Алпыс жылдығын атап өткелі отырған Қаратау қаласының іргетасы 1963 жылғы 24 тамыз күні қалана салған жоқ. Дәуірлеп, құрылысы қанатын кеңге жайған поселкі сол жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының шешімімен әуелгіде Шолақтау қаласы атауын иеленген. Жалпы, Қаратау өңіріндегі кенді игеру ісі Кеңес өкіметінің тұсында жүзеге асты. Өткен ғасырдың 30 жылдары Кеңес өкіметінің геологтары Қаратау бойын зерттей бастағаны мәлім. Алғаш ат ізін салған ірі ғалым, Лениндік сыйлықтың лауреаты И.И.Машқара еді. Ол тау-тасты қоймай зерттеп, фосфордың мол кені қоры барын алғаш анықтаған. Кейіннен кен ашуда Гиммельфарб, Безруков, Соколов сияқты ғалымдар өлкені дендете зерттеп, ақыры осы күнгі Тамды әулие бұлағының маңына 1940 жылы болашақ поселкенің қазығын қағып, елді мекеннің негізі қаланды. Алғаш қазығын қаққан Аманжол Байходжаев кейін Социалистік Еңбек Ері атағын иеленді. Ол жерде 1928 жылы Жаңаөткел деген колхоз ұйымдастырылыпты. Қазіргі Тамды Әулие кесенесінің маңайы.
Мәскеудегілер соғыстың сойқанына қарамай, 1942 жылы Қаратау тау-кен химия комбинатын құру турасында біріккен қаулы қабылдап, ракеталық оқ-дәрі үшін қажет фосфор ұнтақтарын, әрі Сүлеймен сайдағы қорғасынды игеруге Кеңес өкіметінің түпкір- түпкірінен жұмысшылар, жер аударылғандар топ-тобымен келе бастады да, 1944 жылы ең алғаш еңбекшілер депутаттары Шолақтау поселкелік Кеңесінің тұңғыш сессиясы өтіп, онда поселкені Шолақтау есімімен атау туралы шешім қабылданып, ұйымдастыру мәселесі қаралып, поскеңес төрағалығына И.Гутенко сайланды. Сол жылдың өзінде-ақ халық саны 3 мыңға жеткен. Поселкелік Кеңестің төрағалық қызметін келер жылы Қ.Шүленбаев, ал 1948-1951 жылдары Жарқынбеков Қалжеш атқарған. Содан кейін поселкені 1955-1962 жылдары Смық Бертаев, ал 1962-1963 жылдары М.Байходжаев басқарды.
Жаңадан бой көтере бастаған поселкенің бау-шуын түгендеу оңай жұмыс емес екені бесенеден белгілі. Оның үстіне халқының дені – сталиндік репрессиядан жапа шегіп келген әртүрлі ұлт өкілдері. Үй жетіспейді, әлеуметтік жағдайлары төмен, сол қиындықтар тұсында поскеңестің төрағалары, тау- кен химия комбинатының басшылары жанқиярлық, табандылық, талапшылдық танытты десе де болады. Комбинаттың алғашқы директоры Б.И.Шишханов, одан кейінгі Джольданяцтердің ұйымдастырушылық қасиеттері ерекше еді. Тарихи деректер сол жылдары бастауыш мектептің ашылып, оның меңгерушісі, әрі мұғалімі болып Ф.Б.Жампозованың, алғаш медициналық-санитарлық бекеттің дәрігері Б.И.Фаерманның болғанын айғақтайды.
1946 жылы 5 тамыз күнінен комбинат ең алғашқы фосфорын өндіре бастады. Алғашқы руданы артқан экскаваторшы Ф.Ф.Шмидт, мотовозымен – оны кен байыту фабрикасына жеткізген машинист С.И.Малынин, ұнтақтау-ұсақтау цехында кенді майдалаған Ф.А.Осокина (ол кейіннен КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды) еді. Кенді қопарған А.Ахметов деген кенші қазақ. Сол еңбегі үшін ол Ленин орденімен марапатталды. 1944 жылы Жартассу қоймасының пайдалануға берілгенін де айтуымыз керек. Ондағы электрмен дәнекерлеуді қазақ қыздарынан алғаш шыққан Айткүл Нұрметова іске асырыпты. Айткүл оған дейін Байжансай кен байыту комбинатында еңбек еткен.
