Он екі айдың сұлтаны болған рамазан айын, ұлы отанымыз Қазақстанда бейбіт те берекелі, мамыражай тыныштықпен аяқтадық. Оқ пен оттың, ашаршылық пен бүліктің ортасында өмір сүріп жатқан миллиондаған адамдардың тағдырын еске алғанда, басымыздан кешіріп жатқан бейбіт өмір үшін, жаратқанға шүкірлік етпей тұра алмаймыз.
Рамазан айы сабыр мен иманның сыналатын айы. Сондықтан да бір Алладан ғана медет тілеген мұсылман баласы, осы кешірім айында әдеттегіден көп құлшылық етуге, ізгі амалдар жасауға, қоғамға, ұлтына пайдалы істерді атқаруға, бауырларын қуантуға күш салатыны бар. Бұл айдың кереметі де осында жатыр. Жүректеріне иман ұялаған әрбір мұсылманның дұға-тілектері қабыл болғай!
Бүгін аман-есен ораза айт мейрамын қарсы алып отырмыз. Бұл күн адамдар бір-бірінен хал сұрайтын, бір-бірін құттықтап, қуантатын күн.
Алла тағала баршаларыңыздың ұстаған оразаларыңызды, қылған құлшылық амалдарыңызды қабыл етсін! Еліміз аман, жеріміз тыныш болғай! Қасиетті қазақ жері жүректері иманға, ғылым мен білімге толған, заманы бейбіт те берекелі ізгі адамдардың отаны ретінде шартарапқа таныла берсін!
Алла тағала келесі жылы рамазан айына төрт көзіміз түгел, басымыз аман, деніміз сау болып жетуді нәсіп етсін!