Бала кезімде әлем таныған ұлы ақын Александр Пушкиннің өлеңдерін күлталқан етіп сынаған орыстың бір жас сыншысы туралы оқып едім. (Есім-сойын ұмыттым) сол сыншы Пушкин өлеңінің әр шумағына шүйлігіп, буындарына қадалып, көркемдігіне тиісіп, теңеулерінен түңілетіні есімде. Дастандары мен балладаларын түкке алғысыз етіп, орыс халық ертегілерін өлеңге айналдырып, халыққа қайта «қуырып» берді деп сын-тезіне алады. Оқып отырып таң қалған едім. Ұлы ақынды да осылай сынайды екен-ау деп. Кейін есейе келе талай мықты ақындардың осал тұстарын мен де көрдім. Асығыс жазылған, гонарар үшін жазылған дүниелер қаншама... Мықтымын деп жүрген кейбір ақындардың «жылаңқылығы», ой-өрістерінің тарлығы, кітап оқымайтындығы, жылт еткенге еліктегіштігі көзге қораш көрініп тұрады. Бұл әрине әдебиетке адалдыққа жатпайды. Әдебиет жанкештілікті, өлермендікті талап етеді. Сынға сынбау да осы категорияларға жатады.
Шын үңіліп, мін іздеген адам кез келген ақыннан кемшілік табатыны рас. (Проза туралы әңгіме бөлек). Ол үшін Әуезов айтпақшы «Сын – шын болсын, шын сын болсын». Шын сын ақынды өсіру үшін, өрісін кеңейту үшін таптырмас мүмкіндік. Ақынды мұқату үшін жазылған сын – қауіпті. Оның арты қайғы-қасіретке ұласып кетуі кәдік. Мұқағалиша айтқанда «Ақын жаны бірде қарт, бірде сәби, Қартты сыйлап, сәбиге қарау керек!».
Мұқағали демекші, бір заманда (1974 жылы, Қазақ әдебиеті газетінде) арда ақынды терең білімді сыншы Сағат Әшімбаев та сынаған. Орынды сын айтқан. «Аққулар ұйықтағанда» кітабына. Әрине одан Мұқағалидың бәсі төмендеп пәс тартып қалмағаны анық. Пенде ретінде ренжіген болар. Бірақ поэзия үшін бәріне көну міндет қой! «Біреулермен жалғастырып жең ұшын, жасап жүрсем жаным сүймес келісім, барлығы да поэзия сен үшін» деген ақын бәріне көнуге мәжбүр.
Айтқым келгені, әдебиет алға дамуы үшін сын керек. Әділ сын! Тура сын! Бүгінгі қазақ әдебиетінде сын емес, топтанып мақтап-мадақтау басым. Оған мастанған ақын-жазушылар дүмбілез, шикі дүниелерімен абырой биігіне көтеріліп жатыр. Әдебиет – ардың ісі болудан қалып бара жатқандай әсерге бөлейді
Төмендегі көне «Қазақ әдебиеті» газетін бүгінгі мықты жазушылардың көш басында жүрген Жүсіпбек Қорғасбек ағадан алдым. Оған себеп: Сағат Әшімбаев Мақатаев поэзиясын орынсыз сынады. Обал жасады деген сөздерді құлағым шалғандықтан. Жоқ. Әшімбаев ақынды орынды сынапты. Артық ауыз бір сөз жоқ. Бәрі байыпты. Нақты дәлелге сүйенген. Сағат аға көрсеткен кемшіліктер бүгінгі ақындардың көбінің поэзиясында құлағы қылтиып тұр.
Айтпақшы, Мұқағали ақын «Аққулар ұйықтағанда»поэмасын Ғабит Мүсіреповке қолжазба күйінде оқып беріп, ақсақалдың ризашылығына бөленіп, қолына алтын сағат тағып қайтады. Оны ақын күнделігінде жазады. Мұқағали Ғабеңе арнау өлең де арнаған. Қызығы бұл поэмаға Әшіімбаевтың көңілі толмайды. Жаңашылдық жоқ, ескі сарынмен жазылған, халықтың бәрі білетін дүние деп бағалайды.
Ұзын құлақтан жеткен хабарға сенсек, Мұқағалиды Сағат Әшімбаевтың сынауына Ғабит Мүсірепов түрткі болған деседі. Қалай десекте, Мұқағали нар ақын. Дара ақын. Бірақ поэзиясы саф алтын емес...
Жоғарыда Пушкинді сынаған ақын – оны әдебиеттен жоқ қылғысы келгендей төпелейді. Бәле іздегені әр сөзінен сезіледі. Ал сыншы Әшімбаев Мұқағалидың ақындығын әспеттей отырып ұстамдылықпен, шектен шықпай кемшін түсіп жатқан тұстарын керемет үйлесімділікпен, дәлдікпен көрсетеді.
Көненің көзіндей болған газетті оқуға кеңес беремін...