алмастырды және т.б. Бірақ құрылымы мен бағыты демократиялық республика болуды көздеген оның билігі баянды болмады. Мың түрлі қайшылықтары шиеленісіп тұрған империядан қалған қоржынды либералдық шешімдермен меңгеріп кету оңай емес-ті. Ақыры билікті тоталитарлық жолмен жүргізуді мақсат еткен большевиктер қарулы көтеріліспен қазан айында тартып алып, 70 жыл бойы қалай басқарғанын бәріміз білеміз. ІІ Николайды Уақытша өкімет Тобыл қаласына жер аударған. Ал большевиктер оны Екатеринбургке алдырып, 1918 жылы барлық бала-шағасымен бірге атып тастады. Міне, Ақпан төңкерісінің аяғы осындай оқиғаларға ұласқан еді.
Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»
2017 ж. 24 ақпан