Келер жылы-ақ «Кеншілер» саябағы салынып, оған түрлі ағаштардың өскіндері отырғызылды. Бұл жұмыстың басы-қасында Ұлы Отан соғысының ардагері, поссоветтің төрағасы Жарқынбеков Қалжеш жүрді.
1950-1963 жылдары поселкенің өсу, өрлеу жылдары болды. КСРО өкіметі Н.С.Хрущевтің химияландыруға басым бағыт беруі, қаланың екінші тынысын ашты. Фосфор рудасын кең көлемде игеру үшін мемлекеттік бағдарлама қабылданып, Қаратау кен алабы Бүкілодақтық құрылыс алаңына айналды. Еңбекшілердің ұсынысымен 1963 жылы 24 тамызда қала типтес Шолақтау поселкесі қала мәртебесін иеленіп, Оңтүстік Қазақстан өлкесіне тікелей бағынатын болды.
Сол жылы қаланың атауы турасында жергілікті тұрғындар мен сырттан жер ауып келген кеншілер арасында пікірталас туды. Мәскеулік ғалымдар мен кейбір ұлт өкілдері қаланы «Горняк», «Фосфорград» атау керек деп шешкенде, А.Мырзағалиев, М.Байходжаев, Ә.Жылқайдаров, Қ.Жарқынбеков, Ж.Ауқауов сияқты қала зиялылары қасиетті Қаратау есімімен атау турасында жоғары органдарға ұсыныстарын айтып, хат жолдады.
Шолақтау атауы шынында да Медеу Сатыбалдиев деген байдың лақап есімімен байланысты еді. Ақыры, қазан айында өлкелік партия және атқару комитеттері қала халқының ұсынысын мақұлдап, қаланың атауын Қаратау деп атау туралы шешім қабылданды. Көп ұзамай қараша айында бұл шешімді Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің сессиясы мақұлдады.
1963 жылы қыркүйек айында әуелі партия конференциясы артынша сессия өткізіліп, қалалық партия комитетінің бірінші хатшылығына П.И.Качесов, еңбекшілер депутаттары Қаратау қалалық Кеңесі атқару комитетінің төрағалығына С.И.Жабасов сайланып, «Қаратау тау- кен химия комбинатының директорлығына А.И.Шеин сияқты тәжірибелі ұйымдастырушы тағайындалды.
Сонымен не керек, осы ұсыныстарды қарай келіп Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Төралқасы Шолақтау қаласын «Қаратау қаласы» деп атау турасында 1963 жылы 26 қарашада Жарлығын шығарды. Сөздің қысқасы, Қаратау қаласы есімін иеленгеніне алдағы 26 қарашада 60 жыл толады. Шолақтау атауы кейіннен қаланың төңірегіндегі ауылға берілді. 1992 жылға дейін «Шолақтау» көкөніс-сүт совхозы аталды. Сол жылдан бастап шаруашылықтың атауы Қойгелді батыр болып өзгертілді. Дәл қазіргі таңда қаланың іргесіндегі зауыт Шолақтау тау-кешені деп аталады.
1963 жылдан бастап «Жаңатас», «Молодежный», «Ақсай», «Көкжон», «Центральный» кендерін игеруге күш салынып, аз жылдың ішінде-ақ Қаратаудың есімі минералды тыңайтқыш өндіруде әлемге әйгілі болды. 1971 жылы комбинат Ленин орденімен марапатталды.
Өзінің 60 жылдығын атап өткелі отырған Қаратау қаласы Кеңес өкіметі тұсында фосфор өндіруден аты әлемге әйгіленді. Қала халқының саны 45 мыңға жетті. Құрылыс комбинаттары, ет, сүт өнімдерін өндіретін зауыттар жұмыс істеді. Аяқ киім тігу фабрикасы бой көтерді. Еліміз Тәуелсіздігін жариялаған соң бұрынғы экономикалық байланыстар үзіліп, қала тоқырауға ұшырады. Келімсектер өз Отандарына оралды. Фабрика-зауыттардың жұмысы тоқырап, өндіріс саласы құлдырауды бастарынан кешірді. Тек соңғы жылдары ғана мемлекет тарапынан қаланың инфрақұрылымын жақсарту қолға алынуда. Жаңадан натрий ционидін шығаратын зауыт салынды. Өзге де өндіріс орындарының құрылыстары қолға алынды.
Қала 1997 жылдан бастап Талас ауданының әкімшілік орталығы саналады. Мемлекеттің қолдауының арқасында шаһарымыз қайта жаңғыруда.